Жерді сүдігерлеп, егіс алқаптарын дала дарабоздарының дүбірге толтырып жатқаны кеше ғана сияқты еді. Биыл қай ауылға барсаң да алқап басында айтылатын әңгіменің басым бөлігі су тапшылығына қатысты өрбіді. Десе де еңбек адамдары осы мәселенің алдын алу үшін өзіне артылатын жауапкершілікті де еселеді. Қарап отырсақ, ала жаздай атыз басында тер төккен дала дарабоздары еңбегінің нәтижесіне көз жеткізетін уақыт та келіп қалыпты.
АУЫЛДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ОРАҚ
Жалағаштықтар биыл да әдеттегідей Сыр салысына алғашқы орақты тамыз айының аяғына таман салды. Биыл аудан бойынша күзгі науқанды Таң LTD” ЖШС бастады. Алқап басындағы егіннің бітік шығымына қарап, шаруашылық ұжымының нәтижелі еңбек еткенін аңғара қоясыз. Егінге орақ салу рәсіміне облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, аудан әкімі Асылбек Шаменов, бірқатар халық қалаулылары мен шаруашылық төрағалары қатысты.
Алқап басында аймақ басшысына ауданның күзгі науқанға дайындық барысы, ауыл шаруашылығы саласында биылғы атқарылған жұмыстар баяндалды. Жалағашта биыл 19 800 гектар алқапқа Сырдың басты дақылы себілген. Мұнан бөлек 600 гектар жаздық бидай, 90 гектар күздік бидай, 147 гектар жүгері, 30 гектар арпа, 2 200 гектар мақсары, 500 гектар картоп, 1000 гектар көкөніс, 1 200 гектар басқа да бақша дақылдары егіліп, күтімге алынған болатын. Тікелей егін шаруашылығымен айналысатын 172 жергілікті шаруашылық 3 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Байқағандарыңыздай биыл ауданда күріш алқаптарының көлемі айтарлықтай қысқарған. Су тапшылығы мәселесі уақытында жергілікті шаруашылықтарға қолбайлау болғанынан хабардар халыққа “Биыл күріш алқабы неге қысқарды?” деген сауалдың өзі артық шығар. Әрине, мұның басты себебі де осы мәселенің алдын алу еді. Десе де жергілікті шаруашылықтар ымырамен іс қылып, бұл мәселенің шешімін тапты. Енді олар суды аз қажет ететін дақылдарға науқан барысында басымдық беру қажеттігін қаперден шығармау керек. Ал күзгі науқанға дайындық барысына тоқталсақ, бұл тұста Жалағашта айтарлықтай мәселе жоқ шығар деген ойдамыз. Себебі жергілікті шаруашылықтар жаз бойы баптаған күрішін жауын-шашынға қалдырмау үшін техника базасын жаңалауға басымдық беріп отыр. Оның нәтижесін де өздері көріп келеді.
2 414 гектар алқапқа Сыр салысын сепкен “Таң LTD” ЖШС-ның бүгінде шаруасы ширақ. Мұнан бөлек төраға Имамзада Шағыртаев 109 гектарға жаздық бидай, 435 гектарға мақсары, 60 гектарға жүгері және 6 гектар алқапқа алма бақ орналастырған. Халық қалаулысы бүгінде бір ғана шаруашылықпен 275 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жылды жоғары нәтижемен қорытындылаған еңбеккерлерін жалақыдан бөлек, қосымша сыйақымен қамтамасыз етуді де төраға дәстүрге айналдырып отыр.
Алқап басындағы заманауи түрлі техникалардың ішінде көне көлік көзге түспеді. Жүзден астам техниканың барлығы кейінгі үлгідегі озық технологиялар. Осыдан-ақ мұндағы еңбеккерлерге мейлінше жағдай жасалғанын айқын аңғардық.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев ақсақалдың батасынан кейін егінге орақ түсті. Сырттан келген меймандар да, аймақ басшысы да ауылды абаттандыру мақсатында қолға алған әрбір жобаға жоғары баға берді.
ТУҒАН ЖЕРІН ТҮЛЕТКЕН
Қайда жүрсе де туған жерді түлетуге тер төгуді перзенттік парызым деп білетін Имамзада Шағыртаевтың расында ауылдың әлеуетін көтеруде жемісті еңбек еткенін ешкім жоққа шығара қоймас. Алдымен ауылдағы имандылық үйінің күрделі жөндеуін өз жауапкершілігіне алды. Мұнан кейін балабақша құрылысына деп қыруар қаржы бөлді. Спорт кешені, Таңда ашылған бірқатар кәсіпорындар, бәрі-бәрі бүгінде бүтін бір ауылдың қажетіне жарап тұр. Тіпті тұрмысы төмен отбасыларға да қарайласуды қаперден шығармайды. Ері еңбек етсе, елі қашанда оның бағасын беріп, мерейін өсіруге әзір. Қазір атпал азаматтың өнегелі ісі Таңның әрбір тұрғынының, тіпті аудан халқының аузында жүр.
Бүгінде Жалағашта жергілікті шаруашылықтар өз ауылдарына қарайласып, өңірдің әлеуетін арттырып, көркейтіп-көгалдандыруға басымдық беріп жатыр. Шакизатхан Ысқақов та Еңбектің еңсесін тіктеуде түрлі жобаларды қолға алды. Оның алды бүгінде нәтижесін беріп те жатыр. Кеше Аламесек ауылдық округінде бірнеше шаруашылық ауылды абаттандыру мақсатында жергілікті әкімдікпен меморандумға отырды. Міне, игі шараны Имамзада Шағыртаев бастап еді, қалғандары қоштап, өнегелі істі жалғай білді. Қазір халық қалаулысының Таңды абаттандыруға, халқының әлеуетін арттыру жолында қолға алған жобаларын тарқатып жазар болсақ, көпке өнеге етер дүние көп. Бір ғана азаматтың бүтін бір ауылдың ажарын айшықтауда еткен еңбегіне кейін басылымның бір бетін арнаймыз.
Мұнан кейінгі аймақ басшысы Гүлшара Наушақызының сапары дәл осы ауылдағы ет өңдеу цехында жалғасты. Осыдан үш жыл бұрын іргетасы қаланған кәсіпорын араға жыл салып жұмысын бастаған болатын. Жоба құны 150 млн теңгені құрайды. Ет өңдеуге арналған цехта күніне 5 іріқара сойылады.
Облыс әкімі ауданға сапары барысында Таңда жүргізілген жол құрылысымен танысып, биыл күрделі жөндеуден өтіп жатқан ауыл мектебіне де ат басын бұрды. Сондай-ақ аймақ басшысына ауыл әкімі Қайрат Сейдахметов Таңның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын баяндады.
Елу жылдан астам уақыт бұрын құрылған Таңның жалпы жер көлемі 23 897 гектарды құрайды. 1 200-ден астам халық мекен еткен елді мекенде 15 шаруа қожалық бар. Сондай-ақ 40-қа жуық кәсіпорын жұмыс жасап тұр. Оның үстіне ауылды абаттандыру мақсатында да жергілікті қазынадан қыруар қаржы бөлінген. Мәселен, Орынбай жырау, Қарасу, Мүсірәлі баба, А.Мықтыбаев, Сегізбай би, Ш.Уалиханов, С.Сейфуллин, Қоқыбай болыс, Ж.Жабаев, А.Құнанбаев, Қ.Құлманов сынды бірқатар ішкі көшелердің құрылысына да қыруар қаржы қаралды. Мұнан бөлек, бірқатар ішкі көшелердің сапасын жақсартуға да төраға И.Шағыртаев көңіл бөліп, ауылдың ажарын айшықтау мақсатында атқарған еңбегінің нәтижесін көрді. Аймақ басшысы құрылысы жүрген орталықтағы Орынбай жырау көшесінің сапасына жақсы баға берді.
Аталған көшенің құрылысына қатысты жобаның жалпы құны 69,5 млн теңгені құрайды. Биыл мамыр айында басталған ішкі көшенің құрылысы дәл осы жылы шілденің аяғында тәмамдалды. Жөндеу жұмыстары жүргізілген көшенің ұзындығы 1,3 шақырымға жетсе, ені 7 метрді құрайды.
МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ
Соңғы жылдары Жалағашта ерекше қолдауға ие болған екі сала болса, оның бірі – әлбетте, білім. Қуантарлығы нәтиже де жоқ емес. Кейінгі уақытта ауданның аймақта ең үздік деп танылуына сеп болған саланың қатарында осы білім мен ауыл шаруашылығы саласы бар. Биыл да түлектер ҰБТ-дан жоғары балл жинап, білім грантына қол жеткізуде ұстаздар үмітін ақтай білді. Ал ел ағалары оқушылардың сапалы білім алуына бар жағдайды жасап, ғимараты сыр берген мектептердің құрылысына қыруар қаржы бөлді. Осыған дейін Мақпалкөл, Аққыр сияқты бірқатар ауылдардағы білім ошақтарының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, М.Шәменов ауылындағы апатты жағдайда деп танылған білім нысанының орнына жаңа мектеп бой көтерді. Ал биыл Таң ауылындағы №118 орта мектеп ғимараты да күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Аймақ басшысы мектеп құрылысымен танысып, мұндағы құрыш қолды құрылысшыларға мейлінше сапаға мән беру қажеттігін ескертті.
Айта кетейік, Таңдағы №118 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 279 млн теңге қаржы қаралған болатын. Бас мердігер «Голден Сити ДС» ЖШС қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының басым бөлігін тәмамдаған. Тиісті қаражатқа ғимараттың есік-терезелері, едені ауыстырылды, ішкі қабырғалары түсіріліп сыланған. Сыртқы қабырғалар металл сайдингтерімен қапталды. Су, кәріз жүйелері жүргізіліп, электр жүйелері жаңартылды, сондай-ақ өрт-дабыл қондырғылары ауыстырылған.
Абаттанған ауылда тындырымды тірлік көп. Оның бірқатарына аймақ басшысы да оң бағасын берді. Кәсіпорындар қатары артқан елді мекен халқының әлеуеті артары анық. Бір ғана “Таң ЛТД” ЖШС-ның өзі 300-ге жуық ауыл халқын жұмыспен қамтып отыр. Өндірісі өрісті, келбеті келісті ауылдың түтіні түзу. Туған жердің түлеуіне тер төгуден шаршамаған Имамзада Шағыртаевтың ауылдың ажарын айшықтауда әлі талай қолға алар жобасы көп. Барлығы жемісті болсын дейміз.
Соңғы жылдары жергілікті биліктің ауылдық елді мекендерді абаттандыруға көптеп көңіл бөліп жатқанын аңғаруға болады. Оның нәтижесін бір ғана Таң ауылынан байқадық. Қаншама ішкі көшенің соңғы 1-2 жылда жөндеуден өтіп, жол сапасының жақсаруы, жарық, ауыз су мәселесінің шешімін табуы – мемлекет қолдауының нәтижесі.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ