» » Утиль алымы: ӨКМ операторының жұмысында шикілік көп

Утиль алымы: ӨКМ операторының жұмысында шикілік көп


Утиль алымын жинау қызметін «Жасыл даму» АҚ-ға тапсырмас бұрын ӨКМ операторының қаржы-экономикалық жұмы­сына толықтай тексеру жүргізілуге тиіс. Қоғамдық қозға­лыс белсенділері мен отандық автокөлік қауымдастықтары осын­дай ұстанымда. Ал күні кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Экология вице-министрі Ахметжан Пірім­құлов пен «ӨКМ операторы» ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмар­ғалиевтің ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалғанын растады

Таяуда ғана Үкіметтің қаулы­сы­мен Өндірушілердің (импорт­тау­шылардың) кеңейтіл­ген міндет­темелері (ӨКМ) операторының функциялары «Жасыл даму» АҚ-ға өтіп, бірыңғай оператордың құқықтары тоқтатылған еді.

«Осы қаулымен «Жасыл даму­дың» халықаралық жасыл тех­но­ло­гия­лар және инвести­ция­лық жо­балар ор­талығына қосы­луына қа­тысты Үкі­мет­тің 2021 жыл­ғы 15 сәуір­дегі №241 қаулы­сы­ның күші жо­йыл­ды. Осы­лай­ша, «Жасыл даму» ак­цио­­нер­лік қоғамы Эколо­гия, гео­ло­­гия және табиғи ресурс­тар министр­­лігі­нің (ЭГТРМ) ве­до­м­ство­лық бағы­нышты ұйымы са­на­­ла­ды және мем­лекеттің қатысу үлесі 100%-ды құрайды», делінген бо­ла­тын министрлік таратқан ақпаратта.

Жауапты ведомствоның мәлі­метіне сүйенсек, ӨКМ операторы те­тігі 2015 жылы іске қосылып, содан бері кәдеге жарату төлемі түрін­де түскен қаражаттың көле­мі 691,9 млрд теңгеге жеткен. Ми­нистрлік бұл қаражат заңға сәйкес жұм­салғанын, атап айтқанда отан­дық автоөндірушілерге бұрын кәдеге жаратуға төленген 338,9 млрд теңгесі қайтарылғанын жет­кізді. Экологиялық мәселе­лерді ше­шуге 102 млрд теңге және са­лық түрінде 49,1 млрд тең­ге аударылған. Бүгінде екінші дең­гей­лі банктерде жатқан қалған қа­ра­жаттың көлемі – 220,6 млрд теңге.

Енді қолданыстағы утиль алы­м­ының көрсеткіштеріне тоқтал­сақ. Кәдеге жарату алымы кө­лік қозғалтқышының көлемі­не қарай есептеледі. Айта­лық, қоз­ғалт­қыш көлемінің коэффи­циенті 50 АЕК-ке (айлық есептік көрсет­кіш) көбейтіліп, көлемі 1 литрден аспайтын көліктерде оның өл­шемі 3-ке, 2 литр­ге дейінгі көлік құралдарында 7-ге, сондай-ақ 3 литрден асқан жағдайда 10-ға және одан да көлемді қоз­ғалт­­қыштарда 23-ке тең. Бұл ретте биыл АЕК 3 063 теңгені құрай­тынын, сәй­кесінше базалық мөлшер­леме­нің сомасы 153 150 теңгенің көлемінде болатынын айта кеткен орынды.

Жеңіл автокөлік сегментінде гиб­рид­ті техниканы қоспағанда, ең төмен утиль алымы электромобильдерге ғана қарастырылған. Басқа көлік­тер­де қозғалтқыштың көлеміне қарай есептеледі. Нақты айтсақ, 1 мың текше сантиметрге дейін қозғалтқышта коэф­фициент 3-ке жететін ескерсек, алым­ның мөлшері – 459 450 теңге. 1 001-ден 2 000 текше сантиметрге дейінгі аралықта коэффициент – 7, яғни төлем 1 072 050 теңгені құрайды. 2 001-ден 3 000 текше сантиметрге дейінгі аралықта коэффициент – 10, демек төленетін ақша – 1 531 500 теңге. Қозғалтқышы 3 001 текше сантиметрден жоғары көліктерде коэффициент – 23, алым сомасы – 3 522 450 теңге.

«Жасыл дамуды» кімдер басқарып жүр?

«Жасыл даму» АҚ Экология, геология және табиғи ресурстар министр­лігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне қарайды. Оның негізгі мис­сиясы – қоршаған ортаны сақтау, қалпына келтіру және сапасын жақсартуға қолайлы жағдай жасау. Компанияның бас директоры – Азамат Әлімбаев. Директорлар кеңесінің құрамында онымен бірге Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов та бар.
Едәуір көлемдегі салық аударымдарын компания 2016-2021 жылдары жасаған. Осы аралықта «Жасыл даму» АҚ 59 млн теңге төлепті. Жыл басынан бері компания 10,3 млн теңге көлемінде салық аударған.

Утиль алымына мораторий енгізуді ұсынды

Қоғам белсендісі Санжар Боқаев­тың айтуынша, әзірге жарты немесе бір жыл уақытқа утиль алымы жүйесін тоқтата тұру қажет. Өйт­­кені бұл саладағы сыбайлас жем­­қор­лық фактілері аз емес. Әйт­се де же­ңіл көліктерге арналған кә­де­ге жарату тарифі 100 мың тең­ге­ге дейін төмендетілуге тиіс деген ойда.

«Халық әлі де утиль алымы­ның не үшін қажет екенін түсінбей жатыр. Экология кодексінің 386-бабын­да кәдеге жарату алымына байланыс­ты нақты түсінік берілген. Бұл – қал­дықты жинау, жеткізу, тасымал­дау және жоюға төленетін сома. Осы ақша ар­­қылы авто­өнеркәсіпті ынталан­дыру неге жүзе­ге асырылатыны бар­лығы­мызға түсінік­сіз?! Ал авто­өнеркәсіптің қандай күй­де екені белгілі. Отандық автопарк­тің жағдайына байланыс­ты да біраз сұ­рақ туындап отыр. Дерек­терге сүйенсек, еліміздегі жеңіл көлік­тердің орташа жасы 19,2-ден 19,7-ге дейін ұлғайған. Бұл – ойландыратын мәселе. Себебі ұлтымыздың ден­сау­лығына қатысты болып тұр. Алымды жинаудың тетігі түсініксіз. Осы уақытқа дейін 692 млрд теңге жиналғанымен, оның тиімділігі мүлдем жоқ. Утиль алымының есептеу жүйесі шикі болғандықтан, жеңіл көлікке арналған төлемді талқылаудың мәні жоқ. Мейлі, 100 мың теңге болсын, 1 млн теңге жинайық, есептеу жүйесін өз­герт­пей көзделген мақсатқа қол жет­кізе алмаймыз. Неге десеңіз, осы утиль алымын енгізерде бірде-бір қо­ғам­дық тыңдау өткізілген жоқ. Тиісті са­раптама жасалған жоқ. Сала­лық ми­нистр­­ліктер ол сараптаманы көр­­сете алмайды. Біз қазір Парла­мент­тің мін­детін атқарып отырмыз. Бұл пікірталастың барлығы сол жерде орын алуға тиіс еді. Қазір қандай мөлшерлеме бел­гі­ленсе де төлемді жинау жүйесі шикі, жетіл­діріл­мегенін ұмытпаған жөн. Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасы бар екенін жақсы түсінеміз. Бұл тапсыр­ма әзірге ішінара орындалғанын бай­қап отыр­­мыз. Атап айтқанда, ӨКМ опе­­ра­­торы­ның жұмысы тоқтаты­лып, функ­ция­сы мемлекетке қайта­рыл­ды. Егер де ми­нистрлік асығыс болса, осы қол­да­ныс­тағы жетіл­дірілмеген утиль алымын есептеу жүйесімен амалсыз келі­су­ге тура келеді. Бірақ жеңіл көлік­ке ар­налған төлем мөлшері 100 мың тең­­геден аспауға тиіс. Ал арнайы және жүк көліктеріне кәдеге жарату алымын қол­данудың еш қажеті жоқ деп есеп­тей­міз. Өйткені оның қолданылу мерзімі ұзақ және бөлшектері әрмен қарай пай­да­­ла­нуға жарамды келеді. Негізі осы алым­­ды жинау жүйесін жағдайды рет­ке кел­тіріп алғанға дейін жарты неме­се бір жыл­ға шегере тұрған дұрыс. Десек те авто­көлікке арналған төлем мөл­шері 100 мың теңгеден аспауы керек еке­нін тағы еске салғым келеді», деді С.Боқаев.

Бұл пікірді өзге де қоғам белсенділері қуаттап отыр.

«ӨКМ операторының барлық қызметі бойынша толық­қанды нәтижеге қол жеткізе алмағаны­мыз­ға назар аударғым келеді. Атал­ған компания қаржыландырған барлық жоба, мысалы, қалалардағы қалдықтарды бөліп жинауға ар­налған жұмыстар өз жемісін берген жоқ. Мұның бәрін тексердік. Яғни ақша текке жұмсалды. Нелік­тен осы компанияның қызметін ешкім тексергісі келмей, құр қаражатты бір компаниядан екінші компанияға аудара салғысы келеді? Менің ұсы­нысым ӨКМ операторының қыз­метіне толық қаржылық тексеру жүр­гі­зіліп, одан ақша алғандарды қа­ра­жатты қайда және қалай пайда­ланғанын анықтау қажет», деді ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгении Мұхамеджанов.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыр­шин ӨКМ операторының активтері мен шығындарына толық тексеру аяқ­талғанға дейін кәдеге жарату алы­мына мораторий енгізуді ұсынды.

«Соңғы бес жыл ішінде авто­көлік пен ауыл шаруашылығы тех­ни­касын сатып алу кезінде сатып алушы жеке операторға 400 мың­нан 13 млн теңгеге дейін берді. Мұн­дай алымдардың жоғары болуы Қазақ­стандағы көлік бағасының қым­баттауына әкелді. 2015 жылдан 2021 жылға дейін жаңа көлік баға­сы екі есе өсті. Көрші елдермен баға айырмашылығы салдарынан шетелдік көлік­тер елге тіркеусіз әкеліне бастады.
Ашық дереккөздерден алынған мәліметтерге сәйкес автокөлік өнер­кәсібі мен ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерді ынталан­дыруға 300 млрд теңге аударылып, ескі көліктер­ді тапсырған халыққа 30 млрд теңге төленді. 29 млрд ескі техниканы сатып алуға және кәдеге жаратуға бағытталды. Ал 181 млрд қайда кеткені белгісіз. Барлық жиналған қаражаттың 10 па­йызы ғана кәдеге жаратуға бағытталады екен», деді Е.Жаңбыршин.
27 қаңтар 2022 ж. 310 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930