» » Маңызы зор мереке

Маңызы зор мереке

Қаһарлы қыстың қытымыр аязынан соң тіршілік жаңарып, Жер-Ана бусанып, күннің жылуы сезілетін шұғылалы көктемнің алғашқы күні жақындарымызға шексіз ризашылығымызды білдіріп, риясыз алғысымызды айтамыз. Бұл күн – алғыс айту күні. Күнтізбеде атаулы күн болып белгіленгелі бері қазақстандықтар осы күнді асыға күтеді. Жалпы ел тәуелсіздігінің баянды болуы – ел ішінің тыныштығы мен тұрақтылығына байланысты екені белгілі. Жүзден аса ұлт пен ұлыс өкілдері бар Қазақстанда бейбітшіліктің сақталуы үшін бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан барша отандасымыздың татулығы, ынтымағы аса маңызды.

«Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген екен. Расында бір тудың астында өмір сүріп, алауыздықтан арыла алмаса, ондай елдің берекесі қашып, іргесі сөгілері анық. Ал ауызбіршілігі жоқ елдің өзін де, жерін де иемденіп кету кім көрінгеннің қолынан келері шүбәсіз.

Ықылым заманнан қазақтың жері кең. Сол ұланбайтақ жеріміздей дархан көңіліміз тағы бар. Айрандай ұйыған қазақтың сайын даласына кезінде көз алартқандар да болды. Бірақ олар қашаннан “бәрінен бұрын бірлігіңді сақта” дейтін елдің ұланғайыр даласы тұрмақ, ұлтарақтай жерін де ала алмады. Талай нәубетпен қарсы келген ата-бабамыз бүгінгі ұрпақ үшін қасық қаны қалғанша жерін қорғады. Тұғырлы тәуелсіздікке қол жеткіздік, баянды отыз жылымызда көптеген биіктерді бағындырып, жетістіктерге де жетіп үлгердік.

Ең бастысы ата-баба аманаттаған өз иелігі­міздегі қасиетті қара топырағымызды алаңсыз басып жүрміз. Көңіл сыйса, бәрі сыятынын дәлел­деп, жүз отыздан аса ұлт пен ұлысқа пана бола алдық. Бір тудың астында, бір шаңырақты бірге көтеріп, берекелі күн кешудеміз. “Не берсе де пейіліңе береді” демекші, бүгінгідей бейбітшіліктің бедері бұзылмай, бірлігіміз бен татулығымыз жарасып, тыныш заманда өмір сүруіміз қазақтың кеңпейіліне берген тәңірдің сыйы болса керек. Өйткені, қазақстандықтар қандай қиын-қыстау кезеңде де, елді құрсауына алған нәубетті күндерде де жұдырықтай жұмыла білді. Тәуел­сіздікті, азаттықты, бірлікті сақтауда бір атаның баласындай атсалысты. Осыдан бірнеше жыл бұрын атаулы күн болып бекітілген «Алғыс айту» күні де қазақстандықтардың бірлігінің негізіне ар­налған мереке болды. Қазақстан Ассам­блея­сының құрылуы да біздің елдің әлем елдеріне «татулық пен тұрақтылықтың үлгісі» ретінде таны­луына ықпалын тигізді.

Біз – көпұлтты мемлекетпіз. Сонау бір жыл­да­ры тағдыр тәлкегімен жылы ұясын тастап, ата­ме­кендерінен үдере көшіп, пана іздеп келген жан­дарды құшақ жайып қарсы алдық, төрімізден жай ұсындық, қоныс бердік, қоңсы қондырдық. Олар діні мен тіліне, нәсіліне қарамай, ата-ба­бадан аманатқа қалған ұланғайыр даламызға да, көлдей көңілімізге де сыйды, сіңді. Олар­дың әрқайсын өз бауырымыздай көріп, қолы­мыздағы барымызбен бөлістік. Олар да хал­қымыздың қонақжай көңіліне, қылаусыз пейіліне риза. Шүкір, егемен елміз, осы тәуелсіздіктің тұғырлы болуына еңбек етіп жатқан барша отандасқа алғысым шексіз!

Н.АЛМАСҚЫЗЫ
01 наурыз 2022 ж. 201 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930