» » Жаңадариялықтар аяқсу мәселесі шешімін тапса дейді

Жаңадариялықтар аяқсу мәселесі шешімін тапса дейді


Бүгін аудан әкімі Асқарбек Есжановтың кент және ауылдық округ халқымен кездесуі Жаңадария ауылынан басталды. Алдымен елді мекендегі білім ошағы алдында ауыл арадгерлерімен жүздескен өңір басшысы алдағы нақты жоспарларға тоқталып, әрбір елді мекендегі халықтың мәселесін шешу күн тәртібінен түспейтінін жеткізді.


– Жуырда осы ауданның әкімі болып тағайындылдым. Одан өздеріңіз де хабардарсыздар. Бүгінгі сіздермен кездесуімнің басты мақсаты – алдымен сіздерге сәлем беріп, баталарыңызды алу, сондай-ақ елді мекеннің еңсесін тікеуде нендей мәселелер бар, соған көз жеткізу. Сондықтан ауылда қандай мәселе бар, барлығын айтыңыздар. Шешілетінін мәселелерді кезек күттірмей күн тәртібіне қоямыз. Ал көп уақытты қажет ететін мәселелер болса, оны да шешуге күш салайық. Сіздер көтерген әрбір мәселенің оң шешімін табуына жұмыс жасасақ және ол алдағы уақытта шешімін тауып жатса, бүгінгі жүздесудің жемісі сол деп білемін, – деді Асқарбек Темірбекұлы.

Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зейнебек Нұржанов аудан әкімінің бұған дейін де әр салада қажырлы еңбек еткенінен хабардар екенін жеткізіп, ауданның дамуына жұмыс жасауға тәжірибесі жететініне сенім білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі. Мұнан кейін әдеттегідей сөз кезегі елді мекен тұрғындарына берілді.


Иә, Жаңадарияда көрші Есет батыр ауылындағыдай үлкен күріш алқаптары болмаса да жергілікті халық бақша дақылдарын баптауға машықтанған. Бұл ауылда ала жаздай күтіп-бапталған қауын-қарбыз, әміре, әңгелек, асқабақ, картоп сынды бақша өнімдеріне облыстың барлық өңірінен сұраныс жоғары. Бұл мүмкіндікті жаңадариялықтардың да құр жібергісі жоқ. Алайда биыл бақша өнімдерін егуге аяқсу мәселесі айтарлықтай қолбайлау болып отырған көрінеді. Мұны ауыл тұрғыны Мұратбай Ысқақов аудан әкімінің назарына салды.

Оның сөзінше, ауылға келетін аяқсудың сағасы Ақтам деген жерден басталады. Ауылдан бірнеше шақырым қашықта орналасқан сағадан ауыл халқы суды ашса, оны әлдебіреулер қайта басып тастайтын көрінеді. Бұл заңды ма, әлде заңсыз ба? Ол жағы әзірге жаңадариялықтарға белгісіз. Заңды болған жағдайда суды кезекпен алуды реттесе деген ұсыныс бар. Ал заңсыз болса, қолдан жасалған мәселе шешімін тапса деген тағы тілек бар.

Асқарбек Есжанов жаңадариялықтардың бақша өнімін күтіп-баптауды кәсіп етіп отырғанынан бұрыннан хабардар екен. Сондықтан мәселе назарға алынып, тиісті сала басшыларына оның шешімін табуға жұмыс жасауды тапсыратынын жеткізді.

– Иә, ауыл халқының бақша өнімдерінің егіп, өнімін сатып, кәсіп қылып отырғанын бұрыннан жақсы білемін. Сондықтан көтеріп отырған мәселеңіз орынды. Бірақ біз оны алдымен зерттеп көрейік, сосын мейлінше оң шешімін табуына жұмыс жасаймыз, – деді аудан әкімі.


Ауылда ауыз суға қатысты мәселе жоқ, десе де бірқатар ішкі көшенің сапасына қатысты ұсыныс айтылды. Сондай-ақ ауданнан шалғай жатқан елді мекендегі білім ошағының ғимараты да күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Бұған қатысты жергілікті халық тарапынан қойылған сауалдар да жауапсыз қалмады. Өңір басшысы биылдың өзінде ауданда 5 млрд теңгенің түрлі жобасы жүзеге асатынын жеткізіп, ол жобаларда әрбір елді мекеннен кемінде 3-4 ішкі көше қамтылатынын жеткізді. Биылдың өзінде Жаңадарияда Абай, Достық, Қ.Сәтпаев және Жаңадария көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі екен. Мұны естіген ауыл халқының да қуанышында шек жоқ.

Асқарбек Темірбекұлы кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынатынын жеткізіп, алдағы уақытта оны кезең-кезеңімен шешуге жұмыс жасалатынын жеткізді. Мұнан кейін аудан басшысы ауылдық емханаға аялдап, медициналық нысанның жұмысымен танысты.

5 ақ халатты абзал жан жұмыс жасайтын бұл нысан қазірде жаңадариялықтардың қажетіне жарап тұр. Мамандардың сөзінше, мұнда көбіне халық артериялық қан қысымы аурымен дәрігерлер көмегіне жүгінеді екен. Ал маусымында тұмау да өршитін көрінеді. Аудан басшысы мұндағы мамандарға халыққа көрсетілетін әрбір медициналық қызмет сапалы болуы қажеттігін қаперге салды.

Кенжетай Қайрақбаев
     
17 мамыр 2022 ж. 293 0