» » ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ ЕЛ ІШІНДЕ

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ ЕЛ ІШІНДЕ

Мәжіліс депутаты әуелі АІІБ-нің жаңадан салынған ғимаратына аялдады. Облыстық бюджет есебінен бой көтерген бұл ғимарат – облыс бойынша заман талабына сай жаб­дықталған алғашқы жаңа нысандардың бірі. Жалпы ауданы 1681,70 шаршы метрді құрайтын жаңа да, зәулім ғимараттың сметалық құны – 929 млн 536 мың теңге. Мұнда Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарына ортақ уақытша ұстау изоляторы орналасқан. Ғимараттың ішін аралап көрген халық қалаулысы материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында атқарылған жұмыстармен танысты.
– «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген батыр Бауыржан Момышұлының ұлағатты сөзі бар. Қоғамдық тәртіпті сақтау, халықты тәртіпке бағындыру – полиция қызметкерлерінің негізгі міндеті. Мұндай зәулім ғимараттың ауданда ашылуы түрлі қылмыстың азаюына сеп болады деп сенеміз. Қандай да бір күрделі мәселе болса, ортаға салыңыз. Біз оны парламент қабырғасында көтеруге дайынбыз, – деді Геннадий Шиповских.
АІІБ-нің бастығы Н.Ибраевтың айтуынша, мал ұрлығына қатысты заңнама тетіктерін қайта қарастыру керек. Мәселен, бөтеннің мүлкін иеленген ұрыларды тәртіп сақшылары қолға түсіргенімен, кейін олар мал иесінен кешірім алады. Содан кейін, әккі ұрылар қайта қылмыс жасауын жалғастырып, бір емес бірнеше адамға зиянын тигізеді. Осыны халық қалаулысының назарына ұсынған Н.Ибраев құқық қорғау саласындағы оң өзгерістерді хабарлады.
Мұнан соң, Таң ауылынан оңтүстік-баты­сына қарай 12 шақырым қашықтықта ор­на­ласқан «Манақ баба» шаруа қожалығында болды. Онда БҰҰ Даму бағдарламасының бірыңғай жобасы шеңберінде Еуропалық Одақ қаржыландыратын аудандағы «Қызылорда облысында оазистік суармалауды көрсету» пилоттық бастамасы негізінде салынған 9 озық жасыл технологиямен танысты.
Бұл жасыл экономиканы қолдану шаруа қожалық жұмысын дамытуға қажетті таза сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр. Жобаның жалпы құны 800 мың еуроны құрайды. Тиісті қаражатқа күн сәулелік және жел электрстанциясынан тұратын, сондай-ақ күн сәулесін және жел­ массаларының қозғалысын электр энергия­­сына түрлендіретін гибритті орнатылым құрылған. Мұнан алынған энергия тұрмыстық тұтынумен қатар фермерлік қажеттіліктерді де қамтамасыз етеді. Ал, арнайы сорғыш шаруа қожалық аумағында орналасқан ұңғымадан суды кең көлемді ыдыс пен тәуліктік бассейінге тартады. Ондағы су тармақтың көмегімен аталған су құбырларымен біркелкі үлестіріледі. Ос­мотикалық құрылғымен қайта тазартудан өтетін су таза ауыз сумен қамтамасыз етуге, мал суару және плантацияларға су жіберуге пайдаланылады. Мұндай теңдесі жоқ заманауи құрылғыларды көзбен көрген мәжіліс депутаты Г.Шиповских жазық далаға жан бітіріп, жасыл алқапқа айналдырған іскер азаматтарға алғыс білдірді.
Ауданға арнайы атбасын бұрған мәр­тебелі меймандар мұнан бөлек Таң ау­ылын­дағы «Таң бөбегі» бөбекжайы жә­не ауылдық мәдениет үйі ғимаратының жұмысымен танысты. Аталған елді ме­кендегі 90 орындық балабақша ме­млекеттік жекеменшік әріп­тестік аясында бой көтерді. Өткен жылы «Таң ЛТД» ЖШС 200 млн теңгеге ескі нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, заманауи үлгідегі жаңа балабақша жергілікті тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді. Бұл бір жағынан бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға өз ықпалын тигізсе, келесі кезекте өңірдегі жұмыссыздық мәселесіне де ауыздық болып отыр. Мұнда болған меймандар балабақшаның бой көтеруіне ықпал еткен шаруашылықтың да, бөбекжайдың да жұмысын жоғары бағалады.
Ал, ауылдық мәдениет үйінің ғима­раты да күрделі жөндеуден өтіп, жаңа құрылғылармен толыққан. Екінші қабатында орналасқан 18 563 кітап қоры бар кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетеді. Ауылдың тыныс-тіршілігіне қанық болған халық қалаулысы ауыл тұрғындарымен жүздесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Тұрғындардың сөзінше, Таң ауылында соңғы жылдары ілкімді істер қолға алынуда. Халық қалаулысы Имамзада Шағыртаев басшылық ететін шаруашылық елді мекеннің көркейіп-көгалдануына барынша жағдай жасап отыр. Қуантарлығы соңғы жылдары бұл ауылдан бірде-бір тұрғын көшпеген. Керісінше, ертеректе көшіп кеткен ағайындар ауылға қайта оралуға ниетті екен. Бұл ауылдың болашағы жарқын, келешегі кемел екенінің айғағы болса керек.
Келешек ұрпақ Сыр маржанын өсіру технологиясын, күріш егу және ысырапсыз жиып-теру әдісін білуі тиіс. Осыны ескерген шаруашылық басшысы Таң ауылына кіреберіс қақпадан бастап, орталық алаңға дейін күріш алқабын жайқалтып қойыпты. Ауыл тұрғындары кешке қарай Таңның ажа­рын одан әрі ай­шықтай түскен жасыл ал­қапты аралап, осында серуендеуді әдетке айналдырыпты. Таңдағы тыңдырымды тір­лікті көзбен көр­ген мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских игілікті істерге бастамашы болған «Таң ЛТД» ЖШС-нің жұмысына оң баға берді.
Айта кетейік, сапар барысында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес, партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева, «Жас Отан» ЖҚ аудандық бөлімшесінің басшысы Нарбота Серәлі және БАҚ өкілдері халық қалаулысымен бірге жүрді.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,
Маханбет АХМЕТОВ (сурет).

24 шілде 2018 ж. 1 129 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 781

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031