біліммен ШЫҢДАЛҒАН ШӘКІРТТЕР
Жуырда аудандық «Иманқұл» мешітіндегі имам ұстаздардан білім алған шәкірттер кезекті оқу мерзімін аяқтап, сый-құрметке ие болды.
Білім алушылар арасында сынақты үздік тапсырып, алған білімін көрсеткен шәкірттерге мешіт имамы мен ұстаздары атынан «Алғыс хаттар» тапсырылды. Шара барысында ұстаздар ілім алудың артықшылығы жөнінде тартымды уағыз-насихат айтып, дәстүрлі діни білімді тек мешіттен алу керектігін тағы бір еске салды.
– «Тәрбие басы – имандылық» деген жақсы сөз бар. Парасатты, ізгі тәрбие және тәрбиенің кемелдігі неден басталмақ? Бұл – ең әуелі баланың өз ата-анасын сыйлауы, иманды болып өсуі, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейілділік секілді ізгі қасиеттерді бойға сіңіруі, есейгенде қоғамға пайдалы азамат болуы. Әдепті болу, қай кезде де текті тәрбиенің жемісін көрсету деген сөз. Мұндай ұрпақ – Абайша айтсақ, ата-ананың көз қуанышы, қызығы мен сүйініші. Міне, осындай салиқалы ұрпақ тәрбиелеу бағытында мешіт ұстаздары жастарға тәлім-тәрбие беріп, дәстүрлі дінімізбен сусындатып, қасиетті Құран Кәрімді оқуды үйретті. Алдағы уақытта да сауат ашу сабақтары өз жалғасын таба бермек, – дейді мешіт имамы Айбек Мәдиев.
Рухани нәр сіңірген шәкірттер көпшілік алдында алған білімдерін паш етті. Жер бетіндегі ең таза жер Мешіт қабырғасынан білім алған жастар болашақта да жаман қылықтарға жол бермесі анық. Имам-ұстаздардың сөзінше, мұндай сауат ашу сабағына қатысқан жастар теріс жолға түспесі анық.
Шара соңында мешіт жамағаты арнайы жайылған дастарқаннан дәм татып, ақсақалдар шәкірттерге бата берді.
Н.АЛПЫСБАЙ.