ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫНЫҢ БЕРЕРІ КӨП
Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білетін қарттардың орны қашан да ерекше. “Қарты бар ел – қазыналы ел” деген сөз осы тұста айтылса керек. Халықаралық Қарттар күніне орай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиевпен кездесіп, мерейлі мерекемен құттықтаған едік.
– Аудандық ардагерлер кеңесінің құрылғанына қанша уақыт болды? Қазыналы қарттардың басын қосқан ұйымның мақсат-міндеті қандай?
– Жалпы, ардагерлер ұйымының құрылғанына отыз жылдай уақыт болды. Егемендік алып, қоғамымыздың құрылымы өзгергеннен кейін бұл ұйым орталық кеңес болып құрылды. 2009 жылы осы қызметке келдім. Ол кезде орталық кеңес өзінің дербестігі жоқ ұйым болатын. Аудан ардагерлерінің басын біріктіріп, бір мақсат-мүддеге ұйыстыру үшін бірқатар азаматтардан бастамашы топ жасап, «Жалағаш аудандық ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігін құрдық. 2011 жылдан бастап осы бірлестікте жұмыс жасап келеміз.
Осылай дербестігіміз бар қоғамдық бірлестік болып құрылғаннан кейін, түрлі жобаларға қатысуға мүмкіндік туды. Америкада дамушы мемлекеттерге көмек көрсететін «ЮСАИД» деген халықаралық қор бар. Онымен үш жылдай жұмыс жасадық. Осы уақыт ішінде бірнеше жоба ұсындық. Бұл қор үкіметтік емес ұйыммен тұрақты жұмыс жасағаннан кейін, олардың ішкі дамуына мүмкіндік жасайды. Біз өзімізді өзіміз дамыту жобасы арқылы біраз жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Қазіргі таңда тұрақты түрде аудандық ішкі саясат бөлімімен жұмыс жасап келеміз. Біз ардагерлер кеңесі болып құрылғаннан кейін, ең алдымен, мақсатымызды анықтап, міндетімізді сараладық. Ең бірінші мақсатымыз ардагерлердің тұрмыстық жағдайына, әлеуметтік жағдайына қамқорлық жасау. Одан кейін жастармен жұмыс жүргізіп, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттауды қолға алдық. Бұдан басқа да мүмкіндігі шектеулі жандармен және әр түрлі сала бойынша жоспарлы түрде жұмыс жасаймыз. Жылдың басында арнайы жоспар жасап, сол бойынша жүйелі жұмыстарды жүзеге асыруға тырысамыз.
– Қазіргі таңда өзіңіз басшылық ететін ардагерлер кеңесінің қанша мүшесі бар, қазыналы қарттар елдің қоғамдық саяси қызметіне белсене араласып жүр ме?
– Ауданда төрт мыңға жуық ардагер бар. 79 ұйым жұмыс жасайды.
Енді қарттарымыздың атқарып жүрген қызметтеріне келсек, ардагерлеріміз мәдени көпшілік шара болсын, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған спорттық ойындар болсын, өнер байқаулары болсын барлығына да белсенді атсалысуда.
Ең ірі жұмыстардың бірі – аудан жастарымен бірлескен туған өлке тарихын танып-білуге бағытталған саяхаттар. Оның ішінде біраз уақыт «Қарақұм көтерілісінің ізімен» тақырыбында қоғамдық маңызы бар саяхат ұйымдастырылды. Құрамында әртүрлі санаттағы кісілер болды. Сонымен бірге, жыл сайын дәстүрлі түрде «Қорқыт» кешеніне, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб кесенелеріне саяхат жасап, қолдан келгенше жас ұрпаққа төл тарихын тануына, бойларына адамгершілік пен отансүйгіштік қасиеттердің қалыптасуына ықпал жасауға тырысамыз. Өйткені, келешектің кемел болуы, болашақтың жарқын болуы, төл тарихымыздың өміршең болуы жастардың қолында. Бұдан бөлек, ардагерлер кеңесі ауылдық жерлердегі, кенттегі халықтың тұрмысы төмен топтарымен кездесіп тұрады. Тағы бір ауқымды жұмыс осыдан бірнеше жыл бұрын ұйымдастырылған аудан ардагерлеріне медициналық қызмет қалай көрсетілетінін, кемшін тұстарын анықтау немесе сапасын арттыру мақсатында арнайы мониторинг жүргізілді.
Қарттар күніне орай ардагерлер арасында өнер байқаулары да ұйымдастырылады. Биылғы жылы да мереке қарсаңында аудан ардагерлері мерекелік концерт бермек. Ауданымызда «Батыр аналар» ансамблі де жұмыс жасайды. Еңбек ауылындағы алтын құрсақты аналар сонау 1988 жылы құрылды. Аналарымыздың қазақ халқының демографиясына қосқан үлестерімен қатар ұлттық мәдениетімізге сіңірген еңбектері ерекше атап айтуға тұрарлық.
– Өзіңізге белгілі, жыл сайын аудандық ардагерлер спартакиадасы өтеді. Бұл шараның маңыздылығы қандай?
– 2011 жылы «Аудандық ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі болып құрылғаннан кейін қолға алынған айтулы шара – орталық стадионда өткізілген ардагерлер спартакиадасы. Елбасының дәстүрлі Жолдауының басым бағыттарының бірі – бұқаралық спортты дамыту. Бұл ретте аудан ардагерлері салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарға үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие беру, өсиет, ой-пікірлер айту, ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізу мақсатында осы спартакиаданы өткізіп келеді. Спорттық ойындардың ішінде эстафета, тоғызқұмалақ, арқан тарту, шахмат, балық аулау, көркемөнерпаздар байқауы жыл сайын тұрақты ұйымдастырылады. Бұл спорттық жарыстарда қарттар «аудандық ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ауыспалы кубогы мен қаржылай жүлдесі үшін бақ сынасады.
– Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған марқұм Сейілбек Шаухамановтың бастамасымен дәстүрлі түрде әр ауданда ардагерлер кеңесінің семинары өтіп отырды. Бұл семинар біздің ауданда жалғасын тапты ма?
– Сейілбек Шаухамановтың бұл бастамасы қоғамдық маңызы бар, көпке ой саларлық, жас ұрпаққа берер тәлімі бар шараға айналды. Себебі, жас кезінде ерінбей еңбек еткен аға буын өкілдері әлі де белсенді әрекет үстінде. Облысымыздағы елді мекендер мен ауылдарда ардагерлер ұйымы өз жұмысын ұтымды жалғастырып жүрді. Ең алдымен, Қазалы, Шиелі аудандарында облыстық ардагерлер кеңесінің семинары ұйымдастырылды. Содан 2011 жылы біздің ауданда өтті. Облыс орталығынан, аймақтың әр ауданынан келген делегаттар елмен кездесіп, аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысын көріп, ұтымды ой, ұтқыр пікірлерді ортаға салды. Шүкір, семинарды абыроймен атқардық, көптің көңілінен шықты деп ойлаймын.
– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялағалы бері республика көлемінде игі бастамалар, ірі шаралар қолға алынуда. Жаңа әліпбиге көшу жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда, өз пікіріңізді айта отырсаңыз?
– Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы. Бұл экономикалық, саяси жаңғырудан кем түспейтін маңызы зор бастама. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі. Елбасы мақаласының қоғамда қызу талқыға түсіп, өзіндік жан-жақты қолдау табуы әрбір қазақстандықтың ел тағдырына көз жұма қарамайтындығының айғағы деуге болады. Бұған дәлел, республиканың әр аймағында бағдарламалық мақала аясында түрлі шаралар мен жиындардың, игі бастамалардың жүзеге асуы болмақ.
Жаңа әліпбиді игеру бүгін басталып, ертең аяқталатын мәселе емес. Ол кезең-кезеңмен жүзеге асатын кешенді үдеріс. Жалпы, жаңа әліпби ешқандай дау туғызбауы керек. Абайша айтсақ тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, Һәм айналасы теп-тегіс жұмыр болғаны дұрыс. Жан-жақты ойланып жасалған осындай мүлтіксіз әліпби ғана қазақ тілін дамытып, әлем тілдерінің қатарына қосады. Жаңа әліпби жастарға тиімді, жеңіл болады. Орта жастан асқандарға, қарт кісілерге бейімделу оңайға соқпайды деген қаптаған тұжырымдар бар. Меніңше, латын қарпі жасы келген кісілерге таңсық дүние емес. Өйткені, біздің жас кезімізде осы әліпбиді қолданған болатынбыз. Газеттер-журналдар да осы қаріппен шығатын. Әлі де ұмытылған жоқ деп ойлаймын.
– Сөз соңында айтарыңыз?
– Жалпы, кеңестің іс-тәжірибесінде жастармен жасалатын жұмыс көп. Өйткені, жастар болашақты жасайтын бүгініміз. Олардың әрқайсысы төл тарихынан сусындап, ана тілін қастерлеп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуі қажет. Осыдан барып ұлтжанды, қоғамға пайдалы азамат қалыптасады. Аудандағы жастар орталығының жұмысы жақсы, шаруасы ширақ. Көптеген игі бастамалардың көшбасшысы болып жүр. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолында ұрпақтар сабақтастығының берері көп. Мереке қарсаңында қазыналы қарияларды қарттар күнімен құттықтап, дендеріне саулық, бастарына амандық тілеймін.
– Риясыз әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ,
М.АХМЕТОВ (сурет).