Байыпты бастамалар табысты қадамдар жасауға жол ашты
Жалағаш ауданының әкімі Қ.Ә.Сәрсенбаевтың 2018 жылы атқарылған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы халық алдындағы есебі
2018 жыл еліміз үшін тарихи және саяси оқиғаларға толы жыл болғаны баршамызға белгілі. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қоса халықаралық беделі де арта түсті. Соның бір дәлелі – Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерінің арасында алғашқы болып БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуі. Әлемдегі дамыған елдер қатарына қосылуда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел игілігіне арналған дәстүрлі Жолдаулары айқын да айнымас, сенімді бағыт болып келеді.
2018 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Елбасымыз бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келе жатқандығын айтты. Мемлекет басшысының бұл Жолдауы жаңа әлемге бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындап берді.
Сонымен бірге, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшірілуі, Астанада соңғы 9 жылда алғашқы рет Орталық Азия мемлекет басшыларының саммитінің өткізілуі, V Каспий саммитінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияның қабылдануы еліміздің халықаралық аренадағы беделінің үстем екендігін дәлелдеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев көктемнің алғашқы күндерінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде әлеуметтік саланы жаңғыртуға бағытталған 5 бастамасын ұсыну арқылы еліміз үшін өзекті әлеуметтік салаға жаңа серпін беретін шараларды іске асыруды міндеттеді.
Сонымен қатар, Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында халықтың әл-ауқатының өсіп, тұрмыс сапасының жақсаруына оң септігін тигізетін бастамаларды атады. Әсіресе, педагог қызметкерлерінің мәртебесін арттыру туралы заң қабылдау, жастар жылын жариялау, ең төменгі жалақыны арттыру сынды идеялары жұртшылық тарапынан кең қолдау тапты.
Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Ұлы даладағы өркениеттің тамыры тереңде жатқанын айғақтайтын Рухани жаңғыру бағдарламасымен сабақтасып жатыр. Ел Президенті осынау мақала арқылы Ұлы дала құндылықтарын кейінгіге мирас етудің айқын бастамасын жасады.
Қазақ елі тәуелсіздік жылдарында қаншалықты толымды табыстарға қол жеткізсе, оған ауданымыз да өз үлесін қосып келеді. Сыр еліндегі құт мекеннің бірі – Жалағаш ауданы Мемлекет басшысының барлық бастамаларын зор ықыласпен қабылдап, қашан да қолдап отыр. Жалағаш ауданы облыста Сыр маржанының үштен бір бөлігіне жуығын өндіретін ынтымағы артқан, ырысы тасыған өңір екенін біз мақтанышпен айтамыз.
Өткен жылы еліміздегі тұрақтылық пен аудан халқының бірлігі арқасында өздеріңізбен бірлесе отырып, киелі Жалағаш жерінде толайым тірліктер атқарылды. Еліміздің бас шаһары – Астана қаласының 20 жылдығы, Алаштың анасы атанған – Қызылорда қаласының қос ғасырлық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.
Сонымен қатар, саналы ғұмырын мемлекетіміздің өркендеуіне, туған жеріміздің көркеюіне арнаған тұлғаларды дәріптеу мақсатында Жалағаш ауданында мемлекет және қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргеновтің – 120 жылдық, Ілияс Қабыловтың – 115 жылдық, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың – 90 жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде өткіздік.
Мерейтойлар аясында Жалағаш кентіндегі «Жеңіс паркі» қайта жаңғыртудан өткізіліп, «Тағзым» аллеясы болып атауы өзгертілді. «Тағзым» аллеясына мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың бюсттерімен қатар, 1930 жылдардағы әміршілдік жүйеге қарсы бағытталған Қарақұм көтерілісіне арналған монумент ескерткіші және Невада-Семей, Ауған соғысы, Чернобыль техногенді апатының салдарын жоюға қатысқандарға арналған белгілер қойылды.
Жалағаш кентіндегі Дәуімбай елді мекеніне қазақтан шыққан тұңғыш философ – Ілияс Қабыловтың ескерткіші орнатылды. Сондай-ақ, мерейтойлар аясында республикалық ақындар айтысы, ғылыми-тәжірибелік конференция, қазақ күресі, эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өткізілді.
Ауданда атқарылып жатқан жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы дамытуға, ең әуелі әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға, аудан экономикасын әртараптандыруға бағытталған басым жобаларды іске асыруға, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстар үзіліссіз жүргізіліп, нәтижесінде, экономикада тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері артты.
Енді көрсеткіштер бойынша орындалуына тоқталсам:
Өнеркәсіп өнімін өндіру
Есепті кезеңге өнеркәсіп өнімдерін өндіру 7,3 пайызға артып, 4,5 млрд теңгеге жетті.
Өнеркәсіп өнімдеріне талдау жасалып, өткен жылмен салыстырғанда өңдеу өнеркәсібі 104,9 пайыз, ауыз су 144,4 пайыз, электрмен жабдықтау 105,0 пайызға орындалды.
Негізгі қорға тартылған инвестицияның бағалау көлемі 2018 жылдың 11 айында 5 млрд 339 млн теңгені құрап (2017 жылы 4 млрд 345 млн теңге), өткен жылдың осы кезеңімен салыстырмалы бағамен алғанда 14,9 пайызға артты.
Қаржы-салық саясаты
Аудан бюджетінің нақтыланған жалпы түсімдері 8 млрд 448 млн теңгеге немесе 100,4 пайызға орындалды. Оның ішінде:
- жергілікті кірістер 1 млрд 269 млн теңге;
- субвенция 5 млрд 121 млн теңге;
- ағымдағы және даму трансферттері 2 млрд 482 млн теңге.
Оның ішінде жергілікті кірістер болжамы 102,7 пайызға орындалды.
Аудан бюджеті шығыстары 8 млрд 491 млн теңгеге атқарылып, 99,6 пайызды құрады немесе 31 млн теңге үнемделген.
Ауыл шаруашылығы саласы
Аудан ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайын мол табыстарға қол жеткізіп, өңір қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосуда. 2018 жылдың 11 айында 14 662,4 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 100,3 пайызға орындалды (2017 жылы 13 516,1 млн теңге).
Өткен жылы барлығы 36391 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, өнім толық жиналды. Ауа райының қолайсыздығына, судың тапшылығына қарамастан диқандар ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, 22382 гектар күріштің әр гектарынан 56,6 центнер немесе 126587 тонна өнім алынды. Сонымен қатар, егілген 401 гектар жаздық бидай, 4559 гектар жаңа жоңышқа, 4456 гектар ескі жоңышқа, 641 гектар картоп, 1000 гектар бақша, 2200 гектар мақсары дақылдары толық жиналды.
Аудан шаруашылықтары 2018 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ 1436,7 млн теңгеге 25 дана, «ТехноЛизинг» ЖШС 65,5 млн теңгеге 1 дана, өз қаражаттары есебінен 173,0 млн теңгеге 13 дана, барлығы 1675, 2 млн теңгеге 39 дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды.
2018 жылы суармалы суды жеткізіп беру қызметтер құнын субсидиялауға тек күріш дақылына 50 пайыз субсидия беріліп, бүгінгі күнге 132 шаруашылыққа 138,8 млн теңге, 85 шаруашылыққа жұмсалған гербицидке 102,7 млн теңге, тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 115,9 млн теңге, минералдық тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 173 шаруашылыққа 457,3 млн теңге, барлығы 1 млрд 172,1 млн теңге субсидия төленді. 2018 жылдың 1 қарашасынан бастап басым дақылдардың өніміне сәйкес 1 тонна қара күрішке 4000 теңгеден өтінімдер қабылданып, жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күнге 357,4 млн теңге субсидия алынды.
Өткен жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы (ПРООН) аясында Таң ауылдық округі «Манақ баба» ШҚ-да оазистік суару жобасы іске асырылды. Бұл жобада күн сәулесі және жел күшімен электр энергиясын өңдеу арқылы тамшылатып суару құралдары құрылып, 3 га жерге алма ағаштары, 2 га жерге көкөніс дақылдары егілді. Жобаның сметалық құны 300,9 млн теңге болса, оның 70 пайызы Біріккен Ұлттар Ұйымының, 30 пайызы Манақ баба ШҚ-ның үлесі.
Сонымен қатар, Мақпалкөл ауылдық округінде «Құрманбай Ата» ШҚ 5 га жерге тамшылатып суару әдісімен алма бағын өсіруді қолға алды. Биылғы жылы осы жобалар бойынша алғашқы жемістері беріледі деп күтілуде.
Мал шаруашылығы
Ауданымызда мал басын арттыру мақсатында шаруа қожалықтар мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиімді пайдаланып келеді. Соның нәтижесінде төрт түлік мал басы 2018 жылдың 11 айында МІҚ – 31 111 басты (101,1 пайыз), жылқы – 10056 басты (104,2 пайыз), түйе – 515 басты (108,9 пайыз), қой-ешкі – 45661 басты (99,4 пайыз), үй құстары – 7610 дананы (100,7 пайыз) құрады.
Мал шаруашылығы өнімі есепті мерзімде ет өндіру 101,9 пайыз, сүт өндіру 101,2 пайыз, жұмыртқа 102,5 пайызға артты.
Аудан бойынша 88 шаруашылық тікелей мал шаруашылығымен айналысуда. Оның 74-і «Сыбаға», «Құлан» бағдарламаларына қатысып мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді алуда.
2018 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен аудан бойынша 10 шаруашылық 102,5 млн теңге, «Құлан» бағдарламасы бойынша 5 шаруашылық 23,5 млн теңге несие алып, мал шаруашылығын дамытуда.
Жыл басынан бері мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар 55,9 млн теңге көлемінде субсидия алды.
Аудан көлеміндегі асыл тұқымды МІҚ малының үлес салмағы 1,3%, жылқы 4,8%, қой малы 11,3% құрайды. Соңғы жылдары шаруашылық басшылары мен мал иелері асыл тұқымды малды сырттан әкелуге және қолдан ұрықтандыруға ден қоюда. Аудан бойынша 15 қолдан ұрықтандыру пункттерінде 1991 бас мүйізді ірі қара малы қолдан ұрықтандырылды.
Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес Мақпалкөл ауылдық округіндегі «Сарғасқа жылқы» ФҚ «Ауыл КТ серіктестігі» ЖШС-нен «Агробизнес» бағдарламасы аясында 19,0 млн теңге несие алып, Солтүстік Қазақстан облысынан 6 бас асыл тұқымды қалмақ сиырының бұқасы мен 100 бас жергілікті аналық мал бастарын сатып алса, Ақсу ауылдық округінен «Киясов Еркебұлан» ЖК «Агронесие корпорациясы» АҚ-нан 43,0 млн тенге несие алып, Ресей Федерациясынан 60 бас асыл тұқымды ет, сүт бағытындағы «Симментал» мүйізді ірі қара малының аналығын сатып алуға келісімшарт жасады. Ауданда мүйізді ірі қара малы аналығының тұқымдық түрлендіруге қатысты жоспар 71,4% орындалды.
Аққұм ауылдық округінде орналасқан «Бақдаулет-57» ШҚ ет бағытындағы «қазақтың ақбас» тұқымды асыл тұқымды шаруашылық статусын алып, 2018 жылы 12 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас бұқаларын (Сырдария ауданына -7 бас, Жалағаш ауданына -5 бас) сатты.
Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы құрылымдары өндіретін өндірістің жалпы көлемінен мал шаруашылығы өнімдерінің: еттің, сүттің, жұмыртқаның, жүннің үлес салмағын арттыру, асыл тұқымды шаруашылықтар-репродукторларды құру, ет бағытындағы МІҚ малын бордақылау шаруашылығын ашу бағытында жұмыстар жасалады. 2018 жылы Таң ауылдық округінде «Агролидер Таң» ЖШС ет өнімдерін қайта өңдеу цехының құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, құрал-жабдықтарын алуға сұраныс жасалуда.
Ветеринария саласы
Мал шаруашылығын дамытуда ветеринариялық іс-шаралардың тиісті ережелерге сай жүргізілуі қатаң бақылауда.
2018 жылы ауданда аса қауіпті жұқпалы және энзотиялық ауруларға қарсы ветеринариялық іс-шараларды атқаруға 69,2 млн теңге қаржы қаралып, аса қауіпті 13 түрлі жұқпалы және 6 түрлі энзотиялық аурулардың алдын алуға арналған биопрепараттар толығымен егілді. Өткен жылмен салыстырғанда қаралған қаржы 6,4 млн теңгеге немесе 9,2% көбейген.
Сарып індетіне қарсы жоспарлы тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде 10 бас МІҚ, 6 бас уақ мал анықталып, санитарлық талаптарға сәйкес сойылып, аурудың таралуына жол берілген жоқ.
2018 жылдың тамыз, қыркүйек айларында кейбір ауылдық округтерде мүйізді ірі қара малдардың арасында нодулярлы дерматит экзотиялық ауруы тіркеліп, ағымдағы жылдың 10 қазанында осы ауруға қарсы 19500 доза вакцина егілді. 2019 жылдың көктем айларында аталған індетке қарсы қосымша 13500 доза алынып, аудандағы егілмей қалған мүйізді ірі қара малдары толыққанды қамтамасыз етіледі.
Адамдар мен жануарларға ортақ аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулап жоюға 2018 жылы жергілікті бюджеттен 2,5 млн теңге қаралып, 1533 бас ит пен 29 бас мысық ауланып жойылды (барлығы 1562 бас). Дегенмен, бұл жұмыстар әлі де тиімді жүргізілмеуде.
Сонымен қатар, елді мекендерде экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен қаралған қаржы есебінен Аламесек, Мәдениет елді мекендерінен мал өлекселерін тастайтын мал қорымы құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, қаржыландыруға ұсынылды. Жобалардың жалпы құны 43,5 млн теңге.
Жер қатынастары мәселесі
Жалағаш ауданының жер қоры 2873640 гектарды құрайды, оның ішінде 591563 гектары Қарағанды облысынан ұзақ мерзімді пайдалануға алынған. Бұдан басқа Жалағаш аумағының 11149 гектар жері Ресей Федерациясына пайдалануға берілген.
Елбасының «100 нақты қадам ұлт жоспарында» жер мәселесіне байланысты нақты бағыттар айқындалып көрсетілген.
Осы бағытта тиісті жұмыстарды атқару, өз кәсібімді дамытамын деген тұлғаларға барынша қолдау көрсетіп, қажетті жер учаскелерімен қамтамасыз ету басты назарымызда.
Ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу
Басым бағыт беріліп отырған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу мақсатында 2018 жылы көлемі 7668 гектар жер учаскелері айналымға енгізілді (Жоспар 6000 га).
Аудан бюджетіне 26,6 млн теңге қаржы түсірілді.
Жер – біздің басты байлығымыз. Оны күтіп-баптау, тиімді пайдалану әрбір азаматтың міндеті.
Сондықтан да, табысталған әрбір жер учаскесінің мақсатты пайдаланылуы қатаң бақылауымызда.
Табысталған жер учаскелерін мақсатты пайдаланбаған тұлғалардан 2018 жылы мемлекет қорына 8728 гектар жер учаскелері қайтарылды.
2018 жылдың 4 мамырында «ҚР Кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен Жер кодексіне көптеген өзгерістер енгізіліп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау функциясы ауданның жергілікті атқарушы органдарының құзіретіне берілді. Яғни, жерді бақылау одан әрі күшейетін болады.
Аудан көлеміндегі инженерлік тұрғыда әзірленген егістік жерлердегі суландыру, тоспа-кәріз жүйелерінің тозығы жеткен. Барлығы дерлік қайта реконструкция жасауды талап етеді.
Осыған байланысты «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» (ИДЖЖ) жобасы қолға алынып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Бұл жобаның 1-кезеңімен (ИДЖЖЖ-1) 2002 жылы Аққұм ауылынан 1035 гектар жер қайта жөндеуден өткізді. 2011 жылы 2-кезеңімен (ИДЖЖЖ-2) Аққұм, Бұқарбай батыр, Таң және Мәдениет ауылдық округтерінде орналасқан инженерлік тұрғыда әзірленген 15123 гектар суармалы жерлер республикалық меншікке берілсе, өткен жылы 3-кезеңі бойынша (ИДЖЖЖ-3) Ақсу, Аламесек, Мақпалкөл, Жаңаталап, Шәменов, Еңбек ауылдық округтеріндегі 14049 гектар жердің құжаттары заңдастырылды.
Сонымен қатар, 2018 жылы Азия даму банкі арқылы қаржыландыру үшін 4221 гектар жердің құжаттары рәсімделіп, республикалық меншікке өткізілді.
2018 жылдың тамыз айында ҚР Премьер-Министрі атына облыс әкімдігінен Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру-2 жобасын қаржыландыруға хат жолданып, республикалық бюджетті нақтылау барысында жобаны қаржыландыруға бюджеттік өтінім тапсырылды.
Шағын және орта кәсіпкерлік
Облыс әкімі 2018 жылдың басында облыс бойынша 2018-2020 жылдарды жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы деп жариялауына байланысты кәсіпкерліктің дамуы алдыңғы қатарға қойылып, аудан бойынша біршама жұмыстар атқарылды.
2018 жылдың қорытындысы бойынша ауданның кәсіпкерлік саласында 1076 млн теңгенің өнімдері өндіріліп, бюджетке 155 млн теңге салық түсті. Бұл жалпы салық түсімінің 12,1% құрады (аудан бойынша жалпы салық түсімдері 1284,0 млн теңге). Ауданда 2344 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, өткен жылмен салыстырғанда 17 субъектіге азайды. Себебі, өткен жылы жұмыс істемей тұрған 443 кәсіпкерлік субъектілері кірістер басқармасы тарапынан жабылды. (о.і.заңды тұлға 188, жеке кәсіпкерлер 1514 және шаруа қожалықтары 642).
Бүгінгі күнге нақты жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,0%-ға артып, 1934 бірлікті құрап отыр. (тоқтап тұрғаны 410 о.і. заңды тұлға 46, жеке кәсіпкерлер 350 және шаруа қожалықтары 14).
Бұл кәсіпкерлік субъектілерінде 8911 адам жұмыс істейді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жұмыс істейтін адамдар саны 454-ке өскен.
Жалпы, аудан бойынша 2018 жылдың басынан мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 278 кәсіпкер 3 млрд 7 млн теңгеге қаржыландырылды.
Оның ішінде «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктердің облыстық филиалдары арқылы 33 жоба 386,3 млн теңгеге, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 162 жоба 510,5 млн теңгеге, «Микробизнес - Қызылорда» бағдарламасы аясында 31 жоба 112,3 млн теңгеге, «Сыбаға», «Кәсіпкер» бағдарламалары аясында 6 жоба 65,5 млн теңгеге және «Ауыл», «Сырдария-1» несие серіктестіктері арқылы жыл басынан мал және егін шаруашылығы бағытында 34 жоба 264,7 млн теңгеге қаржыландырылды.
«Каз Агро Қаржы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы 11 шаруашылық 1 млрд 619,7 млн теңгенің техникаларын лизинг арқылы алды.
«Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму жөніндегі» мемлекеттік бағдарлама аясында өңірлік Индустрияландыру картасына енгізілген «БИС-Групп» ЖШС-нің «Қызыл мия тамырын өңдеу» зауыты әлемдік нарықта өндірілетін өнімінің құны 5 есеге төмендеп кетуіне байланысты тоқтап тұрған болатын. Осыған сәйкес, зауыт басқа өнім өндіруді (сусындарға, тамақ өнімдеріне қосылатын тәтті ұнтақ) қолға алып отыр. Қазіргі таңда 10 адам жұмысқа қабылданып, өткен жылдан қалған 200 тонна шикізатты (мия тамырын) ұнтап, өнім шығаруға жұмыс жасауда.
Сонымен қатар, аудан бойынша 2018 жылы жалпы құны 688,4 млн теңгені құрайтын 8 жоба, «Манақ Баба» фермер қожалығының оазистік суару жобасы, «Ер Әлі» шаруа қожалығының астық сақтау және техникаға қызмет көрсету орталығы, «Нұр» шаруа қожалығының күріш ақтау цехы, жеке кәсіпкер Н.Серікұлының сүт қабылдау және өңдеу пункті, жеке кәсіпкер Е.Ақышевтың техникалық қызмет көрсету орталығы, «Таң ЛТД» ЖШС-нің күріш ақтау зауыты, «СержанГазСтрой» ЖШС-нің темір бұйымдарды және тұрмысқа қажетті заттарды дайындау цехы, жеке кәсіпкер Ш.Искаковтың тойхана және шағын маркет жобасы пайдалануға беріліп 84 жаңа жұмыс орны ашылды.
Биылғы жылы жалпы құны 643,0 млн теңгені құрайтын 10 жоба, «Сыздық» ШҚ-ның тәулігіне 60 тонна қара күрішті ақтау және жем өндіру цехы, жеке кәсіпкер Г.Исахановтың қара күрішті ақтау және жем өндіру цехы, «Баба» шаруа қожалығының ешкі сүтін өңдеу фермасы, жеке кәсіпкер М.Көптілеуовтың химиялық тазалау орталығы, «Жер Ана» ШҚ-ның 50 бас МІҚ малына арналған сүт фермасы, «АгроЛидерТаң» ЖШС-нің мал сою және ет бумалау цехы, жеке кәсіпкер М.Ертуғанованың 50 адамдық қоғамдық моншасы, жеке кәсіпкер Б.Мырзағалиевтың техникалық қызмет көрсету орталығы, жеке кәсіпкер Ж.Қазыбайұлының қонақ үй және тамақтану кешені, жеке кәсіпкер Н.Ералиевтың балықты алғашқы өңдеу цехы іске қосылып, 102 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Тіректі елді мекендерде атқарылып жатқан жұмыстар
Қызылорда облысы әкімдігінің «Қызылорда облысының тірек ауылдық елді мекендерінің тізбесін айқындау туралы» 2017 жылғы 27 маусымдағы №820 қаулысына сәйкес ауданнан Аққұм және Мәдениет ауылдық округтері тірек ауылдық елді мекендер болып белгіленіп, бекітілді.
Тіректі елді мекендерді дамыту мақсатында облыстық бюджет есебінен Мәдениет ауылында 260,0 млн теңгеге 90 орындық балабақша, 176,2 млн теңгеге 150 орындық клуб және 196,6 млн теңгеге спорт кешені ғимараттарының құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
Аудандағы тіректі елді мекендер бойынша 218 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген (Аққұм - 87 субъекті, Мәдениет-131 субъекті). Оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны 176 субъекті немесе 80,7 пайыз (о.і. жұмыс жасап тұрғаны Аққұм - 72 субъекті, Мәдениет-101 субъекті).
2018 жылы Аққұм тіректі елді мекені бойынша 11 жоба 119,9 млн теңгеге және Мәдениет тіректі елді мекені бойынша 12 жоба 33,4 млн теңгеге қаржыландырылды.
Тіректі елді мекендерді дамыту мақсатында «Қызылорда облысының тірек елді мекендерін дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы» әзірленіп, бекітілді. Осы Жол картасында Аққұм және Мәдениет тірек елді мекендерінде облыстық бюджет есебінен 30,0 млн теңгеге типтік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес мал қорымын салу, 2020-2021 жылдары тірек елді мекендер көшелерін орташа жөндеуге 313 млн теңгеге, 2020 жылы Аққұм тіректі елді мекенінен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 350 млн теңгеге спорт кешенін салу енгізілген.
Әлеуметтік сала
Аудан бойынша жалпы халық саны 35 690 адам болса, оның ішінде экономикалық белсенді халық саны 17 770 (жұмыссыздар - 908), зейнеткерлер 3 748, мүмкіндігі шектеулі жандар 995, балалар мен жасөспірімдер 13177.
Жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрады, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,1 пайызға төмендеген. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрап отыр.
2018 жылы 733 жаңа жұмыс орындары ашылып, жылдық жоспар 105,5 пайызға орындалды (оның ішінде 695-і тұрақты).
Есепті кезеңге барлығы 12 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде 174 адам жұмыспен қамтамасыз етілді.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл басынан 2500 адам жұмыс іздеуші ретінде хабарласып, олардың ішінде 1534 адам немесе 61,4 пайызы жұмысқа орналасты.
Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде қысқа мерзімді кәсіптік оқуға облыстық бюджеттен 19,3 млн теңге қаржы қаралды. Есепті мерзімге 102 адам қысқа мерзімді курстарға жолданып, 19,1 млн теңге қаржы төленді. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуды 102 адам аяқтап, оның 70-і тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Екінші бағыт бойынша 168 өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамға 527,8 млн теңге шағын несие берілді. Шағын несие алғандардың ішінен 142 адам өз кәсібін ашты және 156 жаңа жұмыс орны құрылды.
2018 жылы ауданда алғаш рет Бағдарламаға қатысушыларды кәсіпкерлік дағдыларына оқыту бойынша «Бастау Бизнес» жобасы іске асырылды. Жоба аясында 170 адам оқытуды аяқтап, 35 адам шағын несие алды.
Сонымен қатар, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру үшін республикалық бюджеттен 70 жобаға 16,8 млн теңге қаржы қаралып, 70 үміткердің жобасы 16,8 млн теңгеге қаржыландырылды.
Үшінші бағыт бойынша есепті мерзімге 1002 адамға жұмысқа орналастыру бойынша қолдау шаралары көрсетілді, оның ішінде:
Әлеуметтік жұмыс орындарына 102 адам жұмысқа жіберіліп, 14,5 млн теңге, жастар тәжірибесіне 271 жас маман жастар практикасына жіберіліп, 62,7 млн теңге, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға 613 адам жіберіліп, 42,0 млн теңге төленді.
– Ерікті түрде қоныс аудару бойынша солтүстік өңірлердің өкілдерінің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп, нәтижесінде 9 отбасы (16 адам) қоныс аударды (Қостанай облысы 2 отбасы, Павлодар облысы 4 отбасы, ШҚО-3 отбасы).
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік
2018 жылы Таң елді мекенінен «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жалға беру жобасына 2 спорт ғимаратын әзірлеуде.
Бір спорт ғимаратының техникалық құжаты жасалып, бизнес-жоспар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Бұл жоба биылғы жылы қаңтар айында халық игілігіне беріледі деп күтілуде.
Ақсу, Таң, Мырзабай ахун ауылдық округтеріндегі дәрігерлік-амбулатория ғимараттарының құрылысы 2019 жылы жүргізілетін болады.
Білім беру саласы
Елбасы өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына оң септігін тигізетін бастамаларды атап өтті. Әсіресе, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс. Бастама көпшілік тарапынан кең қолдауға ие болды.
Ауданымызда ұстаздардың кәсіби шеберліктерін нығайтуға, біліктіліктерін арттыруға тұрақты жағдай жасалған. Өңір бюджетінің де ең негізгі бөлігі білім саласына бөлініп келеді.
2018 жылы сала бюджеті 4 млрд 134 млн теңгені, яғни аудан бюджетінің 50% құрады. 1 оқушыға бір жылға кеткен шығын орташа есеппен 2018 жылы 443 мың теңгеге жеткен (2017 жылы 436 мың теңгені құраған).
Мектептерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бұл мақсатқа 28 472,0 мың теңге жұмсалса, қысқы от жағу маусымына сұйық отын мен қатты отынға 343,2 млн теңге қаралды. Оның ішінде 130 млн теңге облыстық бюджеттен қосымша бөлінген. Оқушыларға оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға 71,5 млн теңге бөлініп, жаңа оқулықтармен толық қамтамасыз етілді.
Барлық мектептер 100 пайыз кең жолақты интернет желісіне қосылған. «Электронды күнделік» жүйесіне енгізілген. Өткен оқу жылынан бастап қағаз журналдарға толтыру толық жойылып, электронды форматтағы нұсқаға көшірілді.
Осы мақсатта барлық мектептерге 280 дана планшет, 114 дана wi-fi роутер сатып алынды.
8 мектепке «Робототехника» кабинеттерін, модификациялы физика, химия, биология кабинеттерін жабдықтауға, 3Д кабинетін, цифрлық лаборатория, Таң ауылындағы №118 мектепке Жаңақоныс елді мекенінен оқушыларды тасымалдауға Газель автокөлігін сатып алуға жергілікті бюджеттен барлығы 143,3 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды.
Сонымен қатар, өткен жылдың желтоқсан айында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында аудан мектептері 769 дана компьютермен жабдықталды.
Аудан бойынша 38 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жұмыс жасайды. Олардың 10-ы мемлекеттік (740 бала), 17-сі жеке балабақшалар (1056 бала) және 11-і мектептер жанындағы шағын орталықтар (231 бала). Барлық мектепке дейінгі ұйымдарда қамтылған бала саны - 2027.
2018 жылға 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу міндеттемесі толығымен орындалды.
Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен ауданымыз былтырғы жылы облыс бойынша аудандар арасында бірінші орынды иеленді. Аудандағы 344 бітірушінің 246-сы немесе 71,5 пайызы ҰБТ-ға қатысып, көрсеткіш 87,5 балды құрады. 2017 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 5,9 балға өскен. Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша ауданымыз облыста алдыңғы қатарда.
Тестілеу тапсырғандардың 77,6 пайызы жоғары оқу орындарының грантын иеленді. Бұл нәтиже 2017 жылмен салыстырғанда 10,6 пайызға артқан.
Бүгінгі таңда М.Шәменов ауылдық округінде №34 орта мектеп ғимараты апаттық жағдайда болуына байланысты аудандық бюджеттен 7,0 млн теңге бөлініп, 140 орындық жаңа мектеп құрылысының жоба-сметалық құжаты әзірленді. Биылғы жылы мектеп құрылысына облыстық бюджет есебінен қаржы бөлінетін болады.
Денсаулық сақтау саласы
Ұлт денсаулығы – біздің жарқын болашағымыздың негізі. Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз етуіміз қажет.
Елбасының былтырғы жылғы Жолдауында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін биылғы жылдан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен 20 пайызға көбейту тапсырылды.
Сонымен қатар, биылғы жылдан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жұмыс жасауда.
Ауданның емдеу мекемелерінде 88 дәрігер, 475 орта буын медицина қызметкер жұмыс жасайды. 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігермен қамтылу – 24,9 %. Өткен жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға төмендеген. (2017 жылы – 27,1%)
2018 жылы 27882 аурушаңдық тіркелген, оның ішінде балалар 7818, жасөспірімдер 1794, ересектер 18270 адам. Алғашқы рет тіркелген аурулар 13118 адам. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22-ге өскен.
Қатерлі ісіктер бойынша 30 науқас тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 11 науқасқа азайған. Осы ретте қатерлі ісіктер бойынша өлім-жітім көрсеткіші де төмендеген (2018 жылы 33,4, 2017 жылы 38,8). Себебі, қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтау жоғарылаған.
2018 жылы ауданда 670 бала дүниеге келіп, өткен жылмен салыстырғанда 31 балаға көбейген. Шетінеген бала саны-7, өткен жылмен салыстырғанда 2 балаға көбейген. Жалпы қайтыс болған адам саны 174-ті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7 адамға азайған.
Биылғы жылы Жалағаш аудандық орталық ауруханасының жаңа ғимаратының құрылысы басталады. Құрылысты бастауға республикалық бюджеттен 500,0 млн теңге қаржы бөлінді.
Мәдениет саласы
Мәдениет саласының негізгі қызметі – мәдениет саласында сапалы және қолжетiмдi қызметтер көрсетуге, ел бiрлiгiнiң нығаюына бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыру болып табылады.
2018 жылы ауданда мәдениет саласы бойынша 1728 мәдени-көпшілік шаралар өткізіліп, оған 142 748 көрермен тартылды.
Мәдениет саласының өткен жылғы үлкен жетістігінің бірі – Қызылорда қаласында аудандардың өнер күндері өткізіліп, Жалағаш ауданы жүлделі І орынды иеленді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Далдабай ауылдық клубы жанынан «Қыл қобыз» және Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі жанынан балалар хор үйірмелері ашылып, жүйелі жұмыстар жүргізілді.
Автоматтандырылған арнайы кітапханалық бағдарлама қызметін қолдану мақсатында Жаңадария, Т.Жүргенов, М.Шәменов ауылдық кітапханалары «Модельді ауылдық кітапхана» статусына ие болса, Бұқарбай батыр, Есет батыр ауылдық кітапханалары мобильді-мультимедиялық кітапхана ретінде жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар, аудандық кітапханада коворкинг орталығы және кент орталығынан көше кітапханалары ашылып, аудан тұрғындарына қызмет көрсетуде.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында ортағасырлық Жент қаласы мен Бұқарбай батыр кесенесі жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне, Түмен әулие кесенесі мен Иманқұл, Әбжали ишан мешіттері өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енгізілді.
Жергілікті маңызы бар Мырзабай ахун кесенесіне облыстық бюджеттен қаржы қаралып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жастар саясаты
Ел Президенті өткен жылғы Жолдауында биылғы жылды Жастар жылы деп жариялады. Бұл аудан жастары үшін үлкен жауапкершілікті жүктеп, мол мүмкіндіктерге жол ашады.
Ауданда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда аудандағы жалпы жастар саны 8 865 болса, (оның ішінде, кент жастары – 3923 (44,3%), ауыл жастары 4 942 (55,7%) бұл аудан халқының 24,7 пайызын құрайды. 2017 жылғы жастар форумында жастар саясаты саласындағы қаржы көлемін екі есеге дейін ұлғайту туралы ұсыныс айтылған болатын. Ұсыныс қолдау тауып, былтырғы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі жастарға арналған 4 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып, қаржы көлемін екі есеге ұлғайттық. 2017 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 2 млн 290 мың теңгеге 1 жоба жүзеге асырылса, 2018 жылы 4 млн 580 мың теңгеге 4 әлеуметтік жобаны жүзеге асыру қолға алынды. Сонымен бірге, былтырғы жылы “Халықаралық жастар күні” қарсаңында ауданда алғашқы рет Жалағаш ауданы әкімінің “Жалын” жастар сыйлығы ұйымдастырылып, белсенді жастарға табысталды. Бұл игі шара биылғы жылы да дәстүрлі жалғасын табатын болады.
2018 жылы мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 14 млн 77 мың теңге (2017 жылдан 22% артып отыр) бөлінді. Ал, соның ішінде аудандық жастар ресурстық орталығының қызметін ұйымдастыруға 9 млн 497 мың теңге қарастырылған.
Аудан әкімдігі жанында Жастар істері жөніндегі кеңес жұмыс жасайды.
Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен Жастар корпусын дамыту (Zhas Project) жобасы қолға алынып, барлығы 300-ден астам жастар қызығушылық танытты. Нәтижесінде барлығы 80-ге жуық жоба ұсынылып, қорытындысымен 23 жеңімпаз грант иегері атанып, жұмыс жасауда.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ауданда 7 мәдениет үйі мен 8 ауылдық клуб, 21 кітапхана, 1 мәдениет және өнерді дамыту орталығы, барлығы 37 мәдениет және өнер мекемелері, 143 спорт нысаны жұмыс жасайды.
Осы ретте, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында тағы да бірнеше әлеуметтік ғимарат бой көтеретінін атап өткім келеді. Атап айтқанда, Аққұм ауылы мен Жалағаш кентінде спорт кешендерін салып, ел игілігіне беру жоспарлануда. Сондай-ақ, ауданда өнерлі жастар көбейіп келеді. Осыған орай, Жалағаш кентінен “Әуез мектебі” мен “Оқушылар үйін” салу да көзделіп отыр.
Спорт саласы
Бүгінгі таңда ауданның 10004 тұрғыны бұқаралық спортпен тұрақты айналысып, бұл жалпы тұрғындардың 28 пайызын құрайды. 2018 жылы 90 спорттық іс-шара өткізіліп, бұл шараларға 19580 аудан тұрғындары тартылды.
2018 жылы ұлттық және бұқаралық спортты дамытуға жергілікті бюджеттен 23,3 млн.теңге қаржы бөлінді.
Есет батыр ауылындағы №124 орта мектептің 11 сынып оқушысы Маратұлы Мұрат найза лақтырудан мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында Қазақстан Республикасының чемпионы атанып, Пекин қаласында өткен Халықаралық жарыста 5-орынды иеленді.
Жыл қорытындысымен спортшыларымыз Республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, ҚР чемпионаттарында 12 алтын, 12 күміс, 18 қола медальдар жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаттарында 3 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды.
3 спортшы – «ҚР-ның спорт шебері», 166 спортшы – «Спорт шеберлігіне үміткер» нормативін орындаса, ауданның 14 спортшысы ҚР Ұлттық құрама сапына енді.
Ауданымызда спорт саласын дамыту мақсатында биылғы жылы Жалағаш кентінде жалпы құны 460 млн теңге көлеміндегі спорт кешенін салу жоспарымызда бар. Оған бюджеттен қаржы қаралып, кент орталығынан жер телімі нақтыланды. 2019 жылы жаңа спорт кешені бой көтеретін болады.
Инфрақұрылым
Тұрғын үй
Ауданда жеке тұрғын үй салушылар қатары жыл сайын артып келеді. Жеке сектор есебінен өткен жылы жалпы алаңы 13652 шаршы метр 105 тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2017 жылмен салыстырғанда 27,4 пайызға артты. Сонымен қатар, жеке тұрғын үйлер салу үшін Жалағаш кентінің «Дәуімбай», «Береке» тұрғын үй салу аумақтарынан 370 азаматтарға тұрғын үй салуға жер учаскелері табысталды. Алайда бүгінгі күнге 49 ғана тұрғын үйлер салынған. Алдағы уақытта азаматтарға табысталған жер учаскелерінде тұрғын үйлерді салуды жандандыруымыз қажет.
Тұрғындардың осал топтары үшін 2018 жылы 30 тұрғын үй құрылысын салуға жобалық сметалық құжаттары дайындалып, республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды.
Ауыз су
Халықты таза сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – басты назарда тұрған міндеттердің бірі.
Аудан бойынша 6461 абонент болса, оның 4928-не (76,3%) ауыз су жүйесі тартылған. Жыл сайын аудан тұрғындары көктем-жаз мезгілінде ауыз суды мақсатсыз пайдаланатындықтан, су тапшылығы жағдайы орын алатын. 2018 жылы бірқатар атқарылған жұмыстардың нәтижесінде су қысымы жоғарылап, көктем-жаз мезгілінде су тапшылығы жағдайы орын алған жоқ.
Сонымен қатар, ауыз суды тиімді пайдалану мақсатында тұрғын үйлерге су есептеу құралдарын орнату жұмыстары қолға алынды. Бүгінгі күнге ауыз су жүйесіне қосылған 4928 тұрғын үйдің 3352-не (68 %) су есептеу құралдары орнатылды. 2018 жылдың басында бұл көрсеткіш 28 пайызды ғана құраған.
Қазіргі таңда Жалағаш кентімен қоса, Ақсу, Есет батыр, Бұқарбай батыр, Еңбек, Жаңаталап, Қаракеткен, Таң, Шәменов елді мекендері тәулігіне 24 сағат бойы үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Алдағы уақытта қалған елді мекендерді үздіксіз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар атқарылады. Соңғы 5 жылда «Таза су», «Ақбұлақ» бағдарламалары аясында 9 елді мекенде ауыз су жүйелеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
2017-2018 жылдары «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында 3 елді мекенде (Қаракеткен, Шаменов, Мырзабай ахун) сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту және кеңейту жұмыстары атқарылды. Өткен жылы М.Шәменов, Мырзабай ахун елді мекендерінің сумен жабдықтау жүйелерінің қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілсе, Мақпалкөл, Аққыр, Жаңадария ауылдық округтерінің ауыз сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 298,0 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстары басталды. Биылғы жылы жобаларды аяқтауға республикалық бюджеттен 722,1 млн теңге бөлінді.
Сонымен қатар, ауданның Жаңақоныс, Далдабай ауылдарының ауыз су жүйесін қайта жаңғыртуға жоба-сметалық құжаттар әзірленді. Жобалардың жалпы құны 722,3 млн теңге. Бүгінгі күнге жобалар қаржыландыруға ұсынылды.
2019 жылы "Қазсушар" ШЖҚ РМК "Арал" СЖКБД (салынып жатқан құрылыс бірлескен дирекциясы) тарапынан ауыз су жүйелеріне 18,3 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету
Аудандық маңыздағы 112,7 шақырым автомобиль жолының қазіргі таңда 22,4 шақырымы немесе 20 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда болып отыр.
Осыған орай, 2018 жылы аудандық маңызы бар Еңбек ауылы бағытындағы автомобиль жолының 0-8,0 шақырым аралығын орташа жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 90,1 млн теңге бөлініп, 4 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы жобаны толық аяқтау үшін 91,0 млн теңгеге сұраныс беріліп, облыстық бюджеттен қаржыландыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, апаттық жағдайдағы аудандық маңызы бар “Самара-Шымкент-Мәдениет-Мақпалкөл-Жаңаталап-Аққыр” автомобиль жолының бойындағы “Оңтүстік коллектор” көпірін қайта жаңғырту жұмыстарына 2019 жылға республикалық бюджеттен 138,7 млн теңге бөлінді, жобаны толық аяқтау үшін қажетті 150,6 млн теңге облыстық бюджеттен қаржыландыру күтілуде. 2019 жылы көпірді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, толық пайдалануға берілетін болады.
Сондай-ақ, Мәдениет елді мекені бағытындағы автомобиль жолының 0-9,4 шақырымына, Жаңадария елді мекені бағытындағы автомобиль жолының 8,0-37,3 (29,3 шақырым) шақырымына күрделі жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өткізу жұмыстары жүруде.
Аудан бойынша барлығы ұзындығы 206,5 шақырым 202 көшенің 66,8 шақырымы немесе 32,3 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда.
Көшелерді жөндеуге байланысты бірінші кезекте аудан орталығындағы көшелерді жөндеу қолға алынады. Осыған орай Жалағаш кентіндегі 14 көшеге (Қабылов, Қалыбаев, Нысанбай жырау, Мырзалиев, Жүргенов, Әйтеке би, Бұқарбай батыр, Отарбаев, Алтынсарин, Алтынсарин тұйығы, Әйтеке би, Бұқарбай батыр, Абай, Сәрке батыр көшелері) орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге жалпы құны 1,3 млрд теңге құрайтын жобалау-сметалық құжаттар әзірленді. 2018 жылға облыстық бюджеттен 3 көшені орташа жөндеу жұмыстарына 200,0 млн теңге бөлініп, жоспарлы жұмыстары атқарылды. (Бұқарбай батыр көшесіне 100,0 млн теңге, Нысанбай жырау көшесіне 50,0 млн теңге, Абай көшесіне 50,0 млн теңге).
Биылғы жылы осы көшелердегі жөндеу жұмыстарын толық аяқтауға облыстық бюджеттен 533,0 млн теңге қаржы бөлінді.
Алдағы жоспарда Жалағаш кентіндегі Абай, Әйтеке би, Бұқарбай батыр, Желтоқсан көшелерін жарықтандыру жұмыстары. Бұл жұмыстар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жүзеге асырылатын болады. Ақсу елді мекеніне кіре беріс Ө.Тұңғышбаев көшесін жарықтандыруға жоба-сметалық құжаттар әзірлеуге жергілікті бюджеттен 1,3 млн теңге қаралды.
Елді мекендердегі электр желілерін дамыту
2018 жылы Жалағаш аудандық электр торабының күшімен барлығы 17 млн 352 мың теңгеге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, Аққұм, Мәдениет, Бұқарбай батыр, Жаңадария елді мекендерінің электр жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары атқарылды. Дегенмен, елді мекендердегі ескі электр жүйелерін қайта жаңғыртуды түпкілікті шешу үшін жоба жасалып, толықтай бюджеттен қаржыландыру қажет. 2019 жылға осы жұмыстарды атқаруға облыстық бюджеттен 300,0 млн теңге қаржы қаралып отыр. Елді мекендердегі электр жүйелерін жөндеу жұмыстары кезең-кезеңмен атқарылатын болады.
Газдандыру
Қазіргі таңда Жалағаш және Тереңөзек кенттеріне ортақ автоматтандырылған газ тарату станциясы құрылысының жұмыстары Тереңөзек кентінде жүргізілуде. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 1,1 млрд теңге, облыстық бюджеттен 60,6 млн теңге қаржы бөлінді. Жалпы жоба құны 3 млрд 189,8 млн теңге. Жоспар бойынша жұмысты аяқтау мерзімі 2019 жылдың наурыз айы. Мердігер мекеме «Транс Азия Контракшн» ЖШС (Қызылорда қаласы).
Сонымен қатар, облыстық бюджеттен бөлінген 131,0 млн теңгеге магистралдық желілер мен Жалағаш кентішілік желілер құрылысын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, 2018 жылдың 28 қарашасында мемлекеттік сараптамаға тапсырылды. Сараптамаға дейінгі жоба құны 3,4 млрд теңгені құрап отыр. Жобалаушы мекеме «Әсем Жоба Құрылыс» ЖШС (Шымкент қаласы).
Негізгі қаржыландыру 2019-2020 жылдарға жоспарланған. Ауданымызда 2020 жылдың аяғына дейін толықтай газдандыру жұмыстары аяқталады деп күтілуде.
Қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік туралы
Аудан көлемінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу бағытында біршама жұмыстар атқарылды.
Өткен жылы ауданда құқық қорғау қызметін қолдау мақсатында облыстық бюджет есебінен жалпы құны 810,0 млн теңгеге типтік жобадағы аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратының құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
«Мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру бағытында барлығы 2775 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жалпы құны 26,1 млн теңге айыппұл салынып, оның 14,9 млн теңгесі немесе 57,4 пайызы бюджетке өндірілген.
Аудан көлемінде тіркелген қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 276-дан 281-ге, яғни 1,8 пайызға көбейген.
Оның ішінде ұрлық (141-ден 173-ке), алаяқтық (5-тен 8-ге), тонау (0-ден 2-ге), масаң күйде жасалған қылмыс (14-тен 15-ке), кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс (3-тен 7-ге), топпен жасалған қылмыс (32-ден 33-ке) көбейген.
Керісінше зорлау (1-ден 1-ге), қоғамдық орында жасалған қылмыс (21-ден 21-ге) бір деңгейде болса, ауыр дене жарақатын салу (3-тен 1-ге), бұзақылық (11-ден 7-ге), есірткі қылмысы (29-дан 18-ге), бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыс (104-тен 84-ке) азайған.
Есепті мерзімде ауданда ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу деңгейі 71,4% құрап отыр. Мал ұрлау фактілері азаймай келеді. Осы ретте, ауылдық округ әкімдеріне мал падасын ұйымдастыру тапсырылды.
Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері туралы
Өткен жылдың қорытындысымен аудан әкімі аппаратына жеке және заңды тұлғалардан барлығы 309 өтініш келіп түскен. 2017 жылмен салыстарғанда 30 өтінішке азайған.
Негізінен, өтініш білдірушілер жер мәселесі, жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй беру, мәдениет, білім, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салалары бойынша жүгінеді.
Азаматтарды бекітілген жеке қабылдау кестесіне сәйкес жеке және заңды тұлғалардың өкілдерімен жеке қабылдау тұрақты түрде жүргізіледі. 2018 жылы 252 жеке және заңды тұлғалардың өкілдері қабылданды. Оның 94-і аудан әкімімен, 158-і аудан әкімінің орынбасарларымен қаралды. Жеке қабылдауда болған 252 адамның өтініштерінің ішінде 49-ы оң шешімін тапса, қалған 203-і түсіндірме беру арқылы жүргізілді.
Ендігі кезекте үстіміздегі жылы да ауқымды жұмыстар мен сындарлы сәттер күтіп тұр.
Халқымызда «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген қанатты сөз бар. Елде тыныштық пен бірлік болса, алдағы уақытта да аудан экономикасының қарқынды дамуына құтты қадамдар жасалып, аудан халқының қолдауымен жүзеге асыратын боламыз. Ең бастысы – елдің тыныштығы мен береке-бірлігі.
Әрбір қазақстандық Елбасымыздың Жолдауларынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етуі қажет.
Біз – мүддесі бір, «Мәңгілік Ел» деген құдіретті айқын мақсат еткен халықпыз.
Біз – өз ұстанымы, кемеңгер көшбасшысы, жұдырықтай жұмыла білетін тату халқы бар, береке, бірлікті ту еткен мемлекетпіз.
Ауданның мемлекеттік органдарының жұмысы, біздің мемлекетті әрі қарай дамытуға арналған мақсаттар мен міндеттерді орындау бойынша нақты және бірлескен жұмыстарға бағытталатынын айтып өткім келеді.