ТЫНДЫРЫМДЫ ЖҰМЫС ТҰРАҚТЫ ДАМУҒА ЖОЛ АШТЫ
Барлық сала бойынша оң көрсеткішке көз жеткізгің келсе, алдымен білім сапасын арттыруға жұмыс жасаған абзал. Себебі, «біліктіліксіз белесті бағындырамын» деу бос сөз. Тәжірибенің де бойда тұрақты жетілуіне алдымен білім керек. Мемлекеттен аталған салаға жасалып жатқан қолдаудың уақыт өткен сайын қарқын алуының да себебі – осы. Жалағаш ауданында да жергілікті бюджеттің басым бөлігінің білім саласына бағытталуы сөзімізді қуаттайды. Ал, нәтиже ше?. Өңірде жыл өткен сайын дамудың даңғыл жолына түскен бір сала болса, ол – білім. Соңғы 5-6 жылда ҰБТ көрсеткіші бойынша облыста бірнеше рет көш бастаған да аудан түлектері еді. Мұның бәрі – үлкен қолдаудың, ұлағатты ұстаздардың тындырымды еңбегінің жемісі.
Былтыр Жалағашта сала бюджеті 4 млрд 134 млн теңгеге жетті. Бұл жалпы аудан бюджетінің 50 пайызын құрайды. Осынша қолдаудың арқасында педагог мамандардың да біліктілігін арттыру жұмыстары бір ізге түсті. Өңірдегі білім ошақтарына 28 млн 472 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қысқы от жағу маусымына сұйық отын мен қатты отынға 343,2 млн теңге қаржы қаралды. Оқушыларға оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға 71,5 млн теңге бөлініп, барлық мектеп жаңа оқулықтармен толық қамтамасыз етілді.
Аудандағы білім ошақтарының бәрі де 100 пайыз кең жолақты интернет желісіне қосылып, «Электронды күнделік» жүйесіне енгізілген. Өткен оқу жылынан бастап қағаз журналдар толтыру толықтай тоқтатылып, электронды форматтағы нұсқаға көшірілді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін мектептерге 280 дана планшет пен 114 дана wi-fi роутер берілді. Ал, 8 мектепке «Робототехника» кабинеттерін, модификациялы физика, химия, биология кабинеттерін жабдықтауға, 3D кабинетін, цифрлық лаборатория, Таң ауылындағы №118 мектепке Жаңақоныс елді мекенінен оқушыларды тасымалдауға Газель автокөлігін сатып алуға жергілікті бюджеттен 143,3 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Былтыр желтоқсан айында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында аудан мектептері 769 дана компьютермен жабдықталды.
Ауданда білім сапасының серпін алуына тек орта мектептер ғана емес, мектепке дейінгі білім беру мекемелері де атсалысып келеді. Өңірде жұмыс жасап тұрған 38 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 2027 бала тәрбиеленуде. Былтыр 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету 100 пайызға орындалды.
Жыл сайын аудан түлектерінің ҰБТ қорытындысында мұғалім мерейін үстем ететінін айтқан болатынбыз. Өткен жылы да тестілеудің бұл түрін үлкен жетістікпен тәмамдадық. Лайым биыл да солай болады деп сенеміз. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен аудан түлектері былтыр облыста аудандар арасында көш бастады. 344 бітірушінің 246-сы немесе 71,5 пайызы ҰБТ-ға қатысып, көрсеткіш 87,5 балды құрады. Қатысушылардың 77,6 пайызы жоғары оқу орындарының грантын иеленді. Бұл – үлкен жетістік. Бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастырушы ұлағатты ұстаздарымыздың еңбегі осылайша өз жемісін беріп отыр.
Кенжетай БАЛҒАБАЙ.
Пікір 2