» » Игілік үшін жасалған жұмыс жалғаса береді

Игілік үшін жасалған жұмыс жалғаса береді

Өткен аптаның бейсенбісі күнгі аудан және ауылдық округ әкімдерінің тұрғындар алдындағы есеп беру жиыны Мырзабай ахун, Мәдениет, Таң ауылдарында жалғасын тапты. Мырзабай ахун ауылының бұлай аталуының мәні, ауданда тіректі ауыл атанған Мәдениеттің тыныс-тіршілігі, Таңдағы толайым тірліктер кез келген адамды таңқалдырмай қоймайды.
Мырзабай ахун ауылының бұлай аталуының мәні бар. Әулиелік, емшілік қасиеттерімен ерекшеленген Мырзабай ахун Сырдарияның сол жағалауында, қазір өз есімімен аталатын ауыл төңірегінде дүниеге келген. Ол 16 жасында Орта Азияның ежелгі қалаларының бірі – Бұқарадағы Көкілташ медресесіне оқуға түсіп, оны 1854 жылы бітіріп шығады. Аталған медреседе он жыл оқып, үздік бітіргеннен кейін оған «ахун» деген діни-ғылыми атақ беріледі. Ол діни оқулармен қатар астрономия, математика, медицина, философия ілімдерін де толық игерген. Мырзабай ахун аталған медресені бітіргеннен кейін сонда қалып, 4 жыл бойы шәкірттерге дәріс берген. Мырзабай ахун Қарақалпақстандағы Бируни қаласының маңындағы Тақтакөпір деген жерге келіп, Табын Қалжан ахунның әкесі Бөлекбай батырдың ауылына тұрақтайды. Қалжан мен Мырзабайды осында жүрген жерінен Ораз ахун Сыр бойына шақыртып алады. Туған топырағына оралған ахунға жергілікті халық бірлесіп қаржы жинап, туған ауы­­лы маңынан мешіт салдырған. Ел ішінде осындай игі істің көшбасшысы болған әулие кісінің атымен аталған ауылдың тұрмыс-тіршілігі де, тәртіп те тұрақты болуы керек-ті.
Ауылдағы №122 орта мектепке жиылған қауым алдымен ауылдың учаскелік полиция инспекторы Айбек Нұрмахановтың баяндамасын тыңдады. Оның айтуынша, Мырзабай ахун ауылында анау айтарлықтай ауыр қылмыс түрі орын алмаған. Мал ұрлығы жоқ. Өткен жылы жасалған екі қылмыс ашылмаған. Ал, ұсақ құқық бұзушылықтарға хаттама толтырылып, сотқа жолданған. Ауыл тұрғындары тарапынан да учаскелік полиция инс­пекторына сын-ескертпе айтылмады.
Мұнан соң ауыл әкімі Бақытбек Нұрмахановтың есебі тыңдалды. Жалпы, ауылдық округ кәсіпкерлік саласы бойынша кенде емес. 59 шағын кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның қазіргі таңда 54-і жұмыс жасап тұр. Шағын кәсіпкерлікті дамыту, оның ішінде мал шаруашылығымен айналысу мақсатында өткен жылы «Егінші» ЖШС 43 млн 669,5 теңге егін егу мақсатында несие алса, 7 адам 11 млн 800 мың теңгеге бесеуі мүйізді ірі қара малын бордақылап, екеуі жолаушы тасымалдау бағытында жұмыс жасап отыр. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша, 1-ші бағыт қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 8 адам, техникалық және кәсіптік білімге 4 адам, 2-ші бағыт жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 6 жоба ұсынылған. Барлығы да қаржылай қолдау тауып жұмысын бастаған. Аталған ауыл үшін өткен жыл жағымды жаңалығын ала келді. Мырзабай ахун ауылдық округінде жаңа ауыл әкімшілігі ғимараты пайдалануға берілді. Іргелі елді мекен тұрғындарының көкейтесті мәселелерінің бірі шешімін тауып, үлкен қуанышқа бөленді.
Биылғы жылы жалағаштықтардың да көкейлерінде жүрген мәселелері оң шешімін тапты. Бірнеше құрылыс нысандары пайдалануға беріліп, жұртшылық үлкен қуанышқа бөленді. Жаңадан ашылған ғимараттардың алғашқы сапында аудандық ішкі істер бөлімінің ғимараты тұр. Қанша жылдан бері талапқа сай жабдықталмаған, тозығы жетіп ескірген, іші тар ғимаратта орналасқан тәртіп сақшылары маусым айында жаңа типтегі ғимаратқа көшті. Өңірдегі осы секілді жағымды жаңалықтарды атап өткен аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев есепті кездесуді қорытындылады. Жиын соңында ауыл тұрғыны, зейнеткер Қасым Кәрібаев аудан көлемінде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың жүзеге асуына тікелей ықпал еткен аудан әкіміне, оның тындырымды тірлігіне алғысын білдіріп, әкімдер қызметіне оң бағаларын берді. Содан соң ауыл ақсақалы ауылға емхана керектігін алға тартып, күрделі жөндеуді қажет ететін көшелерге асфальт төсеуді сұрады. Аудан әкімі бұл мәселні назарға алып, көше жөнделетінін айтты.
***
Таң азанымен басталған есепті кездесу Мәдениет ауылында жалғасты. Тіректі ауыл атанған ауылда қоғамдық тұрақтылығының мән-жайынан хабар берген учаскелік полиция инспекторы Нұрлан Орынбасарұлы өткен жылы 86 әкімшілік-құқық бұзушылық анықталып, заң аясында шара көрілгенін айтты. Ауыл көлемінде жасалған алты ұрлықтың үшеуі анықталса, үшеуі ашылмаған.
Мәдениет ауылындағы игі істердің алдыңғы сапында ауылдық округте «Дәулетназар» мешітіне «Жігер» шаруа қожалығының төрағасы С.Сарбасовтың көмегімен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Сонымен қатар, «Жігер» шаруа қожалығының төрағасы С.Сарбасов ауылдағы «Дәулетназар» мешітіне ас құдайылар өткізу мақсатында 2019 жылы асхана салуды жоспарлап отырғанын тілге тиек еткен ауыл әкімі Өмірсерік Әбтіқалықов ауыл ішінде қоғамдық діни ахуалдың тұрақты екенін жеткізді.
Басқосу соңында аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы өңірдің әл-ауқатына, жүзеге асқан жұмыстарға тоқталды. Өткен жылы аудан орта­лығында үлкен дүбірлі той болды. «Алтын дән-2018» мерекесімен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргеновтің – 120, Ілияс Қабыловтың – 115, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың – 90 жылдық мерейтойларына арналған шаралар өтті. Өңірдегі елеулі оқиғалардан ауыл жұртшылығын хабардар еткен аудан әкімі осы ауылда пайдалануға берілген биылғы жылы ашылған жаңа ғимараттар мәдениеттіктер үшін үлкен мақтаныш екенін жеткізді. Иә, расында бірнеше жаңа ғимарат пайдалануға берілген Мәдениет ауылы үшін өткен жыл тарихи оқиғаларға толы болды. Ауыл орталығынан 90 орындық балабақша, 150 орындық клуб және спорт кешені бой көтерді. 90 орындық балабақша ашылып, көпшілікті бір қуантып тастады.
***
Бұл күнгі әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беру жиыны Таң ауылында қорытындыланды. Таңдағы қоғамдық тыныштықты күзететін учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Н.Сариев өткен жылы ауылдық округ бойынша жалпы үш қылмыстық оқиға тіркеліп, жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде барлығы ашылғанын атап өтті.
Байқағанымыздай, учаскелік полиция инс­пекторы ауыл тұрғындарымен, ауылдық мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Соның нәтижесінде жасалған қылмыс түрі аз, анықталғандары ашылып отыр. Ауыл ішінде түрлі іс-шаралар өткізіліп, қоғамдық қауіпсіздік тұрақты сақталып келеді.
Ал, ауыл әкімі Әліби Байнахатовтың сөзінше Таңда ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамуда.
«Ауылдық округте 2 ЖШС, 1 өндірістік коо­­пе­­ратив, 12 шаруа қожалық жұмыс жасайды. Шаруашылықтар негізінен күріш дақылын өсіреді. Өткен жылы 2098 гектар күріш егіліп, гектарынан 55,4 центнерден өнім алынды.
Сонымен қатар, БҰҰ-ның даму бағдарламасы аясында «Манақ Баба» фермерлік қожалығы арқылы баламалы энергияны пайдалану және оазистік суару әдісімен 10 га жерге алма ағаштары отырғызылса, 6 га жерге бақша дақылдары егілген. Жоба құны – 294 млн теңгені құрап отыр. Мұнан бөлек, «Таң ЛТД» ЖШС-мен тәулігіне 150 тонна, сондай ақ, «Нұр» шаруа қожалығымен тәулігіне 50 тонна күріш салысын ақтайтын күріш зауыты іске қосылды.
Есепті кездесуді қорытындылаған аудан әкімі алдағы жоспарларға тоқталды. Жоспарға сәйкес, өткен жылы М.Шәменов, Мырзабай ахун елді мекендерінің сумен жабдықтау жүйелерінің қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілсе, Мақпалкөл, Аққыр, Жаңадария ауылдық округтерінің ауыз сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 298 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстары басталған. Биылғы жылы жобаларды аяқтауға республикалық бюджеттен 722,1 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, ауданның Жаңақоныс, Далдабай ауылдарының ауыз су жүйесін қайта жаңғыртуға жоба-сметалық құжаттар әзірленіп отыр. Сонымен бірге, аудан орталығындағы бірқатар көшелерге асфальт төселіп, күрделі жөндеуден өткен. Биылғы жылы аудан халқыының игілігі үшін іске асырылатын жұмыстардың бірі – газдандыру. Бұл жөнінде аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев қазіргі таңда Жалағаш және Тереңөзек кенттеріне ортақ автоматтандырылған газ тарату станциясы құрылысының жұмыстары Тереңөзек кентінде жүргізіліп жатқанын, бұл жұмыстарға республикалық, облыстық бюджеттен қажетті қаражат бөлінгенін де атап өтті.
Жиын соңында қалың көпшілік бірқатар жағымды жаңалықтардан құлағдар болып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Қарап отырсақ, бұл жыл аудан жұртшылығы үшін игі істер мен жарқын бастамалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүзеге асқан мерейлі жыл болды. Ынтымақ пен бірлікті үлгі еткен жалағаштықтардың алар асуы алда. Бұл күнгі ауылдарға сапарымыз осымен аяқталды.
***
Өткен жылы Аққұм тіректі елді мекені бойынша 11 жоба 119,9 млн теңгеге қаржыландырылды. Алдағы жылы осы ауылға мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында спорт кешенін салу жоспарда бар. Мұны аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев Аққұм ауылы тұрғындары алдында өткен әкімдердің есеп беру жиынында мәлімдеді.
Өткен аптаның жұма күні аудан әкімінің халық алдындағы есеп беру жиыны Аққұм, Ақсу ауылдарында жалғасты. Алдымен, өңір басшысы тіректі елді мекенге аялдап, аққұмдықтар алдында аудан бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Оған аудандағы барлық бөлім, мекеме басшылары, аудандық мәслихат депутаттары мен ауыл халқы қатысты.
Жиынның түн тәртібіне сәйкес, бірінші болып мінберге көтерілген ауылдық полиция инспекторы Жасұлан Әбдуаитов ауылда орын алған қылмыс санын тізіп шықты. Инспектордың сөзінше, өткен жылы 6 ұрлық тіркеліп, оның 3-і ашылған. Қалған қылмысты ашу бағытында тергеп-тексеру, қылмыс жасағандарды іздестіру бағытында жұмыс жасалып жатқан көрінеді. Сондай-ақ, ол ауыл қақпасындағы бейне камераны жаңарту керек екенін айтып, қосымша қасына көмекші қызметкер сұрады. Оның бұл ұсынысы қолдау тауып, жуық арада мәселесі шешілетін болды.
– Мұнан соң ауыл әкімі Абзал Ибраев ел алдында жыл бойы атқарылған жұмыстардың есебін берді. Елімізге белгілі тау тұлғалы азаматтар шыққан киелі Аққұм жерінде 380 отбасы бар. Ауылдың негізгі тіршілік көзі ауыл шаруашылығы саласы.
– 2018 жылы ауылда 3576 гектар жерге күріш, жоңышқа егілді. Күріштен гектарына орта есеппен 50 цн өнім алынып, барлығы 137772 цн астық жиналды. Осы шаруашылықтарға мемлекеттен 58 миллион 465 мың 660 теңгеден астам субсидия берілді. Ауылдағы жеке отбасылары көкөніс-бақша, картоп, жеміс-жидектер өсіріп, қажетті өнімдерін жинап алды. Ауылдағы ветеринариялық пунктте үш адам жұмыс жасап, малды ауруға қарсы егу, сырғалау жұмыстарын жүргізіп келеді, – деді ауыл әкімі.
Басқосудағы негізгі баяндаманы жасаған аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев жыл көлемінде атқарылған жұмыстардан ел-жұртты хабардар етіп, алда тұрған міндеттерді атап өтті. Өткен жылы экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстардың нәтижесінде, экономикада тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері жоғарылады. Жалпы, өңірде қаншама өміршең өзгерістер, игілікті істер атқарылды. Олардың барлығы да халықтың көз алдында өтіп жатыр. Кәсіпкерліктің көкжиегі қайта кеңейіп, серпінді жобалар жүзеге асты. Бұл әрине, Елбасының әр жылғы Жолдауынан туындайтын міндеттердің өңірде сәтті жүзеге асуының айқын көрінісі деуге болады. Былтыр аймақ басшысы 3 жылды қатарынан кәсіпкерлікті қолдау жылы деп атады. Соның нәтижесінде ауылдағы жұрт ата-кәсіпті қайта жандандырып, іскер азаматтар өз кәсібін ашты. Жиын соңында сөз алған көпшіліктің пікірі осыған саяды.

***
Бұдан кейінгі жиын Ақсу ауылында жалғасты. Бірлігі мен тірлігі жарасқан киелі Ақсу жерінде былтырғы жылы атқарылған істерді ел елегінен өткізген ауыл әкімі Қанат Ниетқұлов барлық саладағы оң өзгерістерге тоқталып, атқарылған жұмыстарды бейне-слайд арқылы көрсетіп ­отыр­­­­­­­­­ды. Бір қуанарлығы, өткен жылы ақсулықтар кәсіпкерлікпен айналысуға айрықша ден қойыпты.
– «2018-2020 жылдар Қызылорда облысында жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылдары» деп жариялануына байланысты облыста қабылдаған «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» жол картасы аясында үстіміздегі жылы ауданнан 250 кәсіпкерлік субъектісін ашу тапсырылып, кент және ауылдық округтер бойынша халық санына сәйкес бөлініс жасалды. Ақсу ауылдық округіне 2018 жылы 12 кәсіпкерлік субъектісін ашу жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге 28 кәсіпкерлік субъектісі мемлекеттік кірістер басқармасына тіркеліп, жоспар 233,3 пайызға орындалып отыр. 2018 жылдың 12 айында Ақсу ауылдық округі бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 20 кәсіпкер 259,810 мың теңгеге қаржыландырылды, – деді ауыл әкімі.
Ауылдағы спорт, білім саласы елеулі жаңалықтарымен қуантты. Мұнда 285 адам спортпен шұғылданады екен. Аудандық әйелдер спартакиадасына қатысқан Ақсу ауылдық командасы жүлделі III орынды иеленсе, ауыл ардагерлерінің арасынан құрылған команда аудандық ардагерлер спартакиадасына қатысып, 3 жыл қатарынан I орынды жеңіп алды.
Бірлігі мен тірлігі жарасқан ауылдағы қоғамдық тәртіппен қауіпсіздік туралы хабарлаған ауылдық полиция инспекторы Қанат Үсенұлы өткен жылы орын алған қылмыс мен ұрлық-қарлықты жеткізді. Оның айтуынша, өткен жылы 15 қылмыс орын алып, оның 6-ы ашылған. Ал, мал ұрлығы бойынша тіркелген 4 қылмыстың бірде-бірі ашылмапты. Аудан әкімі: «Ұрлықтың ашылу дәредесі өте төмен. Жұмыс жасаңдар» деп ескертті.
Ал аудан бойынша атқарылған жұмыстарды, ит жылындағы игілікті істерді және ел болып еңсерген толағай табыстарды өңір басшысы баяндады. Барлық саланы қамтыған аудан әкімі алда тұрған елеулі міндеттерді атап өтті. Сондай-ақ, қазір кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жандарға жан-жақты қолдау бар екенін жеткізді. Негізінен, бұл ауыл мал шаруашылығына өте қолайлы және жайылымдық жері де кең.
Жиында жұрт өздерін толқандырған ұсыныс-пікірлерін де бүгіп қалмады. Бірі ауласына аяқсу келмейтінін және ауылға тұрақты дәрігер керектігін жеткізсе, енді бірі өзінің мүмкіндігі шектеулі жан ретінде тұрғын үйге қалай қол жеткізуге бола­тындығы жөнінде кеңес сұрады. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерге қатысты жауап берген аудан әкімі тиісті сала басшылары мен ауыл әкіміне нақты тапсырмалар жүктеп, көтерілген мәселелердің шешілуі өз бақылауында болатының айтты.
Даланың даналығын қанына сіңірген қазақ «Халық – қазы, еңбек – таразы» дейді. Расында, ел үшін жасалған елеулі еңбек ешқашан елеусіз қалған емес. Бүгінде біздің өңір облыс бойынша күріштің үштен бірге жуығын өндіріп, сондай-ақ, жарқын жобаларды, байыпты бағдарламаларды сәтті жүзеге асырып келеді. Келелі басқосу соңында ауыл ардагерлері атқарылған жұмыстарды өте жақсы деп бағалады.

22 қаңтар 2019 ж. 575 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930