Танымал бүркітші қыз Назарбаевқа Моңғолиядағы қазақтардың аманатын жеткізді
Бүгін Астанада «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар жылының ашылу рәсімі өтуде. Салтанатты шараға мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Елбасының алдында сөз сөйлеген этникалық қазақ Айшолпан Нұрғайыпқызы Алтай қазақтарының аманатын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап Stan.kz.
Өз сөзінде танымал бүркітші қыз президентпен кездесуді армандағанын және бүгінде арманының орындалғанын атап өтті.
«Шынымды айтсам, сәл қобалжып тұрмын. Себебі күнде президентпен кездесе бермеймін ғой. Мен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында туып өстім. Бірақ та атамакенім Қазақстан екенін ешуақытта ұмытпадым. Соның арқасы шығар, қазіргі кезде мен «Нұр орда» халықаралық мектебінде оқып жатырмын», – дейді Айшолпан.
Сонымен қатар ол бүркітті баптаудың қыр-сырын түсіндіріп беріп, елордада және еліміздің өзге де аймақтарында бүркітшілердің мектебін ашу туралы ұсыныс тастады.
Сондай-ақ, Айшолпан елбасыға Моңғолия қазақтарының аманатын жеткізді.
«Айтпақшы, ата, ұмытпай тұрғанда айта кетсем, Алтайдағы аз қазақтың аманаты бар еді. Сізді Баян-Өлгейге қонақ болуға шақырамыз. Ақ дастарқаннан дәм татып кетсеңіз, алыстағы ағайынның рухы бір жасап қалады», – дейді Айшолпан Нұрғайыпқызы.
Stan.kz