» » «СЫР БОЙЫ – ЕЛДІҢ ӘЛ-АУҚАТЫН ЕСЕЛЕП, ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ БАҚ-БЕРЕКЕСІН АРТТЫРҒАН ӨҢІР»

«СЫР БОЙЫ – ЕЛДІҢ ӘЛ-АУҚАТЫН ЕСЕЛЕП, ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ БАҚ-БЕРЕКЕСІН АРТТЫРҒАН ӨҢІР»

Бұл – Мемлекет басшысы тарапынан құмында құнар, суында сөлі бар қасиетті Сыр бойына берілген лайықты баға. Еліміз егемендікке қол жеткізіп, дербес мемлекет болған шақтан бүгінге дейін Ақмешітте ауқымды жобалар қолға алынды. Бұған дейін де тарихи әрі саяси шешімдердің осы өңірде жүзеге асқанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі деген ойдамыз. Тәуелсіздік жылдарының басында құлдыраған ел қазынасына қарқын берген де батыс­тан кейінгі аймақ – осы Қызылорда. Рас, ол тұста кәсіпкерлік, өндіріс салалары бойынша ақсап тұрған тұсымыз көп еді. Керісінше рухани тұрғыдан өңір халқы көш ілгері болды. Бұған дейін де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірге сапары аясында Сырды Алаштың анасына балауы бүтін бір аймаққа бекер тағылған айдар емес.
Жаңа тәуелсіздік жылдардың басындағы кәсіпкерлік пен өндірістің өңірдегі қарқынын айтып өттім. Ал қазір ше? Бүгінде Сыр елінде өндіріс өркендеп, кәсіпкерлік қанат жайды. Ол тұста елдің әлеуетін көтеруде іс бастауға қала жұрты да жайбасар еді. Қазір ауыл азаматтарының өзі кәсіп ашып, көш ілгері болуға бейім тұр. Бұл өз кезегінде әлеуеті артқан өңірдің берекесін кіргізбесе, ырысын қашырмайды. Оның үстіне аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың соңғы үш жылды «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жариялауы мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың қарқынына қарқын қосты. Сөздің шыны керек, облыста соңғы жылдары қай салада да серпіліс басым. 5-6 жылда алып құрылыс алаңына айналған Қызылордада бірнеше шағын аудан бой көтерді. Бергі бетті игерген жұртым дарияның арғы бетіне аяқ басты. Қазір ондағы құрылыстың бірқатары аяқталып, зәулім ғимараттар ел игілігіне жұмыс жасауда. Сыр бойындағы нәтижелі іске сапар аясында Елбасы бірнеше рет жоғары баға берген. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та апта басында аймаққа арнайы атбасын бұрды. Қасиетті мекеннің тынысына қаныққан Мемлекет басшысының да пікірі Елбасымен ортақ екен.

БАЛА САУЛЫҒЫ –
БАСТЫ БАЙЛЫҚ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыр еліне сапары сейсенбіде басталды. Мемлекет басшысы алдымен облыстық көпбейінді балалар ауруханасында бол­ды.
Осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген емдеу орталығында бүгінде 8 клиникалық, 3 хирургиялық бейімдегі бөлімше және 30 төсекке арналған күндізгі стационар мен мейіргерлік күтім бөлімшелері бар. Мұнда бір ауысымда 300 бала қабылдайтын кеңес беру диагностикалық бөлімшесі де жұмыс жасайды. Медициналық нысан еліміздегі үздік 5 аурухананың қатарында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа аурухана қызметі жайында бас дәрігер Зоя Көшенова баяндады. Оның сөзінше, балалар ауруханасы ашылғалы бері ата-аналар сәбиінің саулығына шипа іздеп Астана, Алматы қалаларына сабылмайтын болған. Себебі, соңғы үлгідегі медициналық диагностикалық құрал-жабдықтар тұрғындардың сапалы көмекті осы жерден алуына толық мүмкіндік береді.
– Өңірде балаларға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту, сәби өлімінің алдын алу, аурушаңдықты төмендету, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында арнайы Жол картасы әзірленіп, сол бойынша ауқымды жұмыстар атқа­рылуда. Реабилитациялық, полиативті көмекті жақсартуға баса назар аударылуда, – дейді бас дәрігер.
Мұнан бөлек балалар хирургиясын жетілдіру мақсатында ота жасау аясы кеңейіп, бірнеше ота түрі алғаш рет осы емдеу орталығында жасалған. Жалпы облыста балалар хирургиясы бойынша 903 бала ем қабылдап шықса, 650 балаға ота жасалған. Туабітті ақауы бар нәрестелерді аман алып қалу үшін неонатальды хирургияны жетілдіруге басымдық берілген. Мәселен, былтыр дәрігерлер жаңа туған 93 шақалақты өлім аузынан алып қалды. Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде аймақта сәби өлімі 20 пайызға азайып­ отыр.

ЖАРҚЫН ЖОБАСЫ
«ЖАН-АРАЙДЫҢ»

Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында өндірістік-әлеуметтік нысандарға да барды. Алдымен «Жан-Арай» ЖШС-ның күріш өңдеу ісіне мамандандырылған агроиндустриялық кешеннің жұмысымен танысып, өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен жүздесті.
Жалпы күріші кірісіне қарқын берген бұл өңір бұрыннан аграрлық салаға машықтанған. Жыл сайын Сыр еңбеккерлерінің ақмаржаннан тау тұрғызып, қырманды дәнге тасытқанын Елбасы да айтып, бірнеше рет өзінің құттықтауын жолдаған еді. Соңғы 6 жылда облыстың ауыл шаруашылығы өндірісі кешеніндегі экспортталатын өнім түрі 3-тен 15-ке дейін артқан. Өткен жылдың қорытындысымен экспорттың 97 пайызы қайта өңделген өнім үлесіне тиесілі. Ал аймақтың агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін әзірленген «Агрокартада» экспорттың өсуі мен қауіпсіздігіне қатысты бағыт нақтыланған.
«Жан-Арай» ЖШС күріш өңдеу және құрама жем зауыттары тәулігіне 150 тонна күріш, 170 тонна ұн өңдейді. Мұнан бөлек 80 тонна құрама жем өндіреді. Кәсіпорын қазіргі таңда 300 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқан жарқын жоба – серіктестіктің құ­ра­ма жем зауыты. Инновациялық технология­лар­ды пайдаланатын зауыт күрішті ақтап қана қоймай, қалдығынан мал азығын әзірлейді. Мұнда күріш ақтау жұмысы жыл он екі ай тоқтамайды. Серіктестік басшысы Бағдәулет Мақашевтың айтуынша, күрішті ақтап, қаптап қойғаннан өнім салмағын жоғалтып, сапасы төмендейтін көрінеді. Сондықтан қара күрішті тапсырысқа орай жыл он екі ай бойы ақтау бір жолға қойылған. Кәсіпорын тапсырыс болған жағдайда тәулігіне 2 вагон күріш ақтауға қауқарлы. Кешен қоймаларындағы қара күріштің қоры күзге дейін жетеді. Қоймалар күннің ыстығында дақылдың ылғалдылығын сақтап қалуға ыңғайланып жабдықталған.
Германиядан келген зауыт толық автомат­тандырылған. Онда 5 түрлі сорт ақталады. Жыл сайын 6 шаруашылық екі тарапқа да тиімді шарттармен 7 мың гектардай жерге күріш егеді. Мұнан бөлек серіктестіктің құны 60 млн теңге тұратын ет бағытындағы қаз, үйрек өсіру жобасы нәтижесін берді. 10 гектар жерге егілген алма бақ алдағы жылы жеміс бере бастайды. Кешенде кәсіпкерлерді өндірістен қол үзбей оқыту да жолға қойылған. Енді макарон цехы мен тез дайындалатын күріш лапшасын шығару алдағы уақыттың еншісінде.
Серіктестік жұмысымен танысқан Мемлекет­ бас­шысы шаруашылық төрағаларымен әңгі­ме­ле­сіп, бұл саланы өркендетудің басты бағыт­та­рын атап көрсетті.
– Ауыл шаруашылығы – әлеуеті өте зор, стра­тегиялық маңызды сала. Бұл саладағы мәселелерді жақсы білеміз. Мемлекет оларды шешудің барлық мүмкіндіктерін қарастырады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесуде «Агрохолдинг Қызылорда» ЖШС басқарушы директоры Манарбек Еспанов соңғы жылдары енгізілген технологияның, техниканың жаңа түрлері шаруашылықтардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік бергенін жеткізді. Сондай-ақ ол кездесуге келген әріптестерін елдің азаматтарына жұмыс беріп, ауылдың әлеуетін арттыруға бар күшін салып жатқанын атап өтті.

СӘУЛЕТІ КЕЛІСТІ СОЛ ЖАҒАЛАУ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары Сырдарияның сол жағалауындағы алып құрылыс алаңында жалғасты. Мұнда ҚР Президенті жалпы аумағы 1532 гектарды құрайтын сол жағалаудың даму барысымен танысты. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев шаһардың ҚР Үкіметі бекіткен бас жоспарын көрсетіп, қазір сол жағалауда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 460 пәтерлік 8 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын екенін жеткізді.
– Бүгінде Қызылорда қаласында 280 мыңға жуық адам тұрады. 2025 жылға қарай тұрғындар саны 350 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр. Сондықтан тұрғын үй құрылысын дамыту үшін қосымша аумақтар қажеттілігі туындады. Қазір мұнда әлеуметтік және коммерциялық сипаттағы 1190 пәтерлік қосымша 28 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жалпы, сол жағалаудағы 3 тұрғын үй ауданында биыл 2340 пәтерлік 50 тұрғын үй салынады. Оның ішінде 431 пәтер аз қамтылған көпбалалы отбасыларға беріледі, – деді Қ.Көшербаев.
Облыс әкімі аймақта мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің әлеуеті артқанын, тың тәжірибе табысты жүзеге асып жатқанын да ерекше атап өтті. Тиімді әріптестік аясында сол жағалауда да құрылыс қарқындағанына тоқталды. Қазірдің өзінде «Болашақ» университеті корпусының құрылысы жүріп жатқанын, 2019-2020 жылдары емханасы бар көпсалалы аурухана, отбасылық медицина орталығы, жатақханасы бар физика-математикалық мектеп, жеке мектеп және тағы басқа әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтеретінін баяндады. Мемлекет басшысы осы ретте Қызылорда облысының құрылыс саласындағы көрсеткіші жоғары екенін атап өтіп, шаһардың өркендеп келе жатқанын жасырмады.
– Қала құрылысына осы саладағы үздік тәжі­ри­белерді қолдану керек. Жаңа теxнология мен құрылыс материалдарын пайдаланып, «Ақыл­ды қала» (Smart City) жүйесінің компо­нент­терін бел­сенді түрде енгізу қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Расында, бүгінде жаңа қала келбетін келіс­тірудегі бастамалар жайлы ауыз толтырып айтуға болатын дүниелер көп. Мұнда да жұмыс қызу жүріп жатыр. Тиісті инфрақұрылым да тартылған. Жуырда 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды. Енді дарияның арғы бетінен салынған үйлерге қоныс аударатын тұрғындарды «Баламызды қай балабақшаға орналастырамыз?» деген сұрақ алаңдатпайды.
Сол жағалау аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының орналасуымен де ерекше. Тарих қойнауынан сыр тартып тұрған ғимарат 1925 жылы бұған дейін «қырғыз-қайсақ» атанып келген ұлтымызға «Қазақ» атауын қайтарып беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызба-нұсқасы негізінде салынған. Мәдени орталық Елбасы мақаласында басымдық берілген бағыттарды жүзеге асыру мақсатында «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпараттар толқынында» секілді түрлі жобаны қолға алған. Ғимаратта қала тарихына арналған мұражай да бар. Қасым-Жомарт Тоқаев осы мұражай экспозициясымен танысты. Айта кетейік, өткеннен өнеге беретін мұражай 3 залдан тұрады. Мұнда Қызылорда қаласының қалыптасу тарихына қатысты 800-ге жуық жәдігер бар.

ҚАРҚЫНДЫ ҚОЛДАУ
БАРДА ЖАСТАР
ЖАСЫМАЙДЫ

Мұндағы құрылыс қарқынына жоғары баға берген Қасым-Жомарт Тоқаев сол жағалауда бой көтерген Жастар орталығында жастармен жүздесті. Кездесуде Санкт-Петербург мемлекеттік өнеркәсіптік технологиялар және дизайн университетінің түлегі Жазира Смаилова мемлекеттің жастарға қамқорлығы мен қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Жазира Мәскеу мен Санкт-Петербургтың жетекші техникалық жоғары оқу орындарында Ресей Федерациясы Үкіметінің қаражаты есебінен білім алған 500-ге жуық қызылордалық жастың қатарынан. Бүгінде ол – Жаңақорғандағы «СКЗ-U» күкірт қышқылы зауытының инженер-технологы. Жас маман аймақ басшысының қолдауымен сырбойылық мектеп түлектері 2014 жылдан бері Ресейдің алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарында білім ала бастағанын жеткізді. Осындай қолдауға ие болған жастардың қатарында өзі де бар.
Былтыр 32 түлек оқуын тәмамдап, жергілікті кәсіпорындарда еңбек етуге кіріссе, биыл тағы 132 білім алушы оқуын бастайды деп жоспарлануда. Осы орайда облыс әкімі 900-ге жуық талапты ауыл баласына арнайы білім гранттары бөлінгенін айтты. Бүгінде олар еліміздің озық жоғары оқу орындарында өңірге қажетті мамандықтарды меңгеруде. Сонымен қатар, 4,5 мыңнан астам жерлесіміз «Серпін» бағдарламасы аясында орталық, шығыс, солтүстік аймақтардың оқу орындарында тәжірибе шыңдауда.
Кездесуде аралдық Қасым-Жомарт Сайлаубаев­ өз есімінің ел ағасының құрметіне қойыл­ғанын және мұны мақтан тұтатынын жет­кізді. Он тоғыз жастағы Қасым-Жомарт қазіргі күні Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық универ­ситетінің бизнес мектебі факультетінде білім алып жүр. Талапкер оқуын аяқтаған соң елге пайда әкелер мықты маман болып қалыптасуды көздейді. Президент тәулік бойы жұмыс істейтін Жастар орталығының тыныс-тіршілігімен де танысты. Жаңа ғимарат құрылысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде «ҚазГерМұнай» біріккен кәсіпорны» ЖШС-ның демеушілігі арқылы жүргізілді. Мұнда интернет-кітапхана, антикафе, IT-парк, жаттығу және конференц залдары орналасқан.
Мұнан кейін Мемлекет басшысы сырбойы­лықтармен кездесті. Кездесуге аймақтың зиялы қауым өкілдері, жергілікті атқарушы орган басшылары, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері қатысты.
– Қызылорда – қазақ атауын өзіне қайтарған тарихи қала. Сыр өңірі – ел қорғаған Жанқожа мен Текей батырлардың жері. Сыр елі – жыр елі, Нар­тай мен Нұртуған секілді сыр сүлейлерінің елі, дәстүрлі өнеріміздің діңгегі. Бұл – қазақтың елордасы болған қала. Ұлттық мәдениеттің бастауы – алғашқы театр да осы қалада салынды. Сыр бойы – елдің әл-ауқатын еселеп, халқымыздың бақ-берекесін арттырған өңір. Қызылорда – халықтың тағдырлы шешімдері қабылданған қала,– деп қасиетті өлкенің ерекше тарихына тоқталып өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соңғы жылдары атап айтар жетістіктер Сыр бойында аз емес. Ел дамуындағы қай салада болмасын жоғары көрсеткіш, өзгелерге үлгі етерлік тәжірибе бар. Мемлекет басшысы атап айтқан жетістік – өңірде индустрияландыру аясында құны 150 млрд теңге болатын 24 жобаның жүзеге асқаны, әлеуеті зор ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі, қызмет көрсету саласының дамуында айтарлықтай ілгерілеудің бар екендігі. Сонымен қатар бизнеске қолайлы аймаққа айналған өңірдің бұл бағыттағы жұмысы өзгелерге үлгі болып қала береді. Президент өңірде біраз жетіс¬тіктердің барын жасырмады. Сондай-ақ Қызылордадағы қарқынды дамуды Қырымбек Елеуұлының тәжірибесімен байланыстыратынын жеткізді.
Кездесу барысында Ел Президенті алдағы әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жоспарлармен бөлісті. Қай кезде де биліктің халық алдындағы жауапкершілігі арта беретінін, басты мақсат – халықтың әл-ауқатын арттырып, өмір сапасын жақсарту екенін жеткізді. Осы орайда өңірде алдағы уақытта шешімін табуы тиіс мәселелер нақтыланды.
– Аймақтағы азаматтардың жалақысын өсіру – Үкімет пен облыс әкімінің басты міндеті. Лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарын ашу ісіне баса мән беру керек, – деген Мемлекет басшысы бұл бағытта ірі кәсіпорындардың қуатын тиімді пайдалануды назарға ұсынды.
Мемлекет басшысы Елбасы жүргізген әлеуметтік саясаттың жалғасын табатындығын, Тұңғыш Президент бастамасымен іске қосылған барлық әлеуметтік бағдарламалар толық жүзеге асатындығы және ауқымы кеңейетіндігінен хабардар етті. Ел Президенті атап айтқандай, әлеуметтік саясатты одан әрі тиімді жүзеге асыруға қосымша 2 трлн теңге бөлінетін болды. Елімізде көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салынады. Биылғы жылдың бірінші сәуірінен әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік жәрдемақы төлене бастады. Бірінші маусымнан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы өседі. Осы мазмұндағы жақсы жаңалықты жұртшылықпен бөліскен Президент еңбек адамның екінші анасы екендігін айтып, халықты еңбек етуге шақырды. Ал, әлеуметтік көмек өз бетінше еңбек ете алмайтын адамдарға арналғанын көпшіліктің есіне салды.
Әлеуметтік сала бойынша аймақтың жетістігі аз емес. Мұны Мемлекет басшысы да атап айтты.
– Әлеуметтік салада облыстың біраз жетістігі бар. Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды қолдау мақсатында облыстың әлеуметтік жол картасы іске қосылған. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында білім, денсаулық, мәдениет, жол құрылысы салаларында құны 1,7 млрд теңге болатын 60 жоба жоспарланған. Бұл шаралардың барлығы халық үшін, – деді Президент.­
Ел экономикасын күшейтуде дамудың жаңа драйверлерін қалыптастыру қажет. Қуатты эко­номикаға қол жеткізудің маңыздылығын айт­қан мемлекет басшысы индустрияландыру­ сая­са­ты­ның жемісті болғандығына тоқталып, ендігі кезекте шыны зауытының құрылысын аяқ­тауға тапсырма берді.
– Индустрияландыру саясаты өз жемісін берді. Бұл бағыт одан әрі жалғасады. 2013 жылдан бері Қызылорда облысында өңдеуші өнеркәсіп саласы екі есе өсті. Ірі цемент зауыты іске қосылды. «Шалқия» кен орнында қуатты комбинаттың құрылысы басталды. Бұдан бөлек облыстағы шыны зауытының құрылысын аяқтау қажет. «Бәйтерек» холдингі мен облыс әкімдігіне зауытты іске қосып, Қазақстанның алғашқы шынысын шығаруды тапсырамын, – деді Президент.
Облыс экономикасы құрылымында мұнай-газ саласының үлесі басым екені белгілі. Аймақтағы жалпы өндіріс көлемінің 70 пайызға жуығы осы салаға тиесілі. Бірақ бүгінде мұнай кеніштерінің сарқылуы байқалып, шикізат өндіру көлемі жыл сайын төмендеп келеді. Демек, болашақта өндірісте жұмыс істейтін азаматтар үшін мәселе туындауы мүмкін. Мемлекет басшысы осы проб­леманы болдырмау үшін ресурстық базаны ұлғайту шараларын қолға алып, жаңа кен орындарын игеруді және кеніштерге тың технологияларды енгізуді тапсырды.
Президент өңір үшін жалпы өсімнің жаңа моделі қажеттігін айтып, Үкіметке аймақтың дамуына тың серпін беретін, жұмыс орындарын құратын жаңа экономикалық бағдарлама жасауды тапсырды. Халықтың 42 проценті ауылдарда тұратынын ескерсек, ата қонысты өркендету назардан тыс қалмайды. Ауыл инфрақұрылымын жаңартатын кез де келді. Жолдар, су құбырлары, электр желілері, мәдени-спорт кешендері жаңаруы тиіс. Бұл да Президенттің тілге тиек еткен мәселесінің бірі.
– Облыста ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатыр. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өндірісіне 5,5 млрд теңге инвестиция құйылды. Күріштің он түрлі сорты өсіріліп, соңғы алты жылда өндіріс көлемі екі есе ұлғайды. Өңірде суармалы су тапшылығы бар. Сондықтан жаңа су қоймаларын салу керек. Бұл диқандарға аса қажет, – деген Мемлекет басшысы мәселені шешуде Үкімет пен әкімдікке тапсырма берді.
Ауылдан қалаға ағылған жастар мәселесі де назардан тыс қалмақ емес. Жастар жылында білімді де талапты жастарға қолдау аз болмайды. Соның бірі – президенттік кадрлық резервтің құрылатындығы. Оның құрамына байқау арқылы ең үздік 300 жас маман іріктеледі. Сондай-ақ «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында өз ісін бастаған жастарға қолдау көрсетілмек. Жұмыс өтілі де, тәжірибесі де жоқ жастарды қызметке ынталандыру, еріктілер форумын ұйымдастыру «Жастар жылында» жоспарланған маңызды шаралардың бірі. Ең маңыздысы, бұл жылда жастарға мүмкіндік пен қамқорлықтың аз болмайтындығы.
Өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда өзгелерге үлгі етерліктей нәтиже бар. Ел экономикасын алға жетелейтін негізгі күштің бірі саналатын кәсіпкерлікті қолдау алдағы уақытта да жалғаса бермек.
– Қызылорда облысы соңғы жылдары жергілікті бизнесті дамытуда мүмкіндігі мол екендігін дәлелдеді. Облыста үш жылдық шағын және орта бизнесті дамыту кезеңі жарияланды. Бір жылда жеке кәсіпкерлердің өнімі 15 процентке өсті. Бұл – жақсы көрсеткіш. Сол себепті былтыр Сыр өңірі бизнес жүргізу бойынша елдің үздігі атанды. Бұл тәжірибені республиканың басқа да аймақтарына қолдану керек. Кәсіпкерлер – экономиканың негізгі тіректерінің бірі, – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде аймақта жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.
– Бұл бағытта тұрақты даму бар. Тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз етілген. Аудандарға көгілдір отын жеткізілуде. Соңғы жылдары облыс­та 700 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 15 жаңа шағын аудан бой көтерді. Апатты үйлер мен мектептер және үш ауысымда оқу мәселесі шешімін тапқан. 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамтамасыз етілген,– деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сонымен қатар Президент атап өткендей, облыс тұрғындарын Қызылода су торабы мен жылу-электр орталығының авариялық жағдайы алаңдатады. Үкімет әкімдікпен бірлесіп су торабын жөндеу, жылу-электр орталығын жаңғырту және өңірді одан әрі жылумен қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешуі қажеттігін жеткізді.
Кіші Аралды сақтау, экология мәселесі – Мемлекет басшысының назарында.
– Елбасының бастамасы бойынша «Сырда­рия арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы іске асырылуда. Осы жобаның және «Көкарал» бөгетінің арқасында кіші Аралдағы су қалпына келді. Бұл балық шаруашылығын жандандыруға септігін тигізді. Мұнда балық өнімдерін дайындайтын 8 зауыт жұмыс істеуде. Балық экспорты он есеге өсті. Экологиялық мәселелер мұнымен шектелмейді. «Көкарал» бөгетінің төменгі жағын Сырдария ағыны бұзып жатыр. Дереу мұны қолға алмасақ, кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін, – деген Президент Үкімет пен әкімдікке жедел шара қабылдауды тапсырды.
Тағы бір маңызды мәселе мұнай-газ және уран саласына қатысты. Бұл ретте өңірдегі кәсіпорындарға жаңа технологиялар орнатып, экологиялық қауіпсіздікті халықаралық стандарттарға сай ету, сонымен қатар тұрмыстық қалдықтарды жаңа әдіспен өңдеуді қолға алу, аймақтың ластануына жол бермеу, таза экологияға қол жеткізу де өте маңызды.
Байқоңырды ғарыш саласының негізі ретінде атап айтқан Мемлекет басшысы бұл кешен аймаққа жоғары технологияларды дамытуға мүмкіндік екенін жеткізді. Бүгінде Байқоңыр қаласының инфрақұрылымын жаңғырту жалғасын тауып, 30 жыл ішінде алғаш рет көпқабатты үй мен медициналық орталық салынды, бес бірдей білім ордасы қазақстандық білім стандартына көшті. Ендігі мақсат – ғарыш технологияларын ел мүддесі үшін қолдану.
Елімізде жүзеге асқан жобалар мен алдағы жоспарларды Сыр өңіріндегі жетістіктермен байланыстыра баян еткен Президент кездесуге жиналғандарды емен-жарқын пікір алмасуға шақырды.
Кездесуде сырбойылықтар тарапынан да ұсыныс-пікірлер айтылды. Шиелі ауданы «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбеков Жақаев ізбасарларының биылғы жылы да мол өнім алу үшін жұмыла еңбекке кіріскенін және ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетуге қатысты өз ұсынысын айтты. Сондай-ақ кездесуде «Аралтұз» АҚ президенті Айдынбек Тауасаров, «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Әлима Әбдіхалықова саланы дамыту бойынша өз ұсынысын жеткізсе, мәнерлеп сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Элизабет Тұрсынбаева елімізде спорт саласына жасалып жатқан қамқорлыққа көңіл толатындығын білдірді.
Кездесуде ел Президенті аймақ дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады. Атап айтқанда, «Сыр маржаны» ЖШС директоры М.Өтеев, облыстық көпбейінді аурухананың хирург дәрігері, сала ардагері А.Шүленбаев, «Бақ-Береке 2030» ЖШС директоры Қайрат Ерназаров, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева, «Нартай өнер мектебінің» директоры Мұхаммедәлі Бекпейісовке Президент алғысы табысталды.
Сондай-ақ ҚР Президенті «Қорқыт ата» мемо­риалдық кешеніне барып, музейдің жаңартылған экспонаттарымен танысты. Түркі әлеміне ортақ рухани ұстаз Қорқыт атаның құрметіне мемо­риалдық кешен Қармақшы ауданында 1980 жылдары салынған. 2014 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен кешенге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қосымша жаңадан зиярат ету нысаны салынған болатын. Өткен жылдың қараша айында Маврикий республикасының Порт-Луи қаласында ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт ата мұрасын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу туралы шешім қабылданды.
Мемлекет басшысының Сыр өңіріне жұмыс сапары Байқоңыр қаласында қорытындыланды. Онда «Байқоңыр» кешенін дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.

«ЖЖ» ақпарат.

18 мамыр 2019 ж. 537 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 769

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930