» » Малшылар слеті өтеді

Малшылар слеті өтеді

Бес жыл қатарынан Қаратаудың баурайында дәстүрлі Малшылар слеті өткізіліп келеді. Биыл да бұл шара өз жалғасын табады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Сейілбек Нұрымбетов баяндады.
«Малшылар слетінің негізгі мақсатының бірі төрт түлік төңірегіндегі ата кәсіппен шұғылданатын қауымға бұл шаруаның жаңа замандағы мәні мен мағынасы туралы ой салу, осы кәсіпті кеңейтіп, оны одан әрі дамытудың жолдары туралы пікір алмасу.
Жыл бойына жаздың ыстығына, қыстың суығына қарамастан төрт түлік малды өсірумен айналысып жүрген шаруалардың еңбектері орасан зор. Осындай еңбек азаматтарының жыл бойына атқарған еңбегін бағалап, жақсы жетістікке жеткен тұлғаларды марапаттау да осы слеттің еншісіне тиіп отыр»,- деді Сейілбек Серғазыұлы.
Облыстық малшылар слетіне ҚР Ауыл шаруашылығы министірлігінің, Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының, «ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы холдингінің өкілдері, республикамыздың белгілі ғалымдары, төрт түлік малдың республикалық палаталары, жабдықтаушы кәсіпорындар қатысып келеді.
Қызылорда облысында өткізіліп жүрген малшылар слетінің жылдан жылға маңыздылығы артып, қатысушылардың қатары көбеюде.
Былтырғы жылы малшылар слетіне Қазақстанның 16 аймағынан Қызылорда облысын қосқанда 7 аймақ өкілдері, нақты айтканда Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан облыстарының делегациялары қатысып пікір алмасты.
Биыл аймақтағы дәстүрге айналған облыстық малшылар слетін кең ауқымда республиканың барлық облыстарының делегаттарын шақырып «Мал шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері туралы» ғылыми конференция және мал шаруашылығы саласы бойынша көрме ұйымдастыру жоспарланып отыр.



https://syrboyi.kz
24 мамыр 2019 ж. 626 0