» » "МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫЛАР" МЕМЛЕКЕТТІҢ МЕРЕЙІ

"МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫЛАР" МЕМЛЕКЕТТІҢ МЕРЕЙІ

Отбасы – мемлекеттің шағын бір бөлшегі. Мемлекеттің тұтастығы сол елдегі әрбір отбасының ішкі ұстанымына, ұлттық тәрбиесіне, береке-бірлігіне тікелей байланысты. Халқымызда "Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" деген қанатты сөз бар. Бұл да отбасылық тәрбиеге қарата айтылған нақыл. Қазақ халқында қадым заманнан "Ана ақылы", "Әке тағылымы" деген түсінік қалыптасқан және ол ұрпақ сабақтастығында күні бүгінге дейін үзілмей келе жатыр.
Міне, осы отбасына байланысты қалыптасқан ұғымның шеңберін кеңейтіп, отбасы институтының маңызын арттыру мақсатында 2014 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен "Мерейлі отбасы" байқауы ұйымдастырылып келеді. Өңірлерде байқауға қатысуға ниет білдіруші отбасылардың жыл өткен сайын саны артып отыр. Бір қуанарлығы, республикалық "Мерейлі отбасы" байқауында жыл сайын жалағаштық отбасылар жүлделі орындар иеленіп, аудан абыройын асырып жүр. Мәселен, осы жылы облыстың ең үлгілі отбасы атағын иемденуге 372 отбасы ниет білдірді. Қатысушылардың әрбірі «жеңімпаз» атағына сай болғанымен, әділ қазылар алқасының шешімімен 10 отбасы ғана жүлделі орындарға ие болды.
Жүлделі орындар қатарында жалағаштық Сәменовтер жанұясы "Парасатты отбасы" номинациясын иеленді. Иә, бұл шаңырақтың қос діңгегі Төлеп әкеміз бен Несібелі анамыз бұл күнде тек бір отбасының ғана емес, бүтін бір елдің ақылшысына айналып отыр. Балалық шақтары екінші дүниежүзілік соғысқа тұспа-тұс келген қос қария соғыс қасіретімен бірге жоқшылықтың зардабын да қатар тартып, есейді.
Сәменов Төлеп Шүйіншәліұлы 1939 жылы 1 қаңтарда Жалағаш ауданы Калинин совхозында дүниеге келген. Аласапыран заманға қарамастан арманмен ержеткен Төлеп ағамыз К.Маркс ауылындағы Ленин мектебінің 8 класын бітірген соң, 1962 жылы Түркістан қаласындағы индустриалды-педагогикалық техникумына оқуға түседі. Аш құрсақ студенттік өмірдің қызығын да, қиындығын да бастан кешіре жүріп, 1966 жылы ауыл шаруашылығын механизацияландыру мамандығы бойынша бітіріп шығады.
1957 жылдан бастап туған елін түлетуге маңдай терін төккен Төлеп ағамыз зейнет жасына дейін ауыл шаруашылығының түрлі саласында бел шешпей еңбек етті. Москвадағы ВДНХ көрмесіне қатысып, өзі сияқты еңбек озаттарымен бірге Кубаға барып күріш шаруашылығына байланысты тәжірибе алмасты.
Маңдай терімен адал еңбектің нанын жеп, бес ұл, бір қыз өсіріп, бүгінде мәуелі бәйтерекке айналып отырған қос қария өздері тәлім-тәрбие беріп өсірген 5 ұл, 1 қыздан 19 немере, 7 шөбере сүйіп отыр.
Салтанатты шараға облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысып, жеңімпаздарды құттықтады. Барлық жүлдегер мен жеңімпазға естелік Алғыс хат пен бағалы сыйлық табысталды.

Қуат АДИС.

28 мамыр 2019 ж. 580 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930