Қарт қаратау қойнауында бас қосты
Қойнауы құтты қарт Қаратаудың етегі биыл тағы бір дүрбірлеп басылды. Тау етегін ала ағып жатқан өзеннің екі жағасындағы көкорай шалғынға қаз-қатар тігілген ақшаңқан үйлер мен нөпір халықтың өзі береке-бірліктің белгісіндей. Бұл – бірнеше жылдан бері Сыр елінде өткізіліп келе жатқан дәстүрлі V Облыстық малшылар слеті.
Дәстүрге айналған облыстық малшылар слетіне Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, "ҚазАгро" Ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев, қаржы институттары басшылары, мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарының жетекші ғалымдары, сондай-ақ Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды және Павлодар облыстарының аграрлары қатысты.
Алғашқы күні қонақтар «Бақытжан» шаруа қожалығында болып, онда өсіріліп жатқан «Әулие ата», «Ақбас» және «Ангус» тұқымды мүйізді ірі қара малының жай-күйіне қанығып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Одан соң Жаңақорған кентіндегі аудандық мәдениет үйінде өткен «Мал шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері және мал шаруашылығын цифрландырудың маңыздылығы» тақырыбындағы практикалық семинар-кеңеске қатысты. Халқымыздың ықылым замандардан бергі ата кәсібі де, күнкөрісі де осы мал шаруашылығы. Сондықтан бүгінде еліміздің әр аймағындағы кәсіпкерлердің мақсаты да – осы ата кәсіпті жандандырып, мал шаруашылығын өркендету, ет-сүт бағытындағы ірі қара малдарды асылдандыру, басын кемітпей, көбейту. Әрине, жапан далада отырып мал бағу оңай шаруа емес, өсірген малыңды көбейтіп, өнімін шет елдерге экспорттау одан да қиын. Міне, аталған семинарда осы мәселелер төңірегінде сөз болып және оның шешілу жолдары айтылды.
Одан кейін қонақтар легі шаһардан шығып, «Үсен бауы» таулы алқабына жол тартты. Тау етегінің жайқалған құрағы мен сылдыраған бұлағының өзі Сыр өңірі мал өсіруге өте қолайлы аймақ екенін дәлелдеп тұр. Осы жерде қонақтар ауыл шаруашылығы саласының ұйымдастырған көрмесімен танысты. Қаратау етегінде жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ауыл шаруашылығы өнімдер, ветеринарлық техника және жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылды.
V Обыстық малшылар слеті облыс әкімі Қ.Көшербаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Слеттің салтанатты ашылуында аймақ басшысы соңғы жылдары мемлекеттік қолдаулардың арқасында мал шаруашылығында тұрақты даму тенденциясы қалыптасып, агроөнеркәсіптік кешеніне бағытталған инвестициялар еселеп өсіп жатқанын атап өтті.
«Мал шаруашылығына тұрақты қолдаулардың арқасында облыста мал басы өткен ғасырдағы ең көп болған 1993 жылдан асты. Соңғы 5 жылда ет өндірісі 2,8 есеге, ал, сүт өндірісі 1,7 есеге артты. Елбасы «Аграрлық сектор – экономиканың жаңа драйверіне айналуы» қажеттігін ерекше атап көрсетіп, аграрлықтардың алдына еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнімдердің экспортын 2,5 есеге арттыру туралы мақсат қойғанын жақсы білесіздер. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында біз облыстың ауылшаруашылығы өнімдерін өткізу рыноктарына кешендік маркетингтік зерттеулер жүргізіп, нәтижесінде, облыстың агроөнеркәсіп кешенін 2022 жылға дейін дамуының «Агрокартасы» әзірленіп, іске асырылуда. «Агрокарта» аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемін 2021 жылға қарай 5 есеге дейін ұлғайту жолдарын айқындадық. Осылайша, облыста ет экспортын қамтамасыз етудің негізі қаланды деп айтуға болады. Өңірде жылына 25 мың бас мүйізді ірі қара малын бордақылайтын ірі және орта мал бордақылау алаңдары жұмыс жасайды. Облыстың аусыл ауруынан буферлік аймақтан шығуының арқасында Иранға, Біріккен Араб Әмірлігіне, Монғолияға, Ресейге, Өзбекстанға тірілей қозы, ірі қара малдарын етке экспорттау басталды. Ет өнімдерінің экпортын ұлғайту үшін биыл жылына 5 мың тонна ет өнімдерін өндіретін халықаралық стандартарға сәйкес келетін ет комбинаты іске қосылатын болады. Келешекте ет-сүйек ұнын өндіретін, балық жемін шығаратын және жүн, тері өңдейтін өндірістерді дамыту жоспарлануда», – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ Сапархан Омаров өз сөзінде «Барлық салалық ұйым өкілдерінің қатысуымен өткен осындай ауқымды шараға қатысқаныма қуаныштымын. Мемлекеттік "Сыбаға" бағдарламасын кезінде алғашқылардың бірі боп Қызылорда облысының қолдап, жүзеге асырғанын және жақсы нәтиже көрсеткенін ерекше атап өткім келеді", – деді.
Дәстүр бойынша слет аясында аграрлық саланың үздік қызметкерлері түрлі номинация бойынша марапатталды. Айта кету керек, соңғы 5 жылда облыста аграрлық салаға тартылған инвестиция көлемі 27 есеге өсті. Ал экспортталатын өнім түрлері соңғы 6 жылда 3-тен 16-ға дейін артып отыр.
Жалағаш ауданында да төрт түліктің басын көбейтіп, кәсібін дөңгелетіп отырған іргелі шаруашылықтар бар. Осы малшылар слеті барысында ауданымыздағы бірқатар шаруашылқтар мараптталды. Атап айтсақ, «Үздік бақташы» номинациясымен «Доспанов КС» ЖК, «Үздік шопан» номинациясымен «Туған жер» ШҚ, «Үздік жылқышы» номинациясымен «Сыр сыйы» ШҚ сонымен бірге «Қожық Ата» шаруа қожалығы ҚР Ауыл шаруашылығы Министрлігінің «Құрмет Грамотасымен» және аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Әбсаттар Бақтыбаев ҚР Ауыл шаруашылығы Министрлігі Кәсіподағы Бірлестігінің ІІІ Дәрежелі «Еңбек даңқы» медалімен марапат төрінен көрінді.
Малшылар слеті концерттік бағдарлама мен ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстармен жалғасты.
«ЖЖ» ақпарат.