» » ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДАН АРЫЛАТЫН БОЛДЫҚ

ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДАН АРЫЛАТЫН БОЛДЫҚ

Қоршаған ортаның тазалығы жөнінде көп айтамыз, жазамыз, ұран көтереміз, бірақ, айналамызды таза ұстауға келгенде сол ұранымыз жүзеге аспай, сөз күйінде қала береді. Әйтеуір, сөзіміз бен ісіміз үйлесім таба алмай келеді. Басқа басқа, дәл осы тазалық мәселесіне жауапты адамдарды жоғарыдан іздемегеніміз жөн, енді.

Иә, рас, жылда көктем айларында көркейту-көгалдандыру, санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіледі. Обалына не керек, осы маусымдық мезгілде көше бойындағы аяқсу арықтары аршылып, көшелер мен қоғамдық орындардың айналасы күл-қоқыстан арылып, бір тазарып қалады. Бірақ, осы науқандық шара аяқталған бойда кент келбеті бәз баяғы қалпына қайта түседі. Бұған кім кінәлі? Әрине, тұрғындардың өзі кінәлі. Оған дәлел іздеп, айғақ келтіріп әуре болудың қажеті жоқ. Әлгі көктемгі санитарлық-тазалық жұмыстары кезінде ұйымдастырылатын сенбіліктерде мекеме қызметкерлері мен мектеп мұғалімдері көше бойын жағалап жүріп тазалыққа жауапсыз тұрғындардың үйінің айналасын тазартып шығады. Сорақысы сол, сенбілікке тартылған мекеме қызметкерлері үйлердің айналасын тазалап, күл-қоқыспен көміліп қалған арығын аршып жатқанда, кейбір үй иелері миығынан күліп, терезесінен қарап тұратынын қайтерсің?! Айнала­сының тазалығына жауапсыз тұрғын­дар­дың қыс бойы көшеге төгіп-шашқан күл-қоқысын неге өзгелер тазалауы тиіс? Міне, сол үшін ауласын, үйінің ай­наласын ластаған тұрғындарға айып­пұл салу шараларын қатайтып, сен­білікті тек көктемде ғана емес, жыл бойы ұйымдастыру керек және оған тек мұғалімдер мен дәрігерлер және басқа да мекеме қызметкерлерін ғана жұмылдырмай, жалпыхалықтық сипат алуы тиіс.
«Ауылына қарап, азаматын таны» демейтін бе еді?! Аудан тұрғыны кәсіп­кер Ғалымбек Әбжанов кент ішінің тазалығына септігін тигізетін қайырлы кәсіпті қолға алды. Бала күнімізде сарайда қалған жарамсыз киім-кешек, жүн-жұрқа, үй айналасында, көшеде, тіпті ауыл шетінде шашылып жатқан сүйек-саяқты қолымыздағы кенеп қаптарға толтырып алып, қалдықтар қабылдайтын арнайы орындарға апарып өткізуші едік. Салмағына қарай тәп-тәуір пұл болатын. Тәттіге құмар балаларға бір-екі сом қағаз ақшаны жай күндері кім ұстатады?! Одан бөлек, сарайың мен аулаң тіпті ауыл іші қоқыстан арылады. Сөйтіп, тәттіге мелдектеп тойып, бір жырғап қаласың, қоғамға да пайдаңды тигізесің...
Енді кент көшелерінде де тұрмыстық қалдықтар шашылып жатпайтын болды. Рас, күн сайын ғылыми-техникалық төңкеріс болып жаһан жоғары үдеріспен дамып келеді. Алайда, біздің мәдениетіміз осы өркениетті қоғамға сай емес. Қарапайым-ақ мысал: көшеде келе жатып қолымыздағы сусынның босаған ыдысын немесе жыртылып, жарамсыз болып қалған полиэтилен қалталарды кез келген жерге лақтыра саламыз. Арнайы қоқыс жәшігіне апарып салуға дағдыланбағанбыз. Ол пластмасса ыдыстар мен қалталар тек кент ішін ластап қана қоймайды, өзіміз өмір сүріп отырған ортамыздың экологиялық тепе-теңдігін бұзып, адамзат денсаулығына аса ауыр зардап әкеледі. Қалай дейсіз ғой, ғалымдардың зерттеуінше, мұнай қалдықтарынан жасалған тұрмыстық заттар, солардың ішінде әлгі дүкен сөрелерінде самсап тұрған сусындардың ыдыстары мен бір рет қана қолдануға арналған үлбір қалталар желмен ұшып, топырақ астына түскенімен, мыңдаған жылдар бойы шіріндіге айналмай, өз қалпын сақтайды екен. Ең қорқыныштысы, ол қалдықтар жер астында жай жатпайды, жердің тыныс алуына кедергі келтіреді.
Яғни, жердің «желбезегін» бітеп тастайды. Ал, жер ауамен дұрыс тыныстай алмаса, ол маңға бір тал өсімдік те шықпайды, оның орнына адамзатқа зиянды газ бөлініп, жер бетіне тарайды. Дүние жүзін, тіпті өз елімізді айтпағанда, қырық мыңға жуық халқы бар аудан тұрғындарының күнделікті тұтынған тоннаға тартатын залалсыздандырылмаған тұрмыстық қалдықтары ауаны ластап, экологиялық мәселелерді туындатып отыр. Ал, оның аяғы дауасы жоқ дертке апарып соғады. Иә, Құдай оның бетін ары қылсын!..
Сонымен, Ғалымбектің үйінің ауласындағы электрмен жұмыс істейтін жаңа аппарат өзіміздің күнделікті тұтынып отырған тұрмыстық заттардың қалдықтарын жоғары қысыммен нығыздап, стандартқа сай біркелкі қалыпқа түсіреді. Ал, одан соң олар текшелеп жиналып, өз межесіне жеткен кезде жүк көліктерімен Жамбыл облысындағы тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауытқа жіберіледі...
– Менің бұл кәсіпті қолға алғандағы мақсатым ақша табу ғана емес, ауданымыздың тазалығына аз да болса үлесімді қосу еді. Қазір үйіңізден бір қадам ұзап шықсаңыз, көшеде шашылып жатқан пластмасса ыдыстар мен желмен ұшып тал-бұталардың басына ілініп жалбырап тұрған политэлен қалталарын көресіз және бұл көрініс көңіліңді құлазытады. Осы жердің тұрғыны болған соң, ауданның абыройы барлығымызға ортақ. Оның тазалығына баршамыз жауаптымыз. Күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдықтардың көбеюі өмірімізге өте қауіпті. Тек адам ғана емес, қазірде бұл жағдай жануарларға да зиянын тигізіп отыр. Мәселен, көп үйлердің қолға ұстап отырған бірді-екілі малдары әлгі политэлен қалталар мен картон қағаздарды жеп, өрісте арам өліп қалып жатыр. Оның құрамындағы химиялық қоспалардың қаншалықты зиянды екенін осыдан-ақ білуге болады. Міне, мен осындай жағдайлардың алдын алу үшін осы кәсіпке тәуекел еттім. Әзірге мемлекеттен қаражат алмай, өз қаржыммен жұмыс бас­тадым. Мен тұрмыстық қалдықтардың қатты түрін де, жұмсақ түрін де қабылдап жатырмын. Мәселен, жуырда Шымкент қаласына 3 көлік шыны шөлмек жөнелттім. Қолымнан келгенінше өз көлігіммен жүріп кент ішінен, айналасынан «шикізат» жинаймын. Одан бөлек, политэлен пакеттердің әр келісін 40 теңге, пластмасса ыдыстардың әр келісін 25 теңге, шыны шөлмектердің әр келісін 5 теңге, жұқа қаңылтыр ыдыстардың әр келісін 40 теңге, ал, картон қағаздардың әр келісін 10 теңгеден қабылдап жатырмын, – дейді кәсіп иесі.
Иә, Ғалымжанның кәсібінің берекесі болады, өйткені, ол тек пайда табуды көздеп отырған жоқ, аудан тазалығына да алаңдап отыр. Ал, өзінің ғана емес, халықтың, көпшіліктің қамы үшін жасаған жұмысқа Алла әманда береке үйіреді.

Қуат АДИС.


09 маусым 2019 ж. 630 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 770

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930