Тәрбиешілер сынға түсті

Бүгінгі біздің қоғамның басты талабы да – осы. Жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты толысқан, ұлтжанды ұрпақты қалыптастыру. Бұл ретте осы балабақша тәрбиешілерінің еңбегі зор. Оларға қояр талап та жоқ емес. Мектепке дейінгі білім беру орындарының тәрбиешілері кәсіби шеберлігі, біліктілігі жоғары болуы маңызды. Өйткені баланың қиялы ұшқыр болғандықтан, қоршаған ортаны, мына өмірді енді танып-білетін кезеңдегі тәрбиенің, бағыт-бағдардың алар орны ерекше.
Жуырда аудандағы «Жанайым» балабақшасында «Үздік тәрбиеші» – 2019» байқауы өтті. Байқау барысында қатысушы тәрбиешілер өздерін таныстырып, өз өнерлерін ортаға салып, әдістемелік сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ қолөнер туындыларымен таныстырып, тәрбиеленушілермен дидактикалық және қимылды ойындар көрсетті. Сайыс соңында қатысушыларға балабақшада орын алған ситуациялық жағдаяттарды шешу жүктелді. Тәрбиешілердің барлығы байқау барысында кәсіби біліктіліктерін, жан-жақтылықтарын көрсете білді. Тәрбиеші ақыл-ойы мен күш-қуатын балаларға арнап, аянбай еңбек ететін, бүлдіршіндердің дүниетанымын кеңейтіп, мектеп табалдырығына қанат қақтыратын тұлға екенін дәлелдеді.
Байқау нәтижесінде, қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған тәрбиешілер марапатталды.
«ЖЖ» ақпарат.