МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХТЫ БІЛГІҢ КЕЛСЕ, ТАҢҒА КЕЛ
Өткен жолы Жалағаштағы тарихи орындар мен қасиетті мекендер, әулие-әнбиелер мен батырлар, билер жайлы мақалалар беруді бастағанымызды жазған болатынбыз. Тоғанас, Сәрке, Бәйтен батырлар жайлы һәм Мырзабай ахун хақындағы мақалалар – сөзіміздің айғағы. Бұл жолы Әбжәли ишан мен Таңдағы тарихи орындар туралы мақала әзірлеу үшін жолға шықтық.
Таңның шаруасы ширап тұр
Таң қылау бергеннен жолға шығып, күн арқан бойы көтерілгенше діттеген жерімізге жеттік. Бұл елді мекен аудандағы іргелі ауылдардың бірі. Осы ауылдағы негізгі шаруашылықтың төрағасы Имамзада Шағыртаев елді мекеннің әлеуетін арттыру үшін аянып жатқан жоқ. Ауылға бұрылғаннан өткенде ғана ашылған ет консервілейтін цех көрінеді. Дендеп ене бастағаннан жуырда ғана игілікке берілген спорт кешені менмұндалап тұр. Ал күріш ақтайтын шағын зауыт бұл жердің берекесін арттырып тұрғандай әсер қалдырады.
Біздің келетінімізді алдын ала білгендей ауыл әкімі Әліби Байнахатов Таңға кіре берістен күтіп алды. Журналистер келеді дегеннен көп адамның мазасы қашары анық. “Бұл жігіт келе жатқанымызды қайдан білді? Өткен жылы ғана үздік ауыл әкімі атанған азамат бізді кем-кетікті көріп, сын жазып жүрер деп ойлады ма екен?”. Осындай ойдың жетегімен келе жатып, ауыл әкімінің бет-жүзіне аса мән бермеппін. Бақсам, өзі ұстамды көрінді. Өзіне ғана жарасымды дауыспен әңгіменің тиегін тарқатып келеді. Менде сыр білдірмей “Әлеке, өзіңіз бастап ауылға кіре берістен күтіп алдыңыз. Бұл не деген құрмет?! Әлде ауданнан не болмаса облыстан келетін кісілер бар ма еді?” дедім. “Таңырқамай-ақ қойыңыз. Бұл менің үйреншікті тірлігім ғой. Күнделікті жұмысты ауылды аралаудан бастаймын. Елді мекеннің іші-сыртын түгел барлап шығамын” деді. Ауыл әкімінің мұндай жауабына кәдімгідей қуанып қалдым. Іштей “Елдің егесі болатын адам осындай-ақ болсын” деп қойдым.
Бір жағынан әкімнің өзімен жолыға алғанымызды олжа санап, келген мақсатымызды айттым. Әңгіменің арқауы рухани жаңғыру мен тарихи дүниелер болғандықтан бұл ауылда біз баратын орынның баршылық екенін жеткізді. Өзі де тарихтан ептеп хабары барын ұқтырып, аңыз- әңгімелерден сыр шертіп келеді. Ауыл әкімінің айтуынша, Таңның тарихы тереңде жатыр екен. Жұрт қадір тұтатын Болат ақсақалдың өзі бұл ауылдан есімі елге белгілі небір мықтылардың шыққанын тілге тиек етті.
“Қошқар ата” төбесі
Таң ауылындағы алғашқы барған жеріміз “Қошқар ата” төбе тұрағы болды. Елді мекеннің іргесінде ғана орналасқан көне төбені ескі қала орны деп топшылаушылар бар. Мамандардың айтуынша, қала тарихын біздің дәуіріміздің бірінші ғасырларына жатқызуға болады. Аңыз бойынша аталған төбеде Қошқар ата деген емші, тәуіп жерленген. Бірақ ол кісінің қай ғасырда, қай жылдары өмір сүргенін ешкім білмейді.
Аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Марат Шөмекей төбенің жалпы көлемі сопақшалау екенін, шығыстан батысқа қарай 85, ал солтүстіктен оңтүстікке қарай 45 метр жерге орналасқанын айтты. Төбенің оңтүстік шығыс жақ беті дөңестеу екен. Биіктігі шамамен 4-5 метрді құрайды. Төбеге шығыс, солтүстік және батыс жақтан биіктігі 1,5 метрден 3 метрге дейін жалпақ алаң қосарлана орналасқан. Төбенің батыс жақ қанаты жайылып, жермен бірдей болып тегістеліп кеткен. Қаланың қақпасы батыс жақ бетке қараған.
– “Қошқар ата” төбе тұрағы – біздің дәуірдің алғашқы ғасырларында аудан көлемінде қала мәдениетінің дамуын көрсететін тарихи маңызы бар археологиялық ескерткіштердің бірі. Аталған қала орнын 1990 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институтының мамандары зерттеген. Алайда археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген. Казіргі уақытта төбенің етегінде үлкен қорым орналасқан, – дейді музей қызметкері Марат Шөмекей.
Әулиелігімен танылған
Әбжәли ишан
Таң ауылындағы мешіттің де ғасырдан аса тарихы бар. Әбжәли ишанның есімімен аталатын Алла үйі ауылдың дәл орталығында орналасқан. Бұл мешіттің бас имамы Рүстем Жарасбаев атты азамат екен. Имамның айтуына қарағанда, бұл мешіт ХХ ғасырдың бас кезінде, яғни шамамен 1920 жылдары салынып, 1924 жылы пайдалануға берілген. Мешіт 2001 жылы Әділет басқармасына тіркеліп заңдастырылған. Мешіт ғимаратының ауданы – 150 шаршы метр. Намаз оқитын бөлменің ауданы 90 шаршы метр болса, имамның бөлмесі 32 шаршы метрді құрайды, ал дәліз шамамен 28 шаршы метрге тең. Ғимараттың биіктігі 5 метр де, азан айтуға арналған мұнара биіктігі 11,6 метрді құрайды.
– Бұл кісінің шын есімі – Әбдужалил. Ол Мырзабай ахунның туысы болып келеді. Әкесінің аты Қалымбет. Әбжәли ишан мешіт ұстап, бала оқытқан діни ағартушы. Алғашқы сауатын Мырзабай ахуннан алады. Кейіннен Бұқара қаласындағы Көкілташ медресесінде он төрт жыл оқып, шатырхат алып шығады. Жұрттың өтінішін ескеріп Әбжәли ишанды Сегізбай деген кісі елді діни-рухани, оқу-ағарту ісімен айналысып, игілік пен имандылыққа тәрбиелеу мақсатында алдыртады. Сегізбай бидің ауылында молда болмаған соң ағайындардың бұл ұсынысын Әбжәли қабыл алады да Қорғаншыға көшіп келіп, бала оқыта бастайды. Алғашқы жылдары Әбжәли ишан қамыстан тұрғызылып, іші-сырты сыланған мешітте дәріс жүргізеді. Ол кездері бұл жердің атауы Мәмбетсай деп аталған. Сегізбай би «Мешіті, имамы жоқ ауыл кәпір болады. Шүкір шаңырақтарымыз көбеюде, біз де өз алдымызға үлкен ауыл болып қалдық, енді мешіт ашып, бала оқытайық. Баршамыз соған атсалысайық», – деп, осы төңіректе шоғырланған Ұмтыл, Қызылсая, Таң тұрғындарын мешіт салуға үгіттейді. Ел болып тұрақты мешіт салуға келісіп, жалпы басшылық жасау Сегізбай биге жүктеледі. Би мешіт салатын ұстаны Ақмешіт қаласынан алдырған деседі. Бір деректерде мешіт ғимаратын ақмешіттік Нұрмұхаммед деген ұста салған десе, екінші деректерде руы Жартай-Керейт Нұрпейіс деген ұста тұрғызған делінеді. Мешітті салу үшін әр ауылдан қарулы жігіттер кезектесіп келіп тұрған. Оларға негізінен батпақ жатқызу, кесек құю секілді ауыр жұмыстар жүктеледі. Кесекті жергілікті саз құмнан құйып, шеге құмға илеп-шайып, кепкен соң шеңгелмен қыздырылған пеште бірнеше күн пісіріп-күйдірген. Атқарушылардың еңбекақысына әр үйден бір уақ малдан жиналады. Сол елдің ауқатты азаматтары Тауұлы Иттемір мен Мамыт, Қоқыбайұлы Сейтжан, Нұрымбетұлы Жұма, Мәмбетұлы Бедер және Сегізбай би мешітке сауын биеден береді. Ұсталар еңбекақысына 300 қойға келіседі. Сегізбай би бас болып Қарақұм мен Қызылқұмдағы ағайындарға сауын айттырып, 1922 жылдың көктемінде 500 бас уақ мал жинап келеді. 1924 жылы мешіт ғимараты, ишанға арналған тұрғын үйі, кітапхана, шәкірттер жатақханасы, азық-түлік қоймасы, дәретхана, әжетхана мен мал қорасына дейін салынып бітеді. 1924 жылдан 1927 жылға дейін ауыл балалары осы мешітте Әбжәли ишаннан діни дәріс алады. Әбжәлидің інісі Әбдіғаппар қари осы мешітте шырақшылық қызмет атқарғандығы мәлім, – деді мешіт имамы.
Кеңестік жүйеде 1928-1929 жылдардан бастап діни шаралар қатаң бақылауға алынып, одан соң діни қызметкерлер қудалауға ұшырап, ақырында мешіт-медреселер қиратылады. Бұзылмай қалған мешіттер мен медреселердің негізгі міндеттері тоқтатылғанымен, өз функцияларын басқа салаға ауыстырған ғимараттары әрі қарай жұмыс жасай берді. 1929 жылы Әбжәли ишан мешіті мемлекет қазынасына алынады. 1931 жылдан бастап ғимараттың зәулім мұнарасы бұзылып, кірпіштерінен қосымша бөлмелер салынады да мектеп-интернат болып жұмыс істей бастайды. Ашаршылық жылдары ата-анасынан айырылып, қаңғып қалған жетім балалар осында тәрбиеленіп, аштықтан аман қалады. Бұл мектеп-интернатқа Жүсіпұлы Омар басшылық жасайды. Омар деген кісі Мырзабай ахунның Мағруфа (Манаш) деген қызының баласы. Бұл азамат 1943 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Туған халқы үшін еңбек еткен Әбжәли ишан өкіметке деген теріс әрекеті, ешбір қылмысы болмаса да 1934 жылға дейін бір мәрте, 1934 жылы екінші рет (неше жыл қамауда отырғандығы белгісіз) қамауға алынып, көптеген қиыншылықты басынан өткереді. 1937 жылы дін өкілдерін ату туралы бұйрықтың шығуы жағдайды мүлдем тығырыққа тірейді. Діни қайраткерлер түгелдей атылып, атылмағандары итжеккенге айдалып, ал олардың ұрпақтары қуғын-сүргінге ұшырай бастайды. Әбжәли ишан үшінші рет 1937 жылдың маусымында қамауға алынады.
Ишан атындағы мешіттің бас имамы Рүстем Жарасбаев Әбжәли бабаның қайда қайтыс болғаны, қай жерде жерленгені белгісіз екенін жеткізді. Ауыл ақсақалы, бүгінде 83 жастағы Болат Жәнібековтің айтуынша, 2012 жылы қайта тіркеуден өткізілген «Әбжәли ишан» мешітіне «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаевтың демеушілігімен күрделі жөндеу жүргізілген. Мешіт Кеңес үкіметі заманында мектеп-интернат, қойма болса, ел тәуелсіздігін алған кезеңнен бастап өзінің тікелей функциясын атқаруда.
Асарлар немесе мың жылдан аса тарихы бар көне қалалар
Таңдағы сапарымыз көне қала саналатын асарлармен қорытындыланды. Осы ауылға қарасты Домалақ, Үңгірлі, Қособалы аталатын үш асар бар. Көне қалашықтарды бірінен соң бірін аралап, мың жылдан аса тарихы бар мекендерді көріп, тамашаладық. Алғашқы болып барғанымыз Домалақ асар қалашығы. Таң ауылының оңтүстік шығысында 9-11 шақырымдай жерде орналасқан. Қаланың ежелгі атауы мен тарихы белгісіз. Оны жергілікті тұрғындар Естек асар деп те атайды. Себебі сол маң ертеректе Естек деген көлдің табаны болған. Тарихи деректерге жүгінсек, бұл асарға 1962 жылы Хорезм археология - этнографиялық экспедициясы барлау жасағанымен, қазба жұмыстары жүргізілмеген.
Аудандық тарихи өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Қанат Жапақов бұл қаланың екі сатылы қабаттан тұратынын айтты.
– Жоғарғы қабаттағы төбе – цитадельдің, яғни қала әміршісі тұратын ішкі бекіністің жалпы формасы төрт бұрышты болып келген. Көлемі 50х50 метр, биіктігі 15 метрдей. Қалашықтың ішкі беті бел ортасына қарай ойыңқы. Цитадельден дуалға дейінгі аралықта аумағы 30 метрдей бос кеңістік жатыр. Заманында цитадель айнала дөңгелек формадағы күзет мұнаралары бар дуалмен қоршалған. Қазіргі уақытта дуал құландыларының ені 6-12 метр, биіктігі 1,5-2 метрдей. Ол әр жерден үзіктелген. Цитадельге оңтүстік қанаттан аумағы 50х120 метр, биіктігі 2-2,5 метр болатын алаңша жапсарлас орналасқан. Қала сыртынан ені 7-8 метр болатын ормен қоршалған. Қаланың жалпы көлемі – 160х280 метр болады, – дейді музей қызметкері Қ.Жапақов
Келесі бекетіміз Үңгірлі асар қалашығы болды. Мамандар бұл қалашықты Қаңлы дәуірінің көрнекті ескерткіштерінің бірі деп санайды. Таң ауылының оңтүстік шығысында 8-10 шақырымдық қашықтықта орналасқан.
Қала құландысының жалпы пішіні төрт бұрышты болып келген. Музей қызметкері Қанат Жапақовтың сөзінше, шығыстан батысқа дейін 300 метрге, оңтүстіктен солтүстікке дейін 250 метрге созылған.
– Қала үш сатылы қабаттан тұрады. Бірінші қабатта орналасқан цитадель көлемі 60х35 метр, биіктігі 18 метрдей. Қалашықтың ішкі беті шеңберлене келе екінші қабатқа қарай шығады. Екінші қабат жалпақ алаңша пішінінде цитадельдің батыс және шығыс жақ қанатына жапсарлана орналасқан. Алаңшаның жалпы көлемі 100х80 метр, биіктігі 3-6 метрдей болады. Екінші қабаттың батыс жағы ені 6 метр, биіктігі 4 метр болатын дуалмен қоршалған. Қалаға кіретін бас қақпа дуалдың солтүстік жақ бетінде орналасқан. Үшінші қабат цитадель мен екінші алаңның шығыс, оңтүстік және батыс жақ қанатын қамтыған. Цитадельден үшінші алаңның шетіне дейінгі арақашықтық шамамен 40-60 метрдей. Қалашықтың үстіңгі мәдени қабаты дұрыс сақталмаған. Бұл қалаға бір кездері С.П.Толстов бастаған экспедиция зерттеу жасағанымен қазба жұмыстары жүргізілмеген, – деді музей қызметкері.
Таң ауылының шығысында Қособалы асар орналасқан. Қаланың жалпы формасы төрт бұрышты болып келген. Мамандар мұнда да қазба жұмыстарының жүргізілмегенін жеткізді. Біз аудандық музейдің ғылыми қызметкері Марат Шөмекейді сөзге тарттық. Ол бұл қаланың екі қабаттан тұратынын айтты.
– Қала екі қабаттан тұрады. Жоғарғы қабаттағы цитадельдің биіктігі әртүрлі деңгейде 5-12 метр аралығында. Ең биік бөлігі оңтүстік батыс жақ беті. Цитадельді қоршаған дуалдың кейбір жерлерінде күзет мұнараларының құландылары казіргі уақытқа дейін сақталған. Заманында қаланың бас қақпасы дуалдың оңтүстігінде орналасқан және ол қақпаны дуалдан шығыңқы етіп салған екі күзет мұнарасы қорғап тұрған. Цитадельге жапсарлана көлемі 200х200 метр болатын алаңша орналасқан. Цитадельдің ішкі беті ойпаттау болып келеді. Сыртқы қабатының кейбір жерлерін арықтар мен сайларға жиналған ағынды сулар шайып кеткен, – деді М.Шөмекей.
Бір күндік сапарымызда киелі әрі тарихи орындарға саяхаттадық. Жолай Төртуылұлы Мошыбай белгісіне соғып, Құраннан дұға бағыштадық. Білмегенімізді білдік, көрмегенімізді көрдік. Өткенімізге тамсана қарап, Жалағаштың айналасында зерттеуді қажет ететін дүниенің көп екенін аңғардық. Алдағы уақытта да мұндай орындарға саяхаттауды жалғастырып, тарихи орындардан репортаж жасайтын боламыз. Бұл оқиғалардан қалыс қалғыңыз келмесе өзіңіздің сүйікті газетіңіз, аудан айнасы – “Жалағаш жаршысын” үзбей оқыңыз.
Азиз БАТЫРБЕКОВ