МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕЛЕРІҢІЗБЕН!
Бүгін аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығында аудандық ішкі саясат бөлімі, «Жалағаш – Достық мекені» қоғамдық бірлестігі және «Қоғамдық келісім» КММ-нің Жалағаш ауданы бойынша сарапшысының ұйымдастыруымен «Мерейлі Мерекеңізбен» атты шара өтті.
Шарада ауданымыздағы этнос өкілдерінің арасында 30, 40, 50, 60, 70, 80 жас иелері арнайы құттықтауларға ие болды. Атап айтсақ, қоғам өміріне белсене араласып, жылдар бойы өз саласында адал еңбек еткен және этносаралық татулықтың ұйытқысы болған 80 жас мерейтой иесі шешен ұлтының өкілі Ахмадова Хабира, 70 жас мерейтой иесі орыс ұлтының өкілі Иванченко Галина Николаевна және 50 жас мерейтой иесі кәріс ұлтының өкілі Федореева Ольга Юрьевна Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің арнайы алғысына ие болса, тәжік ұлтының өкілі Чулаев Искандер, орыс ұлтының өкілі Сетракова Светлана, татар ұлтының өкілі Кубесова Галина, шешен ұлтынан Хамиев Махмуд, Орсиханова Алимаш, Мажиева Залман қоғамдық бірлестіктің алғыс хатымен марапатталды.
Қоғамдық бірлестік төрайымы Мирман Дина және аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бектібаев Нұрлан құттықтау сөз сөйледі. Шара барысында мерейтой иелерінің құрметіне концерттік бағдарлама әзірленіп, арнайы сыйлықтар табысталды. Өз кезегінде мерейтой иелері шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, ізгі лебіздерін жеткізді.
Мерейтой иелерін шын жүректен құттықтай отырып, істеріңізге толағай табыс, зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілейміз!
Әсел Бақытжан,
"Қоғамдық келісім" КММ-нің этносаралық қатынастар жөніңдегі Жалағаш ауданы бойынша сарапшысы.