Әрбір жәдігер тарихтан сыр шертеді
Ұлттық мәдениетімізді, ата-бабадан қалған бай мұрамыздың, құнды жәдігерлеріміздің тарихынан сыр шертетін дүниелердің басым бөлігі аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Ондағы әрбір жәдігердің тарихы, қолданылуына қарай ерекшелігі және маңыздылығы болады. Естігеніміз болмаса, көзбен көріп, қолмен ұстаған жәдігерлер, тарихи жазбаларымыз аз. Музей қорындағы дүниелердің барлығы біздің заманымызға дейінгі қанша дәуірден жеткен тұрмыстық заттар сол заманғы адамдардың жағдайынан хабар береді. «Мың рет естігенше, бір рет көр» демекші, біз аудандық тарихи-өлкетану музейінде болып, әрбір экспонаттың тарихымен таныстық.
БҰРЫНҒЫ КИНОТЕАТР, ҚАЗІРГІ МУЗЕЙ
Ғимараттағы көне тарих көздерімен таныспас бұрын музей қызметкері Қанат Жапақовтан аудандық музейдің қашан, қалай құрылғаны туралы сұрадық. Оның айтуынша, алғаш рет музейді ашу жұмыстары 1988 жылы қолға алынған екен. Сол кезеңде З.Салықбаев, М.Ілиясов, М.Аяпов, Ж.Сарбалаев, А.Тілеулиев сынды ауданның бірқатар зиялы қауым өкілі музейдің қажеттігі жөнінде жергілікті «Жаңадария» газетінің беттерінде бірнеше мәрте мәселе көтеріп, бастаманың қолға алынуына мұрындық болған екен. Бірақ белгілі бір себептерге байланысты аяқсыз қалыпты. Содан кейін 1998 жылдың аяғында бұл бастама қайта жанданып, кент орталығындағы бұрынғы Абай атындағы кинотеатрдың ғимараты музейге берілген.
Осылайша ауданның 60 жылдық мерейтойы қарсаңында жәдігерлерімізді жинақтау жұмыстары басталды. Музейдің алғашқы директоры, өлкетанушы, қарымды қаламгер, білікті журналист Ахмет Тілеулиевтің музей қорының толығуына сіңірген еңбегі зор. Замандастары әрі әріптестері ол кісіні еске алғанда, мінезінің жайлылығына, қызметіне деген адалдығына қайран қалатын. Ол кісі мінезі тұйық, өте еңбекқор болған. Бұқарбай батыр Естекбайұлының 180 жылдығы қарсаңында Орынборға барып, батыр туралы тың деректер жинақтап қайтқаны және «Бұқарбай батыр» кітабының шығуына да зор үлес қосқанын айта кетуіміз керек. Сонымен бірге Жалағаш ауданы шежіресі туралы шыққан кітаптарды құрастырып, басшылық жасаған. Өзі басшылық жасаған тұста музейге тарихи экспонаттар жинап, жабдықтап көп еңбек сіңірген. Аудан тарихы, батырлары мен билері, еңбек адамдары жайлы бірнеше кітабы жарық көрді. Солардың ішінде ата-бабамыздың даңқын асқақтатып, тұтас бір дәуірдің тарихын қамтыған «Қарақұм көтерілісі» кітабы жоғары бағаланды. Музейге 2001 жылы Мирамкүл Биманова басшылыққа келді. 1999-2009 жылдар аралығында музейде аудан көлемінің қанша жылдан бергі геологиялық тарихынан бастап, ауданымыздың қазіргі заманғы тарихы, мәдениеті мен өнерінен сыр шертетін екі зал мен көркемсурет галереясы жұмыс жасай бастады. Хронологиялық ретпен орналасқан экспозициялы экспонаттар ауданның құрылуы, тарихы, ауыл шаруашылығы мен мәдениеті жайлы сыр шертеді. Ал қазіргі таңда аудандық музейге Қожатай Құлмахан басшылық жасайды.
– Музей қызметкерлері ауданның сан ғасырлық тарихын зерттеп, зерделеу, аудан көлеміндегі тарихи-мәдени мұраларды жинақтап, музей қорын құнды экспонаттармен толықтыруда аянбай еңбек етеді. Жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу бағытында өз жұмыстарын ұйымдастырып келеді. Бірнеше жылдан бері аудандық музейде «Туған жерге саяхат» деген тақырыпта кіші музейлік туризм жобасы іске асырылуда. Бұл бағытта аудан көлемінде орналасқан ежелгі және ортағасырлық тарихын өскелең ұрпақты бірқатар мәдени ескерткіштерімен таныстыру, әр жылдары ауданда өмір сүрген тарихи тұлғалардың өмірі мен ерлік жолдарын үлгі ету мақсатында экскурсия ұйымдастырылады. Бір айта кететін жайт, мұнда мектеп және колледж оқушылары үшін гид-экскурсовод ретінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретін «Мирас» үйірмесі, оқушыларды ұлттық қолөнер бұйымдарын жасауға бейімдейтін «Жас шеберлер» үйірмесі жұмыс жасайды, – дейді музей директоры.
ТАРИХТЫ ЖАҢҒЫРТҚАН ЖӘДІГЕРЛЕР
Азын-аулақ сұхбаттан соң ғимараттың ішіне еніп, ондағы археологиялық қазбалармен, этнографиялық, тұрмыстық заттармен және көркемсурет галереясымен, көне жәдігерлер мен экспонаттарды жеке-жеке көріп, таныстық. Кіреберісте жуырда ғана 85 жылдық мерейтойын аудан көлемінде атап өткен төл газетіміз – «Жалағаш жаршысына» арналған бұрыш орналасыпты. Онда бұрынғы газеттің кейбірінің тігінділері, басылымда еңбек еткен қаламгерлер мен әр жылдары басшылық жасаған редакторлардың суреттеріне орын берілген. Одан кейін көзімізге шалынған археологиялық қазба қалдықтары жақында ғана табылған екен. Музей қызметкері Марат Шөмекей Жалағаштың оңтүстігінде 4-5 шақырым жерде Сырдария өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан ортағасырлық немесе кейінгі ортағасырлық қалашық болғанын жеткізді. Бір қызығы, табылған қалашық бұрын зерттелмеген. Жуырда арнайы қазба жұмыстары жүргізіледі екен. Маманның айтуынша, табылған қалашық екі қабаттан тұрады. Астыңғы қабатынан қаңлы дәуірінің қыш құмыралары, ал үстіңгі қабатынан Моңғол заманынан беріректегі шыңылтырлы қыш құмыралардың қалдықтары табылған. Бұл жердегі «шыңылтырлы» деп отырғанымыз кәнігі қыш. Бірақ оның сырты шыңылтырлы, яғни шыны секілді. Жылтыр, бояуы кетпейтін, сапасы ұзақ уақыт сақталады. Музей маманының айтуынша, қазірде мұндай әдіспен қыш өндірудің технологиясын білмеуі де мүмкін екен. Қолымызға алып көрдік. Расында, қанша ғасыр өтсе де, сыры кетпепті. Археологиялық бөлімде біздің дәуірімізге дейінгі І-VІІ ғасырлардағы Сорлыасар, Жент қалаларынан табылған шырағдан, шыңылтырлы қыш, тас диірменнің астыңғы бөлігі, қала құрылысына пайдаланылған ою-өрнекті қыштар, ортағасырлық тиындар орналасқан. Айта кететін жайт, кезінде Жент қаласында ғана ақша сарайы жұмыс жасаған екен. Мұнда түрлі металдарды қорыту әдісімен тиындар жасалатын болған. Сол ақша сарайында құйылған тиындардың бірнешеуі музей қорында сақталыпты. Мұнан әріректе этнографиялық бөлім бар. Халықтың қолөнер саласы бойынша тұрмыста сирек кездесетін бірегей жәдігерлер, ыдыс-аяқ, тұрмыстық заттар және зергерлік бұйымдар музей экспозициясынан өз орнын тапқан. Олардың ішінде қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығын көрсететін әртүрлі қолөнер, аңшылық және еңбек құралдары, зергерлік-әшекейлік бұйымдар, үй ішінің құрал-жабдықтары мен жиһаздары, қазақтың ежелгі дәстүрі мен эстетикалық талғамын білдіретін ұлттық киімдер бар. Кеңінен таралған осынау қолөнер бұйымдарының түрлері, олардың қайталанбас ою-өрнектері қазақ даласында белгілі шеберлердің көп болғанының айғағы. Кезінде ата-бабаларымыз тұтынған ыдыс-аяқтың барлығы ағаштан жасалғанын бәріміз білеміз. Ағаштан, теріден, мыстан жасалған ыдыстарды көргенде қазақтың әдемілікпен қатар тұтынған тұрмыстық заттардың әмбебап болуын да басты назарда ұстағанын аңғардық. Өйткені аталған өнімдерден жасалған ыдыс көшіп-қонуға ыңғайлы, жеңіл әрі сынбайды. Әр ыдыс ұлттық ою-өрнекпен бедерленген. Осы қатардан шешен халқының жез құмырасы, самаурын, біздің дәуірімізге дейінгі ХІІІ-ХV ғасырлардағы Қарақұмнан табылған қыш құмыра, тағы басқа да тұрмыстық заттар көзге шалынады.
ӘШЕКЕЙЛЕР СЫР АЙТАДЫ
Біздің ерекше назарымызды аударған зергерлік бұйымдар болды. Өйткені музей маманы Марат Шөмекей әшекейлердің әрқайсысының шығу тарихына, қолданылуына және маңыздылығына тоқталды. Зергерлік бұйымдардың да айтар сыры бар. Қазақ халқының ерте заманнан бастау алған зергерлік өнері халық өмірімен, тарихымен, шаруашылығымен тығыз байланыста дамып келеді. Адам баласы ежелден әшекей бұйымдарды киімнің ажырамас бөлігі ретінде санаған. Әшекейлер әйел адамның сол қоғамдағы алатын орнынан, абырой-беделінен хабар беретін болған. Мәселен, қазақы ырым бойынша қызыл көзді жүзіктер сырттан келген қауіпті өз бойына сіңіріп, тіл-көзден, бәле-жаладан сақтаған. Әшекейлердің бәрі таза күмістен әзірленген. Тіпті, байырғы қазақтар қолында күміс сақинасы жоқ әйелдер дайындаған астан дәм татпаған екен. Себебі, күміс жүзік тағам құрамындағы адам ағзасына қауіпті заттарды жойып отырады деп ұққан. Жас жұбайлар неке жүзігін де арнайы тапсырыспен жасатқан екен. Бұл жүзіктің төбесі жастардың бөлек отау құрып, шаңырақ көтергендерін білдіретін шаңырақ тәріздес болған. Жүзіктердің ішіндегі көпке тағыла бермейтіні құдағи жүзік болыпты. Тұрмысқа шыққан қыздарының жағдайы жақсы, барған жерінде бақытты болып, ата-анасына қайынжұрты жайында мақтаулы сөз, жақсы мінездеме берсе ғана қыздың төркіні құдағиының қолына осы жүзікті салатын болған. Жүзіктің үлкендігі сондай адамның төрт саусағын жауып тұрады екен. Бұл да екі жақтың, екі елдің арасындағы сыйластықтың белгісі іспеттес. Бойжеткендердің бойтұмарына қатысты да біз біле бермейтін тұстарымыз бар екен. Бойтұмардың ішіне Құраннан сүрелер, дұға, аят немесе қастерлі кітаптардан сөздер жазылған. Ал әшекейлердің ішіндегі қыз баланы ибалылыққа тәрбиелейтін шолпы, шашбаудың қызметі өз алдына. Шашбаудың негізгі қызметі қыз-келіншектердің бұрымын жинап тұру болса, екінші жағынан қыз баланың бойын тік ұстауына және жүрісін дұрыстауына көмегі тиген. Яғни шашбаудың сыңғырынан-ақ кімнің келе жатқаны белгілі болған.
Білезіктің де топсалы, өрнекті және құйма білезіктер деген секілді түрлері болған. Бұл әйелдер күнделікті тағып жүретін, қымбат бағалы металдан немесе күмістен жасалатын әшекей түрі. Сонымен бірге білезік буын ауруларының алдын алады, қолдың тазалығын күшейтеді, жын-перілерді қуады деген ұғым халық арасында кеңінен таралған екен. Ең маңыздысы білезік адам бойындағы күш-қуатты сақтайды. Қазақта бәле-жала әйелдің құлағы, шашы арқылы кірсе, күш-қуаты біртіндеп алақан арқылы сыртқа шығады деген сенім қалыптасқан. Сондықтан әжелер соңғы күш-қуатынан айырылудан қорқып, білезігін қолынан тастамайтын болған.
Жалағаш жерінде өсетін ағаштар мен өсімдіктер де музей қорын толықтырып, өлкенің табиғатынан сыр шертіп тұрады. Басым көпшілігі жазық далалық жерден тұратын өңірде көбіне шөлге шыдамды өсімдіктер өседі. Тасқа айналған ағаштар мен сүйектер бұл сөзімізді дәлелдей түседі. Табиғаттың құдіретіне таңқалмасқа шара жоқ, себебі ағаштың тасқа айналуы үшін екі миллион жыл қажет екен. Бұл – зерттелген ақпарат, нақты тұжырым.
Музейдегі саяхатымыз мұнан әрі жалғасып, кезек қазақ хандығына арналған бұрышқа келді. Жауға шапқанда жауын-шашыннан ұзарып, созылып кеткен тері тонын қылышпен шауып келте етіп, Келте тонды Келменбет атанған батырдың ХVІІ ғасырдағы ас ішкен ағаш табағын, Текей руының бас батыры Текей Қарпықұлына, Табын руының батыры Сәрке батырға арналған бұрышқа қойылған тарихи жазбалар мен олар тұтынған заттарын қолымызға алғанда еріксіз тарихтан белгілі ата-бабаларымыздың өмірі, ұрпақ үшін күрескен ерлік істері, елге, жерге деген сүйіспеншіліктері бойымызға ерекше күй беріп, әсер қалдырды. Осы бөлімде қазақ хандығының құрылуынан бастап, осы күнге дейінгі жәдігерлер хронологиялық реттілікпен орналасқан. Қазақ батырларынан кейін орыс офицерлерінің бұйымдары, одан әріде аудандағы көне мешіттерден табылған діни кітаптар, жазбалар, жиырмасыншы ғасырларда қолданылған шиті, білтелі мылтықтар ілулі тұр. Әр жәдігер – бір тарих. Марат Шөмекей әрқайсысын таныстырғанда, олардың тарихынан міндетті түрде дерек келтіріп жүрді. Мәселен, жаңағы мылтықтардың ішінде жиырмасыншы ғасырларда есімі елге аян Әли деген кісінің қосауызды қаруы бар. Бұл кісі сонау ашаршылық кезінде Жаңадария ауылының халқын осы мылтықпен аң аулап асыраған екен. Бір таңқаларлығы, сол кездегі қарулардың барлығы қазіргіге қарағанда үлкен әрі ауыр жасалыпты. Музейдің негізгі залында Қарақұм көтерілісі, ауданның құрылуына арналған бұрыштар және әр кезеңдегі әр ұлттың валюта түрлері мен өгіз соқа, жер жыртатын омаш, Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлердің хаттарымен, еңбек адамдарының өмірдеректерімен таныстық.
Бұл жердегі ерекше айта кететін жәдігер көрік. Тұрмыстық бұйымдардың ішіндегі көріктің де алатын орны ерекше. Көрік – ұста, зергерлердің түрлі металдарды балқытып, қыздырып, өңдеу үшін қолданатын, оттыққа жел үрлеп тұратын құралы. Оның «қос көрік», «қол көрік», «мес көрік», «аяқ көрік» деген түрлері бар. Көлемі неғұрлым үлкен болса, оның көмейінен оттыққа берілетін ауаның қысымы да соғұрлым жоғары болады екен. Мұны ұсталар кезінде таза былғарыдан жасаған.
Музей ғимаратының төрінен орын алған қазақ халқының бағалы киімі келушілердің назарынан тыс қалуы мүмкін емес. Қасқыр ішік, бағалы бас киім, былғары етік қызығушылығыңызды оятады. Мұндағы ерлердің бас киімі тымақ – қасиетті бас киім. Оны айырбастауға болмайды, оған аяқ тигізбейді. Жақсы кісілердің тымағы атадан балаға мұра есебінде қалып отырған. Бұрынғы кезде қазақтар шала туған баланы неше күні кем болса, сонша күн тымаққа салып, кереге басына іліп қоятын болған. Өйткені тымақтың ішіндегі температура ананың құрсағындағы қызумен бірдей болады екен. Тымаққа салынған бала да анасының құрсағында жатқандай күйде жатады екен. Ішіктің салмағы ауыр, бірақ адамға пайдасы зор. Қасқыр ішіктің Тәуке ханның «Жеті жарғысында» айтылғанын бірі білсе, бірі білмес. Тәукенің тұсында қатты аязда далада қалған екі жігіттің бірі ғана аман-есен елге оралыпты. Жолдасының аяздан үсіп өлгенін айтқан жігітке ешкім сенбеген екен. Сонда ақсақалдар «Жігітті аяздан аман алып қалған үстіндегі қасқыр ішік. «Жеті жарғыда»: «Бір қасқыр ішік екі адамды аман алып қалады» деп жазылған. Сен жолдасыңа ішігіңді бөліспедің, кінәлісің», деп қайтқан жігіттің құнын төлеткен екен. Расында, қасқыр ішік тығыз әрі қалың болады. Одан үскірік аяздың өзі өтпейді. Мұның себебі қасқырдың терісі мен етінің арасында май болады екен. Осы май оның денесін қыздырып тұрады. Тіпті қасқырдың терісін бірнеше мәрте илеп, суға салса да оның өзіндік иісі сақталып тұра береді. Сондай-ақ қасқыр ішікті жиырма беске толмаған жастарға киюге болмайды.
Әдетте музей қорына белгілі тұлғалардың балалары, ұрпақтары тұтынған бұйымдарын, киімдерін өткізуді жөн санамайды. Ал ауыл шаруашылығын көрнекті ұйымдастырушы, қоғам қайраткері Мөрәлі Шәменовтің ұрпақтары әкелерінің тірісінде тұтынған барлық заттарын музей қорына өткізіпті. Бұл жәдігерлер де музейге келушілердің көзіне бірден шалынатын құнды дүниелердің қатарында. Негізгі залдың төрінде тәуелсіз Қазақстан экспозициясы, Тұңғыш Президенттің ауданға сапарынан суреттер, “Архив-25” бағдарламасы аясында орналастырылған сөре бар. “Архив-25” бөлімінде Орынбордан алынған қазақтың кейбір батырлары туралы құнды жазбалар бар. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай, рухани жаңғыру, музыка, медицина және «Алтын-арай» халықтық ән-би ансамблінің естеліктерін, саз аспаптарын көруге де болады.
Жалпы аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі экскурсия барысында археологиялық және тарихи ескерткіштер қалдықтарының, сонау ХҮІІ–ХҮІІІ ғасырлардағы жоңғар және қалмақ басқыншыларына қарсы күрес кезіндегі қазақ батырлары мен сарбаздар қаруларының, ХІХ ғасырдың орта шеніндегі жергілікті тайпалардың орыс үкіметінің экспансиясы мен Қоқан және Хиуа басқыншыларына қарсы күресі, өңірді әскери колонизациялау, 1901-1906 жылдардағы Орынбор-Ташкент теміржолының құрылысымен, өңірде Кеңес үкіметінің орнауы мен азамат соғысы кезіндегі күштеп кәмпескелеу мен ұжымдастыру науқанындағы, Қарақұм көтерілісі мен саяси қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі кезең тағы басқа да тарихи кезеңдердегі қару-жарақтар, деректер мен жазбалардың кім өткізгенінен немесе қай жерден, қай уақыттарда табылғанынан мағлұмат алдық. Аудандық музей қорында сақтаулы тұрған экспонаттардың жалпы саны жеті мыңға жуықтап қалады. Музей қызметкерлері еліміздің тарихи-мәдени мұрасын көпшілікке танытуды қамтамасыз ету мақсатында еңбек етуде. Қарап отырсаңыз, әр жәдігердің өткеннен сыр шертетін өзіндік тарихы бар.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ