» » » САЯХАТТАН АЛҒАН ӘСЕРІМІЗ ЕРЕКШЕ

САЯХАТТАН АЛҒАН ӘСЕРІМІЗ ЕРЕКШЕ


Елбасымыздың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында ардагерлер мен қарттарды құрметтеу, оларға кейінгі ұрпақтың қызмет көрсетуі, мемлекет тарапынан қамқорлыққа алуы жайында ерекше айтылған. Солардың бірі аға буын ардагерлер үшін арнайы саяхат ұйымдастырып, тарихи орындарды, тарихи тұлғалардың мәңгілік тыныс тапқан жерлерін, киелі орындарды және басқа да еліміздің қалалары мен елді мекендерінің әсерлі жақтарымен таныстыру, көзбен көрсетіп, аралату бағытындағы жұмыстар дер едік.
Жуырда облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдас­тыруымен өңірдегі тыл және еңбек ардагерлері Маңғыстаудағы Бекет Ата басына барды. Бұл саяхат жолында аймақтың алты ауданынан және Қызылорда, Байқоңыр қалаларынан барлығы 72 адам сапарлас болдық. Қыркүйек айының бел ортасында таңертең Ақтау қаласына келіп тізгін тарттық. Жолсоқты болған саяхатшы ардагерлер "Арман" қонақ үйіне жайғасып тынықты. Түстен кейін Жартас жағалауы, Каспий теңізі жағалауы және Елбасының резиденциясы орналасқан жерге келдік. Ауа райы тынық. Теңіз жағасына түсіп, шомылып алдық. Майда толқыны жағаны ұрып жатқан теңіз суының қасиеті бар, ойың сергіп, бойың жеңілдеп қалады.
Каспий жағалауының сұлулығына сөз жетпейді. Тұңғыш Президент резиденциясының оң жақ тұсында жапондар салған шар тәрізді демалыс орны теңіз толқынымен шайқалып билеп тұрғандай көрініс беріп тұр. Теңіз жағалай пальма ағаштарының жасанды көшірмелері тұр. Бұл да көк теңізбен өзара ерекше эстетикалық үйлесім тапқан.
Облыс орталығы – Ақтау қаласын 1985 жылдары Ленинградтың арнаулы құрылысшылары жұмысшылар поселкісі етіп салған екен. Бүгінде сол кезде бой көтерген ірі ғимараттар теңіз жағасындағы қалаға ерекше көрік беріп тұр. Қала халқының саны 180 мыңнан асады. Ірі өнеркәсіп орындары, түрлі тарихи ескерткіштер шаһардың бәсін жоғарылата түскендей. Облыс бойынша 360 мың халық бар екен. Көшелері кең әрі таза. Әуежайы қаладан 15 шақырымдай қашық екен. Әуежайдан 2 шақырымдай жерде Ақшұқыр ауылы бар. Сол ауылда жалағаштық ардагерлер бір үйде қонақасыда болып, үй иесі Мырзагелдімен біраз әңгіме-дүкен құрдық. Үй иесінің тарихи жады өте бай кісі екен, мұқым қазаққа ортақ Маңғыстау өңірінің көне тарихынан біраз мағлұматтар берді.
Саяхатымыздың екінші күні қала орталығындағы Жеңіс саябағын араладық. Саябақ ішінде "МИГ-21" ұшағы қойылған. Сол кездегі КСРО қорғаныс министрінің мүшесі, генерал-полковник Иванов өзі басқарып келіп, осы Жеңіс саябағына орналастырыпты. Бұдан басқа саябақта 1998-1999 жылдары Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігін дәріптейтін ескерткіш бар. Сонымен бірге Ұлы Отан соғысында қаза тапқан­дардың рухына арнап жасалған киіз үй тәріздес ескерткіш тақтаның қабырғаларына майданнан оралмағандардың есімдері қашалып жазылған. Ескерткіштердің қай-қайсысының да мәні жоғары, тарихи ескерткіштер жастардың патриоттық тәрбиесіне көп үлес қосатыны сөзсіз.
Ақтау қаласының бір ерекшелігі, ешқандай көшеде атау жоқ. Тек қана Тұңғыш Президент атында үлкен даңғыл бар. Қырықтан астам мөлтек ауданға бөлінген. Ертесіне Бекет Атаның басына жолға шықтық. Төрт автобуспен 150 шақырым жолды артқа тастап, Жаңаөзен қаласына жеттік. Оған дейін Батыр, Жетібай ауылдарының, одан әрі Қарақия деген жерлердің үстімен жүріп отырып, 160 метр төмен теңіз табанымен қайта жоғары өрледік. Онда кідіріс жасағанымыз жоқ. Қызылсай мұнайлы ауылға дейін 20 шақырым жолдың екі жағы мұнай скважиналары. Осы жерлерден еліміздің әр аймағына мұнай жөнелтіліп жатыр. Тіпті шет елдерге біздің қара алтын экспортталып жатыр. 2011 жылы облыс әкімі Қ.Көшербаев Жаңаөзеннен бастап, Шопан Ата кесенесінен әрі қарай асфальттаған екен. Бекет Атаға дейін электр желісін жүргізіпті. Шопан Атаға келіп ат суытып, Әулие басына барып дұғамызды бағыштадық. Кесене жер астынан салыныпты. Онда әулиенің өзі, жұбайы және қызы жатыр екен. Сол жағы шәкірттер бөлмесі. Бекет ата 14 жасында осы Шопан Ата әулиеге келген дейді. Шопан Ата баланың талабын танып, Бақыржан қожадан дәріс алуға Хиуаға жіберген екен. Бекет Ата Хиуа медресесінде 7 жыл дәріс алған. Онда діни сала, астрономия, табиғаттану, жаратылыстану, математика, медицина тағы да өзге салалар бойынша білім алған. Хиуа медресесін аяқтап, елге келіп қызмет еткен екен. Көріпкелдігі, әулиелігі, емшілігі елді таң қалдырған. Өзі қызмет ете жүріп көптеген шәкірттер дайындаған. 1750 жылы дүниеге келген Бекет Мырзаұлы 1813 жылы өмірден озады. Артында ұрпақтары қалады.
Шопан Атадан Бекет Атаға дейінгі жол 160 шақырым. Түс қайта Бекет Ата басына жеттік. Басында мешіті, қонақ үйі, ас ішетін орны бар. Біраз демалыстан соң жар басындағы қақпадан төмен қарай басқыштармен қиялай түстік. Бекет Ата жатқан жерге дейін 723 басқыш бар екен. Пірдің басына барып тас үңгір кесенесіне кірдік. Құран бағыштап, мінәжат еттік. Бекет Атаның жатқан жері жар басындағы қақпадан төмен қарай тереңдігі 60 метр, ұзындығы 2 шақырым. Басына мал шалып, тамақ ішетін кең бөлмеде бабаның әруағына құран бағыштап, дұға қылдық. Кешке қарай қайтадан Ақтау қаласына жолға шықтық.
Қыркүйектің 17-сі күні сәскеде саяхатымыз жартас жағалауының бас жағында жалғасты. Бірақ бір әттеген-айы, теңізде толқын көтеріліп, катермен айдын бетіне шыға алмадық. Алайда, жартас жағалауының орта тұсына барып, 35 адамдық үлкен катермен теңіз бетінде бірнеше сағат саяхаттадық.
Жалпы Ақтау қаласында өндіріс орындары көп екен. Негізгі өнімдері мұнай, газ және құрылыс материалдары. Халықтың тұрмыс жағдайы жоғары дәрежеде. Қала көшелерінде ағаш аз, теңізден қашықтау тұстарында мүлдем көк желек көзге шалынбады. Айтуларынша, аяқсу тапшы екен. Ал ауызсу теңіздің суын арнайы су тазалайтын жоғарғы қуатты құрылғылардан өткізіп тұрғындарға тұтынуға беріледі екен.
Биыл күн ыстық болған соң ба, шөптер ерте қурап кетіпті. Дегенмен халық сол шөптерді шөмелелеп жинап алып жатқандарын пойыз үстінен көрдік. Облыс теңіз арқылы Түркменстанмен шектесіп жатыр. Жаңаөзеннен солға бұрылғанда келе жатқан жолымызды Түркімендер салып, өздеріне дейін қатынас жолы ретінде пайдаланған екен.
Сонымен саяхатымыз аяқталып, үшінші күні кешке қарай Маңғышлақ-Алматы пойызындағы арнайы вагонымызға орналасып, ауылға бет алдық. Ардагерлердің тарихи саяхаттан алған әсерін тілмен айтып жеткізу қиын. Алдағы уақытта да осындай танымдық сапар жалғасын табады деп сенемін.
Осы саяхатымызда «Қазақстан жастар орталығы» қоғамдық қорының төрағасы Ердәулет Жүнісбаев және Нұрбол Арысбеков, Ерсұлтан Байжігітов секілді азаматтарға, сонымен бірге біздің денсаулығымызды қадағалап, қамқор болған дәрігер Жанат қызымызға алғысымыз зор.

Раушанбек СМАҒҰЛОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

24 қыркүйек 2019 ж. 649 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930