ҰЛТТЫҚ СПОРТ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы – ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр.
Бабаларымыз өз дəуірінде жылқыны қолға үйрету арқылы адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мəдениетінің негізін қалады. Мұның соңы біздің ұлттық спортымыздың дамуына сеп болды. Аққұм ауылындағы ипподромда «аударыспақ», «теңге ілу», «көкпар» секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті. Аталған шараға аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Е.Жамалатов, “Наркескен” спорт клубының директоры Б.Тулеков және аудан, ауыл округтерінен жиналған спорт нұсқаушылары қатысты.
Теңге алудан ерекше ойын үлгісін көрсеткен Ұ.Қуанышбай үздік деп танылса, аударыспақтан М.Қымызбаев жеңімпаз атанды. Ал көкпар ойынынан ерекше көзге түскен «Көкжиде» командасының мүшелері Т.Әлмешов, Н.Әбенов, Н.Кенжебеков, М.Қымызбаев өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етті.
Айта кетейік Аққұм ауылының көкпар командасы аудан, облыс көлемінде жүлделі орындарға ие болып келеді. Шара соңында жеңімпаз спортшылар алғыс хатпен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
– Ат спортының адам денсаулығына тигізер пайдасы зор. Мәселен, тірек-қимыл жүйесі, жүйке, қанайналым және иммундық жүйеге әсері мол. Ұлттық спортты дамыту, келешек жас ұрпаққа насихаттау, ұлттық кодымызды жоғалтпай, Отанға деген патриоттық сезімдерін ояту біздің міндетіміз, – дейді ұйымдастырушылар.
«ЖЖ» ақпарат