Қазыналы қарттар құрмет төрінде
Қарттарды құрметтеу – жекелеген адамдардың ғана емес, бүкіл қоғамның парызы. Қазақ қоғамы қашаннан қариясыз болмаған. "Қарты бар үйдің қазыназы бар" дегенді халқымыз бекер айтқан жоқ. Күні бүгінге дейін қазақ елінің қара шаңырағы мен қабырғасы құламай келген болса, ол үшін тағы да біз осы қарияларымызға алғыс айтуымыз керек. Ендеше, қарты бар ел – бай ел, қуатты ел.
1 – қазан Халықаралық қарттар күніне орай аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев бірқатар аудан ардагерлерін қабылдап, мерекелерімен құттықтады. Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов, "Nur Otan" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев қатысты.
Жиында аудан басшысы қоғамдағы жастар тәрбиесінде, ел ішінің береке-бірлігін сақтауда қарттардың рөлі зор екенін атап өтті. Өмірдің талай сын өткелдерінде сыналған, қанқұйлы соғысты, жоқшылық пен ашаршылықты көрсе де мұқалмаған, ел үшін тер төгіп, сол еңбектерімен жас ұрпаққа үлгі, өнеге болған алдыңғы буын ағалардың зор тұлғасы қандай құрметке болса да лайық екенін жеткізді. Ал Садық Әлиев ардагерлердің үйлерінде отырып қалмай, қоғамдық шараларға араласып, әсіресе олардың ардагерлер арасында өтетін спорттық шараларға белсенді түрде қатысуын жастардың келешегі үшін дұрыс бағыт деп бағалайтынын айтты. Сөзінің соңында қарттарды құттықтап, аудан басшылығына барша ардагерлер атынан алғысын білдірді.
Шәменов ауылынан келген ауыл шаруашылығы саласының ардагері, бір әулеттің ақылшысына айналған қарт анамыз Рәзия Жүсіпқызының жүрекжарды аналық тілегі көпшілікті тебірентті.
– Қазір шүкір, заманымыз бейбітшілік. Қарнымыз тоқ, тұрмыстық уайымымыз да жоқ. Тәуелсіз елде тату-тәтті, берекелі тіршілік кешіп жатырмыз. Осындай жаңа заманда, бейбіт елде өмір сүріп отырған бүгінгі ұрпақ бақытты. Бізде балалық шақ, жастық дәурен деген болған жоқ. Сұм соғыс біздің әке-шешеміздің, бауырларымыздың басын жалмап, балалығымызды ұрлады. Қаршадай кезімізден колхоздың жұмысына араласып, арам шөп жұлып, масақ тердік. Кешке үйге келгеннен кейін де май шамның сықсиған жарығымен таң атқанша қолғап, шұлық тоқитын едік. Шешеміз,"Құлындарым, осы тоқыған киімдеріңді ертең майдандағы әкелеріңе жібереміз, тоңып жүрген шығар" дейді. Бұл сөзді естігенде күндізгі колхоз жұмысынан әбден қалжырап отырған біздің ұйқымыз ашылып кететін. Көз алдымызға майдан даласында ақ қар, көк мұз жастанып, жаумен арпалысып жүрген әкеміздің аянышты түрі елестеп, тоқып отырған ісімізді қалайда таңға дейін бітіруге тырысатынбыз. Таңертең сығырайып түтіндеген білте шамның майымен бет-аузымыз қап-қара күйе болып оянушы едік. Бүгінгі жастар осы бейбітшіліктің, тәуелсіздіктің қадірін білуі тиіс. Ол үшін мына біз көрген қиындықтарымызды балаларымызға жиі-жиі айтып, оларды татулыққа, еңбеккерлікке тәрбиелеуіміз керек, – деді Рәзия әжеміз.
Иә, расында қоғамның тұрақтылығының, ел ішінің бірлігінің ұйытқысы – осы қадірменді қарттарымыз. Сондықтан арамызда осындай қазыналы қарияларымыз бар кезде жас ұрпақтың да өз жолынан адасапайтыны анық.
Салтанатты шарада Қайратбек Әубәкірұлы зейнет демалысына шықса да, қоғам өміріне белсене араласып жүрген бірқатар ардагерді аудан әкімінің және "Nur Otan" партиясы аудандық филиалының "Алғыс хаттарымен" марапаттап, сый-сияпат көрсетті.
Қуат АДИС