Сүзге ханым
Тарихқа көз жүгіртсек, ер азаматтармен қатар жаумен айқасып, ел үшін басын қатерге тіккен батыр аналар, қыз-келіншектер көп. Олардың бірін білсек, бірін білмеуіміз мүмкін. Ел шетіне жау тиген қиын-қыстау заманда ер-азаматтармен қоса, «Алаш» деп атқа қонған аруларымыз да аз болмаған. Болашаққа қадамымыз нық болуы үшін өткенді саралап, батырлықпен тарих беттерінде өшпестей орын қалдырған батыр қыздарды, ханымдарды дәріптеуге тиіспіз. Солардың бірі – Сүзге ханым.
Сүзге – ХVІ ғасырда өмір сүрген Сібір ханы Көшімнің әйелі. Сібірге іргесін беріп отырған қазақ байы – Сүйіндіктің қызы. Сібір жұртын билеген, бір мәліметте арғы атасы хорезмдік, Көшім ханның әйелі Сүзгенің тарихта қалуының себебі неде? Осы сұраққа жауап іздеу үшін зерттеулерді ақтарып көрдік.
Сүзге ханым 1548-1582 жылдары аралығында өмір сүрген. Қасым ханның кеңесшісі Мейрамсопының кенже немересі. Сүзгенің әкесі Төртуыл елінің билеушісі – Сүйіндік би. 1563 жылы Көшім ханға ұзатылады. Олардың Баймұрат, Бердімұрат, Көбеймұрат атты ұлдары болған. Сүзге ханымға арнап, сегіз сарайлы қала салынған екен. Бұл қала Сүзге – Тура деп аталған. Қазір бұл қала жоқ. Деректер бойынша екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары Тобыл қаласынан солтүстікке қарай теміржол төселгенде сарай-қамалды да, ол салынған төбені де жермен-жексен қылып, тегістеп тастапты. Алайда сарайын жердің бетінен жоқ етіп, жойып жіберсе де, ханшайымның есімін құрта алмады. Бұл күндері сол жердегі теміржол бекеті «Сузгун» деп аталады.
Бiр аңыз бойынша ол 1598 жылы Сiбiр хандығы күйреген күнi тұтқынға алынып, Көшiмнiң басқа әйелдерiмен, балаларымен бiрге Мәскеуге аттандырылған. Онда ол ертерек тұтқынға түсiп, орыс патшасына қызмет етiп жүрген Көшiм ханның жиенi Мұхаммедқұлға қосылған. Басқа аңыз бойынша Сүзге хандық құлағаннан кейiн өз қалашығын бекiттiрiп, бiр айға дейiн жауға берiлмей соғысқан. Күш таусылғанда ол орыстарға «Шығып кетуге мүмкiндiк берсеңдер, қамалды сендерге тастаймыз» деген шарт қояды. Орыстар оған келiседi, бiрақ Сүзгенiң қалуын талап етедi. Жауынгерлерiнiң өмiрiн сақтап қалу үшiн Сүзге бұл шартты қабылдайды. Қорғаушылар кемеге мiнiп, көзден ғайып болғанда, басқыншылар қалаға кiредi. Олар үлкен емен түбiнде жасаулы киiм киiп, қолына қанжар ұстаған Сүзгенiң өлi денесiне тап болады. Көшімнің өзі шегініп кеткенде, қалада қалып, шағын жасақты басқарып, бір ай бойы жаумен кескілесуге кез келген еркектің рухы жете бермесі анық. Сүзге ханым от қарулы басқыншыға қарсы тұрды. Соңына дейін тырысып, қарсы тұрып ел мен жердің намысын қорғады.
Бұл – тарих беттерінің бір парасы ғана. Заманында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Сүзге ханым жайында айтылатын әңгіме, дерек көп. Ол кісінің ер мінезі, ерекше қасиеттері ел жадында сақтаулы. Арулардың ерлігі әйгілі Кирдың басын алып, патшалық құрған Тұмар ханымнан басталып, сол ерлік жолын 1986 жылы қазақ елінің тәуелсіздігінің жолында жанын қиған Сәбира мен Ләззаттар жалғастырды.
Дайындаған Нұр НАУАН