» » » Сексен алтыншы белес

Сексен алтыншы белес

“Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі”. иә, Ахмет атамыз айтқан осы бір ауыз пікір уақытында елдің кәдесіне жараған басылымға берілген лайықты баға болды деуге толық негіз бар. Өлшеммен айтылса керек, зиялым айтқан зиятты сөз қанша уақыт өтсе де, әлі күнге дейін өз құнын жоғалтқан емес. Расында, қазір халыққа руханиятты насихаттауда, өткенді ұлықтап, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетуде, тарихқа терең бойлап, кейінгі буынды патриоттыққа баулуда газет маңызды рөл атқарады. Ағылшындар «Ақпарат саласы ақсаған елдің жүйесі де азады» дейді. Біз осыдан-ақ тек руханиятты насихаттауда ғана емес, елдің өсіп-өркендеуінде де басылымның бәсі биік екенін аңғарамыз. Ғасырға жуық тарихы бар аудандық «Жалағаш жаршысы» газеті де жоғарыда айтылған пікірлерге лайықты жұмыс атқарып келеді.

Былтыр 85 жылдығын атап өткен газеттің осынша уақытта елдің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі орасан. Ілгерілеуде тұтас бір ауданның кәдесіне жарамаса, жалпы жалағаштықтар басылымның бұл тойын ортақ мереке деп айтпас еді. Қалың оқырманның мерейтойда басылымның бүгінге дейінгі өмір жолынан естеліктер айтуы «Жалағаш жаршысы» ұжымының қай уақытта да елдің кәдесіне жарауда аянып қалмағанын аңғартады. Алдыңғы буынның талмай еткен еңбегі бізге өнеге, бір жағынан қарымды қаламгерлер салып кеткен сара жолдан таймай, сүбелі сөзбен оқырманға орамды ой салу өзімізге міндет деп есептейміз.
1934 жылдан бері жарыққа шығып келе жатқан басылымның тарихына үңілсек, бүгінге дейін ауданның бас газеті «Колхозшы», «Күрішшілер», «Коммунизм үшін», «Коммунизм шамшырағы», «Жаңадария» деген атаулармен қалың оқырманға жол тартқан болатын. Ал 1993 жылдан бастап «Жалағаш жаршысы» деген алтыншы атауына ие болды. Осынша уақытта Сахи Жарылқасынов, Жарылқасын Дүйсенов, Смайыл Ақжігітов, Мұрат Нұржанов, Сұлтан Қожаниязов, Жүсіп Алтыбаев, Адис Ахетов, Шілдебай Оңғалбаев, Сұлтан Жүсі­пов, Мырқы Исаев, Айтбай Қойшыбаев, Әзілхан Аманов, Қален Әбдешов, Зордан Салықбаев, Асқар Кіребаев, Мырзамұрат Ілиясов, Тұрсынбай Тәшенов, Кенжеғара Сүлейменов, Мәлік Аяпов, Серік Бертаев, Қарлығаш Әбдірахманова, Ғазиза Әбілдаева, Нағымжан Сауяевтар басшылық еткен басылым қай редактордың тұсында болсын өз оқырманының, тұтас аудан жұртының ыстық ықыласына бөленіп келді. 2018 жылдан бастап тізгінді қолға алған Азиз Батырбеков те оқырманға орамды ой салуда аянып жатқан жоқ.
Басылым сөзімен бағалы десек, ал сөз авторын абы­рой биігіне көтереді. Осы ретте аудандық газет­тің мерейін үстем етуде әр жылдары талмай еңбек еткен қарымды қаламгерлердің жұмысын жоғары бағалаймыз. Қаламын қару санаған алдыңғы буын­ның қатарында Т.Сарыбаев, А.Сәдібеков, Т.Дайрабаев, И.Шахаров, С.Баймаханов, Т.Тә­шенов, М.Ілиясов, М.Аяпов, Ж.Сарбалаев, Қ.Нұр­­­ғалиев, А.Бекарыстанов, Б.Уызбаев, І.Мұс­­­тафаев, Б.Шайланов, Ж.Әбжәмилов, А.Ті­­леу­­­­­­­лиев, Қ.Нұрханов, Т.Ахметовтер бар.
«Жа­ла­­­ғаш жаршысы» газетінің қашаннан ешкімге ұқса­­майтын өз жолы бар. Аудандық газет мате­риалдарының рухани бағыты мен мазмұндық мәні терең, оқырманға ой сала білетіндігімен ерекшеленеді. Бүгінде газет қаламгерлері өңір тынысын айшықтап, аймақта атқарылып жатқан толымды істерді өз мақалаларына арқау етуде. Басылымның тарихына көз жүгіртсек, әр жылдарда газеттің өзіне тән оқырманға орамды ой саларлық ерекшелігі болды. Ал осы бір рухани эстафетаны жалғап, кейінгі буынға аманаттау – бізге міндет. «Жалағаш жаршысы» кеше 86 жасқа толды. Әдебиет пен тарихты байланыстырып, руханиятты насихаттауда ерекше маңызға ие «Қазақ әдебиеті» газетімен аудандық басылымның бір жылы, бір күнде қатар жарыққа шығуында үлкен мән бар. Жасы өскен сайын ақпарат құралының абыройы да арта беруі тиіс. Ал оған жұмыс жасау – бізге міндет.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

11 қаңтар 2020 ж. 629 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930