ГВАРДИЯ КАПИТАНЫ – АДИС АХЕТОВ
Кейбір кісілердің өзін танымасаң да, кейінгіге қалдырған өнегелі сөзін есітесің, ұрпаққа жасаған игілікті істеріне куә боласың. Сондай абзал ағаларымыздың бірегейі – Ұлы Отан соғысының ардагері, гвардия капитаны Ахетов Адис. Жоғарыда айтқанымдай, мен ол кісіні жүзбе-жүз көргенім жоқ, дәм-тұздас та болмадым. Алайда Отаны үшін отқа түсіп, елі үшін еңбек еткен аяулы ағаның есімін бүгінде халқы құрметпен еске алады, жас ұрпақ ерліктің өшпес даңқына айналған асқақ рухына тағзым жасайды.
Жуырда сыйлас, сырлас інім Тұрақ Адисұлына кездесіп, әңгіме арасында әкесі жайында толық білгім келетінін айттым. Сөйтсем, менің Адис ағамыз жайында естігенімнен естімегенім көп екен. Бұрын тек бұл кісі жайында айтылған әңгімелерден: көкірегінде көл-көсір білімі болса да, тобықтан келмейтін таяз тау өзені секілді гүрілдеп асып-таспайтын, туған топырағындағы ағысы баяу, бірақ атан бойламайтын терең дала дариясы секілді байсалды, сабырлы, өзінің нарқын, сөз бен істің парқын білетін, айналасына сыйлы, ауылдың қадірменді ақсақалы болғанын естіп жүретінмін. Енді міне, әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыста бейбіт күнді жақындатуға үлес қосқан жауынгердің майдандағы жорық жолдарымен жанкешті ерліктерін естіп тебірендім.
Тұрақ Адисұлының айтуынша, Адис ағамыз 1934 жылы Қызылордадағы жұмысшы факультетінде (рабфак) оқып, 1940 жылдың қараша айында әскерге алыныпты. 1941 жылғы ақпан айында ВКП (б) мүшелігіне өтіп, наурыз айында Ленинградтағы Ф.Энгельс атындағы әскери саяси училищеге (ЛВПУ) курсант болып қабылданады. Бірақ әскери оқу орнын толық аяқтай алмайды. Ойламаған жерден соғыс өрті бұрқ ете қалады. 1941 жылдың желтоқсан айында училищенің жеделдетілген курсын бітіреді де, лейтенант шенін алып, кіші командирлер құрамында Саратовта құрылып, жасақталған 9-ерекше әуе-десанттық корпусына саяси жетекші болып тағайындалады.
1942 жылы саптық командирлер құрамына ауысып, Волхов, Беларусь майдандарында рота, батальон командирі болады. 1942 жылдың тамызы мен 1943 жылдың маусымы аралығында Самара қаласындағы бронетанк училищесінің қысқа мерзімді курсын бітіріп, 1-Беларусь майданындағы 719 гвардиялық артиллерия полкіне батарея командирі болып тағайындалады. Осы майдан құрамында «Багратион», «Висла-Одер» операциясы күндері Беларусияны, Поляк жерін жаудан азат ету жолындағы кескілескен шайқастарға қатысады. Минск, Бобруйск қалалары үшін болған ұрыстарда үш рет жараланып, қайтадан сапқа қосылады.
Адис Ахетұлы соғыс жылдарында қатардағы жауынгерден батальон командирлігіне дейінгі жолдан өтеді. Әскери шені – гвардия капитаны, "Жауынгерлік Қызыл Ту", "Ұлы Отан соғысы" ордендерінің және "Ерлігі үшін" медальдарының иегері атанады. Бұл дегеніңіз соғысқа қатысқан кез келген қазақ жауынгеріне бұйыра бермеген бақыт әрі ауыр жол. Бұл жайында жауынгердің ұлын сөйлеткенді жөн көрдім.
– Әркімнің әкесі өзіне – асқар тау. Өзінің замандастары, тұстастары секілді менің әкем де өз заманының, өз дәуірінің адал перзенті болды. Соңғы демі біткенше өз ұстанымынан айнымай ел үшін еңбек етті. Біз де әкемізбен мақтануымызға болады. Әкем соғыс туралы көп айтпайтын. Соғыста болғандағы әңгімесін сұрай қалсақ: «Ай, балам-ай, сол соғыстың несі қызық дейсіңдер, сендер соғыс көрмей-ақ қойыңдар, енді соғыс болмасын», – деп қоя салатын. Тек 9 мамыр мерекесінде ауылдағы майдангер құрдас-тұстастарымен басы қосылғанда ғана там-тұмдап болса да кейбір әңгімелерін естіп қалатынбыз. Сондай бас қосудағы бір әңгімесі есімде. Әкем батарея командирі болып жүрген кезде бір қырғын ұрыста дұшпанды бірталай шығынға ұшыратқан. Немістермен болған екі-үш күндік шиеленіскен шайқаста әкемнің батареясы немістердің тас-талқанын шығарып, бірнеше танкін, пулеметтер мен зеңбіректерін, жүзден аса солдаты мен офицерін жойып, жаяу әскерге жол ашады. "Осы ұрыста көрсеткен ерлігім үшін дивизион командирі мені "Кеңес одағының батыры" деген атаққа ұсынатынын естігем. Бірақ кейін орыстар маған сол атақты қимады-ау "Жауынгерлік Қызыл Ту" орденіне ұсынып, капитан деген шен берді", деп күліп отыратын.
Жуырда ғана Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне қарасты «Подвиг народа в великой отечественной войне 1941-1945 гг» деген сайттан әкемнің ерлігі туралы тарихи мәлімет тауып алдым. Бұл мен үшін күтпеген жаңалық, аса құнды мәлімет болды. Бұл құжатта баяғы әкем өзі айтып отыратын ерлігі туралы анық жазылған екен. Дивизион командирінің Адис Ахетовты мемлекеттік марапатқа ұсынған қағазы. Осы құжатта 1944 жылы 24-26 маусым күндері болған ұрыстарда әкемнің батареясының ерлігі баяндалған. Осы екі күндік ұрыста әкемнің батареясы барлығы немістердің 13 зеңбірегін, 9 минаметін, 23 пулеметін, 3 танкін, 180 солдаты мен офицерін жойыпты және өзінің жараланғанына қарамастан батареяны басқарусыз қалдырмағаны, жауынгерлерін тастап кетпегені жазылған. Бір батарея дегенді былай шамалауға болады. Мен өзім де әскерде артиллериялық дивизионда болғанмын. Артиллеристер деген кәдімгі зеңбірекшілер. Әскерде «Артиллерия – соғыс құдайы», «Байланыс – армияның жүйке жүйесі» деген түсінік бар. Артиллериядағы батарея деген әскери бөлімде 3-4 расчет болады. Яғни 3-4 зеңбірек расчеті. Бір расчетта 3-4 адам: расчет командирі, оқтаушы-заряжающий, көздеуші-наводчик. Сонда 3-4 расчетің бір батарея болғанда, бұл бөлімде 10-15 адам болады. Оның өзі егер толық құрамда болса. Соғыс кезінде әскери бөлімдердің көбісі белгіленген толық құрамда болмаған. Әкеміз өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы (САУ) батареясының командирі болған. Бұл танкке ұқсайтын, үстіне зеңбірек орнатылған шынжыр табанды, темір құрсаулы машина. Бірақ танк секілді болат қалқанды емес және төбесі ашық. Бір батарея, үш расчет дегеніміз, осындай үш машина. Осындай машиналарда жоғарыда айтқандай расчет үш-төрт адамнан болғанда 10-15 бес адам. Сонда екі күндік ұрыста немістерге күйрете соққы беріп, ойран салып, қаншама соғыс техникасын жойып, екі жүзге жуық фашисті жер жастандырып, жаяу әскерге жол ашып жүрген осы он қаралы адам ғана. Осы жағдайларды ескерсек, менің әкемнің батареясының ерлігі расында "Кеңес Одағының батыры" деген атаққа лайық болғанға ұқсайды. Осыдан 75 жыл бұрын жазылған мына сарғайған архив құжатындағы жазу менің әкемнің ерлігін паш ететін, мен үшін аса маңызды тарихи құжат.
Центральный архив Министерство обороны Российской Федерации
Подвиг:
24.06.1944 г. Во время прорыва сильно укрепленной полосы обороны противника в районе Колосы, Нова Колосы батарея стар.лейтенанта Ахетова умело маневрируя на поле боя решительно пошла на штурм 1-ой линии укрепленной противника увлекая за собой пехоту.
Будучи раненным стар. лейтенант Ахетов не покинул самоходную установку, продолжал руководить батареей. Расчищая путь пехоте огнём и колесами батарея стар.лейтенанта Ахетова первыми овладели 4-ой линией траншей противника. Уничтожил 6 орудий, 5 минометов, 17 пулеметов, 3 танка-торпеды до 100 солдат и офицеров.
Достойн правительственной награды ордена «Красное знамя».
– Міне, бұл құжат – әкеміздің соғыстағы ерліктерінің нақты айғағы. Егер бұл құжатсыз сөйлесем ол құрғақ әңгіме болар еді, – дейді Тұрақ Адисұлы.
II
Иә, Адис ағамыз көрген соғыс қасіреті өз алдында, оның анадан туған соң да тартқан азабы да аз емес екен. Әке-шешеден жалғыз болған соң Ахет шаңырағының қуанышы да, жұбанышы да осы бала болыпты. Қызылқұм ішін жайлап-қыстаған қалың Шөмекейдің ішінде Ахет ақсақалдың өз орны, салмағы болған деседі. Үбіс бидің немересі Ахет те ел ішіндегі тентек-теліні тиып, ағайын арасындағы дау-шарды дер кезінде бейбіт жолмен шешіп, елдің береке-бірлігін сақтапты. Ал, Айжан анамыздың мінезі қаттылау болғанға ұқсайды. Қай ана баласының іске жарамсыз, нашар болғанын қалайды. Бірде бес жасар баланың басына қаптап жара шығады. Қабыршақтанған «шығу» күннен-күнге ұлғайып, асқынады. Қалың қою шашынан түк қалмай, түсіп қалады. Сонда Айжан анамыз қолдан қи май жасап беті ашылып қанап тұрған жараны сылап жағып, баланың екі қолын киіз үйдің керегесіне байлап тастайды. Қанша дегенмен бала ғой, шыдамсыздық танытып, тырнақ тигізсе қолданған емі қонбайды деген шығар. Сонымен не керек, бала сол орнында үш сағат жатқан соң талықсып кетеді. Сонда Ахет баласын аяп әйеліне: «Жалғызыңнан айырылғың келмесе, босат!», – дейді. «Уақыты болмаса жасаған емнің шипасы болмайды. Егер осы бала өскен соң басы таз болып, ел-жұртқа күлкі болып жүрсе, онда мұндай жалғыздың барынан жоғы», – дейді Айжан анамыз. Алайда осы сөзді айтқанда ана жүрегі езіліп, жанарын жас шылапты. Бірақ Құдайдың құдіретімен және анасының шын пейілімен жасаған сол емі қонып, бес жасар баланың басына қап-қара болып қайтадан шаш шығыпты. Айжан анамызды өзгелерден ерекшелеп тұратын мінезінің қаттылығымен қоса өте кірпияздығы екен. Қай кезде көрсең де үстін мұнтаздай етіп ұстап, сәнді киініп жүреді екен. Баласын да сол кіршіксіз тазалық пен темірдей тәртіпке жасынан тәрбиелепті. Адис ағамыз өз естелігінде: «Әкем ел ісіне араласқанымен, отбасында болғанда маған онша қаттылық танытқан жоқ. Есесіне, шешем қатал кісі болды. Мен бала болып алаңсыз ойнай алмадым. Шешем маған үнемі үйден шығарда: «Мені анау балалардың шешелері сияқты айқайлатпа, үй жаққа қарайлап жүр. Мен үйден шығып қолымды бұлғағанда келетін бол!», – деп ескертетін-ді. Шешемнің сөзін екі етпейтін едім», – депті. Міне, тәрбие!
Бірде шешесі тігіп берген қызыл барқыт күртеше киіп, топ баланың ішінде ойнап жүрген бала Адиске қызылсырап жүрген дала бүркіті түседі. Сол маңайда жүрген малшылар баланы бүркіттің шеңгелінен әрең ажыратып алады. Сөйтіп тағы бір ажалдан аман қалады. Бірақ құлағының сырғалығынан маңдайына дейін бүркіттің қан шеңгелі жыртып жібереді. Құдай сақтап көз жанары зақымдалмайды. Тағы бірде Өзбекстанның шекарасында Қызылқұмның бадоба деген ыстығына ұрынады. Ол кезде Адис ағамыз 10-11 жасар бала екен. Жергілікті халық ол ыстық көтерілгеннен-ақ үйлеріне кіреді немесе бұта көлеңкелерін паналап, жарты сағатқа созылатын аптап толқыны өтіп кеткенше орындарынан қозғалмайды екен. Не керек, аптап тиген бала өлуге айналады. Оған жасалатын ырым бар екен. Алайда ол ырым орындалғаннан кейін ырымды жасаған кісі не ауырып жатқан адам құрбан болады. Ырым жасалады, кешке қарай баланың іші тоқтап, дене қызуы түсіп, төсектен басын көтереді. Бірақ екі күннен соң перзенті үшін тәуекелге барған шешесі дүниеден өтеді...
Тағдыр тәлкегі мұнымен де тоқталмайды. Жасында бірнеше мәрте ажалдан аман қалған ағамыздың алдынан екінші дүниежүзілік соғыстың сойқаны күтіп тұр еді. Қан майданға кіші сержант болып кірген Адис Ахетов соғыста да бірнеше мәрте ауыр жараланады. Денесіндегі жарақаттарды айтпағанда, Ленинградтың әскери госпиталында оқ жұлып кеткен жақ сүйегінің өзіне тоғыз мәрте ота жасалады. Тұла-бойында сау-тамтық қалмаған жауынгер соғыс аяқталған соң елге аман-сау оралып, отбасын құрып, жары Бостанкүл апамыздан он бір бала сүйеді. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі». Мұндайда қазақ «періштесі қақты» дейді...
Көзін көргендердің айтуынша, Адис ағамыз темір және ағаштан түйін түйген ұста болған деседі. Алайда ұсталықпен түбегейлі айналыспаған. Сонымен бірге бейнелеу өнерін де шебер меңгергенге ұқсайды. Майлы бояумен салған табиғат пейзаждары әулеттің архивінде сақталып тұрған көрінеді. Сабырлы, салмақты, салиқалы, қарапайым мінездің иесі болған ағамыз шежірені де түп-тамырдан таратып, ата жолын ұрпағына ұлағаттап кетіпті. Ағамыздың артында соғыс жылдарында жазылған бір кітапқа жүк болар өлеңдері де қалған.
III
Адис Ахетұлы майданнан оралған соң, «Жаңаталап» совхозында ферма меңгерушісі, бухгалтер болып жұмыс істеді. 1951-1954 жылдары Жалағаш аудандық «Күрішшілер» (қазіргі «Жалағаш жаршысы») газетінің редакторы болады. 1954-1958 жылдары Алматыдағы жоғары партия мектебінде оқиды.
1958-1960 жылдары аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, ал 1964 жылы тыңнан бой көтерген Аққыр қаракөл-қой совхозында ауыл шаруашылығында еңбек етеді. Майдангер ақын, соғыс және еңбек ардагері Адис Ахетұлының есімі 2007 жылы «Дәуір» баспасынан ғұмырнамалық жинақтар сериясы бойынша шыққан «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» жинағының 14-ші томына енгізілген. 2008 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрген «Жалағаш жері – жыр кені» кітабында өмірбаяндық деректері мен майданда жазған өлеңдері жарияланған. 2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай шыққан «Майданнан хат» деп аталатын жинаққа майдангер ақын Адис Ахетұлының өмірбаяны мен майданда жазған бірнеше өлеңдері енгізілген. 2007 жылы «Дешті қыпшақ» баспа үйінен жарық көрген Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының өлеңдер жинағының алғы сөзі ақын Адис Ахетұлының «Тұрекеңе» деген арнау өлеңімен ашылған.
Адис Ахетұлы 1991 жылы 7 қараша күні 78 жасында дүниеден озды.
IV
КПСС Орталық комитеті мен СССР Министрлер Советі 1964 жылы «Шөл мен шөлейт аймақтарды игеру» жөнінде қаулы қабылдады. Соған сәйкес ауданның Қызылқұм аймағында Аққыр қаракөл-қой совхозы құрылды. Ауылда туып, ауылда өскен, ауылдың бар қадір-қасиетін жастайынан бойына сіңірген Адис Ахетұлы 1964 жылдан бастап өмірінің соңына дейінгі уақытын қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтаған, елі тілеуқор, жері киелі, тұрғындарының ниетінен сауап саулап тұратын Аққыр совхозында өткізеді.
Қызметті үлкен-кіші деп таңдамады. Көп жыл совхоздың есепшілік жұмысын атқарды. Қандай жұмыс атқарса да жауапкершілікпен қарап, адал еңбек етті. Артынан сөз ермеді. Ауылдың өсіп-өркендеуіне, жаңа шаруашылықтың экономикасының нығаюына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына белсене атсалысты. Елді ауызбірлікке шақырып, халықпен бірге болды. Үлкенді-кішілі басқосулар мен алқалы жиындарда келелі мәселелер жайлы ой тастап, шындықты ту етіп ұстап, өткір де, ойлы сөздерімен жұртшылықтың талабын тиісті орындарға дау-дамайсыз жеткізіп отырды. Өзі туған және еңбек еткен ауылында айтулы орны бар, қалдырған ізі бар, жасампаз салиқалы сөзі бар, өшпейтін өнегелі ісі бар Адис Ахетовты замандастары ауылдың айбаты дейтін. Иә, айтса айтқандай, ағамыздың терең білімді, адамгершілігі жоғары, жора-жолдастар мен ағайын-туысқа қамқоршы-жанашыр, адал да әділ, үлкенге де кішіге де бірдей ілтипатпен қарайтын, өзін зор санаған ұлықтардың алдында жалбақтауды жақтырмайтын, сөзбұйдалықты ұнатпайтын, орынсыз мадақты қабылдамайтын ар-намыстан жаратылған өз заманының нағыз ері болғанын білеміз.
Біз ерлікке, даңқа, өнегеге толы өткен өмірлері арқылы тарих парағын қалыңдатқан тұлғаларды еске алып, ұлықтауға, құрметтеуге, олардың рухына тағзым етуге тиіспіз. Өйткені тарихқа айналған олардың өмір жолдары кейінгі ұрпақтың келешегіне бағыт береді. Уақыт озған сайын тарих беттері қалыңдай береді. Сол кезде бұл жазбамның тарихи құны да, тәрбиелік мәні де арта түсетініне күмәнім жоқ.
Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Қазақстан Журналистер және
Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі