ОҢАЛБАЙ ИШАН
Әділ билігімен аты шыққан Қалам бидің есімі осы Сыр өңірі халқына мағлұм. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады». Қалам бабамыздың да арты қара қойдың шарындай қиыр-шиыр емес, жөңкілген жондай жол қалған. Сол қасиет қонған ұрпағының бірі – Оңалбай ишан.
Оңалбай ишанның да әулиелігімен аймаққа аты мәшһүр. Оңалбай бала күнінен зерек, алғыр болып, молдадан хат таниды. Ойы түзік, бойы тақуа, айналасындағы ағайындарына шарапаты тиген сәулелі кісі болыпты. Бірде Оңалбай ишан құм ішіндегі жалғыз үйін жығып, Сырға қарай жақындайды. Құмды қуырып тұрған шіліңгір шілденің кезі болса керек. Сол үшін сапарын түнге қамдап, ымыртта көшін жүргізеді. Жол ұзақ, түн ауа демалмақ болып қоналқаға тоқтайды. Су жағасына түйелерін шөгеріп, ауқаттанамын деп жүргенде таң да қылаң береді. Таң намазына ниет қылған Оңалбай түйенің жанында байланып тұрған құманмен дәрет алады. Алакеуім уақыт. Барша ойы, ниеті Құдайға құлшылық болып тұрған ол құмандағы суға да мән бермейді. Бірақ дәрет алып болған соң жуынған суының тым майлы әрі жұмсақ екенін аңғарады. От жағып жатқан әйелі түзден келе жатқан күйеуіне: «Қап, тақсыр, ондағы су емес, сүт еді ғой», – дейді. Сөйтсе, әйелі күндіз көш қамымен жүргенде қақпақты аққұманға сүт құйып, атанға артылған жүктің бір пұшпағына байлай салған екен. Бұл сөзді естіген Оңалбай ишан бір сәтке дағдарып қалып: «Қап, обал-ай, Алла өзің кеш! Әй, бәйбіше, енді біздің тұқымымыз тарамайтын болды-ау», – деп қатты өкініпті. Айтқанындай, Оңалбайдың кіндігі балаға жарымапты. Артында Әбдікәрім, Қаппар, Дәнше деген үш бала қалады. Бірақ өзі қауіп қылғандай, алдыңғы екеуінен ұрпақ болмайды. Ал Дәншеден жалғыз ұл қалыпты. Оңалбай ишанды Құдай ұрпақтан қысқанымен, балаларын ел қошеметінен, абырой-даңқтан кенде қылмапты. Оңалбай ишаннан қалған Әбдікәрім Оңалбаев алты алашқа атағы жайылған ақын атанды. Қатардағы қаламгер ғана емес, әділдікті сертке ұстаған адал, ақиқат алдаспанындай ақын ретінде ел жүрегінде қалды. Ұзақ жылдар облыстық, республикалық газет-журналдарда жауапты қызметтер атқарды.
Тақуа тектінің тұяғы, ақындығымен де, адамдығымен де, адалдығымен де жарқырап алда жүретін, бұқара мен биліктің бәсінде халқының сойылын соғып, үлкен құрметке ие болған кісі.
Бірде Әбдікәрім әкеміз қызмет бабымен елге келеді. Жол түсіп келген соң арнайылап өзінің туған ауылы Мақпалкөлге соғып, таяуда ғана қайтыс болған Ұмсын деген жеңгесінің шаңырағына барып көңіл қосын білдіреді. Құран оқылып болған соң үй иесі шидің ішінде бағылған марқа қозыны әкеліп бата сұрайды. Сонда Әбдікәрім: «Жоқ, айналайындар, әуреге түспеңдер. Мені шетте жүр демесеңдер, бұл ауылға қонақ емеспін. Кіндігімнің бір ұшы осы жерде жатыр. Бұл ауылдан да, мына отбасынан да сыбағамды жеп жүрмін ғой. Тек жеңшеме жел батамды оқып кетейін деп келдім. Бүгін қалайда қайтуым керек, газеттің шұғыл тапсырмасымен жүрмін», – деп өзінің асығыс екенін айтады.
«Ауылға ақын келіпті» дегенді естіген ауылдың бүкіл кәрі-жасы жиылғанда Әбдікәрімнің түрін қызықтауға емес, әңгімесін тыңдауға келіп отырғаны белгілі. Аяулы ұлдарын құшағынан босатқысы келмейді. Сонда ауылдағы Сейітжан деген кісі Әбдікәрімнің алдына жүгініп отыра қалып: «Аға, жол жүріп, шаршап келдіңіз. Білеміз, қызметтегі жұмысбасты адамсыз. Біз де буынсыз жерден селебе сілтеп, сізді қинап отырған шығармыз. Дейтұрғанмен, өзіңіз айтқандай бұл өзіңіздің туып-өскен жеріңіз. Мына ауылдастар түгел жиылғанда сізден сүбелі сөз дәметіп келіп отыр. Қыран бүркіт алған аңының өкпе-бауырын суырып жеп алып, тояттап ұшып кетеді екен де қыранның олжасының қалған етіне қарғалар қарық болатын көрінеді. Сіз де көзіңізге ілінген қараны қалт жібермейтін көкте қалқыған алғыр қырансыз ғой. Тым болмаса мына қойдың жылы-жұмсағынан ауыз тиіңіз, бізге қалғаны да болады», – дейді. Осы сөзден кейін Әбдікәрім аңқылдаған ауылдастарына ешқандай уәж айта алмай, сол күні амалсыздан қонақ болыпты.
(Шежіреші Өміртай Кемеловтың айтуы бойынша жазылды).
Қ.АДИС