» » » Ақпарат айдынында керілген желкен

Ақпарат айдынында керілген желкен


28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Мереке қарсаныңда аудандық “Жалағаш жаршысы” газеті аймақ бойынша үздік аудандық газет болып танылып облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың алғысымен марапатталды. Ақпарат ағыны үстемдік етіп тұрған бүгінгі өмірімізді бұқаралық ақпарат құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Медиа кеңістікте ғана емес, өркениет көшіне бет алған даму тіршілігімізде журналистиканың айрықша орын алатынын ешкім де теріске шығара алмайды. Оның жалпы қоғамдағы биік құндылықтарды қалыптастырып, өркендету жолындағы негізгі құрал екенін күллі әлем мойындап отыр. Шерхан Мұртаза “Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ” деп, осы бір мамандық иелерінің қоғамдағы рөлін бір ауыз сөзге сыйдырады.
Ақпарат айдынында өзіндік ор­ны бар «Жалағаш жаршысы» га­зетінің қашаннан ешкімге ұқсамай­тын өз жолы бар. Басылым мате­риал­­да­ры­ның рухани бағыты мен маз­мұн­дық мәні терең, оқырманға ой са­ла бі­ле­тіндігімен ерекшеленеді.
Өткен жылы 85 жылдығын атап өт­кен газетке маған дейін Сахи Жарылқасынов, Жарылқасын Дүйсенов, Смайыл Ақжігітов, Мұрат Нұржанов, Сұлтан Қожаниязов, Жүсіп Алтыбаев, Адис Ахетов, Шілдебай Оңғалбаев, Сұлтан Жүсіпов, Мырқы Исаев, Айтбай Қойшыбаев, Әзілхан Аманов, Қален Әбдешов, Зордан Салықбаев, Асқар Кіребаев, Мырзамұрат Ілиясов, Тұрсынбай Тәшенов, Кенжеғара Сүлейменов, Мәлік Аяпов, Серік Бертаев, Қарлығаш Әбдірахманова, Ғазиза Әбілдаева, Нағымжан Сауяев сынды қаламгерлер басшылық еткен.
Ауданның жасампаз істерге толы шежіресін жазуға «Жалағаш жаршысы» газетінің қаламгерлері де зор үлес қосып келді деп айтуға болады. Газеттің 86 жылдық тарихында өңір жылнамасы, тарихи сәттердің шежіресі жатыр. Осы уақыт аралығында бұл газет елдің көкейіндегісін айтатын, еңбек­керлердің ерен еңбегін жариялаған басылым бола білді. Аудандық газетте әр жылдары қызмет атқарған Т.Сарыбаев, А.Сәдібеков, Т.Дайрабаев, И.Шахаров, С.Баймаханов, Т.Тәшенов, М.Ілиясов, М.Аяпов, Ж.Сарбалаев, Қ.Нұрғалиев, А.Бекарыстанов, Б.Уызбаев, І.Мұстафаев, Б.Шайланов, Ж.Әбжәмилов, А.Тілеу­лиев, Қ.Нұрханов, Т.Ахметов сынды қарымды қаламгерлер өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Баспасөз саласында басылымның беделін арттырып, биігін төмендетпеу – кез келген редакция ұжымының басты мақсаты. Сондықтан газет бетінен түрлі айдар ашып, ел руханиятының дамуы мен әлеуметтің әлеуетіне қатысты мәселелерді тілшілердің қаламына арқау етуі де заңдылық. Бұл жұмыстар бірінші кезекте оқырман мен басылымның арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсері анық. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы тегін айтпаса керек. Газеттің сапалы әрі мазмұнды шығуы бір ғана редакторға байланысты емес. Онда тілшілердің, тіпті редакциядағы әрбір қызметкердің үлесі жатыр. Қазақта “Саусақ бірікпей, ине ілікпейді” деген сөз бар. Кез келген жұмыс “Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанда” ғана жемісін береді. Мұндайда “жұмыла көтерген жүк жеңіл” деп жатамыз. Редакциядағы жұмыс та ымыра мен ынтымақты талап ететінін естен шығаруға болмайды.
Журналистика – бұл өте қауіпті әрі қызықты мамандық. БАҚ өкілдері басқа мамандық иелерінен кез келген шарадан ақпарат тарата алатындығымен ерекшеленеді. Кейде күн демей, түн демей материал дайындау жолында ұйқысыз, тынымсыз, дамылсыз уақыт өткізеді. Елдегі небір тарихи жағдайларды, мерекелік, мәдени-көпшілік шараларды ақпараттандырады. Бұл мамандықтың қызықтығы сонша, журналист егінші, малшы, мұғалім, тіпті дәрігер болып кейіпкерінің болмыс-бітімін жасайды. Қаламы арқылы тұлғаны дәріптеп, түсірген бейнесі арқылы оқиға желісін таспалап жатады. Кейде соғыс болып жатқан аймақтардан хабар таратады. Алапат өрт, су тасқыны сынды төтенше жағдайлардың да бел ортасында жүреді. Мұндайда журналист тарататын ақпараттың маңыздылығы соншалық, күллі әлем назарын аударып отырады. Осыдан-ақ журналистің қоғамдағы қаншалықты маңызды рөл атқаратынын аңғаруға болады. Журналистиканың әлемдегі ең қауіпті деген мамандықтың қатарында екенін айта кеткен жөн.
Облыстық және аудандық басылым­дардың басын біріктірген «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қосылғалы бері газет мүмкіндіктері артып, жаңаша форматпен шыға бастады. Редакцияның материалдық-техникалық жарақтандырылуы заманауи сипат алды. Серіктестік жанынан “Сыр медиа” академиясы құрылды. Сондай-ақ радио орталыққа негізделген студия ашылды. Одан бөлек, серіктестік журналистерін Алматы, Астана және Ресейдің Мәскеу қаласына біліктіліктерін арттыру мақсатында арнайы іс-сапарға жіберілді. Халықаралық форумдарға қатысқан журналистер өз ойларымен бөлісіп, тың идеяларын ұсынуда. Бүгінде журналистердің біліктілігін арттыру, заман талабына сай цифрлы технологияларды меңгерту күн тәртібінен түспей отыр. Ғаламтор арқылы бұрынғыдан бетер кеңейе түскен ақпарат алаңы әлеуметтік желілермен толықты. Біз журналистерімізді заман талабына жауап бере алатын маман ету үшін жан-жақты жұмыс жасаудамыз.
Ғасырға жуық тарихы бар аудандық басылымның руханияттың жаршысына айналған «Қазақ әдебиеті» газетімен бір жылы, бір күнде жарыққа шығуында да үлкен мән бар. 1934 жылдың 10 қаңтарынан бері «Колхозшы», «Күрішшілер», «Коммунизм үшін», «Коммунизм шамшырағы», «Жаңадария» деген атпен халықтың айнасы болған басылым 1993 жылдан бастап Жалағаш жұртының жаршысына айналды. Бүгінде Бақыткүл Ташкенбаева, Қуат Ахетов, Алтын Ізтелеуова Кенжетай Қайрақбаев, Эльвира Жұмабекова, Нұрсұлтан Қазбеков, Нұржамила Алмасқызы, Ерлан Созақбаев, Нұрсұлу Сахи, Жасұлан Оспанов, Наурызбай Мұрсал сынды бүгінгі қызметкерлері де аудандық басылымның сапалы әрі мазмұнды шығуына атсалысып келеді.
Кез келген өңір үшін ақпараттық жүйенің бәсекеге қабілеттілігі айрықша басымдық алып, газеттің баспа нұсқасымен бірге электрондық жүйесін қатар дамыту талабы қойылып отыр. Газеттің электронды нұсқасы әзірленіп, бүгінде әлемнің қай түкпірінен оқимын деген адам болса да мүмкіндік бар. Газет сайтына жергілікті жаңалықтармен қатар әлемде болған оқиғалардың ақпараттары беріліп отыр. Бұл жағынан алғанда “Жалағаш жаршысы” тек аудан айнасы ғана емес, сонымен қатар жаһан жаңалықтарының жаршысы болып келе жатқанын атап өтуге болады.

Азиз БАТЫРБЕКОВ
28 маусым 2020 ж. 357 0