МӘМБЕТ БИ

Аңыз әңгіменің артында шындық оқиғалар тізбесі жатады. Ол өткен тарихымыздың ауыздан-ауызға тарап жеткен шежіресі – жазба тарихтың негізі. Сондықтан ел аузындағы әрбір әңгімелерді ой елегінен, тарихи деректер сүзгісінен өткізіп барып пайдаланғанда ғана мол қазына, рухани байлық болмақ.

Ел ішінде есімі аса құрметпен аталатын, сары даланың сары жолынан үзіліп естілетін аңыз бен ақиқат иесінің бірі – Шөмекей Мәмбет аталық. Мәмбет аталық есімі Сыр мен Қыр арасында жиі айтылып жүрсе де, бүгінде баба айтқан ұлағатты сөздері мен тәрбиеге байланысты кеңестері, атқарған қызметтері туралы жетімсірей жеткен сөздер ғана бар. Мәмбеттің адамгершілігі мен ақылдылығына тәнті болған халық оның есіміне аталықты қосып беріпті. Аталық Шығыс елдеріне жалпы оның ішінде қазақ еліне де қамқоршы, ақылшы деген мағына береді. Нақты айтсақ, бұл атақ ханның ұлдарын тәрбиелеуші дегенді білдіреді. Кейіннен хан сарайындағы шендік атаққа айналған. Ел басшысының отбасына аталық кеңес беру екінің бірінің қолынан келе бермейтінін ескерсек, Мәмбет бабаның ірі тұлға болғанын пайымдауға болады. Мәмбет әрдайым кіші жүз ханы Әбілқайырдың қасынан табылып, оның көрші орыс патшалығымен қарым-қатынаста болуына атсалысты.
Мәмбет аталық жөнінде Қазақстанның халық жазушысы, белгілі қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң» атты тарихи кітабында: «...Төртінші күн дегенде (жауды жеңгендер үшін той жасағанда – Т.Д.) тойдың тарағанын паш еткендей тайтұяқ бастаған тоғызды жетелеген Кедей, Жаналған, Бақа, Киікбай бастаған Шөмекейлер тобы Ырғыз бетке жылыстап шыға береді», – делінсе, енді бір жерінде «Хан басын көтеріп, жан-жағына қарады. Қасындағы Мырзатайды шынтағымен қағып былай ығыстырып, аржағындағы Айбастың Арыстанбайын иек қағып, қасына шақырды: «...Жиырма бес алшыннан жанға-малға кемдігі жоқ, ең нуының бірі Шөмен еді. Олардың неғып мұндай тойға жүдеу келгендерін түсінбедім. Рас, ұсақ үш Шөмекейдің қамшысы түгелге жуық, бірақ ол үшеуінің бірі қосылып, бір Бозғұлдың қарасын толтыра алмай тұр ғой. Сіздің сол көп ауылдан Келдібайдың екі төлі Киікбай екеуіңнен басқа ешкім көзге түспеді. Не ойлағандарың бар еді? Жылтырдың (Желдердің – ред) төрт бұйда ұстары – Жәдік, Ылман, Шыбынтай Кенже, Қаратамыр Мәмбет, Балқы Бәйбек Шөмен атамның көшін арқар ұрандының қай ауылының күлінің астына апарып шөгерейін деп жүр? Қарабас, Жаңбыршылардан артылып, Шөмекейлердің шүйделеріне де аунайын деген-ау. Әйтпесе іргедегі Ырғызда тұрып, аттарына жем түсе қояды дейсің бе? Әлде, көкіректері көлдеудегі көп жылқының пысқырғанына күпті ме?» – дейді Әбілқайыр. Міне, осылайша Әбілқайыр хан көп Шөмекейге емес, ел тұтқасын ұстаған азаматтарға өкпесін айтқан екен.
1738 жылдың 3-ші тамызында Орынбор шекаралық комиссиясының бастығы В.Н.Татичевтің қабылдауында болған Әбілқайырдың он екі биінің бірі – осы Мәмбет аталық. Яғни ант берген ру ақсақалдарының, билерінің ішінде (56 адамның бірі болып) кіші жүз Алшын, Шөмекей – Мәмбет аталық Бұлғақ баласы да болған. Ант қабылдау құжатына Әбілқайыр хан мен баласы Ералы сұлтанның мөрлері басылып, билер қолдарын қойған. Мұны «Айқап» журналында «Қазақ қай заманда Россияға қосылған?» атты М.Серәлиннің (1913 жылғы – Т.Д) мақаласынан оқып танысуға болады. Жазба деректерде осылай жазылып қалған болса, ауызша деректер де бұдан алшақ емес.
Мәмбет аталықтың жас шамасын айғақтау мақсатымен демографиялық (текті есептеу) зерттеулер бойынша әрбір аталық арасын 25-30 жастан есептегенде, Мәмбет ата шамамен 1704-1769 жылдары өмір сүрді деп топшылауға болады.
Мәмбет аталық туралы айтқанда, жазғанда оның шығу тегі мен жасы ғана емес, қазақ халқы үшін атқарған еңбектерін, халық ісіне араласқан саясаткер, қайраткер болғанын қалың қауымға жеткізу абзал. Біріншіден, Еділ бойындағы Қалмақтар мен Башқұрттар, Түркімендер, Жоңғар Алатауындағы қоңтайшылар елді бүліншілікке ұшыратқан тар кезеңде Әбілқайыр көршілес, іргелі ел Ресейге бодан болуға келісім білдіргенде сол тұстағы хан саясатын қолдаған адам. Екіншіден, ханның кейбір саясатына келіспеушілігін де білдіріп отырған. Бұдан Мәмбет аталықтың хан мен халық арасында ықпалды адам болғанын тани түсеміз.
Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін оның орнына Нұралы сұлтанды хан етіп сайлауға генерал-губернаторға арнайы хат жазып, үндеуге қол қойғандардың ішінде басы Жәнібек тархан болса, үндеуге қол қойғандардың бірі де осы Мәмбет аталық. Ал осының алдында (1748 жылдың 21 қыркүйегінде) Бопай ханшаға көңіл айтуға Нұралы сұлтанмен келгендердің ортасында қаратамыр Мәмбет аталық та болған. Және де ол Әбілқайырдың өлімін анықтауға белгіленген төрт бидің бірі болып тағайындалған.
Қорыта айтқанда, халық жадында заман жаңғырығы болып, бүгінге жеткен Мәмбет аталық – қазақ халқының тұтастығы үшін күрескен қайраткер.
Кейде Мәмбет биді батыр деп атайды. Ол Әбілқайыр ханның ұсынысымен 1723-1724 жылдардағы қазақ даласында өткен «Бұланты», «Білеуті», «Аңырақайда» жоңғар қоңтайшыларының жасағымен болған ұрыстарда қазақ халқының қолбасшысының кеңесшісі болса, кейінірек хан Әбілқайырға аталық болған кісі.
Мәмбет аталық қыс айында Арқа жақта қайтыс болып, «аманаттап» жер қойнына тапсырады. Күн жылып, тоң еріген шақта «аманат» денені Қожа Ахмет Яссауи мавзолейіне әкеліп жерлейді. Бүгінде оның есімі қазақтың хан, сұлтан, билерімен бірге жазылады.
Мәмбет Бұлғақұлының:
Алғашқы тәрбие – анадан,
Ел билеуі – әкеден.
Санасы бардың, сапасы болар,
Бүгінгі бала бүркіт, ертеңгі қыран бүркіт болар, – деген даналық сөздері бізге жетіп отыр.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, ғалым



12 шілде 2020 ж. 672 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930