» » » ТУҒАН ӨЛКЕ – ТҰНҒАН ШЕЖІРЕ

ТУҒАН ӨЛКЕ – ТҰНҒАН ШЕЖІРЕ

Кез келген азамат өзінің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне терең бойлай алуы керек. Туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды білуден басталады. Еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Мұны Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап өткен болатын.

Көне Жент қаласының орны қазіргі уақытта 40 гектардан астам аумақты алып жатыр. Қала қирандыларының мерзімделуін әр ғасырларға жатқызуға болады. Қаланың солтүстігін су жүрген арық-канал кесіп өтсе, оның солтүстік-батысында ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда Хиуа хандары қам кесектен салдырған ғимараттар, мұнаралар мен тұрғын үйлердің қабырғалары сақталған. Қаланың бас қақпасы дуалдың оңтүстік-батысында орналасқан.
Қаланың орталық бөлігіндегі цитадель мен оның маңындағы күзет мұнарасы, қаланы сыртынан терең етіп қазылған ормен айнала қоршаған қорған-дуалдар да кейінгі ғасырлармен (ХҮІ–ХҮІІ ғ.ғ.) мерзімделеді. Цитадельдің ғимараты қам кесектерден қаланып, ортасынан жүргізілген дәлізбен екі бөлікке бөлінген. Оның әрқайсысы 8-10 бөлмеден тұрады. Күзет мұнарасының жалпы пішіні сегіз қырлы, сабан мен малдың майда сүйектерін қосып иленген қам кесектерден (пахса) қаланған. Биіктігі – шамамен 7 метр. Көптеген ғимараттардың құландылары қаланың орталық бөлігін кесіп өткен үлкен каналға жапсарлас салынған және қазіргі уақытта үстіне керамика сынықтары шашылып, үйілген құм төбелер мен қабырғалардың қыштардан қаланып қираған тұғырлары күйінде жатыр.
Ортағасырлық тарихи деректерге сүйенсек, ІХ–ХІІ ғасырларда қалада мұсылман дінін ұстанған оғыз бен қыпшақ тайпалары қоныстанған. Сол замандарда төменгі Сырдың бойында орналасқан Жанкент, Баршынкент, Сығанақ, Асанас қалалары бірігіп, Жент өлкесінің қалалар тобын құрады. Сол замандарда қаланың көркейіп, үлкен беделге ие болғаны сондай, тіпті кейбір деректерде Арал теңізін Жент көлі деп те жазған.
1220 жылы Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы бастаған моңғол әскері Сырдарияның төменгі ағысындағы қалаларды басып алып, содан соң Жент қаласын қоршауға алады. Қала әміршісі Құтлық Хорезмге қашып кетіп, басшысыз қалған қала халқы моңғолдарға табанды қарсылық көрсете алмайды. Сол кезде моңғолдар халықты сыртқа қарай айдап шығып, қаланы тоғыз күн бойы тонайды. Қала түбінде бірде-бір моңғол сарбазының қаны төгілмегесін Жошы хан да қала халқын қырғынға ұшыратпай, оларға рахымшылық жасайды.
Моңғол шапқыншылығынан кейін Жент қаласы қайта жанданып, Сыр өңіріндегі ірі мәдени-экономикалық орталыққа айналады. Қалада ақша сарайы жұмыс істеп, күміс және мыстан соғылған теңгелер шығарылды. Бірақ бұл кезде қаланың Жент атауы Жаңақала болып өзгерген. Бертін келе Жаңақала Жаңқалаға айналған.
1946 жылы Сырдария мен Әмударияның аралығында орналасқан ежелгі және ортағасырлық қалалардың орнын толық аралап шыққан Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының жетекшісі, профессор С.П.Толстов алғаш рет Жент қаласының негізгі орнын тауып, ол Жанқала жұрты деген тұжырым жасайды. 1961 жылы С.П.Толстов қала орнына екінші мәрте барлау және зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оның айналасындағы көне суғару жүйелерін біршама зерттеп, қала тұрғындары негізінен егін шаруашылығымен айналысқан деп топшылайды.
Кейін 2009 жылдың жазында Қызылорда облысының «Мәдени мұра» өңірлік бағдарламасы шеңберінде Алматы қаласындағы Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары мен «Археологиялық сараптама» ЖШС-ның археологтары қала орнына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде қала қойнауынан оның бағзы замандарда мәдени-экономикалық дамуының жарқын дәлелі болатын көптеген құнды артефактілер табылды. Сонымен бірге бұл қаланы зерттеуге ұланғайыр жұмыстар атқарған қаламгер әрі тарихшы-өлкетанушы Ахмет Тілеулиев те көп еңбек етті.
Айта кетейін, өткен жылы осы тарихи көне қалаға барып, ашық аспан астындағы музейдегі жәдігерлерді көзбен көріп қайтқан едік. Жалпы Жент қаласының географиялық орналасуы, қала архитектурасы, ондағы көне жәдігерлер қалдығы, мұнан бөлек таза ауасы мен көз сүйсінер табиғаты кімді болса да таңдай қақтырары анық.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ


11 шілде 2020 ж. 1 470 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930