» » » Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры

Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры

Тарих қатпарында қатталып жатқан өткен күндердің бәрінде бабалардың асқақ арманы мен өр рухы жатыр. Азаттық аңсап, бодандықтың бұғауында бұлқынған қазақтың сол өр рухы кешегі «желтоқсанда» сілкініп, аңсаған арманы орындалды.

Сол жылы тәуелсіздікке ұмтылған қа­зақ жас­та­рының қайсар рухы желтоқсан ызға­ры­нан да қай­мық­пады. Ұлдарымыздың қа­ны, қыздарымыздың көз жасы төгілген сол алатау бөктеріндегі қаладан бастау ал­ған тәуелсіздіктің жылы лебі күллі қазақ дала­сының қан тамырына нәр беріп, жаңа тыны­сын ашты. Қаншама ғасырлар бойғы бабалар арманы орындалып, көк туымыз тұғырға қон­ды. Қазіргі тәуел­сіз Қазақстан – ата-ба­­баның орындалған шұғылалы арманы, сар­ғайып күткен сағынышы.

Тәуелсіздік таңын аң­саған ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды десек, қателеспейміз. Сондықтан азаттық тарихы арнайы әңгімеге үздіксіз тиек боларлықтай ұлы тақырып екенін қа­зіргі ұрпақ ешқашан естен шығармауы керек. Мұндай бақытқа ынтымағы жарасқан, ауызбір­шілігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді.

Тәуелсіздік жылдарында еліміз небір қиын бе­лес пен биік асудан асып, ұлы жолдарды жүріп өт­ті. Халқымыз еркіндіктің лебін еркін сезінді. Отыз жыл­да қол жеткізген толайым табы­сымыз жетер­лік. Жер-жаһан жұртшылығы әлемдік картадан Қа­зақ­стан елінің пайда бо­луын зердесіне тоқыды. Осындай сындарлы жылдарда қазақ жерінде, өз елінде ынтымақ пен бірлікті ұйыта білген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев елді берекелі істерге бастай білді. Көрегендік көрсете білген Ел­ба­сымыз бүгінде әлем елдері алдында дара тұлғаға айналды. Қазақстанның ғана Көш­бас­­шысы емес, ол әлем лидері атанды. Оның басты айғағы ретінде әлем елдерінің қауіпсіздігін сақтауда өлшеусіз үлесін қосып келе жатқанын айтуға болады. Осындай са­рабдал саясатының арқасында бастан өткізген сонау дағ­да­рыс уақытында даналықпен ел бекемдігін арт­тырып, экономикасын өрістетті. Сындарлы сәтке қа­рамай, ел ордасы Астананың іргесін бекітіп, талай жанның қасіретіне айналған Семей полигонын жапты. Тәуел­сіздік нышаны Конституцияны қабылдау, мем­лекеттік рәміз­дерді әзірлеу, Қазақстан халқы Ассам­блеясын құру, астананы ауыстыру, көрші елдермен тарихи келісім-шарттар жасау, ЕҚЫҰ-ның Астана саммитін өт­кізу секілді қарбалас тірлік­тер жан-жақтан күтіп тұр­ды.

Ата-бабамыз «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан бірлік – Қазақстан халқының өмірлік кредосы. Елдің бірлігін, ынтымағын, татулығын, тыныштығы мен тұрақтылығын қалып­тастыра ұстай білу – өте жауапты міндет.
Бүгінде керегесі кең, болашағы байып­ты да байсалды, келешегі кемел, іргесі бекем, шека­расы шегенделген, өркениет өрі­сіне қадам басқан іргелі елге айналдық.

Осы орайда еліміздің Тұңғыш Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың ерен еңбегі мен салиқалы сая­саты жарқын болашаққа жол ашқанын айтуы­мыз тиіс. Жасыратыны жоқ, ел арасындағы ауыз­бірші­лікті, татулықты, тұ­рақтылықты, достықты сақ­­­тай отырып, мем­­лекетіміздің экономикалық да­­­муын, өсуін қарыштатты. Бұл – елім деген адал пер­­­зент­тің ғана қолынан келетін іс. Сөйтіп Қазақс­тан­ды әлем мойындаған қабырғалы елге ай­нал­дырды. Тәуелсіздікті ту ете отырып, ұлты­мыздың Мәңгілік Ел болып қалуын мақ­сат етті. Сондай-ақ уақыт үндестігінен ұлт­тық құндылықтың үйлесім табатындығын дә­лел­дей білді. Мемлекетімізді Ұлы дала еліне айналдырып, оның ежелден қалыптасқан мә­­дениеті мен үрдісін дәріптеуді мұра етіп отыр. Бұл – Ұлт Көшбасшысының көрегендігінің, ке­мел­дігінің нәтижесі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы да­ланың жеті қыры» атты мақаласында адам­зат тірлігінің көне мәдениеті Ұлы дала елінен бастау алатындығын атап көрсетті. Елбасы «Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі за­манауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз жеткілікті. Қос­­қан үлестері кейінірек сөз болатын про­то­мем­лекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан ау­ма­ғында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отыр» деп атап көрсетті. Бұл Ұлы даланы ме­кен еткен қазақтардың арғы тегінің ұлықты да ұлысты болғанын аңдатса керек. Ұлт тарихының те­рең­нен бастау алатындығына батыл қадам жасауға жол ашып бергендей. Ұлы Жібек жолы, түркі кезең тарауларын қалай жазу керектігіне назар аудартады. Бұл ел мен жер тарихын түгендеуге оң ықпал етпек. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы мақсаттарды өзі­нің алдына ұлы халық қана қоя алады» деген қағи­дасы ойға оралады. Бұл біздің елдің болашағы мен келешегі, мақсаты мен мүддесі айшықты екенін бай­қатса керек.

Қазірде елімізге тыныштық заман орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман кел­ді деп мақтанышпен айта аламыз. Артқа тас­таған отыз жылдың ішінде не атқардық де­ген сауал туса, тіз­бек­теп сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір мемлекетке жетерлік іс тын­дырылды және жүзеге асырылды.

Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-­ау­­қатымыз артты. Қазақ мектептері мен ба­ла­бақ­ша­ларының саны артты. Білім мен ден­саулық жағ­дайына аса мән берілді. Өзге елдермен қарым-қаты­насы­мыз жақсарып, саяси және мәдени қатынастар да үдей түсті. Еліміздің барлық саласындағы қыз­мет­кер­­лерге, шетел­дің түрлі саладағы ма­ман­да­рымен тә­жірибе ал­масуға жағдай жасалды. Осының бәрі тә­уел­сіз елдің мақтанышы деуге болады.

Еліміздің туы көкте қалықтап, ынтымағы жарас­қан ел болайық! Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз және ол бәрінен қымбат!

Ақтоты Көшекбай,
Аққұм ауылдық кітапханасының
қызметкері

07 тамыз 2021 ж. 964 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 778

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031