ҚАЗАҚТА "ЕСТІРТУ" ДӘСТҮРІ БАР ЕДІ...
"Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол". Иә, қазақ қаралы үйге қарайласқан. Тіпті қазалы шаңыраққа қазан көтертпепті. Осыдан-ақ халқымыздың адамның қадірін, құнын бәрінен биік қоятынын біле беруге болады. Тіршілікте пендеауи пейілмен болмашыға араздасып, бір-бірімен жүз көріспей кеткен екі адамның бірі кенеттен қаза болса, екіншісі: "Өкпеге қисам да, өлімге қимаушы едім" деп шын өкініп, іштей егіліп тұрғанын да көріп жүрміз. Бұл өмірде біз амалсыздан мойындайтын бір ақиқат бар, ол – өлім. Әрине, "тумақ – сүннет, өлмек – парыз" деген, өзекті жанға бір өлім бар ғой. Бірақ, қазақ үшін адам өмірінің қыршын үзілуі, қапыда ажал құшуы – өзекті өртейтін өкінішті өлім сол.
Кісі түзде жүріп қаза болса отбасына немесе керісінше, өз шаңырағында демі таусылған кісінің өлімін алыс-жақындағы туыстарына естіртудің қазақы жолы бар еді ғой. Көбіне ел ішіндегі жаманат хабарды сол елдің ақсақалдары тұспалдап жеткізіп, өмірден өткен кісінің жанашыр жақын-жуығына жұбату айтып, сабырға шақырыпты. Басқасын айтпағанда, халқымыздағы естірту дәстүрінің қазақ қоғамындағы маңызын мына аңыз әңгіменің өзі-ақ айшықтап тұр емес пе?! Жиренше шешеннің жары Қарашаш қайтыс болғанда хан Жиреншеге:
– Уа, шешенім, атасы өлсе, қайтеді екен? – дейді ғой. Сонда шешен: – Е-е, тақсыр, онда асқар тауы құлады десейші, – деп жауап қатыпты.
– Анасы өлсе қайтеді?
– Ағар бұлағы құрыған есепті-дағы.
– Ағасы өлсе ше, шешенім?
– Оң қанатыңның сынғаны ғой.
– Інісі өлсе қайтеді?
– Сол қанаты майырылған есепті-дағы.
– Апа-қарындасы өлсе, қайтеді, шешенім?
– Ұзын өрісі, кең тұсауы құрыған есепті десейші! Хан Жиреншінің жауабына таңғалып әрі разы болып:
– Ал, қатыны өлсе қайтеді, шешенім?, – дегенде Жиренше ханның тұспалынан Қарашаштың қайтқанын түсінеді де, ауыр күрсініп, аһ ұрып орынан көтерілгенде сүйеніп отырған қамшысы қайғысына шыдамай қақ ортасынан сынып кетіпті. "Қатын өлсе, қамшының сабы сынды десейші" деген сөз содан қалса керек. Ал, бұған аңыз деп қарасаңыз, одан беріден тағы бір мысал келтірейік. Қазақтан шыққан тұңғыш ғалым, белгілі ағартушы әрі саяхатшы Шоқан Уәлиханов дүниеден өткенде қаһарлы Шыңғыс сұлтанға Тезек төре және Келдібек би пен Әділбек батыр үшеуі естірткен деседі. Келдібек би:
– Төре, дүниеде не қымбат? – дейді.
– Адам қымбат, – дейді Шыңғыс.
– Адамға не қымбат?
– Бала қымбат, егер сүйеніш болар перзент туса.
– Жансызда не қымбат екен?
– Жансызда қымбат гауһар деуші еді...
– Теңіздің тұңғиығында жатқан сол гауһардың да иесі бола ма?
– Е-е, иесіз дүние бар дейсің бе, әр нәрсенің екі иесі бар ғой.
– Егер осы жанды-жансыз ең қымбаттыға сол екі иесі таласса, қайсысы алар еді, – дегенде, Шыңғыс төре: «Ең күштісі, күштісі алады» деп өз санын бір соғыпты да:
– Менің гауһарым – Мұхаммед Қанапияға Тәңірдің оғы тиген екен ғой», – деп өкіре жылап, жер бауырлап жатып алыпты. Келдібек би тоқтау айтып: – Уа, Сұлтан, бала сіздікі еді, бақыты халықтікі еді. Пұлсыз берді, құнсыз алды, не шара! – деп кемсеңдеп, төңірегіне көз тастағанда, үйдегілердің бәрі еңірепті...
Былтырдан бері жұқпалы індеттен әлемдегі жағдай тым қиындап тұр. Қаншама адам індеттің құрбаны болды. Сол аты жаман ауру адамзат баласына биыл қайта айналып соқты. Біздің еліміз де оның зардабын тартып отыр. Соңғы уақытта тіпті өршіп барады. Өлім көп тіркеліп жатыр. Әлеуметтік желінің беті "көңіл айтулар" мен "қазанамаларға" толып кетті. Фейсбук бетін ашқан сайын "тағы қандай қаралы хабар оқимын" деп үрейленіп отырасың. Айтпағымыз, әлеуметтік желіні пайдаланушылар бір адам өмірден өтсе, нақ бір сол адамның өлгенін күтіп отырғандай әлгі о дүниелік болған кісіні сол заматта суретімен бірге желі бетіне салады. Сосын астына ұзыннан-шұбақ көңіл айтулар жазылады. Әрине, марқұм болған адамның туған-туысына көңілқос білдіру, ол жайында тек жақсы сөз айту, ақтық сапарына шығарып салу мұсылмандық, тіпті адамдық міндетіміз ғой. Алайда, өлімді жарыса жариялау, жақсылықты сүйіншілеу емес қой. Онсыз да жаманат хабар жатпайды, тез тарайды. Сондықтан жарық дүниедегі демі таусылған адамды денесі суымай жатып әлеуметтік желіге жылтылдатып жариялай беру әбестік. Осы жаңа ғана белгілі журналист қарындасымыз: "Әлеуметтік желіден "қазанамаларды" көре-көре әбден етіміз өліп кеткен-ау, кеше ауылдағы жақын ағамыздың қазасын естігенде селт етпедім. Осы сезімсіздіктен өзім қатты қорықтым", – деп жазыпты. Рас қой. Өлімнің де қадірін кетіріп болдық. Біреу өмірден өтсе жалпақ жұртқа жар салып, сүйіншілейтіндей жағдайға жетіп қалдық...
Жақында ютуб арнасынан бір әлеуметтік эксперимент көрдім. Жас жігіттер түсіріпті. Дәл осы тақырып төңірегіндегі түйткілді тарқатады. Сюжеті мынадай: Маңғыстауда әскери борышын өтеп жүрген жас жігіт анасымен бір қонақ үйдің алдында кездесетін болады. Бірақ, анасы межелі уақытында келмейді. Хабарласайын десе телефоны жоқ. Сосын көшедегі өткен-кеткен адамдарға жағдайын түсіндіріп, өтініш айтып, анасының нөмірін тереді. Бірақ, арғы жақтан телефон тұтқасын ешкім көтермейді. Әскери киінген жігіт оларға рахметін айтып, анасымен тілдесе алмағанына мұңайған болып қала береді. Алайда, шамалы жүрген соң әлгі нөмірден оларға қоңырау түседі. Әрі қарай оқиға былай өрбиді:
– Ало бұл кім?
– Сіз кімсіз? Сіз маған қоңырау шалыпсыз ғой.
– А-а, мен емес, жаңа көшеде бір жігіт анасына қоңырау соққан осы телефоннан...
– А-а, Қадыр деген жігіт пе?
– Аты-жөнін білмедім!
– Әскери формада ма?
– Иә, иә...
– Бауырым, ол жігіт сол қалада әскери борышын өтеп жатыр. Мен ол жігіттің анасымен ауруханада бірге жұмыс істейтін едім. Анасымен бүгін кездеспекші болған еді. Бірақ, кеше ол кісі кенеттен қайтыс болды. Соны айта саласыз ба? Ол қалада ол баланың ешкімі жоқ. Текке күтіп қалмасын деп жатқаным ғой. Менің қолым босамай жатыр, ауруханаға түсіп жатқан науқастар көп...
Осылайша "дәрігер" жігіт әлгі "әскерде жүрген" жігітке көшеде телефонын берген адамдардың барлығына айтып шығады. Кейбіреуі "Мен қалай айтамын, қызықсыз ба?!" десе, енді бірі "мен ұзап кеттім, ренжімеңіз" деп телефон тұтқасын қоя салады. Бірақ, олар өздерін сырттарынан бейнекамераға түсіріп тұрғанынан, әлеуметтік эксперимент жүргізіп жатқанынан бейхабар. "Әскердегі" жігіт те, "дәрігер" жігіт те роль сомдап жүрген актерлар. Бір қызығы, әлгі "дәрігердің" өтінішінен кейін екі жас жігіт анасын күтіп тұрған жігітке қайта айналып келіп, "бауырым, не ғой, сен осы жақта әскерде жүрсің бе? Қалтаңда ақшаң бар ма? Мә, мына ақшаны алып, бірдеңе жеп алсайшы"– деп мүсіркеп тұр. Ана жігіт жорта ештеңеге түсінбеген кейіп танытып "Ештеңе қажет емес, не үшін?", – деп қашқақтайды. Болмағасын әлгі жігіттің бірі "Бауырым, бір дәрігер айтып жатыр, сенің анаң қайтыс болыпты", – деп қойып қалды. "Әскердегі" жігіт сәл есеңгіреп тұрды да, еңкілдеп "жылап" жіберді. Ал, ана екеуі "анасынан айырылған" жігітті аяп, қиналып, қипақтап біраз тұрды да, кетіп қалды. Көшемен өтіп бара жатқан тағы бір жас қыз әскердегі жігітке телефонын берді. Бірақ, әдеттегідей ешкім көтермеді. Сәл ұзаған соң сырттарынан бақылап отырған "дәрігер" жігіт қайыра қоңырау шалды. Сценарий бойынша диалог құрды. Соңында "дәрігердің" "естірте салшы" деген өтінішін жерге тастамай, қайтып айналып келді. Жас болса да қазақы қалпы бар инабатты, иманды жан екен. Жігіттің қасына келіп: "Сен осы қалада әскери борышыңды өтеп жатсың ба? Бұл жақта ешкімің жоқ па?", – деп жұмсақ дауыспен анасын күтіп тұрған жауынгердің көңілін жібітіп алды. Сосын: "Жүрші, мына кафеге барып әңгімелесейік", – деді. Жігіт өзінің актерлігіне салып: "Не үшін? Онда не бар?, – дейді таңырқап. "Жүрсей, дала суық, ішке барып аздап жылынып алайық. Сосын бірнәрсе айтамын саған", – дейді ана қыз да қоймай. Әрі қарайғы қыздың жігітті жұбатпақ ниетте айтқан әңгімелері көңіл босатады. Нақ туған қарындасындай (немесе апасындай) ниетпен уақытын бөліп, анасынан айырылған әскердегі жігітті аяп, анасының қазасын көшеде емес, кафеге кіргізіп, ас алып беріп, сол дастарханның басында астарлап отырып жеткізгісі келген қазақтың қаршадай қызына сүйсіндім...
Қуат Адис