ЕСІМІ ЕЛДІҢ ЕСІНДЕ
Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны болады. Бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өзінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлғасы. Осы тұрғыдан алғанда ел жадында өзіндік болмысымен, елге еткен қалтқысыз қызметімен дараланып тұратын жандар болады. Сондай жандардың бірі – туған ауыл топырағын түлету жолында ұтқыр ұйымдастырушылығымен ел есінде ерекше тұлғаланып тұрған жан Кенжебек Оспанов болатын.
Ол 1912 жылы Жалағаш ауданының топырағында туылып, нақтырақ айтқанда, бұрынғы «Қазақстанның ХХ жылдығы» колхозында, қазіргі Мырзабай ахун ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан үш жасында бауыр жазып қалып, қиын күндерді бауырларымен қатар өткізген ол еңбек майданына ерте араласады. 1930-1935 жылдары аралығында колхозда қарапайым жұмысшылықтан бастап, өндіріс бригадирі (1935-39 ж), колхоз есепшісі (1939-1942 ж) болып жұмыс атқарды. Ал 1942-1946 жылдары Совет Армиясының қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысып, ерен ерліктің үлгісін көрсетті.
Атпал азамат ел қатарлы қолына қару алып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп оралғаннан кейін де еңбекке араласты. 1946-1947 жылдары қайтадан колхозда қарапайым жұмысшылықтан бастап қойма меңгерушісі, қой фермасының бригадирі, 1952-1953 жылдары Жалағаш аудандық су шаруашылығында қызметкер болып жұмыс жасады.
Қашанда өзіне жүктелген әрбір істі ынта-жігерімен орындауды мақсат тұтқан жан білімін жетілдіру мақсатында 1953-1954 жылдары Шымкент қаласындағы Ауыл шаруашылығы училишесінде 3 жылдық білім алып, агроном мамандығын алып шығады. 1958-1959 жылдар аралығында білімін шыңдап келісімен ауылға агроном болып сайланды.
Жасыратыны жоқ, соғыс жылдарынан кейінгі тұста ауылдағы халық ру-ру болып түтіндерін бөлек-бөлек түтетіп, сай-сайды қуалай қоныстанған болатын. Бұл колхоздастыру кезінде іріленіп, іргесін бекіткенімен қиюы қашқан шаруа оңға баспай тұрған кезең еді. Міне, ауылдың ахуалы осындай ауыр тұста Жалағаш ауданының секретары Байбол Сопбеков ағамыздың ұсынысымен, обком хатшылығының бұйрығымен 1960 жылдың 20 сәуір күні Кенжебек Оспанұлы «Қазақстанның ХХ жылдығы» колхозының председателі болып сайланды. Басшылық қызметке бекітілген күннен бастап Кенжебек Оспанов туған топырағын түлетуге, ыдырап кеткен елдің басын біріктіруге, ауыл халқының әл-ауқатын көтеруге белсене кіріседі. Халықпен жұмыс істеуде жауапкершілік те көбейе түседі. Жатпай-тұрмай ізденеді. Елдегі әлде бір жаңалықты ауылға әкелуге ұмтылады. Естіген жақсылығын еліне жасағысы келеді.
Әрине, тұралаған шаруаны төрт аяғынан тік қою оңайға түспесі белгілі. Әйтсе де, алғашқы айлардан-ақ, ауылға жылы леп келді. Төрт бірдей түзу көше тартылып, иесіз қалған жерді шеңгелдерден тазартқызып, халықты көше бойына орналастыру жұмыстарын жүргізеді. Бұл туралы Мырзабай ахун ауылының тұрғыны Төребек Тәуіпбайұлы ағамыз өз естелігінде былай деп жазады:
– Кенжебек ағамыз колхоз басшылығына сайланған күннен бастап екі бағытта – мал және егін шаруашылығын дамытуда жұмыс атқарады. Алайда ол үшін әр төбе бойын жайлап отқан елді бір ауылға ұйымдастыру керек болатын. Оларды көшіріп әкелуде колхоз тарапынан көмек жасалады. Ауданнан қажетті құрылыс материалдары жеткізіледі. Осы тұрғыда айта кететін жайт, ол кезде жұмысты күні-түні атқаруға тура келді. Қанша үй салынса, соның алғашқы қазығын қағуда өзі қатысты. Түзу көшенің бойымен үйлердің қаз-қатар салынуын басты назарға алды. Сондай-ақ басшы ретінде Кенжебек ағамыз еңбекке ерте араласуының, жасынан ыждағатшыл болып қалыптасуының нәтижесімен алдымен талапшыл бола білді. Істің жайын, оны орындауға ыңғайлы адамды дөп тани білді. Оған жауапты қызметкерлерді колхоз кеңесі арқылы ел ішінен сайлады. Осыған сәйкес құрылыс саласының прорабы болып Тоқтасын Әбдреев сайланды.
Сонымен қатар, сол тұста елді электр жарығымен қамтамасыз етуді қолға алады. Ауылға К-100 техникасын алдырып, әр көшеге электр бағаналарын жүргізіп, үйлерге толық жарық берілді. Алғаш электр моторларды іске қосқан Қасымбек Нұрмаханов, онан кейін Жұбаназар Ақбалаев болатын.
Кенжекеңнің тағы бір игі бастамасы – «Жаңа жарма» каналын қайта жаңғырту жұмысы еді. Барлық қажетті құжаттарын жасатып, сол жұмысты жүргізуге де лайықты маман сайлайды. Өзіне жүктелген жұмысты абыроймен атқарып шыққан су саласының маманы Жаңаберген Ембергенов деген кісі болатын.
Кенжекең басқарған небәрі 4 жылдың ішінде ауылда техника саны көбейді. Бас инженер Тұрлыбек Қосанов, Сұлтан Ізтаев, Тағайбек Сүйіндіковтер басқарды. Осы жылдары ауылда алдыңғы қатарлы механизаторлар көп болғандықтан, жұмысшылар ауыл шаруашылығы көрмелеріне қатыса бастады. Арнайы мамандардың көп болуына байланысты колхоздағы егіс көлемі 450-500 гектарға артты. Бұл Кенжебек Оспанов ағамыздың елге еткен өлшеусіз еңбегі еді.
Азаматтық тұрғысынан келгенде, Кенжебек ағам өте балажан еді. Бірде жас демей мені қасына ертіп жүріп, Мәдениет каналының арғы бетіндегі «Бәймен» каналының табанындағы жерлерді, сол кездегі Калинин, Еңбек колхоздарымен шекаралас жерлерді көрсетіп, «осы жерлер біздің колхоздың жері» деп айтқаны бар еді. Кейін, бертін келе бұл жерлер жоғарыда аталған ауылдарға бөлініп кетті. Жалпы алғанда, Кенжебек ағамыз еңбектің көзін тани білген және сол көзді халқының игілігіне жұмсаған жан болатын, – деп жазады Төребек Тәуіпбаев.
Иә, жоғарыда айтылғандай, сол тұста елдің еңсесі көтеріле бастайды. Колхозда мал шаруашылығы дамып, қой сиыр, түйе басы арта түседі. Кейін қоян, үйрек, қаз асырау жұмыстары қолға алына бастаған. Малшылар күз, қыс мезгілдерінде Қызылға барып қыстайтын болды. Ал оларға қажетті жабдықтар алғашында түйемен жеткізіліп отыратын. Кейін оларға арнайы трактор, автомашиналар жеткізіледі.
Егін шарушылығына тоқталар болсақ, ол тұста шаруашылық көлемі өсіп қана қойған жоқ, оның өндіретін өнімі де артты. Әдепкі жылдары гектарынан 15-20 центнерден астық алынған болса, кейін 25-30 центнерден өнім ала бастайды. Осылайша аз уақытта ұжымдасқан халықтың маңдай тер еңбегінің арқасында ауыл ауданның алғы шебінен табылды.
Ауқымды жұмыстар жүргізуде, ұйымдастырушылық қабілетін жоғары деңгейде көрсете білген Кенжебек Оспанов – жастар жағын колхоз жұмысына тартуды қолға алады. Қабілеті бар жандарды тани біліп, оларды шоферлік-тракторшы курстарына арнайы жіберіп, маман болып шығуына көп көмектесті.
Осы тұрғыда еске түскен бір жайт бар. Жалпы алғанда, атамды көрмегендіктен болар, ол туралы айтылған тұста құлақ түріп, елең ете түсемін. Бірде Қызылорда қаласында әйгілі Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 125 жылдығында ақын Темірше Сарыбайұлы ағамызбен кездескен едім. Ол кісі де осы Мырзабай ахун ауылының түлегі. Амандасып, жөн сұраған тұста, шыққан тегімді айттым. Сол кезде Темкең:
– Атаңды білем. Колхозда қарамағында жұмыс жасағанмын. Мінезі – қатал, бірбеткей кісі еді. Қажет кезінде ақырын айтып та, батырып айтып та сөзін өткізетін. Бірақ қарапайымдылығынан айныған емес. Шенділермен шеңдесе, бұқарамен біте қайнаса қызмет ететін. Кейін ауылдан қалаға оқуға кеттім. Институттың жатақханасында тұрып оқып жүрдім. Бірде жатақханадағы бөлмеме кезекші келіп, мені біреу төменде күтіп тұрғанын айтты. «Артымнан іздеп келген кім екен?» деп ойлап келе жатыр едім, төмен түссем, алдымда Кенжекең тұр. Несін жасырайын, көзіме жас үйіріліп, құшақтай кеттім. Маңдайымнан сипап, жағдай сұрады. Жауап бердім. Арқамнан қағып: «Мынау ауылдың дәмі, ауыз тиерсің» деп ораулы түйінді ұстатты да, «керегіңе жұмсарсың» деп қалтасынан ақша алып, қалтама салды. Шынын айтсам, кезінде көп жұмсайды деп, қатал деп ренжіп жүруші едім. Сол сәтте қатал Кенжекеңнің жұмсақ жан екенін сездім. Бұл оның жалғыз маған емес, ауылдан шыққан жастарға еткен жақсылығының белгісі еді, – деп айтқаны бар.
Кенжебек Оспанов 1967 жылы 55 жасында дүниеден өтті. Артында ел білетін өлшеусіз еңбегі, ұрпақтары қалды. Ол туралы әр жылдары жазылған естеліктер бізге жетті.
Жалағаш топырағынан шыққан Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың «Тұстастар туралы толғау» атты өлеңінде:
ХХ жылдық Кенжебекті біледі,
Қайтпас қара, қайсар еді жүрегі.
Қаймықпайтын өз дегені болмаса,
Ірілердің ағамыз да бірі еді.
Қосылатын қол көтеріп дұрыс деп,
Сәл түнеріп бұзылса егер іреңі.
Жақын келсе, мейлі қыз, ұл болсын,
Қасиеті қаршығадай іледі, – деп жазады.
Жоғарыда көрсетілген Төребек ағамыз Кенжебек Оспанов пен Мөрәлі Шәменов туралы былай дейді:
– Кенжекең колхоз төрағасы болған Мөрәлі Шәменов ағаларымызбен бірге тұспа-тұс жұмыс атқарған. Бірде осы кісі Кенжебек ағамыздың үйінде қонақ болғанын көрген едім. Жеңгеміз Тұрсынкүл өте қонақжай кісі болатын. Үйге келген кісінің аяқкиіміне дейін тазартып, жайлы күтетін. Әдеттегідей дастархан жаюлы. Екі колхоз басшысы бір-бірімен тәжірибе алмасқандай, жетістіктері мен кемшін тұстары туралы ой бөлісті. Кенжекең, осындай кісілермен терезесі тең жан еді, – дейді ол.
Айта кету керек, жұртын бір ауылға жинап, қарағайдай үй салып, көше түзеп, жарық жүргізіп, кішігірім салғызған қалашығы әлі ауылдастарының құт мекеніне айналып отыр. Ауыл шаруашылығы саласының алғашқы сатысынан бастап, колхоз басшысына дейін көтерілген тұлғаның есімін бүгін де туған ауыл халқы елеусіз қалдырмады. Біз соған қуанамыз. Ел болып ескеріп, ұсыныс білдіріп, аудан, облыс басшылығы болып қолдап, бүгінгі Мырзабай ахун ауылындағы кезінде өзі салған төрт көшенің бірі Оспанов Кенжебек атымен аталуда. Ердің еңбегін елі ескергені осы болар бәлкім.
Жалпы алғанда, біз өз шамамызша Кенжебек атамыз туралы сөз қозғадық. Игі істердің бастамашысы бола білген жан туралы айтылар естеліктер де аз болмайтыны анық. Алдағы уақытта көз көрген жандардан да естелік жазылып баспасөз беттерінде басылар деген ойдамыз.
Төребек ТӘУІПБАЕВ,
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері.
Алмат КЕНЖЕБЕКОВ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі