» » » ӘДЕБИЕТТІҢ СЫРЫН ҰҚТЫРҒАН ҰСТАЗЫМ

ӘДЕБИЕТТІҢ СЫРЫН ҰҚТЫРҒАН ҰСТАЗЫМ

Көркем әдебиетті көп оқығандықтан ба, мектеп оқушысы кезімде-ақ жазушы болуды ойлай бастадым. Тұрмағамбет жырлаған «Рүстем-Дастанды», қарақалпақтың «Қырық қызын», өзіміздің батырлар жырын, ертегілерді, бастауыш класта жүріп-ақ оқып тастағаным есімде. Әкем де ертекші. Есімді білгеннен-ақ кешке қарай қасына алып ертегі шертетін. Алты жасымнан ауылдағы кітапхананың оқырманы болғаным тағы бар. Қазақ балалар жазушыларының әңгімелерін сол кезде оқығанмын.

Әдебиетке деген осы құштарлығымды мектепте «Қазақ әдебиеті» пәнінен сабақ берген Күләш апай Смағұлова одан әрі өрістетіп, лаулатып жіберді. Көркем әдебиеттің ғажайып сырларын апай арқылы ұғына түстім. Апай тақырыптың майын тамызып әңгімелегенде әдебиетті сүймей тұра алмайсың. Мектеп бағдарламасы бойынша ақын-жазушылардың шығармаларын енді жүйелеп оқуды үйрендік.

Күләш апай 1936 жылы Қызылорда қаласында жа­рық дүние есігін ашады. Осы қаладағы педагогикалық учи­ли­щені, одан кейін педагогикалық институтты 1959 жылы бітіріп, «Жаңаталап» совхозына (қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы ауыл) келін болып түскен екен. Содан бастап №117 Мақпалкөл орта мектебінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің оқытушысы болады. «Қазақ ССР білім беру ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Аудандық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасы тарапынан берілген басқа да мара­паттары баршылық.

Қашан көрсең сабырлы еді, оқушыларға аналық мейрімін төгіп, “айналайын” деп тұратын. Қатты дауыс көтеріп ұрысқанын еш көрмеппін. Ұстазым көл-көсір білімнің кені еді десем, артық айтқаным емес. Ол кісі білімділігімен қатар, тәрбиенің де қайнар көзі, әйел-ананың бір тамаша үлгісіндей еді-ау. Ұстаздық дәрежесіне көтерілген тұлға болатын.

Әдебиет теориясы осы ұстазымның құлаққа жа­ғымды үнімен санама қонды. Көркем әдебиетке деген махаббатымды, жазуға деген құлшынысымды оятты. Күнделік жазу деген жақсы әдетті де апайдан естідім. Мазмұндама, шығарма жазудың қыр-сырын ерінбей-жалықпай үйретуінің арқасында түсінгендеймін. Менің мазмұндама, шығармаларыма апай ылғи да «бестік» баға қоятын. Әрі оқушыларға үлгі қылып көрсетіп, мәртебемді өсіріп тастайтын. Кейін білдім, оны өзіміздің кластың балаларына ғана емес, басқа кластарға да көрсететін көрінеді. Апай тіпті өзінің оқытушылық жолын қуған ұл-қызы Асқар мен Жадыраға да менің әдебиет пәнінен жазған мазмұндама, шығармаларымды «міне, осылай жазу керек» деп оқытады екен. Бұл туралы кейінірек бір кездескенде Асқар айтқан еді.

Апайдың әсерімен оқушы кезімде «Қауындықта» де­­ген әңгіме жаздым. Оны әдемі блокнотқа баспа әр­пі­мен ерінбей көшіріп, мұқабасын кітапқа ұқсатып жаса­ға­нымды қалай ұмытайын. «Балдырған», «Пионер» жур­нал­дарына, «Қазақстан пионері» газетіне тырнақалды шағын туындыларым ара-тұра жарық көріп қалатын. Тоғы­зыншы класта оқып жүргенімде «Бәйшешек» атты жыр жинағымды шығардым. Шығардым деген аты ғой, оны да блокнотқа кітаптың әрпіне ұқсатып көшіріп, мұқа­басына «Бәйшешек» деп әдемілеп «кітаптың» атын жаз­­ғанмын. Онда жетінші класта оқитын бір қалқатайға ар­налған өлеңдер топтастырылған-ды. Сондай жыр жи­на­ғым кітап болып басылып шықса деген арман ғой. Сол арманым он бес жылдан кейін, 1997 жылы ақыры орын­далды, тұңғыш жыр жинағым кітап болып басылып шықты.

2008 жылы біздің мектеп бітіргенімізге жиырма бес жыл толып, сыныптастар бас қостық. Өзіміз білім алған мек­тепте жиын өткіздік. Сол жиында ұстаздарымның әр­қайсына арнап өлең оқыдым. Сонда мерейлері өскен ұстаздарымыз «Міне, сізден білім алған шәкіртіңіз қандай болып өскен» деп Күләш апайды құттықтап жатты. Сонда апайдың: «Шәкіртімнің жазғандары газет-журналға шық­қан сайын еңбегім қайтқандай сезінемін» деген болатын. Ұстаздың бақыты деген, бәлкім осы шығар. Күләш апай былтыр пәнидегі сапарын тамамдап, бақиға аттанды. Апайдың есімі өзі білім берген шәкірттерінің жадында, сөз жоқ, мәңгі сақталады.

Бүгінде әдеби журналдың бас редакторы болсам, бірнеше кітабым жарық көрген жазушы атансам, бұның бәрі менің ардақты ұстазым Күләш апайдың тәлім-тәр­биесінің арқасы деп ойлаймын.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
республикалық «ТАҢ-ШОЛПАН» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы, жазушы


05 қараша 2021 ж. 458 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 680

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031