Ақшонық ананың болмысы
Ұлы Отан соғысы өзінің ең ауыр кезеңімен, тарих беттеріне қалдырып кеткен қанды оқиғаларымен ел жадынан мәңгіге өшпек емес. Өйткені бейбіт күннің бедерін бұзған зұлматты жылдарда қан майданда кеудесін оққа тосқан ер азаматтармен қатар елдегі қарт кісілер, әйелдер мен балалар да азап шекті. Сұм соғыстың ызғарын сезді, отбасының тіреуі, қамқоршысы әкесінен, жолдасынан, аға-інісінен айырылудың қаншалықты қайғы екенін бастан өткерді. Бірақ тектіден тараған қазақ әйелдерінің болмысын жоғалтып, сағын сындыруға бұл сұм соғыстың да күші жетпеді деуге болады. Әу бастан қанды шайқасты күндерді көріп, ер азаматпен бірге атқа қонып, елін-жерін қорғауда ерлік көрсеткен аналарымыздың жалғасы осы кезеңдерде де әлсіздік танытпады. Соғысқа аттанған ер азаматтарын жылап-сықтап емес, қуатты сөздерімен жігерлендіріп шығарып салған еді. Осылайша Ұлы Жеңістің хабары жеткенше елдегі жұмыстарды ер азаматтарша дөңгелентіп әкетті. Қарт кісілерге, балаларға қолғабыс бола білді, азаматының түтінін түтетті. Шаңырақтың ойсырауына жол бермеді. Міне, бұл соғыс жылдарындағы қазақ әйелдерінің бастан кешкендерінің бір үзігі ғана.
«Әр мықты еркектің артында ақылды әйел тұрады» демекші, Мөрәлі Шәменовтей атпал азаматтың артында Ақшонықтай ақылды, салиқалы анамыз тұрды. Біз әңгіме еткен қазақ әйелдерінің болмысын осы Ақшонық Аханайқызының бойынан табуға болатын. Бір ұлттың әйелдеріне тән барлық бүтін болмысын бойына жиған Ақшонық Аханайқызы сонау соғыс жылдарында азаматының майданнан оралуын тілеп, елде қалған оның ата-анасына қамқорлық жасап шаңырақтың ұйытқысы бола білген абзал ана еді. Онымен қоса елдегі жұмыстарға белсене араласып, өзінің қайраткерлігімен үлкен істердің басы-қасында болған. Ақшонық анамыздай қайсар қыздың Мөрәлі әкеміздей қайраткер азаматқа қосылуының өзі құдайдың бір сыйы еді. Апта соңында елде жүріп партиялық, әкімшілік қызметтерді абыроймен атқарған, қызметте жүрсе де үйдегі келіндік қызметін мінсіз орындаған, барлық шыдамдылық қасиетімен көптің алғысына бөленген Ақшонық Аханайқызының 100 жылдығына орай конференция өтті. Қаракеткен ауылында ұйымдастырылған жиынға аудан басшылары бастаған бірқатар азаматтар, айтулы тұлғаның ұрпақтары, ардагерлер қауымы қатысты. Қайраткердің 100 жылдығына жиылған қауым оның соғыс жылдарындағы елеулі еңбектерінен, бітім болмысының ерекшелігінен, қазақ әйеліне тән төзімділік қасиеттерінен сыр шертті. Бірнеше баяндама жасалды, көзін көрген кісілердің естеліктері тыңдалды. Расымен, Ақшонық Аханайқызы туралы сөз қозғағанда оның өнегемен өрілген өмірінен үзінді келтірмеу мүмкін емес.
Ақшонық Аханайқызы 1921 жылы 21 қыркүйекте Жалағаш ауданының Қаракеткен ауылдық кеңесіне қарасты Жігер колхозында дүниеге келген. 1939 жылы он сегіз жасында ауыл шаруашылығының көрнекті қайраткері Мөрәлі Шәменовке тұрмысқа шығады. Бес-алты ай өтпестен өмірлік жолдасы Мөрәлі әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Ақшонық Аханайқызы ата-енесі Шәмен мен Әйімнің қолында қалды. Қарияларға қамқорлық жасай жүріп, еңбек жолын Қаракеткен байланыс бөлімшесі жанындағы жинақ кассасында жауапты қызмет атқарудан бастады. Екі жылдай осы ауылдағы балабақша меңгерушісі болды. 1942 жылдың шілде айынан бастап ауылдық кеңестің төрағасы, Қаракеткен «МТС-нің» (Машина-трактор стансасы) саяси бөлімінің комсомол-жастар жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Кейін қайтадан ауылдық кеңес төрағасы болып, бұл қызметте үш жылдай істеді. Соғыс жылдары тылдағы халықты, «Барлығы жеңіс үшін, барлығы майдан үшін» деген ұран аясында еңбекке жұмылдыруда белсенді жұмыстар атқарды. Ақшонық анамыздың өмірі мен тылдағы еңбегін ұлықтауға арналған кеште сөз алған Қызылорда облысының құрметті азаматы, қайраткер апамыз Алмагүл Божанова былайша еске алды:
– Мөрәлі Шәменұлы 1939 жылы әскерге шақырылып, алдымен Кеңес-Фин соғысына қатысты. Одан әрі Германиямен арада Ұлы Отан соғысы басталды да, Мөрәлі Шәменұлының әскери бөлімі енді Германиямен соғысқа жіберілді. Осылайша жаңа қосылған екі жас тағдырдың жазуымен дейміз бе, әйтеуір бақандай жеті жылды екеуі екі жақта өткерді. Біреуі қан майданда ел үшін жаумен арпалысты, екіншісі елде қалып, ата-ененің күтімімен бірге елдегі саяси қызметтердің басында болды. Жиырмадан енді асқан жас келіншектің ішінде алай-дүлей арпалысқан уайым, жүрек түкпірінде жарына деген сағыныш жатқанымен, оны сыртқа шығарып жатпайтын. Әйелге тән әлсіздігін қайсарлыққа жеңдіріп, келешекке үміт көзімен қарап, қалайда азаматының түтінін түтетіп, оның аман-есен оралуын тілеген қайраткер әйелдің өмірі мен қызметі кейінгі өсіп келе жатқан жастарға үлгі-өнеге. Аталған қызметтерде жүріп, ер азаматтарша ат ерттеп, ауыл-ауылды аралап, жұмыстың жүйесін, елдің жайын біліп келетін болған. Мұндай жұмыс әйел затының табиғатына ауыр болғанымен, қайсарлығымен ерекшеленген Ақшонық анамыз ел қызметінде жүруді өзіне парыз санаған екен.
Иә, азаматының қос шынары, өзіне ата-ене болған Шәмен атамыз бен Әйім анамызға бауыр басқаны сонша ол кісілер сапарлап кеткен келіндерінің үйге аман-есен оралуын үздіксіз тілеп, сағынып отырады екен. Атасы жол жүріп келген келінінің алдынан шығып, атының ер-тоқымын өзі шешіп, тізгінін ұстап тұрып өзі түсіріп алады екен. Ол кісілердің келіндерін өз қыздарындай көруі ата-аналық мейірімінен болса, жас келіннің даналығы да осындай үзілмес жақын байланысты орната білді. Елімізге белгілі қайраткердің елеулі қызметін еске алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев отбасының ұйытқысы, елінің бетке ұстар қайраткер қызы, жарының адал серігі, заманында колхоз жұмысын ұйымдастырған білікті маман да бола білген Аханайқызы лайықты құрмет төрінен де табылғанын атап өтті.
– Бүгінгі конференцияның мақсаты Ақшонық Аханайқызының қызметін, өнегелі өмір жолын ұлықтау, кейінгі ұрпаққа насихаттау екені белгілі. Бүгінгі ұрпақ қазақ тарихында осындай қайсар қыздары болғанын білуі керек. Жиырмадан енді асқан Ақшонық көрегенділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен және елге сыйлы ерек мінезіменен көзге түсті. Заманында мықты-мықты істерді атқарды. Ауқымды жұмыстарды үйлестіре білді. Еңбегі елеусіз емес екенін бәріміз білеміз. Бірнешеуіне тоқтала кетсем, сол тұстағы тыл еңбеккерлерін ұйымдастырудың үздігі ретінде, қайраткерлігінің нәтижесінде Ақшонық Аханайқызы 1944 жылы республика Министрлер кеңесінің кезекті мәжілісіне шақырылған. Ал 1945 жылы қазан айында Алматыда өткен Қазақ КСР-ның 25 жылдығына байланысты Республика Жоғары Кеңесінің салтанатты сессиясына қатысып, осында белгілі мемлекет, қоғам қайраткері Шекер Ермағанбетовамен сұхбаттас болған екен. Міне, қазір Мөрәлідей азамат пен Ақшонықтай қайраткер әйелдің артында әрқайсы бір-бір тұлға – ұрпақтары қалды. Олардың да көбі ел ісіне араласып жүр. Қызметте жүріп, халқына қалаулы, еліне елеулі азаматтарға айналды деуге болады, – деді С.Әлиев.
Мұнан бөлек елге қызмет етуде елеулі іс тындырған қазақтың қайраткер қыздарының есімдері тарихта алтын әріппен жазылғанын айтып өткен аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет қазақ әйелінің болмысын айшықтап берген Ақшонық Аханайқызының 100 жылдығына арналған конференцияның маңызына тоқталды. Ол тарих беттеріне шолу жасап, соғыс жылдарындағы тыл жұмыстарын, қазақ әйелдерінің ауыр кезеңді бастан кешкенін және Ұлы Жеңістің қаншалықты қиындықпен келгенін еске алды.
Расымен, абзал ананың өмір жолын естіп-білгенде көңіл түкпірінде күңіренген бір ой мазалап қоя беретіні анық. Олай дейтініміз, тірегінен көз жазып қалған шерлі аналар мен әйелдердің, жетімсіреген балалардың бейнесі көз алдыңа елестеп қоя береді. Әсіресе елдегі жоқшылық, ауырлық, күндіз-түні жалғасқан жұмыс, бәрі-бәрі онсызда титықтаған халықты әбден қалжыратқаны анық. Сонда еріксіз ойлайсың, түсінесің Ұлы Жеңістің қандай қиындықпен келгенін, осы жолда қанша жанның өмірі қиылып, қаншама жас төгілгенін. Ақшонық анамыз ол тұста тым жас еді, бірақ тағдырдың қаталдығы оны ерте есейтті. Барлығына төзуге, бейімделуге, ширауға үйретті. Мойымады, қолынан келді. Қазақ әйелінің болмысын тағы бір әйел өз өмірімен аша білді. Қазақ қызына тән қайсарлықты тағы бір мәрте дәлелдей алды.
Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған аяулы жар, Мөрәлі Шәменов артынша майдан даласына жіберілді. Мөрәлі Шәменұлы соғыс біткесін Германияның Бойценбург қаласында бір жыл комендант қызметін атқарып, елге 1946 жылы оралды. Ал Ақшонық Аханайқызы 1955 жылдан бастап Аманкелді ауылдық кеңесінің хатшысы, балабақшада бухгалтер қызметін атқарып, осы қызметтен зейнет демалысына шықты. Жергілікті кеңеске бірнеше мәрте депутат болып сайланды.
Ақшонық Аханайқызының 100 жылдығына арналған конференция қатысушылары, оның ұрпақтары Қаракеткен ауылдық орта мектеп ішінен ашылған, 1942-1946 жылдары Қаракеткен ауылдық кеңесінің төрайымы қызметін атқарған қайраткердің атындағы оқу залымен танысты. Мұнда Ақшонық Аханайқызының атқарған еңбегінен, қызметтерінен тұратын естеліктер, түрлі кітаптар орын алыпты. Ал көптің назарын аударған жас аналардан құралған клуб болды. Бұл топтағы аналар ауылдағы барлық жиын-тойларды ұйымдастырып, қыз ұзату сынды шараларды да қолға алыпты. Жас аналар бір жағынан қазақы салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуға, оның желісін үзіп алмауға үлестерін қосса, екінші жағынан өздері де бос уақыттарын тиімді пайдалануды үйренген. Қаракеткен ауылына табан тіреген қонақтар мектепте ұйымдастырылған көрмені де тамашалап, оқушылардың Ақшонық Аханайқызына арнаған арнауына құлақ түрді.
Елді «Келін болсаң, Ақшонықтай бол» дегізген салиқалы жар, қайраткер әйел, іскер ұйымдастырушы Ақшонық Аханайқызының өмірін ұлағаттауға арналған конференция соңында білім саласының бірқатар мамандары облыс әкімі орынбасарының алғыс хатымен марапатталды.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ