» » » «Дәрумендер дауасы» – ОҚЫРМАН ОЛЖАСЫ

«Дәрумендер дауасы» – ОҚЫРМАН ОЛЖАСЫ

Қарымды қаламгер Адырбек Сопыбековтың “Балалардың көңілінен шығатын тақырыпта қалам тербеу үшін балаларша ойлап, үлкендерше жазу керек, сонда ғана балалар аудиториясына өтімді болады” деген қанатты сөзі бар. Расында бұл тақырыпта шығармашылыққа адал жандардың көбісі қалам тербеуге жүрексінеді. Ал бар қарым-қабілетін шығармашылыққа арнаған қаламгер ғана оқырман олжасына айналар туындыны дүниеге әкеледі. Осындай қанатты сөзді қаперінен шығармаған белгілі ақын, әріптесіміз Қуат Ахетов балалардан базарлығын аяған емес. Бұған дейін де балалар әдебиеті өкілінің бірнеше туындысы жарық көріп, оған көзіқарақты оқырман оң бағасын берді. Жуырда әріптесіміздің “Дәрумендер дауасы” атты тағы бір кітабы қалың оқырманға жол тартқан болатын. Апта басында тың туындының тұсауы кесіліп, оған тағы да оқырмандар жоғары баға берді.

Мәдениет және өнерді дамыту орталығында өткен салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет бұл туындының руханият әлемінде өзіндік орны жоғары екенін атап өтіп, автордың шығармашылық жолына табыс тіледі. Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Кенжеғара Сүлейменов, белгілі жазушы Рысбай Кәрімов сынды ардагер ағаларымыз да жаңа кітаптың оқырман олжасына айналарын тілге тиек етіп, Қуат Адистің шығармашылық жолындағы жетістіктерін кеңінен тарқатты.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуат Адисұлы – биылғы «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» аясында жас оқырмандардың тәрбиелік-танымдық, дамытушылық қырларын ашатын, еліміздің болашақ тұлғаларының қалыптасуына игі әсер ететін үлгіде кітап шығарып, ұлттық болмыстың насихатталуына үлес қосқан балалар әдебиетінің өкілі. Ақынның оқырмандарына тартулары жыл сайын республикалық басылымдар «Балдырған», «Айгөлек», «Мөлдір бұлақ», «Ақ желкен» журналдарында, жасөспірімдердің «Ұлан» газетіне үздіксіз жарияланып келеді.

«Дәрумендер дауасы» кітабы – ұрпаққа ұлттық бағытта тәрбие беруде қазақ балалар әдебиетіне, ұлт руханиятына тыңнан қосылған қомақты дүние деп айтуға әбден лайықты шығарма. Автордың қандай туындысы да тәрбиелік бағытта өрілген. Балалар мен жасөспірімдерді адамгершілікке, кішіпейілдікке, адалдыққа, ең бастысы отансүйгіштік, елжанды болуға баулиды. Кітапта ата-ананың қадірін білуге, бауырын сыйлауға және басқа да туыстық атаулар жайында мағлұмат беретін өлеңдері көптеп кездеседі.

Шарада кішкентай бүлдіршіндер «Дәрумендер» биін билеп, оқырмандар ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Ақынның әр қадамына, әр шығармасына тілекші болып отыратын жанашыр апалары Ха­лық­аралық "Қазақ тілі" қоғамының аудандық филиа­лының төрайымы, «Достар» мекені бірлестігінің жетекшісі Дина Нұржанқызы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Роза Көшекбайқызы және ақын-сазгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Айкүміс Телғарақызы ақынға шығармашылық қуат пен шынайы таланттың биік өлшемін білдіретін жақсы лебіздерін жолдады. Кешті Жалағаш аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің дирек­торы Ұлмекен Меңдібаева қорытындылады.

Әріптесіміздің шығармашылық жолында жарық көрген туындыларының бұл басы деп білеміз. Оның әр туындысының көзіқарақты оқырманды өзіне баурап алатыны шығармашылыққа адалдығын паш етіп тұр.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

27 қараша 2021 ж. 963 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 784

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031