УЫЗҒА ЖАРЫҒАН ҰРПАҚ НЕМЕСЕ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ
Қазақтың сөздік қорында "уызына жарыған", "ана сүтін адал емген" деген тіркес бар және бұл сөздер кез келген жерде қолданыла бермейді. Үлкен кісілердің өздерінен кейінгі ұрпақтың адами болмысына берген бағасы бұл. Яки ризашылығы.
Соңғы уақытта қоғамда ұлттық идеология жасап, ұлттық сана қалыптастыру жайы көп көтеріліп келеді. Алайда, сөз көп, іс жоқ. Ұлттық идеологияны кімдер жасайды? Жоғары билікте отырғандар дерсіз, бәлкім. Иә, солай. Ана тілін білмейтін немесе санасы жат діни ағымдардың уағызына уланғандар мен қатардағы қарапайым адамға ұлттық идеология қажет емес. Олар қазақ ұлтын, ұлттық құндылықтарын мойындамайды. Ондай адамдар қоғамға аса қауіпті, олардың іс-әрекетінің барлығы мемлекет үшін қатерлі. Өйткені олардың бойында ұлтымызға тән қадір-қасиет жоқ. Бір сөзбен түйгенде, анасының сүтінен садаға мәңгүрттер. Сондықтан ұлттық идеологияны ұрпаққа ұлттық тәрбие беруден бастағанымыз жөн.
Ал ол мақсаттың өзі ананың құрсағынан бастау алады екен. Ана сүтінің ақысын ешкім өтей алмас. Десе де, жоғарыда айтылған сөз әрбірімізді ойландыруы тиіс. Дүниежүзі ғалымдары ана сүтінің теңдессіз қасиеттерін зерттей келе: жалпы сүт қоспаларында мүлдем кездеспейтін 400 түрлі қоректік зат ана сүтінде ғана болатынын дәлелдепті. Ана сүтінің құрамында ағзаға қажетті белок, май, түрлі дәрумендер, гормондар, темір, көмір су, минералды тұздар, кальций, фосфат, тіршілікке өте қажетті микроэлементтер (селен, мыс, мырыш, молибден, магний, марганец), липаза, лактаза секілді ферменттер бар екен. Бір таңғаларлығы, ана сүтінің құрамы, майлылығы баланың қажеттілігіне байланысты өзгеріп отырады екен. Одан бөлек, мамандар өздерінің ұзақ жылдар бойы жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде дүниеге келген алғашқы тоғыз айда ана сүтін емген балалардың есте сақтау қабілеті, ақыл-ой зеректігі анағұрлым озық болатынын дәлелдеген. Ал ең бастысы, сол интеллектуалдық тест бойынша зерттеулерде ана сүтін емген, яғни уызына жарыған балалардың көпшіл, тез тіл табысқыш, мейірімді, патриот болып өсетіні белгілі болыпты.
Бүгінгі қоғамда аналардың көбі туа сала түрлі жағдайларға байланысты сәбилеріне дүкеннің сүтін береді. Резеңке емізікпен жасанды сүт еміп уызға жарымай өскен бала мен анасының құшағында жатып, алпыс екі тамырын иітіп, жанарынан төгілген күн шуағындай мейірімін сезініп, айналып-толғанған жылы сөздерін сүтпен бірге бойына сіңіріп, жан рахатын кешіп есейген баланың арасында айырмашылық әрине болады. Бұл жерде тек баланы уызға жарыту ғана емес, ана мен баланың байланысының өзінде сырт көзге беймәлім, тіпті ананың өзі сезінгенімен, жете түсіне бермейтін, тек Жаратушыға ғана аян бір тылсым бар. Міне, осы тылсымның астарында біздің ұлттық тәрбие жатыр.
Демек, біздің ұлттық код ананың сүтінде екен. Анасының құрсағында жатып, анасының сөйлеген сөзін сіңіру арқылы бала ана тілін үйренеді екен. Бұрынғы әжелеріміздің немересінің тәрбиесіне құрсағында жатқанда-ақ мән беріп, бойына бала біткен келіндерін жаман сөз айтудан аузын, көпшілік ортаға барып өсек-аяң естуден құлағын тыятыны содан екен. "Ұл бала – руды, қыз бала – ұлтты тәрбиелейді" деген сөз де содан шықса керек.
Баланың негізгі тәрбие алатын ортасы – отбасы. Тәрбиешісі – ата-анасы. Алайда, қазіргі аласапыран заманда таңнан кешке дейін күнкөріс қамымен аласұрған адамдар бала тәрбиесін балабақша мен мектепке түбегейлі тапсырған сияқты. Мектеп – білім ошағы. Ата-ана жұмыста. Ендеше ұрпақтың, тіпті тұтас ұлттың бүгінгі тәрбиесі балабақшаның жауапкершілігінде екенін мойындамасқа лажымыз жоқ. Сол балабақшалар бүлдіршіндерге ұлттық тәрбие беріп жатыр ма? Мәселе, осында. Отбасында ана тілінен өзге тіл білмейтін кейбір балалар балабақшаға барып өзіне де, ата-анасына да түсініксіз тілде былдырлап келетін болып жүр. Одан бөлек, балалардың тілінің шығуына, ақыл-ойының дамуына теледидардағы "Балапан" арнасының да ықпалы зор. Әрине, "Балапан" балалар үшін қажет.
Бірақ аталған арнадан көрсетілетін кейбір шет ел мультфильмдерінің аудармасы қойыртпақ. Қас қылғандай теледидар алдында тапжылмай отыратын бала ең әуелі басқа емес, сол қойыртпақ сөздерді үйреніп алады. Ал оны күндіз қадағалайтын ата-ана жұмыста, кешкі мезгілде анасы ас үйде, әкесінің екі көзі ұялы телефонда болады. Ғаламтордан "Тик-ток" көретін балалар түгіл, бүлдіршіндердің де қатары қалың қазірде. Өйткені, жарқ-жұрқ еткен арзан дүниеге бала табиғаты құмар. Ал соның барлығының сүзгісі – ұлттық тәрбие.
Бала күнімізде жыл сайын жазда Алматыдан көрші ағамыз келетін. Біз құралпы ұлы мен қызын еріте келеді. Ата-әжесінің ауылына келген қалалық балалар ауыл балаларын немесе ауыл табиғатын жатырқап тұрмайтын. Бізбен бірге көңге, шаңға аунап, асыр салып ойнап кететін. Бір қызығы, сол екі бала қазағының өзі орыстанып кеткен қалада туып-өссе де таза қазақша сөйлейтін. Ол кезде кеңестің кезеңі. Еліміздің астанасы болған Алматыда қазақ балабақшасы жоқ, қазақ мектептері аз. Алайда, адамға, соның ішінде өсіп келе жатқан балаға өзі өмір сүріп жатқан ортасының ықпалы тимей қоймайды ғой. Көп қабатты үйдің ауласында күнделікті ойнайтын балаларының бәрі бір-бірімен орысша сөйлеседі. Сол "кесел" бұларға да жұққан. Ауылға келгенде бізбен ойнап жүріп, үлкені орысша сөйлеп қойса, өзімен тете кіші інісі "Сені әкеме айтамын. Бізге ауылға барғанда тек ана тілдеріңде сөйлеңдер деді ғой", – деп үйге қарай тұра жүгіреді. Оның соңынан тәтесі қуып жетіп, әкесіне айтпауын өтініп, алдап сулайды.
Иә, мұндай тәрбие сол заманда "ұлтшылдық" болып саналды. Бірақ, соған қарамастан Алматыда тұратын әлгі көрші ағамыз өз балаларын, ұрпағын ұлтсыздықтан сақтап қалу үшін ұл мен қызын үйіне қашық болса да қазақ мектебіне берген және отбасында тек ана тілінде сөйлесіп, ортасымен тек қазақ тілінде қарым-қатынас жасауды үйретіп, тәрбиелеген. Бұл осыдан қырық жыл бұрынғы көзім көріп, өзім куә болған жайттар еді. Ал қазір біз тәуелсіз елміз. Балаларымызға ұлттық тәрбие беруге ешкім кедергі емес қой...
Қуат АДИС