ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ЕЛЖАНДЫЛЫҚ КЕПІЛІ
Қазақы рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуында ұлттық құндылықтардың маңызы зор. Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр.
Ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу ұлттық идеяның негізгі бағыты болып табылады.
Осы бағытта №203 орта мектепте «Ұлттық құндылықтар – елжандылықтың кепілі» атты тәрбиелік шара өтті. Тәрбие сағатын мектеп директоры Е.Жусупбеков ашып берді. Шара барысында «Мен қазақпын» тақырыбында бейнеролик көрсетіліп, жеті санының қасиеті туралы мұғалім Қ.Бақтыбаева түсіндірді. Қазақтардың таным-түсінігінде жеті санының алар орны ерекше. Жердің жүзін мекендеген халықтардың көбісі, соның ішінде қазақтар ерте кезден-ақ жеті санында сиқырлы күш бар деп санаған. Оны кие тұтып, қастерлеген небір ұлттар да болды. Соның бірі – қазақ халқы. Біздің ата-бабаларымыз да жеті санын қастерлеп, бірқатар таным-түсінігі мен табиғат құбылыстарын, аспан денелерін жеті санымен атап, ата заңдарына, салт-дәстүріне арқау етіп келеді.
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақтың төл тарихындағы ұлы жетістіктерінің жеті қырын атап көрсеткен болатын. Яғни, бұл жерде де «жеті» сөзінің қолданылуы тектен тек болмаса керек. Осы мақаланы арқау еткен оқушылар сахналық қойылымдар қойды.
Бүгінгі күн тұрғысынан қарайтын болсақ, егемен елдің бейбітшілігі мен бірлігін сақтайтын жас ұрпақтың бойына жастайынан ата-бабаларымыз негізін салған ерлік рухты, отаншылдық сезімді сіңіру кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болып отыр. Ұлттық сезім мен ұлттық намыс, ұлттық рухты көтеру – бүгінгі таңның кезек күттірмес міндеті деп білемін. Яғни, елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәрбие саласында жұмыс жасау басты міндетіміз.
Н.ЖАНҰЛЫ.