Байқадам батыр
Байқадам батыр
Қай елдің тарихында болмасын көрнекті ірі тұлғалар сол елдің тарихындағы аумалы-төкпелі кезеңдерде, сын сағаттар мен қиын-қыстау күндерде өзінің халық алдындағы тарихи міндетін абыроймен орындап, есімін келешек ұрпаққа үлгі-өнеге етіп қалдырады.
Қазақ елінің соңғы бес ғасырлық тарихында тарихи тұлғалардың ең көп көрінген, ең көп байқалған кезеңіне XVIII бен XIX ғасырлар жатады. XVIII ғасырда өмір сүрген тұлғалардың басты міндеті–қазақ жерінің тұтастығы мен елінің азаттығы үшін жоңғар, қалмақ, жайық казактары, башқұрттар секілді жаулармен күресті ұйымдастыру және оған басшылық жасау болса, XIX ғасырдағы тұлғалардың негізгі міндеті–орыс, хиуа, қоқан басқыншыларының отаршылдық экспансиясына қарсы ұлт-азаттық күресті ұйымдастырып, оған жетекшілік ету болды. Міне, осыншама сыртқы жауларға төтеп беруде хан-сұлтандармен бірге қазақ қоғамындағы беделді әлеуметтік топтың бірі–батырлар да үлкен роль атқарды. Олар өмір бойы әскери кәсіппен айналысып, жерін, елін сыртқы жаулардан қорғады.
Ел тәуелсіздігіне зор қауіп төндірген жоңғарлар мен қалмақтарға қарсы соғыста Келте тонды Келмембет, Тойқожа, Сәрке мен Бәйтен батырлардың бүкіл ғұмыры шайқаспен өтсе, Байқадам, Бұқарбай, Тоғанас, Сейіл, Қабан мен Меңлі батырлар орыс патшалығының Орта Азия мен Қазақстандағы отаршылдық экспансиясына қарсы ашық түрде қарсылық көрсеткен қазақтың ақырғы батырлары еді.
Өкінішке орай, қазіргі таңда аудан тарихынан ойып тұрып орын алатын қаншама тарихи тұлғалардың өмірі мен тағдыры зерттеу назарынан тыс қалып, көмескі күйінде қалып отыр. Оған сол баяғы жазбаша деректердің жеткіліксіздігі мен қолда бар құжаттардың өзі тиянақты жүйеленбей, ғылыми айналымға толық енгізілмеуі себепші болса керек. Соның салдарынан, біз әлі күнге дейін қазақ елінің тәуелсіздігі мен азаттығы үшін қан майданда күресіп, жанын құрбан еткен бірқатар батырларымызды толық танып, біле алмай келеміз.
Осындай тұлғалардың қатарына атақты Сәрке батырдың немересі Байқадам батырды жатқызуға болады. Байқадам Ағайдарұлы 1791/1792 жылдар шамасында қазіргі Жалағаш ауданының төңірегінде дүниеге келіп, 1850 жылдың қыркүйек айында Қарақұмдағы Ақши деген жерде қаза табады. Шыққан тегі–Жетірудың ішіндегі Шөмішті Табын аталығы. Оның ішінде Өмірқұл. Өмірқұлдан Сәрке болып тарайды. Сәрке батырдан–Қойгелді, Бегайдар, Ағайдар туады. Ағайдардан–Байқадам, Татан, Бостыбай, Қопақ болып тарқатылады.
Байқадам батырдың есімі Орынбор шекаралық комиссиясының құжаттарында Сыр өңірінің сол кездегі белгілі тұлғаларымен қатар айтылады. Себебі, заманында Байқадам батыр әділдігімен, батырлығы мен ержүректілігімен бүкіл Сыр өңіріне мәлім болған тұлға болатын. Ел аузында ол кісі туралы ауызша деректер мен аңыз-әңгімелер көптеп кездеседі.
Бүкіл Сыр бойы Табындарының тізгінін қолында ұстаған Байқадам батыр сол уақытта қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты елінің мүддесі үшін бірде хиуалықтардың жағында қоқандықтармен соғысса, тағы бірде орыстармен одақтасып, қоқан және хиуа басқыншыларына қарсы ашық шайқасқа шықты.
ХІХ ғасырдың І-жартысында Сыр бойында қалыптасқан саяси-әлеуметтік ахуалға қысқаша шолу жасасақ, ХІХ ғасырдың алғашқы он жылдығында Сыр өңірі Қоқан, Хиуа хандығы секілді екі бірдей ортаазиялық феодалдық мемлекеттердің талауына түсті. Олардың ішінде әсіресе, Сыр өңірінің халқына Қоқан хандығының тізесі айрықша батты. Қоқан билеушілері Ұлы жүз жерінің батыс бөлігіне (Ұзынағашқа дейін), Талас алқабына, Орта жүздің Ташкент пен Арыс өзені аралығы мен Түркістан маңындағы жерлерге және Кіші жүздің Сыр бойы (Қазалыға дейінгі аралық) қазақтарына жарты ғасырға жуық саяси үстемдік жүргізді. Сырдарияның оң жағасындағы Орта Азия мен Ресей империясын байланыстыратын керуен жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз деген сылтаумен қоқандықтар Созақ, Жаңақорған, Жөлек, Ақмешіт, Күмісқорған, Шымқорған, Қосқорған секілді қамал-бекіністерін салдырды. Аталған бекіністердің басым көпшілігі Сырдария мен Қараөзектің аралығындағы ерекше шекаралық аймақты құрап, көшпелі қазақтардың жайлауы мен қыстауларының арасын үзіп, жолдарын бөгеді. Осы аймақта көшіп-қонып жүрген қазақтың ру-тайпалары осы бекіністердің жіті бақылауына алынды. Қоқан бектері ондаған жылдар бойы осы бекіністерді пайдаланып Сыр өңірінің қазақтарын езгіде ұстап, түрлі алым-салықтармен мал-жанға қиянат жасады.
Мұндай азарға шыдамаған жергілікті қазақтар Байқадам батырдың басшылығымен қоқандықтардың бекіністеріне дүркін-дүркін шабуыл жасап, басқыншыларды тәубасына келтіріп отырған.
Мысалы, 1830 жылы Байқадам мен Мысық би басқарған табындардың жасағы Күмісқорған бекінісін басып алып, қоқандықтарды Сыр бойынан үдіре қуады. Тағы бір шайқаста Байқадамның сарбаздары қоқандықтардың Қарауылбек, Сарымерген, Ораз палуан деген батырлары басқарған жасағын тас-талқан етіп жеңеді. Осы шайқаста Байқадам Қарауылбекті жекпе-жек айқаста найзамен түйреп өлтіреді.
Елдің айтуынша, Байқадам сәуегейлігі бар болжампаз кісі болған және өле-өлгенше өзінің ізінен ерген батыр інісі Бұқарбайды ерекше жақсы көріп, құрмет тұтқан. Бұқарбай батырдың жас күнінде ат құлағында ойнайтын шабандоздығын, найзагерлігін, қысылтаян сәттерден оп-оңай жол тауып кететін тапқырлығын, ержүректілігін байқаған Байқадам батыр «Мынау тірі болса, болайын деп тұрған бала екен, енді мұны әскери өнерге баулиық» деп оны өзінің жасағына қосып алады. «Сәрке атаңның жолын берсін» деп ағынан жарылып, ақ батасын береді. Ағасының тілегі қабыл болып, Бұқарбай бабамыз бертін келе күллі қазақтың жоғын жоқтайтын хас батыр болып қалыптасады.
Байқадам батыр жас шағында бүкіл Сыр өңіріне белгілі Ыдық Керейт руының атақты байы Қыстаудың Каракесектегі Қарабесбай деген батырына атастырып қойған Саржелек есімді сұлу қызын тартып әкетіп, екі рулы елдің арасында үлкен дау-жанжал туады. Ақырында, екі жақ шайқас даласында кездеспекші болып уағдаласады. Бұқарбай батыр жас болғандықтан, Байқадам батыр қолбасшылыққа өзінің тубегі Шірен батырды тағайындап тұрып «Шіренді бір Құдайға, Бүқарбайды Шіренге тапсырдым. Сыналар кезің келді, Бұқарбай! Иә, Құдай, бар болсаң, Қарабесбай мен Бұқарбайды намаздыгер-намазшамда жолықтыра гөр!..» деп Құдайдан тілек тілейді. Батырдың сол тілегі қабыл болып, Бұқарбай батыр жекпе-жек айқаста найзасымен Қарабесбайды жер жастандырады. Бұқарбайдың найзагерлігіне сүйсінген Байқадам «Өзімнің кеш туып, алдыма шығатын болдың-ау...» деген сөз қалдырса керек.
Халық арасында Байқадам батыр айтты деген мынадай әңгіме сақталған. Ол кісі үнемі «Астымда Ақтабандай сәйгүлігім болса, Бостыбайдай жолсерігім болса, жүз қаралы жау көп те емес, аз да емес» деп айтып отырады екен.
Байқадам батыр 1835 жылы Қоқан мен Хиуа хандықтарын бөліп тұрған Сырдария өзенінің үстінен көпір салып, әрлі-берлі өткен жүргіншілерден азын-аулақ жолақы алып отырған. Қоқандықтар лауазымды бір адамын жіберіп, Байқадамнан әлгі ақының бір бөлігін беруді талап етеді. Бұл талапқа көнбеген Байқадам көпір маңында болған шайқаста қоқандықтардың 6–7 адамын өлтіріп, бастарын кесіп, тарту ретінде хиуалықтарға жібереді.
Бұл оқиға жайлы Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский 1837 жылдың 1-маусымында Ресей империясының Сыртқы Істер Министрлігі Азия департаментінің директоры К.Родофиникинге жолдаған хатында: «...Чумышлы-Табынский старшина Байкадам построил в 1835 году между пределами Хивы и Коканда мост через Сыр и собирает небольшую пошлину с проходящих. Кокандцы выслали чиновника с требованием, чтобы Байкадам поделился сбором; вышла ссора и драка, в которой Байкадам убил 6 или 7 кокандцев и представил головы их хивинцам...»,–деп жазады. (Казахско-русские отношения в ХҮІІІ–ХІХ веках. (1771–1867). Сборник документов и материалов. Док.-282. Алма-Ата, 1964.)
Ерте көктем шыға бере көштің басын Арқа мен Торғай жаққа бұратын Сыр бойы қазақтарының мал-мүлкін ағысы қатты Қараөзек өзенінен өткізу мақсатында Байқадам батыр Қараөзектің үстінен де де көпір салдырып, ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленеді. Қазақтардан алым-салық алып әбден дәніккен қоқандықтар бұл көпірден де пайда табуды ойластырып, Байқадамға кісі шаптырып, қоқан-лоқы жасайды. Ақырында, олардың Өгіз деген бір қарақшысы көпірді күзетіп отырған Оразбай атты қазақты өлімші етіп таяққа жығып кетеді. Әлгінің ізіне түсіп, қуып жеткен Байқадам батыр қарақшыны сойылмен бір-ақ ұрып, жайратып тастайды. Бұдан соң қоқандықтар бұл жаққа қарай жоламай кетеді.
Ел аузында сақталған аңыз бойынша, Қенесары хан Байқадамды «көтеріліске қарсылық білдірдің әрі әскерге адам бермедің» деп жазаламақшы болады. Сонда Тама руының биі Өмірбай шешен хан ордасына кіріп келіп «Мен Таманың биі Өмірбаймын, сөзге шешен, әділдікке баймын. Жақсы адам жалынса–барлық күнәсін кешеді, болатты тасқа салсаң–кеседі. Кіші жүздің ішінде Жетіру деген елміз, батырды босат, болмаса тұрысатын жеріңді айт»,–депті. Содан амалы таусылған Кенесары хан алдына Байқадамды алдырып «халың қалай, батырым»,–дегенде, Байқадам батыр «Әкең Қасымды қоқандықтар өлтіргенде қасында ешбір қазақ баласы жоқ еді, әкеннің қаны үшін мен Қоқанды үш рет шауып едім, сол еңбегім бүгін қайтты ғой»,–депті. Байқадам батырдың ұтымды әрі тауып айтқан сөзіне тоқтаған Кенесары хан батырға сый-сияпат көрсетіп, татуласқан көрінеді.
Аудандық музей қорындағы Орынбор мұрағатынан алынған бір деректе орыс үкіметінің 1842 жылдың 26 тамыз (8 қыркүйек) күні Алшын болыстығы, Табын руының Есенбай бөлімшесі, Сәрке аталығының биі Байқадам Саркиннің ауылына жүргізген санақта Байқадам батырдың отбасында барлығы 22 адам тұратындығы (14 еркек, 8 әйел), өзінің жеке иелігінде 12 киіз үйі, 99 жылқысы, 24 мүйізді ірі қара малы және 720 қойы бар екендігі анықталып, тізімделген. (РФ., ОрОММ., 6-Қор, 11-Тізбе, 114-Іс, 12 парақ).
Байқадам батырдың Сыр өңіріне аяқ басқан орыс әскерлерін жергілікті қазақтарды қоқандықтардың езгісінен құтқарушы күш ретінде қабылдағанын мұрағат деректері де айғақтайды.
Мысалы, 1844 жылдың 4 маусым күні Кенесары адамдарының «Байқадам Кенесары жағында екен» деп әдейі таратқан жалған сыбысына сенген әскери старшина Лебедевтың жазалаушы әскерлері Қарақұмда көшіп-қонып жүрген Байқадамның ауылын шауып, тонайды. Артынша, осы өрескел әрекеті үшін Лебедев Орынбор шекара комиссиясының шешімімен қызметінен босап, ісі әскери сотқа беріледі. Байқадам батырдың ауылынан тоналған барлық мал-мүліктер мен заттар иелеріне қайта таратылып беріледі. Осы оқиғаның өзі Байқадамның орыс патшалығы алдындағы абырой-беделін айғақтай түседі.
1844 жылы Байқадам батыр Орынбор қаласына барып, Орынбор шекара комиссиясының алдында бұдан былай бейбіт өмір сүретінін айтып, Ресейге адал болуға ант қабылдайды да 1846 жылы Қоқанның иелігіне қарай көшіп кетеді.
1849 жылдың аяғында орыс иелігінің жеріне қайта көшіп келген Байқадам мен Бұқарбай батырлардың Орынбор генерал-губернаторы Обручевтен Елек өзенінің бойы мен Қарақұмның шұрайлы жерлерінен Табынның 200 шаңырағына жайлы қоныс сұрап алып, бейбіт өмір сүрмек болған ойларын кенеттен Жанқожа батырдың баласы Итжемес пен інісі Жауғашар бұзады.
1850 жылдың 7-ші қыркүйек күні (ескі стиль бойынша) Қарақұмдағы «Ақши» деген жерде Байқадам ауылын таң қылаң бере тұтқиылдан жау шауып, Байқадам батыр қапылыста қаза табады. Сөйтіп, іргелес жатқан Табын мен Әлім-Шөмен тайпаларының арасы шиеленісе түседі.
Мұрағат деректеріне жүгінсек, осы қайғылы оқиға жайлы Орынбор шекаралық комиссиясының шенеуниктері жоғары жаққа жазған ақпарларында: «Батыр Байкадам Агайдаров...в 1846 году укочевал в пределы Кокандского владения, и до 1849 года о Байкадаме не было слуха, и в том же году, впоследствие полученнаго от бия этого письма, что он, по ограблении его кокандцами, прикочевал к Уральскому укреплению и желал бы навсегда там остаться. Генерал от инфантерии Обручев приказал назначить Байкадаму места для кочевок с обязательством спокойно жить в степи, и исполнять все требования начальства, однако, в начале же 1850 года...Байкадам с приверженцами подкочевал на урочище Учь-Узек в Каракумах и тут в схватке с враждебными ему Кичкене-Чиклинцами погиб, осенью того же года...»,–деп хабарлайды. (РФ., ОрОММ., 6-Қор, 10-Тізбе, 6313-Іс, 78 парақ).
Бұқарбай мен Сейіл батырлар бұл оқиғаны: «...мы с 1850 года, условясь с батырем Байкадамом с 200 кибитками нашими откочевали из Кокандского ханства с целью сделаться верноподданными России и когда прибыли в Каракумы к урочищу Ак-Чии,...то сын батыра Джан-Ходжи Нурмухаммедова Ить-Джимес и брат его Яугачар с 500 человеками Алимовцев ограбили нас, убили батыра Байкадама и много других наших людей, угнали скот и увезли наше имущество...»,–деп баяндайды. (РФ, ОрОММ, 6-қор, 10-тізбе, 6751-іс, 40-парақ)
Байқадам батырды ел-жұрт болып арулап, Қорқыт қорымындағы атасы Сәркенің қасына апарып жерлейді. Артынша, батырдың жетілігін өткізгеннен кейін екі таңбалы Табын елі түгел атқа қонып шектілерден Байқадамның кегін алуға аттанады. Бұны біз төмендегі орыс шекара қызметі басшыларының жоғары инстанцияларға жазған мәліметінен аңғарамыз: «... В ночь на 25 сентября того же года новая шайка, в 400 человек, под начальством батыра Бухарбая, брата Байкадама, убитаго чиклинцами, разграбила последних на Казалы и на урочище Арык-балык, убила 11 человек и угнала 1,5 тыс. лошадей, верблюдов и коров и до 21 тыс.баранов...». (А.И.Макшеев. Исторический обзор Туркестана и наступательного движения в него русских. С.-Петербург. 1890. 179 бет.).
Қоқандықтардың Ақмешіт бекінісінің бастығы Якуб-бек Райым (Арал) бекінісінің бастығына жолдаған хатында Байқадам батырды өлтіріп, екіжақты шапқыншылықты бірінші болып бастаған Шекті тайпасын кінәлап, қоқандықтардың бұл оқиғаға ешқандай да қатысы жоқтығын жазады: «...Сперва грех пошел от ваших шектинских казаков, которые пришли в наше владение, разграбили мирных наших казаков, угнали скот и увезли имущество, убив при этом батыра Байқадама, известного четырем владениям: русскому, бухарскому, хивинскому и кокандскому. Как человек благонамеренный, не вытерпев таких неприязненных проступков, батыр Бухарбай из среды семейства батыра Байкадама, вооружаясь отправился к шектинцам, взял их скот, имущество и жестоко наказал их...». (Материалы по описанию Оренбургского казачьего войска. Выпуск 11-й. Оренбург.1898. С.410.)
Сөйтіп, бұл оқиғаның арты Табын мен Әлім тайпалары арасындағы 3-4 жылға созылған үлкен тайпааралық қақтығысқа ұласады.
Бұл жерде Итжемес, Жауғашар, Байқадам мен Бұқарбай батырларға баға бергенде оларға бүгінгі көзбен қарап, «сол заманда өмір сүрген адамдар неге демократ болмаған, неге мейірімді болмаған» деп сөкпей, өз заманының көзқарасымен баға беру керек сыңайлы. Ал Байқадам батырлар өмір сүрген заман қандай заман еді? Ол заман жергілікті тайпалардың бір-бірімен қырық пышақ болып қырылысып, қайсысы күшті болса соның сөзі өтіп, дәурені жүріп тұрған заман болатын. Ол заман бұрыңғы айрандай ұйыған қазақтың басынан бақ-береке қашып, «балапан басына, тұрымтай тұсына» тарайтын заман еді. Ол жылдар ел ішінде әлі де тыныштық орнамай, екі жақты шапқыншылық пен барымта, жер дауы мен жесір дауы секілді руаралық және тайпааралық қақтығыстардың ушығып тұрған уақыты болатын. Сол заманда-ақ қазақтар Еуропаның бірнеше мемлекеттері қосылып, емін-еркін сиып кететін кең далаға сиыспай отырса керек. Мал-жан сиғанмен, сол баяғы көңіл шіркін сыймайды. Сөйтіп, әуелден қонсылас, төсекте басы, төскейде малы қосылған ағайынның бір-бірімен шекісіп қалған кездері де аз болмаған сыңайлы.
Сондықтан да, жоғарыда аталған тұлғалар өз заманының перзенті болғандықтан солай істеуге мәжбүр болды десек ақылға сыйымдылау.
Ал енді Байқадам батырдан тараған ұрпақтарға келетін болсақ, бабамыз үш әйел алған екен. Бәйбішесі Арғын ішіндегі Тобықты руының Қозған есімді биінің қызы болған. Одан Сейіл мен Тобағабыл (Тобан) есімді ұлдар туады. Екеуі де жарақты азамат болып өседі. Осы күнге дейін Нұраның бойында «Тобағабыл белгісі» деген жер атауы сақталған.
Байқадамның үлкен баласы Сейіл батырлығымен әрі даналығымен аты шығып, 18 жыл бойы Перовск уезі, Байұзақ болыстығының болысы қызметін атқарған. Ол кісі 1902 жылы 75 жасында қайтыс болғаннан кейін мүрдесін Қорқыт қорымындағы әкесінің қасына жерлеген. Сейілдің бел баласы Бекқұлы кеңес үкіметі тұсында Ақмешіт (Қызылорда) уездік сотының төрағасы қызметін атқарған.
Байқадамның екінші әйелінен Аман мен Байтоғай деген ұлдар тарайды. Екеуі де елге елеулі, халқына қалаулы азамат болып ержетіп, халқына қызмет етеді.
Байқадамның үшінші әйелі Керейттің Қыстау деген байының Саржелек есімді қызы болған. Одан Ақсақал мен Байсақал есімді балалар туады. Ақсақал бабамыздың өз кіндігінен ұрпақ болмаған. Байсақал бабамыз 3 әйел алғанға ұқсайды. Бірінші әйелінен Дәурен мен Қорған, екінші әйелінен Бекнияз, үшінші әйелінен Раушанбек және Тәліп туады. Бекнияздан табиғаты ерекше қасиетті кісі болған Беркінбай кәлпе туады.
«...Байқадам мен Бұқарбай,
Қабан, Сейіл, Елқонды,
Айта берсең тағы бар.
Атойлап олар ат қойса,
Тас қамалың да алынар.
Айтып-айтпай не керек,
Тұлымды ұлдар тудырған
Табындардың бағы бар...»,–деп заманында қармақшылық ақын Шегебай Бектасұлы Байқадам бастаған бір топ батырларды жырға қосқан екен.
Қорыта айтқанда, Отан тарихынан ойып тұрып орын алуға лайықты тұлғалардың бірі Байқадам батыр мен оның ұрпақтарының ел үшін атқарған істері орасан зор. Байқадам батыр туған жердің тұтастығы, туған елдің азаттығы мен қазақ халқының мүддесі жолында көрсеткен ерлігімен ел есінде қалған нартұлға болып табылады. Бабамыздың ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі болып, ал есімі қазақ тарихында мәңгілікке сақталып қалатындығы даусыз.
Қ.Жапақов.
Аудандық тарихи-өлкетану
музейінің қызметкері