ШЫНАР ДЕСЕ, ШЫНАР БОЛЫПТЫ...
Сыр елінде Бұқарбай батырдың есімімен қатар Шынар ананың аты қоса аталып, біраз әңгімелерге арқау болады. Наурыз Жаппастан тараған Арқай бидің баласы Өтебастан Толыбай мен Шынар туады. Ол жасынан қонақ күтіп, елдің салт-дәстүрінен мол хабардар болып өседі. Оны ел аузындағы аңызға айналған әңгімелердің өзі-ақ аңғартады. Солардың бірінде Арқадан келген Шұбыртпалы Ағыбай, хан тұқымы Наурызбай және сырбойлық Бұқарбай батырлар кездесіп, қыз хақында сөз қағысуы, үшеуіне де Шынар қыздың берген жауабы да әртүрлі айтылып жүр. Дегенмен, бәрінің мазмұн-мәні батырлардың Шынар қызға сөз салуы болып табылады. Сонда Бұқарбай батыр оларға қарап тұрып:
... Қастасқан жауға қадалдым,
Қадалған жерден қан алдым.
Қан алмадым жан алдым
Шынар қызды ендеше,
Сендер емес, мен алдым! – деп дауды бір-ақ шешкен деседі. Ақылына көркі сай, Шынар қызбен Бұқарбай батыр қосылып Көтібар, Алданазар, Зылиха атты үш перзентті болыпты.
Қастасып жүрген бір батыр «Бұқарбай ауылында жоқ дегенді естіп, «ауылды шауып Шынарды байлап әкеліңдер» деп жігіттеріне тапсырма беріпті. Күйеуін күтіп жол қарап тұрғанда Күміс асардың арқа бетінен шаң көрінеді. Бұлардың жау екенін біліп, ауылға қарай шабады.
«Кім едіңдер» дегенде олар «бізге Бұқарбайдың жары Шынар керек» депті. Сонда Шынар ана, «мен» деп оларға қарсы беттейді. Аяқ-қолы байлаудағы Шынар ана:
... Көбігі көкке шашылған,
Көлдерім саған не жазды?
Тыныштыққа бөленген,
Түндерім саған не жазды? – деп зарлапты.
Қарсыласқан Шынарды найзамен түйреп тастайды. Өлім мен өмірдің ортасында жатқан Шынарды жау жағы көлге апарып тастап кетеді. Біраз уақыттан кейін есін жиып, жағаға шығып, үйіне қарай жылжи отырып, балаларының атын атап шақырып, қайтыс болған деседі.
Көл жағасында өмірден өткен Шынар ананы арулап осы көл жағасына жерлейді. Міне, содан бері көл «Шынар көл» деп аталатын. Бұқарбай батыр ұрпақтарының бірі, көне сөздерді көп білетін, әрі айтқыш Сейітнәби Мұқашев 1964-1965 жылдарда айтып, оның әңгімесінен ақын Асқар Тоқмағамбетов «Шынар туралы шындық» атты поэманы жазып, Шынар анаға өлеңмен ескерткіш орнатты. Асекеңнен кейін ақындар Сейітмұрат Ембергенов, Рахмет Батырбаев, Елена Әбдіхалықова тағы басқалар Шынар Өтебасқызына арнап, жыр-толғауларын жазды.
Аңыз әңгіменің екінші бір нұсқасында Арқай баба ұрпақтарының айтуынша оқиға былайша өрбіген.
Бірде Арқай ауылы Арысқұмды жайлап отырғанда жау шауып кетеді. Бекболаттың жас кезі болса керек, онын ұрып-соғып байлап кетіпті де Шынарды атқа өңгеріп, алып кетіпті. Бұл кезде Толбай мен Бұқарбай көрші ауылда жүр екен. Олар естісімен жауды өкшелеп қуа жөнеледі. Шынарды түйенің үстінде екі жігіт ұстап отыр екен. Әйел зарын естіген Бұқарбай ақырып жібергенде батырдың дауысынан Шынар қуат алып екі жігітті құлата түйеден домалап түседі. Жауларын жеңіп, Бұқарбай Шынарды құтқарған екен.
Үшінші бір ел әңгімелерінде Шынар келіншектің ақылдылығы арқасында орыс әскерінің шабуылынан Бұқарбай ауылы аман қалған деседі. Расында да осы оқиға былайша басталыпты. Бірде табын руының ауылдары Қарақұм, Арысқұмға қарай көш бастап алдағы жерге тоқтар алдында Шынар ана:
«... Батырым, жолы да, жасы да үлкен Байқадам ауылының көші алдымен қонсын. Біздер бір көш ілгері барып қонайық» деп алдағы жайылымға қоныпты. Алдын ала Бұқарбайға тісі бар көрші рулардың адамдары «Бұқарбайдың ауылы», деп Байқадам бидің ауылын шауыпты. Әскери старшын Лебедевке Орынбор генерал-губернаторы Байқадам бидің ауылын шапқаны үшін жаза қолданған және Байқадам Ақайдарұлының Ресейге, қоғамға, Бұқараға белгілі адам екені қоса жазылған архив құжаттарында.
«... Осы айдың төрті күні бүлікшіл емес ауылдарға шапқыншылық жасап, олардың көп малын айдап әкеткенсіз». Бұл 4 қор, 1-тізбенің 2547, 2651- істерде жазылған. Осы оқиғадан кейін әскери старшын Лебедев Орынборға шақырылып орнынан алынды және патшаға адал Байқадам бидің ауылын шапқаны үшін сотқа беріледі: Е.Бекмаханов «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабының 269 бетінде. Демек, ауызша әңгімелерде айтылған оқиғалар, архив деректерімен ұштасып жатыр. Сөйтіп, Шынар ана ауылын шабуылдан сақтап қалғаны шындыққа саяды.
Үшінші аңыз-әңгіменің жалғасында Сыр елінің көрнекті азаматы Мөрәлі Шәменовтің 1964 жылы халық жазушысы, ақын Әбділда Тәжібаевқа айтқан әңгімелерінде Шынар ана жайлы, оның мұнара белгісі жайлы да айтылыпты.
Қарап отырсам, 3-4 аңызға бергісіз әңгімелерде тарих жатыр. Тарихпен бірге Шынар ананың ақылдылығы, сұңғыла болғаны сезіліп-ақ тұр.
Шынар қайтыс болғанда Табын Бозжан би Бұқарбайға көңіл айтқаны:
... Әйел үйдің туы, ерлердің нағыз жақыны,
«Қатын өлді, қамшының сабы сынды», – деген бұрынғының нақылы.
Бір-біріңе сүйіп қосылған қымбатты зайыбың еді-ау, Шынарың қайырлы болсын ақыры», – деп көңіл қосын білдірген екен. Сөйтіп бұрынғы «Иіркөл» атауы Шынар көл деп аталыпты. 30 жасқа жетпесе де оның артында аңызға бергісіз жақсы әңгімелер қалған. Оның ұрпақтары XIX ғасырдың ортасына таман көл басындағы Шынар қабіріне мұнара ескерткіш тұрғызған. Бірақ, ол уақыт мезгіліне шыдамай құлап қалады. Бұқарбай Естекбайұлының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында Шынар ұрпақтары бас болып, Шынар анаға ескерткіш белгісін қайта қойды. Мұны Шынар анаға деген бүгінгі ұрпақтың құрметі деп білдік.
Енді ел ризығына айналған Шынар көлі туралы деректерді сөйлетіп көрейін.
Шынар көлі жайлы сөздер Сыр елінен асып, біраз жерлерге жайылған. Оны «Советская степь» газетінің 1927 жылдың 13 қаңтарындағы «Спор о Шнар-Куле» атты мақалада: «Шнар-Куль», или» озеро-лучше не надо» – более десятка лет принадлежало аулу «Тридцать три: Шестьдесят кибиток кормиль рыбой Шнар-Куль, десятки чигирей послали воду на огороды аула». Газет осылай деп жаза отырып, оның жаңа егесі барын біліпті. Баеке Еспаев бас салып біліпті де ізденіпті. Бірақ уездік комиссия бірнеше рет қарап, көлдің табиғи көл екенін анықтаған. Тіпті «Правда» газетінде де «Чинар-куль» атты мақалада басылған-ды. Қараөзек болысының №33 ауылының 56 адамы арыз жазып, Шынаркөлді өздері қазып пайдаланғанын жазады. Осылайша Қызылорда уездік атқару комитетімен арада келіспеушіліктер орын алып, ол туралы «Правда газетінде, «Советская степь» газеті де Шынаркөл туралы жазған.
Аталған мақалада Қызылорда уездік атқару комитеті Қараөзек болысының №33 ауылдың тұрғындары «Шынар көлді өз пайдасына тартып алды» деп айыптайды. Негізінде, ол көлді ауылдың адамдары оны тегін пайдалануы керек, себебі оның жаңғыруына ауылдың адамдары еңбек сіңірген, ал суын егін учаскелердің суаруына арналған. Осы көлді мүгедектер кооперативіне заңсыз арендаға берілген. Осыған орай №33 ауылдың 56 азаматының атынан Баеке Еспаев ауылға көлді толық пайдалануға беруді сұрап арыз түсірген. Алайда, Қызылорда уездік комитетінің 1926 жылдың 10-қазанындағы отырысымен көлді табиғи деп шешім қабылдаған. Шынар көлінің табиғи болғандығын М.З.Покровскийдің, профессор Бергтің еңбектерінде атап өткендігін алға тартады. Аталған 168 түтіннің иелеріне және 56 азаматқа «Қосшы» одағы тарапынан жеңілдіктер қарастырылған. Бұл жөнінде Қызылорда уездік комитетінің төрағасы Ахметжанов қол қойған.
Сонымен өлкелік «Советская степь» пен «Правда» газеттерінде Шынар көл туралы жазылған мақалалардан Шынар көлінің пайда болғанына бірнеше онжылдықтар өткенін білдік. Демек, Шынар ана атындағы көлдің тарихы да тереңде.
Жоғарыда жазылғандай, ақын Асқар Тоқмағамбетов «Шындық туралы шындық» дастанында (1975ж.) Асекең Шынардың тал бойын сипаттайды.
... Жалаулы найза қолға алып,
Ап жыландай толғанып.
Шауып шықты Шынар қыз
Ыза мен кекке долданып.
Найзасын бөгеп қыз тұрды,
Шынарды жау кеп түйреді.
Аппақ етін қан етті – дей келе ананың көлге лақтырылғанын жырға қосқан. Сол уақыттан бері 150 жылдан астам уақыт өтсе де Шынаркөл мен мұндалап тұр.
Атақты ақын А.Тоқмағамбетов дастанының соңында:
... Өлмейтін қызға ескерткіш ел жасапты,
Біз тұрдық сол Шынардың моласында.
Әдемі-ақ болу керек о басында,
Бұл кезде бәрі құлап, жер боп қапты.
Жалағаш, Сырдың сұлу жағасында.
Бұл күнде Шынар көлдің жағасында батыр анаға арналған ескерткіш Шынар ананы еске алып тұрғандай сезіледі.
Шынар ана жайлы жазуыма себепкер «Советская степь» газетіндегі «Спор о Шнар-Куле» атты мақала болды. Осылайша, Өтебасқызы Шынар туралы ой қозғадым.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, жазушы.