» » » САЛАДА СЕРПІЛІС БАР

САЛАДА СЕРПІЛІС БАР

Құрылыс саласының дамуы елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайының арта түсуіне тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары ауданда құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Бірнеше жылдан бері жалағаштықтардың да көкейлерінде жүрген мәселелері оң шешімін табуда. Бірнеше құрылыс нысандары пайдалануға беріліп, жұртшылық үлкен қуанышқа бөленуде. Биыл да жаңадан бой көтеріп жатқан ғимараттардың қатары қалың. Біз осы құрылыс нысандарының бүгінгі жай-күйін білу үшін аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әбдіғани Шадаевпен әңгімелескен едік.


– Әбдіғани Сәдуұлы, өңірде құрылыс саласының қарқын алуы аудан экономикасына оң әсерін тигізіп жатыр ма?
– Иә, құрылыс – қарқынды дамудың көрсеткіші. Аудандағы бой көтеріп жатқан ғимараттардың барлығы осының дәлелі. Соңғы екі-үш жыл көлемінде бірнеше нысан пайдалануға берілді. Олар бүгінгі күні ел игілігі үшін қызмет етуде. Олардың алғашқы сапында аудандық ішкі істер бөлімінің ғимараты тұр. Аудандық ішкі істер бөлімінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында да жүйелі жұмыстар жасалды. Жаңа ғимаратта бақылау-өткізу пункті, мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған терезелер, кезекші бөлімшесі, қару-жарақ сақтау қоймасы, арнайы құралдар сақтау бөлмесі, тир бөлмесі, мәжіліс залы, тергеу бөлімшесі, анықтау тобы, криминалды полиция бөлімшесі, арнайы жауап алу бөлмелері, уақытша ұстау изоляторы, сонымен қатар әкімшілік қамақ, уақытша ұстау изоляторында қамауда отырғандарға арналған серуендеу орындары, фельдшер кабинеті, дезинфекция кабинеттері, кезекші бөлімшесінің бөлмелері, кездесу бөлмесі орналасқан.
Сонымен бірге ауданға қарасты Мырзабай ахун ауылдық округінде де жаңа ауыл әкімшілігі ғимараты салынды. Іргелі елді мекен тұрғындарының көкейтесті мәселелерінің бірі шешімін тауып, үлкен қуанышқа бөленді. Жаңа әкімшілік ғимаратының көлемі 149,33 шаршы метрді құрайды. Зәулім де жарық, жылы да кең әкімшілік ғимаратта әкімшілік қызметкерлері тұрғындардың күнделікті тыныс-тіршілігінің қалыпты деңгейде, үзіліссіз жүргізілуі үшін күш салуда. Қазақта «Қос дүниең абат болсын, қос тойың қабат болсын» деген сөз бар. Бірнеше жаңа ғимарат пайдалануға берілген Мәдениет ауылы үшін де бұл жыл тарихи оқиғаларға толы болды. Ауыл орталығынан 90 орындық балабақша, 150 орындық клуб және спорт кешені бой көтерді. Ауыл көркін аша түсетін, халқына берер пайдасы мол 90 орындық балабақша ашылып, көпшілікті бір қуантып тастады. Мердігер – «Атамекен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Облыстық бюджетке салынған ғимараттың жалпы ауданы 1437,97 шаршы метрді алып жатыр. Жас бүлдіршіндер балалық бал дәуреннің қызығын көріп-біліп, тәні мен жаны сау, өз елінің лайықты азаматы болып өсуі тиіс. Осы мақсат үшін бүлдіршіндерге ерекше көңіл бөліп, аудан көлемінде білім мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайы нығайтылып, балабақшалар қатары көбеюде. Тіректі ауылда келесі бой көтерген жаңа нысан – 150 орындық клуб.
Елімізде мәдениет саласын дамытуға қажетті жағдайлардың барлығы жасалып отыр. Соның ішінде ауылдың мәдениетін көтеру, көркейту басты міндеттің бірі болды. Осының негізінде жаңа ауылдық клуб ғимараты бой көтерді, елді мекен мәдениетін әрі қарай дамытуға серпін берді. Жалпы ауданы 849,57 шаршы метрді алатын жаңа нысан пайдалануға берілді. Ендігі жерде ауыл тұрғындарының жиналып, түрлі рухани кештер, шаралар ұйымдастыруына барлық жағдай бар. Мәдениеттіктер тағы бір жаңа нысанның ашылуының куәсі болды. Елді мекенде жаңа спорттық кешен бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Спорт кешенінің ашылуы, әсіресе, ауыл жастарына үлкен қуаныш сыйлады. Осы уақытқа дейін спорт мектебінде жаттығып жүрген балаларға бүгінде заман талабына сай жабдықталған спорт кешенінде уақыт өткізулеріне толықтай мүмкіндік жасалды. Онда бокс және күрес үйірмелері жұмыс жасайды. Сонымен бірге ауыл тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту жұмыстары қолға алынды. Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы арқылы салынған спорт кешенінің бас мердігері – «Айдана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ғимараттың жалпы ауданы 1027,98 шаршы метрді құрайды, сыйымдылығы 120 орын.
Бұдан бөлек ауданда күрделі жөндеуден өткен ғимараттар да бар. Аудандық орталық кітапханаға шағын бу қазандығын салынып, рухани орда жаңа кейіпке енді. Бүгінгі күні ел игілігі үшін жұмыс істеуде. Кенттегі қуаттылығы 30 МВт «Күн электростанциясының құрылысын» да ерекше атап өту керек. Бас мердігер – «Metka KZ EGN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ең қуаныштысы, еліміздің келешегі жастарға білім беретін аудан орталығындағы №201 орта мектептің күрделі жөндеуден өтуі. Бұл жұмыстарға уақытында жауапты жұмысшылардан бөлек ауылдық жерлердегі жұмыссыз азаматтар да тартылды. Жаңа, талапқа сай білім беру ошағы қазіргі таңда пайдалануға берілді.
– Қазіргі таңда ауданда аудан әкімдігі мен аурухана құрылысы жүруде. Бұл нысандар қашан пайдалануға берілмек?


– Кентте әкімшілік ғимаратының өтпелі құрылысы жүргізілуде. Құрылыстың жалпы құны – 386 785 мың теңге. Мердігер мекеме – «RealstroyInvest» ЖШС. Құрылыс жұмыстарына бүгінгі таңда толықтай қаржы бөлінді.
Жаңадан салынып жатқан аудандық аурухана құрылысы да жүйелі жұмыстардың нәтижесінде аяталуға жақындады. Құрылыс алаңында 3 қабатты аурухана ғимараты, асхана блогы, жылу қазандығы, 4 автокөлікке арналған гараж, трансформаторлық подстанция, ДЭС, демалыс алаңдары, қоқыс төгетін алаң орналастырылатын болады. Бүгінгі күнге аурухана ғимаратының құрылысы бойынша 3 қабатының қыш қалау жұмыстары, төбе жабыны жұмыстары аяқталып, сыртқы қас бетін қаптау, ішкі әрлеу, инженерлік желілерін жүргізу жұмыстары жүргізілуде.
– Биыл аталған сала бойынша ауданда тағы қандай жұмыстар атқарылуда?

– Алдымен Жалағаш ауданы, Далдабай және Жаңақоныс елді мекендеріне ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары бойынша әр елді мекенге бастапқы республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, жұмыстар толығымен жүргізілді. Құрылыс өтпелі. Далдабай елді мекені бойынша осы жылға республикалық бюджеттен – 217 791 мың теңге, облыстық бюджеттен 16 780,5 мың теңге бөлінді. Жаңақоныс елді мекені бойынша республикалық бюджеттен 203 113 мың теңге, облыстық бюджеттен 15 971 мың теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарын «ЮгГеостандарт» ЖШС мекемесі жүргізді. Бұған дейін де өңірдегі ауыз су мәселесін шешу бойынша біраз жұмыстар атқарылған болатын. Мәселен, «Таза су», «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 9 елді мекенге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 2017 жылы Қаракеткен елді мекенінің ауыз су жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық, облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталды. 2018 жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына» сәйкес М.Шәменов, Мырзабай ахун ауылдарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету қолға алынып, осы жылы құрылыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ осы бағдарламамен 2018 жылы Аққыр, Жаңадария, Мақпалкөл елді мекендерін ауыз сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық, облыстық бюджеттен қаржы қаралып, бүгінгі таңда тұрғындар таза ауыз судың игілігін көруде.
Сонымен бірге Жалағаш ауданы, Аламесек және Мәдениет ауылдық округ аумақтарына мал қорымының (биотермиялық шұңқыр) құрылыс жұмыстары басталып кетті. Мердігер компания – «Максат LTD» ЖШС. Құрылыс өтпелі. Сондай-ақ қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстардың қатарында ескі емхана ғимаратын балабақша етіп реконструкциялау тұр. Яғни күрделі жөндеуден өтіп жатқан ескі емхана ғимараты балабақша ретінде қайта жаңғыртылмақ. Жөндеу жұмысының басталғанына аз ғана уақыт болса да, бүгінгі күні жұмыстың 70 пайызы аяқталған. Мұнда жұмыспен қамту орталығы арқылы отыздан аса адам тартылған, барлығы 68 жұмысшы жұмылдырылған. Ғимаратты балабақша етіп реконструкциялау жұмыстары алдағы қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде.


– Ауданда алдағы уақытта тағы қандай әлеуметтік нысандардың құрылысы қолға алынады?
– Өзіңіз байқағандай, аудан көлемінде біраз құрылыс жұмыстары жүруде. Олардың көбісі жақында пайдалануға беріледі. Біз республикалық, облыстық бюджеттен қаржы тарту арқылы әлі де біршама жұмыстарды қолға алуды жоспарладық.
Тағы бір жаңалық кенттегі қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонын салу қолға алынды. Оған жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Мердігер – «Проект Сервис» ЖШС. Қазіргі таңда жоба сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар Жалағаш кентінің «Дәуімбай» учаскесінде салынатын бір пәтерлі 3 бөлмелі 10 тұрғын үй құрылысын мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібімен «Иман» ЖШС жүргізуде. Бұдан бөлек қазіргі білім бөлімінің ғимараты бұзылып, орнына 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі салынбақ. Құрылысқа арнайы тәртіп бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Мұнан бөлек ауданның шетіне бассейн салынбақ. Осы жылы салынуы жоспарланған «Бассейн» кешені құрылысына жауапты – «Казкомсервис» ЖШС. Бірақ құрылыс жұмыстары карантинге байланысты тоқтап тұр. Бассейннің неліктен ауданның шеткі бөлігіне салынатынына тоқтала кетейін. Біз бассейннен шығатын судың көлемін есептеп отырмыз. Орталыққа салынған жағдайда су кететін жер болмай қалуы мүмкін. Бұл қиындық туғызады. Сол себепті су төгетін жерді дұрыс ұйымдастыру мақсатында шеткі бөлікке салуды жоспарлап отырмыз.
Айта кету керек, бұл жұмыстардан бөлек М.Шәменов ауылында 140 орындық №34 орта мектептің өтпелі құрылысы жүргізілді. Мердігер мекеме – «Интегрострой» ЖШС. Кенттегі бой көтеретін нысандардың қатарында Желтоқсан көшесінің «Дене шынықтыру-сауықтыру кешені» ғимараты бар. Құрылыс жұмыстарына жауапты мекеме – «КРЕС-СЕРВИС»ЖШС.
Сөзіңіздің басында өңірдегі құрылыстың қарқын алу экономикамыздың өсуіне де әсер ете ме деп қалдыңыз. Әрине солай. Бұл саланың бір ізге түсуі бір жағынан жұмыссыздық мәселесін ауыздықтауға да оң әсерін тигізуде. Неге десеңіз, қазір ауданда Жол картасы аясында 18 жоба жүзеге асуда. Ал ол бағдарламаның игілігін қазір жұмыссыздар да көріп отыр деуге болады. Себебі аталған бағдарламамен бір жобаны жүзеге асырудың өзіндік тәртібі бар. Бір сөзбен айтқанда, бір жағынан халықтың игілігіне жаңа нысанды пайдалануға берсек, келесі кезекте жергілікті халыққа жұмыс тауып беруге де мүмкіндік туып отыр. Сондықтан өзбасым экономикада тұрақты өсім қалыптастыратын негізгі саланы мен құрылыс дер едім.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ


11 тамыз 2020 ж. 653 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930