АРТЫЛҒАН СЕНІМДІ АҚТАУ – ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ МІНДЕТІ
Қоғам тыныштығын күзетіп, қылмыспен күресуде, оның алдын алуда аудандық полиция бөлімі нәтижелі еңбек етіп жатыр. Соның арқасында қазір жергілікті халықтың құзырлы орган қызметкерлеріне сенімі артып келеді. Әсіресе 2017 жылдары белең алған мал ұрлығына қатысты қылмыстардың азаюы ішкі істер саласы қырағыларының нәтижелі еңбегі деп толық айта аламыз. “Басқа да қылмыстардың алдын алуда нендей шаралар қолға алынуда, тұрғындар да жеке мүлкі қолды болмау үшін қандай қауіпсіздік талаптарын сақтау керек, ауданда қазіргі таңда қылмыстың қандай түрінде өсім бар, онымен күресуде нендей шаралар қолға алынуы қажет?” деген сияқты бірқатар сауалымызға жауап алу үшін аудандық полиция бөлімінің басшысы Талғат Лекеровпен сұхбаттасқан едік.
– Талғат Шоқанұлы, соңғы жылдары аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен түрлі профилактикалық шаралар қолға алынуда. Бұлар өңірде қылмыстар санының төмендеуіне әсер етіп жатыр ма?
– Ішкі істер органдарының қылмыспен күресте басым бағыттарының бірі кезекші тәулікте қылмыстардың ізін суытпай ашу және қылмыстың алдын алу профилактикасы болып табылады. 2021 жылы 5 ай 20 күнде атқарылған кешенді профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде аудан көлемінде тіркелген қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 69-дан 60-қа, яғни 13 пайызға төмендеген. Бізде қазіргі таңда ауыр санаттағы қылмыстардың тіркелуі 16-дан 18-ге, яғни 12,5 пайызға өсім алса, керісінше ашылу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 58,3 пайыздан 70, пайызға жақсарды.
Есепті мерзімде қоғамдық орында жасалған қылмыстар 20 пайызға, көше қылмыстары 25 пайызға, топтасып жасалған қылмыстар 50 пайызға, бұзақылық, жасөспірімдермен жасалған қылмыс 100 пайызға, бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыстар 28 пайызға төмендеген. Міне, осындай нәтижеге біз профилактикалық шаралардың арқасында қол жеткізіп отырмыз.
– Қазіргі таңда ауданда бұрынғыдай мал ұрлығы белең алып тұрған жоқ. Қылмыстың бұл түрін азайтуда қалыптасқан нәтижені немен байланыстырасыз?
– Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру бағытында, аудан тұрғындарына, ветеринариялық бөлім қызметкерлерімен бірлесіп, ауыл шаруашылық жануарларын қараусыз жайылымға жіберу, мал ұрлығының орын алуына ықпал ететіндігі жөнінде, малды пада кезекпен бағу және толық есепке алу, сырғалау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп хаттамаланды. Дұрыс айтасыз, мал ұрлығы 2017-2018 жылдармен салыстырғанда едәуір төмендеді. Мұның бәрі – аудан көлемінде өз тарапымыздан үнемі жүргізіліп келе жатқан мал ұрлығына қатысты іс шаралардың жемісі. Қылмыстың бұл түрін болдырмауда бұйрық әзірленіп, іс шара жоспары жасалып, қызметкерлер күндізгі және түнгі мезгілге бөлініп, 5 рет «мал-ұрлаушы», «Мал ұрысы» атты профилактикалық іс-шара өткізді, іс-шара барысында жайылымдық жерлер, «Шымкент-Самара» үлкен жолымен Қармақшы-Жалағаш, Жалағаш-Сырдария ауданы аралығындағы ішкі тас жолы бойында күдік тудыратын автокөліктерді тексеріп, бірнеше мал ұрлықтарының ізі суымай ашылды. Малды еш құжатсыз тасымалдаумен айналысқан 4 жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 406 бабымен әкімшілік хаттамалар толтырылды. Аудан көлемінде қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында бірнеше рет жедел профилактикалық іс-шара өткізіліп, нәтижесінде аудан көлемінде мал ұрлығы қылмыстары 8-ден 7-ге төмендесе, жалпы ұрлық қылмыстары 43,8 пайызға төмендеп, ашылу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға жоғарылады.
– Ауданда қандай қылмыстар саны өсім алып отыр?
– Алаяқтық қылмыстарының тіркелуі 5-тен 8-ге өсім алды. Қазіргі таңда ұялы телефон арқылы әлеуметтік желілерде алаяқтардың әртүрлі жалған жарнамалар шығарып, жәбірленушілер сақтық шараларын сақтамай, салдарынан оңай олжаға айналып отыр. Осыған байланысты орын алған алаяқтық қылмыстарына сәйкес, аудан тұрғындары арасында халықпен кездесіп, соңғы уақыттардағы байланыс жүйесі арқылы жасалатын алаяқтық түрлерін түсіндіру жұмыстары және халық көп шоғырланатын орындарда ескертпе қағаздар ілініп, бұқаралық ақпарат құралдарына және интернет ресурстарға мақалалар жарияланды.
Ал мас күйінде жасалған қылмыстардың тіркелуі 5-тен 6-ға өсім алды. Бұл бағытта қылмыстардың алдын алу, оған жол бермеу мақсатында ІІО-ның профилактикалық және тізімдік есебінде тұратын тұлғалармен үнемі профилактикалық жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде маскүнемдер есебінде тұратын еріксіз емдеу мекемесіне 7 азамат маскүнем ретінде танылып, аудандық сот арқылы 6 айға Қызылорда қаласындағы емдеу орталығына жатқызылды. Жергілікті полиция қызметімен есепті мерзімде 1970 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, айыппұлдарды өндіру көрсеткіші 89,8 пайызға жоғарылады.
– Бір байқағанымыз қазір әр елді мекенге бекітілген учаскелік полиция инспекторларының жұмысында жүйе бар. Тіпті жыл басынан бері кейбір ауылдық елді мекендерде бірде-бір қылмыс тіркелмепті. Бұл бағыттағы елді мекендердегі әріптестеріңіздің еңбегін қалай бағалайсыз?
– Ауданда қылмыстар саны төмендесе, онда тек учаскелік полиция инспекторларының ғана емес, барлық әріптестерімнің қолтаңбасы бар деп нық сеніммен айта аламын. Бізде уақытпен санасу деген болмайды, ондай ұғым да жоқ. Учаскелік полиция инспекторларымен биыл 575 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Сіз айтып отырғандай жыл басынан бері мүлде қылмыс орын алмаған елді мекендер де жоқ емес. Мәселен, Т.Жүргенов пен Есет батыр ауылында жыл басынан бері мүлде қылмыс тіркелмеген. Бұл сол жақтағы әріптестеріміздің нәтижелі еңбегінің жеміс деп білемін.
– Қарапайым халыққа алаяқтардың құрбаны болмауы үшін қайтпек керек?
– Бұл жайында халыққа жолдайтын үндеуіміз де жоқ емес. Мәселен, жаңа жоғарыда айтып өткенімдей, әлеуметтік желіде отырып алып, жұрттың қалтасын қағатындар көбейіп кеткен. Осындайлардан сақ болуымыз керек. Екіншіден мал ұрлығына келсек, қазір елді мекендерде пада ұйымдастыру қажеттігін әлі де түсінбей келеміз. Бұл барымташылардың оңай олжаға кенелуіне және халықтың шығынға ұшырауына жол бермейді. Осыған да басымдық бергеніміз абзал. Бұл бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз және оны жалғастыра береміз де. Ішкі істер саласының қырағылары, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері халықтың қауіпсіздігін сақтауда, қоғам тыныштығын қамтамасыз етуде нәтижелі жұмысын жалғастыра береді. Бастысы жаңа сіз айтып өткендей, халықтың құзырлы орган қызметкерлеріне сенімінің артуы бізге шабыт бере отырып, жауапкершілік жүктейді. Сол артылған сенімді ақтау – тәртіп сақшыларының азаматтық міндеті.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Е.ӘНУАРҰЛЫ