» Құрыш қайрат құрылыста шынығар

Құрыш қайрат құрылыста шынығар

Білікті басшы, іскер азамат ретінде ел ықыласына бөленген Қожахмет Баймахановтың есімін халық айрықша құрметпен атайды. Киелі Жалағаш топырағының тумасы қайда жүрсе де туған жерге тағзым етіп, ел игіліне қызмет етіп келеді. Жуырда ғана шаһар төрінде бой көтерген бес қабатты зәулім қонақ үй кешенін «Жалағаш төбе» және ойын-сауық орталығын «Тобыр» деп атауы да өлке тарихынан сыр шертеді.
Республиканың еңбек сіңірген құрылыс­шысы, Қызылорда қаласының құрметті аза­маты Қожахмет Баймахановтың ерен еңбегіне халық әлдеқашан өз бағасын беріп қойған. Әрдайым туған жерге, туған елге қызмет етудің бірегей жолы – адал еңбек деп білетін ел ағасы қазіргі таңда қала ішінен көпқабатты тұрғын үй кешендері мен халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашып, аймақтың дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырып келеді. Соның бірі – орталық алаңнан бой көтерген «Жалағаш төбе» қонақ үйі. Мұнда атбасын бұрған шетелдік меймандар ең алдымен осы өлкенің тарихымен танысып, ежелгі жер-су атауларына қанық бола алады. Өйткені бұл нысанның ішкі архитектурасы туризмді дамытумен қатар тарихи, мәдени ескерткіштерімізді көпке насихаттап тұр­ғандай.
– Қонақ үй қызметін пайдаланушыларға барлық жағдай жасалған. Келген меймандар төменгі қабаттағы мейрамханадан тамақтана алады. Залдың іші жағалай ­мрамор тасымен қапталып, төрт қабырғаға әр өлкедегі киелі орындар мен көне қалалар бейнеленген. Бұл туризмді дамытуға, туған жердің тарихын білуге үндейді, – дейді қонақ үй меңгерушісі ­Замира Рахимшаева.
Одан әрі 3-4-5 қабатқа көтерілсеңіз өзіңізді құдды бір ертегілер еліне тап болғандай сезінесіз. Мұнда әр жастағы балаларға арналған ойын-сауық орта­лығы қызметін пайдалануға болады. Соңғы үлгіде жабдықталған аттракциондар мен түрлі ойыншықтар толығымен стандарттарға сай сапа талаптарына жа­уап бере алады. Демек, бұл отбасымен жайлы әрі қауіпсіз демалуға мүмкіндік береді деген сөз. Әсем ғимараттың ішінде киноплекс лазерлік кинотеатрының 3 залы бар. Қазір барлық кинозалға заманауи дыбыстық және кинопроекциялық құралдар орнатылып, цифрлы лазерлік экранмен жабдықталуда.
Айта кетейік, қонақ үй кешені ашылғалы мұнда 30-40 адам жұмыспен қамтылған. Кинотеатрлар іске қосылса, жұмыс­шылар қатары мұнан да көбеймек. Ұжым мүшелері келген қонақтарға мінсіз әрі сапалы қызмет көрсету бағытында тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдірген.
Келесі қабатта «Тобыр плаза» кешені орналасқан. Оның «Тобыр» деп аталуы да тегін емес. Мән-мағынасы киелі Жалағаш топы­рағындағы жер-су атауларымен са­бақ­­та­сып жатыр.
Мәселен, қонақ үйдің атауы өзіміздің туған өлкедегі тарихи орындардың біріне негізделеді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақа­ла­сында біртұтас ұлт болу үшін қоғамдық сананы жаңғырту, ол үшін халық санасына жалпыұлттық құндылықтарды тереңдету қажеттігін көрсеткен болатын. Біздің өңірде де ежелгі ата-бабамыз тұрақтаған көне қоныстар мен ежелгі қалашықтар көптеп кездеседі.
– Біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген адамдардың тыныс-тіршілігін суреттейтін киелі жерлердің қатарында – «Жалағаш төбе» қалашығы бар. Бұл көне қала Жалағаш кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 8,5 км жерде, Ақсу ауылы аумағында орналасқан. Өз дәуірінде бұл төбеде би-шешендер кеңес өткізіп, біраз тағдырлы мәселелерді шешкен деседі. Ал ойын-сауық орталығының «Тобыр плаза» деп аталуының да тарихи маңызы зор. Қазіргі алтыншы разъездің тұсында «Тобыр» қонысы болған. Онда үй тіккен, халық егін, мал шаруашылығымен айналысып, өткен ғасырдағы қиын-қыстау кезеңде елдің еңсесін тіктеуге атсалысты. Міне, осындай тарихи жер-су атауларын ел-халық біліп жүрсе, артық емес. Шет елдерден келген қонақтар «Жалағаш төбенің» мағынасы не?» деп сұрайды. Оларға да осылай барлығын түсіндіріп жеткізуге тырысамыз, – дейді “Асар-Холдинг” құрылыс мекемесінің бас директоры Қ.Баймаханов.
Еңбегімен елге сыйлы болған Қожахмет Мәдібайұлының негізгі мамандығы да­ инженер-құрылысшы. Ол ауданға бас­шылық жасаған жылдары өңірде әлеуметтік заманауи жаңа нысандар бой көтеріп, кент, ауылдарда құрылыс саласы қарқын алды. Ол қала әкімі болған жылдары облыс орталығы адам танымастай болып өзгерді, шаһар келбеті жаңарды. Сол уақытта тағзым алаңы, Қорқыт ата атындағы мемориал мен әуежай, “Еуразия” мәдени-спорт кешені, аквапарк, мектеп, балабақша және тағы басқа да жаңа нысандар өмірге келді. Сондай-ақ сарқырама арнасы, орталық стадион жаңарып, дарияның жағасында тынығу аллеялары пайда болды. Осы арқылы ол халыққа өзі туған қаласын шексіз жақсы көретінін сөзбен емес, іспен дәлелдеп берді.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,
Жалағаш-Қызылорда-Жалағаш.

---
28 мамыр 2019 ж. 934 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 3 049

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30