Сахна сыртындағы саңлақ
Қызығы мен қиындығы қатар жүретін өнер атты әлемнің кез келген адамға есігін айқара аша бермесі анық. Бұл – Жаратқаннан тек басында бағы барларға өлшеп берілетін теңдесі жоқ сый. Әсіресе саладағы кәсіби шеберлік талант пен талап, ықылас пен шынайылық, кәсіби білім мен рухани жігер ұштасқанда ғана шарықтайтыны белгілі.
Біз мақаламызға арқау етіп, әрбір жетістігін санамалап көрсетуге тұрарлық мәдениет саласында көрермен көзайымынан бөлек, сахна сыртындағы саңлақтар да бар. Олардың салаға қосар үлесі зор болғанымен, кейде жұмыстары көрінбей жатады. Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінің операторы Рүстем Оспанов өнер үйінің барлық бейнекөрсетілімдерін, бейнебаяндарын түсіріп, көрерменге ұсынады. Сахна төрінен көрінбесе де, мерекелік концерттердің, іс-шаралардың бәрінде Рүстемнің қолтаңбасы бар.
1967 жылы 7 қараша күні Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жаңадария ауылында дүниеге келген Рүстем Оспанов 1973-1983 жылдар аралығында орта мектепте білім алған. 1985-1987 жылдары әскери борышын өтеп келіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Ән әуез пәнінің мұғалімі және мәдени-ағарту жұмыстары» мамандығын тәмамдаған. Алғашқы еңбек жолын 1994-2000 жылдары Аққолқа елді мекенінде мектепте мұғалім қызметінен бастаған ол 2000 жылдан бастап мәдениет саласында жылжымалы мәдени-демалыс кешенінің меңгерушісі, көркемдік жетекші, қазіргі таңда Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде оператор қызметін атқарып келеді. Қазіргі таңда мәдениет үйінде сапалы заманауи бейнебаян түсіріп, әзірлеуші.
Бірақ оператор қызметіндегі азамат та әртістік өнерден аулақ емес. Еңбек еткен жылдарында театр қойылымдарында бірнеше мәрте өнер көрсетіп, өзінің қабілетін де шыңдап көрді. Әріптестерімен қатар сахналық қойылымдарды көрерменге ұсынған кездері кәсіби шеберлігін, мәдениетке, өнерге деген сүйіспеншілігін көрсете білген азаматтың операторлық қыры табиғи талантын ашып, болмысын айқындай түскен жетістік болды деуге де болады. Ол түсірген бейнекөрсетілімдер сапалы, әрі көрермен жүрегінен жол таба білетін құнды дүниелерден тұрады. Рүстем Оспанов мерекелік концерттердің, мәдениет үйі сахнасында ұйымдастырылған әрбір рухани шараның архивте сақталып, тарих ретінде қалыптасуына күш салып келеді.
Сахна сыртындағы саңлақ, өнер үйінің операторы Рүстем Оспановтың еңбегі, саладағы кәсібилігі елеусіз емес. Ол әр жылдары аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының, аудан әкімінің алғыс хаттарына ие болған. Мұнымен қоса мәдениет және өнер күндері марапат төрінен көрініп келеді.
Нұржамила Алмасқызы