«ӘЗІЛИЗАЦИЯ» ӘЗІЛ СЫЙЛАЙДЫ
Аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде Жалағаш ауданының 80 жылдығы, Жаңадария ауылының 55 жылдығы және Жастар жылына арналған Жаңадария ауылдық клубы жанындағы «Әзілизация» әзіл-сықақ отауының концерті өтті.
Театрдың есеп беру кешіне қонақтар мен аудан тұрғындары, өнерсүйер қауым қатысты. Талай байқауларда жүлделі орыннан көрініп, көрермен көзайымына айналып үлгерген театрдың тарихына тоқталып өткенді жөн көрдік.
Осыдан он үш жыл бұрын, яғни 2006 жылы Жаңадария ауылдық клубы жанынан «Әзілизация» театры құрылды. Рүстем Көшеров жетекшілік ететін өнер ұжымы алғашқы жылдардан-ақ түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. 2007 жылы облыстық «Тазша бала» әзіл-сықақ байқауында жүлделі 3 орынды, 2016 жылы Шиелі ауданында өткен облыстық «Мінекей, Мейірманның ізбасарлары» атты әзіл-сықақ отауларының байқауында жүлделі 3 орынды иеленсе, осы жылы Жаңақорған ауданында Қазбек Башаровты еске алуға арналған «Қазбектің қалжыңдары» атты облыстық әзіл-сықақ байқауында үздік өнер көрсетіп, көптің көзайымына айналды. Мұнымен қоса, театр ұжымы Сырдария ауданының елді мекендерінде, Арал ауданы Сексеуіл станциясында, Жалағаш ауданы елді мекендерінде гастрольдік сапарларда болды. «Әзілизацияның» құрамында Д.Төлегенов, Б.Жаңабергенова, Қ.Түгелбаева, С.Мешітбай, Д.Серікбаев және тағы басқа да жас өнерпаздар бар.
Театр ұжымы жуырда өткен концертінде сахналық және мимикалық көріністер қойып, әншілер әннен шашу шашты. Кеш барысында аудандық мәслихат депутаты Ақділдә Қыпшақбаев Жаңадария ауылында 10 жыл қызмет жасағанын, театрдың әрбір өткізген кеші көрермен көңілінен шығатынын айтып, өз ризашылығын білдірді. Кеш барысында театрдың жетекшісі Рүстем Көшеров көрерменді өзінің «Жаңадариям» әнінің шығу тарихынан хабардар етті.
– «Жаңадариям» әні 1994 жылы Жаңадария ауылының құрылғанына 30 жыл қарсаңында шықты. 1992 жылдың күзінен 1993 жылдың көктеміне дейін 6 ай «Шойбас» кіші кәсіпорнында көмекші шопан болып жұмыс істедім. Сәрібай есімді қойшының аудан орталығында жұмыстары болып қалғанда, атқа мініп арасында бір отар қой бағамын. Бір отарда 800 дей қой бар. Жазық далада аттың үстінде жүріп, таза ауада, дауыстап өлең айтасың. Далада аспап жоқ, бір әнді ыңылдап жүріп күнде қайталап жүрдім. Келесі бірде қалам мен қағаз алып шығып ат үстінде жүріп әннің сөзін жаздым. Арасында қожалық басшысы Қыпшақбаев Ақділдә ағай келгенде екі-үш күнге ауылға демалысқа жіберіп тұратын. Енді сол кісінің келуін күттім. Бар ойым аспаппен орындап бірінші тыңдармандарым үйдегілерге орындап беру. Әсіресе әннің бағасын бірінші анам Қалдаш береді. Анамның баян тартып, ән айтатыны бар. Бір күні Ақділдә ағай шопырымен келіп, демалыс беріп, ауылға алып кетті. Үйге келіп баянға салып анама орындап бердім.
Сол кездері мектептің музыка пәнінің мұғалімі Пірназарова Гүлназ домбыра үйірмесінің оқушыларына орындатып жүріпті. Содан міне, биыл 25 жылдан кейін алғаш Қызылорда облыстық филормониясы жанындағы «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі нотаға түсіріп, облысқа белгілі әнші Эльмира Қалхожаеваның орындауында сүйемелдеп, мамыр айында ауылымызда өткен Жаңадария ауылының 55 жылдығына арналған аудандық шарада тұсауын кесіп, ауыл тұрғындарына тарту жасады, – деді театр басшысы.
Айта кету керек, «Әзілизация» театр ұжымы бұған дейін де Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде концерт қойған болатын. Театр әртістерінің сомдауымен «Кемпір келін», «Сүттің дауы» музыкалық интермедиасы қойылды. Сонымен бірге республикаға белгілі әнші, жаңадариялық Айбек Қоңырбай, театр өнерпазы Нұрболат Шалабай, Дәулет Шакиров пен кішкентай бүлдіршіндер Қуаныш пен Ақмерей және «Самал» ансамблі өнер көрсетіп, көптің көңілін көтерген еді. Концерттің ерекшелігі сол кеш соңында көрермендер арасында лоторея ойнатылды. Ұтысқа түрлі бұйымдар, тұрмыстық заттар тігілді.
Биылғы жылғы есеп беру кешінде де өнер ұжымы концерттің өтуіне қолдау білдірген аудан әкімдігіне, мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне, Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйіне, аудандық мәслихат депутаты Ақділдә Қыпшақбаевқа, ардагер Қабланбек Нұрмағанбетовке, ақын-сазгер Роза Ералиеваға, кәсіпкер Айдос Еспановқа алғыстарын білдіріп, бірқатар азаматқа қазақы дәстүрмен шапан жапты.
Талантын өнермен ұштастырған театр әртістерінің шеберлігі, сахна мәдениетін сақтаудағы біліктіліктері, өздеріне берілген кейіпкердің портретін аша білуі, сондай-ақ сахнаны әсем әнмен тербеуі көрерменнің өнерге деген қызығушылығы мен құрметін арттыра түскендей болды.
Нұр НАУАН