» » Тектілік тамыры тереңде

Тектілік тамыры тереңде

Алыстағы сағым жылдардан сағыныш боп қалған ауыл, туып-өскен мекенің сені өзіне тартып, қиялыңа қанат бітіріп, бал дәурен балалық шақтарыңды еріксіз есіңе салады. Көк түтіні зеңгір көкте будақтаған, қойы қоздаған, ботасы боздаған, тұнығы шайқалмаған, қаймағы бұзылмаған ауылдың бейнесі көзден алыстап кетсе де, көңілден кетпейді. Қайран ауыл десеңізші... Әсіресе ауылдағы қариялардың әңгімесін тыңдағанда уақыттың қалай өткенін білмей де қаласың. Өйткені қолымыз қалт еткенде көнекөз қариялардан әңгіме тыңдайтынбыз. «Кейбір кездерде әке-шешелеріміз қисса-дастандарды, қазақша ертегілерді біздей балаларға оқытатын» деп бастады Тұрлыбек көке әңгімесін.

“Қыркүйек айының іші болса керек, үзіліс кезінде ауылдағы мұғалімдер кеңсесіне Есіркеп аға Сүйенішұлы келді. Амандықтан соң өткен-кеткен оқиғалар айтылды. Содан кешке үйіне қонақасына шақырды. Оншақты мұғалім Есіркеп ағаның үйіне айтылған уақытында бардық. Қанды соғыстың аяқталғанына бір жылдан сәл асқан уақыт. Үкімет үш мезгіл тамақ беретін алыстағы ауыл балаларына арнап мектеп-интернат ашқан болатын. Тамақ желініп, шай ішілді. Енді қолқалай отырып, Есіркеп ағадан ауылдың жақсылары жайлы әңгіме айтып беруін өтіндік. Көргені, түйгені көп қария ғой, сондағы әңгімесі бәрімізді баурап алған-ды. Сол Есіркептің аузынан естіген әңгімем” деп сөзін қайта жалғады.
“Жәрімбет Сарықасқа Сүлеймен деген қария қайтқанда «шілдехана» түніне елдің ірі басты біраз адамы қатысты. Жүргеннің Қарасы, Ізтілеудің Тұрмағамбеті, тағы басқа игі жақсылар болды. Қараның нағашы жұрты кете руынан болса керек, сол арада Тұрмағамбетке қалжың айтады. Осыны күткендей Тұрмағамбет сөз бастайды
– Құдайтағала адамды жаратқанда 62 тамырын қоса жаратыпты. Соның ішінде біреуін ерекше еткен көрінеді. Осы ерекше тамыр бала кезде адамның табанында болады. Баланың ертеден кешке дейін жүгіріп ойнағанда шаршамайтыны сондықтан. Сол тамыр бозбала кезде ышқырлыққа көтерілетін көрінеді. Бозбаланың түнімен тынбайтыны да содан. Қартайғанда қасиетті тамыр адамның жағына көтеріліп, күнұзақ сөйлегенде жағы талмайтыны содан дейді. Қарекеңнің сол ерекше тамыры жағына келген шағы ғой, ешнәрсе айтуға болмайды, – десе керек. Сонда Қарекең «Әй, қу молда, қу молда» деп құтылған екен. Сол айтқандай менің де тамырым жағыма келген шақ, әңгіме десеңдер айта беремін” деді Есіркеп. Біз сол күні күлкіге қарық болып, түн ортасы ауа тарқадық. Есіркеп аға өте зерек, әңгімешіл, көп білетін, сыпайы, сырбаз кісі болатын. Есіркеп ағаның Қомшабайы оқу бітіргесін науқасқа шалдығыпты. Екі-үш жылдай баласын емдетіп жүрді. Қомшабай туардан бұрын Есағаның он екі перзенті болған. Бір күні үйіне Баймақан қажы келіп қонады. Бұл кісі Есіркептің ауылдас ағайыны, ел арасында әулие атанған жан.
Қажы ет асату үшін балаларды шақыра бастағанда Есіркеп ағамыз «Қажеке, тамақ ала беріңіз, қайсысына асатып жеткізесіз» деп қалса керек.
«Жоқ, шақыр бәрін. Қолымнан дәм татсын» депті. Көп ұзамай Есіркептің он екі баласы бірінен соң бірі қайтыс болса керек. «Дәуіт Пайғамбардың отыз ұлы бірден өліп, сабырына риза болған Алла, оған отыз ұлға тұрарлық Сүлеймен Пайғамбарды беріпті» деген аңыз әңгіме бар. Есіркеп ағаның тағдыры осыған тура келетіндей. Есаға өте сабырлы кісі еді. Өлген балаларының орнына көп ұзамай осы Қомшабайы дүниеге келеді. Сонда Есіркеп ақсақал дауысының дірілдеп толқып тұрғанын сездіргісі келмей, тамағын кеней бір терең күрсінеді де «Шүкір ғой, осы Қомшабай айналайын, елдің азаматы болар, тіл аузым тасқа» деген екен. «Сол қарияның айтқаны қалт кетпеді» деп Тұрсынбек көке ойын түйіндеді.
Дуалы ауыздан шыққан сөз уәлі болып, Қомшабай ағамыз ел ағасы болды, талай шыңды бағындырды. Жаны жайсаң ағаның қанша дерттің құрсауында қалса да, рухы төмендеп, қажығанын сездірмей, жадырап, жайнап отыратын.
Қытымыр қыстың аязын ағаның бір ауыз жылы сөзі майдай ерітіп жіберетін. Әр адаммен өз тілінде сөйлесетін, бала келсе бала, дана келсе, дана болып ұғынысатын. Өте мейірімді, кіршіксіз таза, ақ пейіл жан еді ғой шіркін! Адамдарды қасына үйіріп алушы еді. Біз ол кезде қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде студент болатынбыз, асыл ағаның талай дәрісін тыңдадық, ол кісі қыран құстай еркіндікті қалайтын еді. Себебі «Өнер адамы немесе жазушы болсаң, еркін қиялмен самға» дейтін. Ауылды қатты жақсы көретін, ауыл десе, әсіресе Жаңаталап десе ішкен асын жерге қоюшы еді. Туған даланың топырағына тәу етіп жылда елге баратын.
«Қомшабай ағамыз туған жердің тұлғасы еді. Елде туып, елде есейіп, елде еңбек етіп, елін жырлап, елінен аттанды анау дүниеге. Ол тума таланттың қанаттас достары, қазақтың көрнекті қаламгерлері Тұманбай Молдағалиев, Қалихан Ысқақов, Оразбек Сәрсенбайұлы, Қадыр Мырза Әлі сынды тұлғалармен бірге самғап, Алматының төрінде туын тігіп, шығармашылықпен айналысуға құдіреті жететін еді. Сөйтсек, ағамыздың жүрегі туған жердің жусаны мен ажырығының тамырына мәңгілік байланып қалған екен. Мақпалкөлдің марқасқасы өзінің Қызылордасын «Мысыр шаһарым» деп ұқты. Жерлестерінің ортасында қоңыртөбел тірлігін қанағат тұтып, айналасының амандығын тіледі. Шынында Қомшабай Сүйенішұлы Сыр топырағында жаралған, туған жерден нәр алған тума талант иесі еді. Оның есімі туған елінің мекен-жайына айналды. Сапарлар тоғысында қазақтың туымды тұлғаларымен жүздесіп қалсақ, олар қызылордалық екенімізді білген сәтте, алдымен «Қомшабай Сүйеніштің халі қалай?» деп сұрайтын. Апыр-ай, көбіміз соңынан қалмай қуалап жүретін «абырой» деген шіркініңіз, Қомшабай ағаның ауылына атын байлап, есігіне еңкейіп кіріп, қонаға жатады екен-ау деп таң қалатынбыз» деген-ді Сенат депутаты, Мұрат Мұхамедов. Бұл аяулы ағаға айтылған, інілік қимастық көңілдің шынайы сөзі еді.
Жуырда өмірден өткен Сыр бойының сырбаз ақыны Әскербек Рақымбекұлы ағамыз да аяулы ағаға мәрмәр жырдан ескерткіш орнатып мынадай жақұт жырларды өмірге әкелген болатын.
Ақын өлді, сұмдық болды, сұрама!
Жау шапқандай жүректегі мұрама...
Мұңды жырдан тұрғызып ең мұнара,
Мұңды жырың жылап бүгін тұр, аға.

Жер астына айырбастап жер үстін,
Кеткенің бе кемеңгерім, келістім?!
Қасіретімді қара өлеңмен бөлістім,
Жылап тұрып, жырларыңмен көрістім.

Тұнып қалған тектілік бар тұлғаңда,
Көрем сені жарықтан да, нұрдан да.
Мен өзіңді қоса алмаймын құрбанға,
Тірісің сен жырың тірі тұрғанда.

Олай болса, сен мәңгі тірісің, жан аға! Талайлардың санасында аппақ шағаладай қанат қағып жүрсің. Ұстаз алдындағы парызымды орындайын деп менің жырларым сізге ақ қанат құстардай қанат қақты.

Қазақтың дарқан даласы,
Күрсініп тұр ғой қарашы.
Өксіді үнсіз Сыр-ана,
Көз жұмып ғазиз баласы.

«Мақпалкөл» қалды мөлдіреп,
Перзентін көрмей соңғы рет.
Құшағын жайып күтуші еді,
Ақ маңдай ұлым келді деп.
Ақ маңдай ұлын бауырына басып, туған топырағың, кіндік кескен жерің ақ төсі жібіп, мейірім төгіп, ғазиз ұлының рухын шарықтатып жатқан болар. «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген бабалар ұлағатында. Сіздің жырларыңыз ұлы даланың ұранындай ғасырларға самғай беретініне сенемін.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

30 қыркүйек 2020 ж. 330 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930