» » ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ӨРКЕНИЕТКЕ БАҒЫТТАЛҒАН ҚАДАМ

ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ӨРКЕНИЕТКЕ БАҒЫТТАЛҒАН ҚАДАМ

Сусыны қымыздан сарқылмаған, дастарханы ақтан арылмаған қазақ деген ұлт шаңырағы биік, керегесі кең, көк туымыз көкте желбіреген ел боламыз. «Ел – бүгін үшін, менікі – ертең үшін» деп арысымыз, қазақ зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, қазірден бастап белді бекемге байлаған, бәсекеге қабілетті, білімі мықты болашақ ұрпақ үшін игі бастамаларды қолға алған, даңқы асқақ, рухы байтақ елдің болашағы бүгіннен басталмақ. Қазақ тарихында өркениетке жол ашу, латын әліпбиіне көшу бұл жаңа заманға нық қадам басумен бірдей екені анық. Осы бастамалардың бірі әрі бірегейі болып отырған латын әліпбиіне көшу бүгінгі таңдағы өзекті, орнын ойып аларлық жаңашылдық екені тағы ақиқат.

Ахмет атамыз сонау 1926 жылдары осы латын әліпбиінің негізін қалаған. Сол тарихта қалған, ұлы тұлғалардың салып кеткен сара жолын қайта жалғастырып, өткенді болашақпен ұштастырып отырған Елбасымыз 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында руханият әлеміне терең бойлау үшін халыққа үлкен ой тастады.

«Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді Тұңғыш Президент. Осы ретте рухани құндылығы бай, дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат еткен халықтың латын қарпіне көшуді жұмыла қолдауы да тегін емес. Себебі ғылымға, ілімге терең бойлауда бұл бастама маңызды рөл атқаратынын жұртымыз жақсы біледі. Сондықтан осы төңіректе бүгінгі атқарылып жатқан жұмыс Отанымыздың ертеңі үшін өзекті дүние екенін естен шығармаған абзал.

Латын әліпбиіне көшу – болашаққа бағытталған ұлы қадам. Осы мәселе бойынша, жаңашылдыққа келгенде әдепкіде халықтың екі түрлі көзқарасы қалыптасты. Алайда, қазақ үшін бұл қадам – игі бастама. Біз осыны түсінуіміз керек. Латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Заманның алға жылжуына тікелей әсер ететін ол – әрине саналы ұрпақ. Заман мен адамның ара-қатынасындағы даму ол – тиімділігі жоғары, нәтижелі жұмыс. Осы әліпбиге көшу біз үшін өте тиімді болмақ, біріншіден, тіл тазалығы, ол қазақ тілін шұбарламай, өз нақышына келтіре сөйлеуге, екіншіден, қазақ әліпбиіне тән емес таңбалардың азаюымен қатар оқытудағы үдерістердің жеңілдеуіне, үшіншіден, осы әліпбиге көшу қазақтың бүкіл халықтық дәрежеге көтерілуіне жол ашады.
Осы мәселеге қатысты әркімнің санасында терең ой жатыр. “Латын әліпбиін қалай меңгеріп, қалай үйренеміз, үлкендерге қиын болады ма?” деген сұрақтар сайрайды іште. Иә, әрине бастапқыда қиналуы мүмкін, алайда үйренетін адам белсенділік танытса, алға ұмтылса, бәріне жетеді.

Былтыр 14 қарашада латын әліпбиінен Жалпыхалықтық диктант алынған болатын. Диктант барысында халықтың қаншалықты латын әліпбиін дұрыс меңгергендігін білу көзделген. Бұл әліпбиді үйрену аса бір қиындық тудырады деп айта алмаймын. Себебі қазір ХХІ ғасыр – техниканың дамыған заманы. Сондықтан бәрін үйренуге мол мүмкіндік жасалуда.
Тағы өзекті мәселе, дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатына байланысты үштұғырлы тілдің қосылуы. Бұл да болашаққа үлкен ықпалын тигізетін бағдар және латын әліпбиі ағылшын тіліндегі әріптерге ұқсас келеді. Оны меңгерген бала ағылшын тілін де оңай меңгеруге қол жеткізеді.

Қазіргі таңда қозғалып, атқарылып жатқан мәселелер ол – заманның талабына сай өмір сүрудің кепілі. Дамудың арқасында біз шет елдермен тереземізді тең етіп ұстай аламыз. Бүгінде қарқынды даму үшін ашылған жол ертеңгі біздің жемісіміз болмақ. Болашақ бәсекеге қабілетті ел болу үшін жасалып жатқан әрекеттер, игі бастамалардың бәріне біржақты көзқараспен қарау дұрыс емес. Заман дамыған сайын адам заманға қарай жылжып, әрекет етіп, нәтиже көрсеткен сайын көптеген кедергілер болады. Алайда, жеті рет өлшеп, бір рет кес демекші, әрекеттер көптеген жерлерде сарапталып, сараланып барып жүзеге асырылады. Әдетте тиынның екі жағы болады, сол секілді екі жақты қарап, сараптап отыру керек. Бүгінде атқарылған жұмыстар өткен тарихтың негізінде жасалып отыр.

Болашақ үшін латын әліпбиінің кириллицадан алмасуы біздің қанатымызды кең жаюымызға мол мүмкіндік береді. Әрине осы жаңашылдықты халық дұрыс қабылдаса және жаңашыл болу – дамудың ертеңгі жеңісі, сондықтан қазірден бастап бәрін өзімізден бастау керек. Даму нәтижесінде болашақтан үлкен үміт күтіп отырған ұлы тұлғалар еңбегінің жемісі болары сөзсіз. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп ата-бабаларымыз тегін айтпаған. Бүгіннен бастасақ, ертеңгі артымыздан бізді үлгі еткен ұрпақ та саналы, рухани құндылықпен тәрбиеленген, озық ойлы, өз болмысын көрсете білетін, өзінің ойын емін-еркін жеткізетін, қазақ тілінде еркін сөйлейтін болашақтың иесі болады. Біз жаңа ғасырдың өркениетті жолына қадам басқан болсақ, ал болашақ ұрпақ соны ары қарай тереңдете дамытады. Бүгінгі жазғанымыз – ертеңге қалар ұлы тарих. Сондықтан әрбір бастаманы қолға аларда, әсіресе руханият төңірегінде осындай ауқымды дүниелерге қадам басарда байыппен қарап, ұтымды шешім қабылдағанымыз дұрыс болады.


Әйгерім СЕЙТҚҰЛОВА,
облыстық ішкі саясат басқармасы
«Қызылорда облысының
тілдерді оқыту орталығы»
КММ-ның мемлекеттік тіл оқытушысы

24 сәуір 2021 ж. 451 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930