» » АТА КӘСІП АЛҒА БАСТЫ

АТА КӘСІП АЛҒА БАСТЫ

Жалағашта мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар өз жемісін беріп, өңірде төрт түлік санында айтарлықтай өсім қалыптасып отыр. Оның үстіне кәсіпке ден қойған жергілікті тұрғындар да мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдаланып, аталған салада серпін қалыптастыруға өз үлесін қосып жатыр. Кешегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде берілетін қайтарымсыз грантқа ие болғандардың да басым бөлігі жобаларына осы саланы дамытуды арқау еткен.

Салада биылғы жылдың алғашқы алты айлығында атқарылған жұ­мыс­та да оң нәтиже бар. Мәселен, бірінші жартыжылдықта Жалағашта ірі қара саны 37 106 басқа жетсе, жылқының саны 17 046 басты құрап отыр. Ал түйе 715-ке жетсе, уақ мал саны 46 609 басқа барған.
Соңғы жылдары ауданда осы салада өндірілген өнім көлемінің ұлғайғаны да көңіл қуантады. Мәселен, нәти­желі жұмыстың арқасында мал ша­руашылығының өнімі артып, есепті мерзімде ет өндіру 2,6 пайызға жет­се, бұл көрсеткіш сүт өндіруде 1,4 пайызды құрап отыр.
Қазірдің өзінде ауданда 116 ша­руашылық мал шаруа­шы­лығымен, оның ішінде 88 ша­руашылық «Сы­баға» бағ­дар­ламасымен жұмыс жа­сап тұр. 3 189 бас мүйізді ірі қара ана­­лы­ғын тұқымдық түрлендіруге қа­тыс­ты жоспар да 50,3 пайызға орын­дал­ған.

Бұған дейін өңірде төрт түлік са­нында өсім қалыптастыруға ба­­сымдық берілген еді. Ал соң­ғы жылдары жер­гілікті шаруа­шы­лық­тар мұнан бө­лек мал басын асылдандыруға ден қойып отыр. Мұның салада өндірілетін өнім көлемінде айтарлықтай өсім қалып­тастыруға қолғабыс боларын сіз бен біз жақсы білеміз. Бұл жергілікті тү­­сімде өсім қалыптастыруға да, бір жағынан кәсіпкердің жеке та­бы­сына да қарқын қосары анық. Мұның тиімділігін жергілікті шаруа­шы­лықтар да жақсы біледі. Жыл басынан бері «Сыбаға» бағ­дар­ла­масымен ай­на­лы­сып отырған 40 шаруашылық 79 бас асыл тұқымды бұқа сатып алған.

Аграрлық аймақ егін және мал шаруашылығын дамытуға қолайлы болғандықтан бізде мал азығы ай­тар­лықтай қиындық тудырмайды. Десе де қыстың қамын жаз ойлау қажеттігін мал шаруашылығын қол­ға алған кәсіпкерлер қаперден шы­ғарған емес. Аудан бойынша 2021-2022 жылдың қысына түсетін ауыл шаруашылығы малдарына 78,1 мың тонна табиғи шөп, 28 мың тонна сабан, 15,6 мың тонна жем қажет деп жоспарланған. Бүгінге дейін 35 065 тонна мал азығы дайын тұр. Оның ішінде 25 040 тоннасы жоңышқа болса, шөптің көлемі 10 025 тоннаны құрап отыр. Қазіргі таңда тиісті мерзімге қажетті деп танылған мал азығының 45 пайызы дайын тұр.
Арал ауданында қалыптасқан қуаңшылыққа байланысты ондағы ағайын­дарға көмек қолын созуда жер­гілікті халық қарап қалған жоқ.
Жергілікті шаруашылықтар, тұр­ғын­дар Арал, Қазалы аудандары ша­руа­шылықтарына алғашқы алты айда 7,5 мың тонна мал азығын жеткізіп отыр. Шілде айының өзінде 11 мың жоңышқа пресс Арал ауданының шаруашылықтарына қолжетімді ба­ғада сатылды. Бұл ретте ел ағалары мал азығының бағасында өсім бол­мауды қамтамасыз еткені дұрыс. Се­бебі бір ғана мал азығының қым­баттауы ертеңгі күні салада өндірілген өнімнің бағасында да айтарлықтай өсім қалыптастыруы әбден мүмкін.

Қазір “Нәтижелі жұмыспен қам­ту және жаппай кәсіпкерлікті да­мы­тудың “Еңбек” мемлекеттік бағ­дар­ламасы да аталған саланың да­муына дем беріп отыр. Мәселен, бағдарлама шеңберінде берілетін қайтарымсыз грантты алушылардың басым бөлігі жобасына осы мал ша­руашылығын басты тақырып етіп алған. Комиссияда айына 15 жоба мақұлданса, оның ке­мінде 10-ы осы тікелей мал ша­руашылығына бағыт­талған.

Ауылдық елді мекен тұрғын­да­рының да мал шаруашылын да­мы­туға ден қойғаны бізді қуантады. Себебі бұл салада кіріс көзін арт­ты­руды көздеген ауылдықтар айтар­лықтай шығынға батпайды. Әсіресе олар қыстық мал азығын дайындауға келгенде аса қиыншылыққа тап бол­масы анық. Себебі кеспелдек толы көк шөпті қыстық мал азығы етіп әзір­леуге мүмкіндік те мол. Оның үстіне қазір ауыл тұрғындары да мем­лекеттік бағдарламаны тиімді пай­далана оты­рып, шаруашылықтың бұл түрін ши­ратуға қызығушылық та­нытып отыр, нәтиже де жоқ емес. Қазір ауданда ата кәсіп алға басып келеді.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ


17 тамыз 2021 ж. 103 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930