АЗАТТЫҚ – АТА-БАБА АРМАНЫ
Кез келген мемлекеттің тарихына үңілсеңіз, барлық соғыс, тартыс бейбітшілік пен бостандық үшін және жер үшін болған. Мұның астарында қай халықта болсын еліне, жеріне деген сүйіспеншілік туабітті болмысында болатынын аңғарамыз. Әсіресе біздің ата-бабаларымыз осы жолда талай тарихи дүрбелеңді бастан кешті. Тарих беттерінен білетініміздей, олардың сан ғасырлық қиындығы, зұлмат жылдардағы ерлік істері бәрі-бәрі бүгінгі күнге жету үшін еді.
Замана ағысында өзгеден кеш қалмауды басты орынға қойған қазақ елі ұлы құндылық – тәуелсіздікке қол жеткізгелі көптеген өзгерістерді өткеріп, жылдан-жылға дами түсті. Елдегі елеулі істер мен әр саладағы жетістік – тәуелсіздік жылдарының жемісі. Өз алдына ел болып, егемендігіне қол жеткізген текті халықтың байырғы арманының шындыққа айналғанының дәлелі.
Бүгінде еліміз көркейді, әлемдік деңгейде өз биігін бағындыра алатын дербес мемлекет екенін дәлелдеді. Тәуелсіздік жылдары ел еңсесін тіктеу жолында да көптеген жұмыс атқарылды. Қазақстан халқы бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай болып, барлық жерде ынтымағы мен бірлігін танытты. Татулық бар жерде тұрақтылық болатынын, ал тұрақтылық орнаған жерде береке боларын дәлелдеді. Бауырлас елдермен көршілес елдердің арасында түсініспеушілік туындап жатса, ынтымақтасуына ұйытқы болып келеді. Қазір дүние жүзі 130-дан астам ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына жұмылдырған мемлекетімізге қызыға қарауының себебі де осы болса керек. Ұлт санасының қайта жаңғырып, ескі қағидалардан арылу жолында Елбасы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында да ауқымды істер атқарылды. Халықтың үні саналатын тіл мен әдеби қордың тазарып, артық таңба мен дыбыстардан арылу үшін кириллицадан латын әліпбиіне көшу, жаңа әліпби арқылы әлемдік ақпараттық кеңістікке еркін бойлау, ғылыми техниканың тілін еш қиындықсыз меңгеру мақсатында Мемлекет басшысы осындай саяси шешім қабылдады. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір Қазақстан азаматы ХХІ ғасырда лайықты қасиеттерге ие болуы керек.
Мемлекет басшысы көрсеткен сара жол, саяси құжаттарында айтылған нақты әрі сенімді шешім егемен еліміздің жарқын болашағына бастайтын алтын көпір. Отыздыққа ену мемлекетіміздің мәңгілік мұраты болғандықтан біз қашанда заман сынына төтеп беруге дайын боламыз және бұл ел ынтымағының арқасында жүзеге асатынын ұмытпаған жөн. Сонда ғана тәуелсіз мемлекетіміздің озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуына мол мүмкіндік туады.
Биыл – Ел тәуелсіздігінің отыз жылдығы. Осы уақыт ішінде жас мемлекетіміз талай асудан асып, биік белестерді бағындырды. Әлемге Қазақстанды танытатын үлкен тарихи оқиғалардың бастамашысы бола білді. Қанатын кеңге жайған жас мемлекет дәуірлік өзгерістерден тайсалған жоқ. Қанында қайсарлық бар текті халық екенін дәлелдеді. Тәуелсіздік – қиындықпен келген құндылық, Тәңірдің сыйы. Мәңгілік Ел болуға талпынған халқымыздың мәңгілік мұраты. Еліміздің тәуелсіздігі ежелден еркіндік аңсаған дана халықтың сан ғасырлық нәубетінің жемісі. Отыз жыл бұрын өзге елдің құрсауында болып, ғасырлар бойы ұлт-азаттық үшін күрескен қазақ халқы өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап, егемен елге айналды. Халқымыздың сан мың ұрпағы армандап, дамылсыз күресіп келген азаттықтың ақ таңы атты.
Ғабит ТАЙМАНОВ,
аудандық №11 өрт сөндіру бөлімінің
қарауыл бастығы