» » Шуақбаевтар әулеті

Шуақбаевтар әулеті

“Қарты бар үйдің қазынасы бар” деген қанатты сөз Аққұм ауылындағы Шуақбаевтар отбасына қаратып айтылғандай. Саналы ғұмырын білім саласына сарп етіп, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру жолында қажырлы еңбек еткен Науқанбай қарияны ауыл түгілі аудан халқы жақсы біледі. Қазір ұлағатты ұстаз, асқар тау әке бақилық болғанымен кенже баласы Әділбек қарашаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Ал ең алғаш еңбек жолын аудан орталығында кітапханашы болып бастаған Іңкәр әжеміздің өнегелі өмір жолы тағылымға толы.

Бүгінде әжеміз жолдасы екеуі тәрбиелеп өсірген ұл-қыздарынан 24 немере 14 шөбере сүйіп отыр. Қазіргі таңда өздері де бір-бір шаңырақтың иесі атанған балалары әр салада қажырлы еңбек етіп, ата-анасының жолын қуып келеді.

Науқанбай ақсақалды аудан халқының жақсы білуінің де өзіндік себебі бар. Тарих пәнінің мұғалімі саналы ғұмырын тек ұстаз болуға сарп етумен шектелген жоқ. Зейнет жасына келген қария кейін шығармашылыққа ден қойып, аудан тарихын саралауды қолға алған. Мұнан бөлек Науқанбай ақсақал жау қолынан Кеңес жерін азат етудегі қазақ сарбаздарының ерліктері хақында тың деректер жинап, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде артына мол мұра қалдырды.

Бүгінде ардагер ұстаздың қаламынан туған “Тарих тағылымы” және “Ұлы Отан соғысының шежіресі” атты қос кітабы өткенді ұлықтап, өшкенді жандыруда таптырмас туындыға айналып отыр. Олай дейтініміз, қарымды қаламгер өз шығармаларына тың тарихи деректерді арқау еткен. “Тарих тағылымы” атты кітабында қаламгер Аққұм ауылының тыныс-тіршілігі хақында баяндап, тіректі елді мекен шаруасының ширауына еңбек етіп, ауылдың абаттануында һәм әлеуетінің артуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлғалардың саналы ғұмырын өскелең ұрпаққа үлгі етеді.

“Сегіз қырлы, бір сырлы” деген тіркес те тура бір Науқанбай қарияға қаратып айтылғандай. Аяулы жары Іңкәр әжемізден оның бірсөзділігін, уәдеге беріктігін, мақсатқа жету жолында еңбектенуден шаршамайтынын білдік. Ал сегіз қырлы дейтініміз, ағамыздың бойына сантүрлі қасиет дарыған секілді. Ұлағатты ұстаз шәкірт тәрбиелеуде табанды еңбек етсе, зейнет жасына келсе де бос отыруды әбес көріп, артына осынша мол мұра қалдырып отыр. Шығармашылыққа ден қойған атамыздың прозалық жанрдан бөлек ақындық қыры тағы бар. Ертеңгі күні “Тарих тағылымы” атты туындыдан тәлім алып, тіректі елді мекенді түлетуге тер төгер ұрпақтың қалыптаспасына кім кепіл?. Міне, қос кітаптың жас ұрпақты еңбекке баулуда, отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор деуіміздің де басты себебі осы.

Қан майданда ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, өмір жолы өнегеге толған қария “Ұлы Отан соғысының шежіресі” атты кітабында ел басына қандай қиын күн туса да елді, жерді қорғауға бар күшін сарп еткен бабалар ерлігін дәріптейді. Сондай-ақ ол бұрын ешқандай еңбекке арқау болмаған тың деректерді, ашылмаған тарихты да өз туындысына арқау еткен.

Қазыналы қария, қарымды қаламгер көзінің тірісінде аудандық басылыммен де шығармашылық байланыста болды. Соғыс жылдарындағы қиын­шы­лық пен одан кейінгі тоқырау хақында да тың деректерге толы мақалалары бұған дейін “Жалағаш жаршысы” газетінде  жарық көрген болатын.

Тарихты саралап, білім саласының серпін алуын­да өзіндік қолтаңбасын қалдырған қарияның бүгінде кенже қызы да облыс орталығындағы білім ошақтарының бірінде ұстаздық қызмет атқарады. Ал тұңғыш ұлы Серік Шуақбаев – ауылдағы “Бақдәулет” және “Бақдәулет – 57” шаруа қожалықтарының төрағасы. Мал және егін шаруашылығының дамуын­да өзіндік қолтаңбасын қалдырған Сәкең де туған жерді абаттандыру жолында қажырлы еңбек етті. Міне, “Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады” деген осы шығар, сірә. Бір ұлы шаруашылықпен қаншама адамды жұмыспен қамтыса, енді бірі әке жолын қуып, білім саласына еңбек сіңіруде. Басқа да ұл-қыздары әр салада табанды еңбек етіп жатыр.

Биыл Шуақбаевтар әулеті жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін облыстық “Мерейлі отбасы” байқауында үздік үштікті түйіндеді. Іңкәр әжемізге арнайы сертификат пен дипломды аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова табыстады. Шуақбаевтар әулетінің отбасылық сайыста жүлдегерлер қатарынан та­бы­луы да орынды. Себебі саналы ғұмырымен, шаңырақтың берекесімен жас отбасыларға бұл әулет үлгі болып отыр.

“Бұрынғының кісілері қанағатшыл келеді” дегенді анам үнемі айтып отыратын. Расында кешегі Іңкәр әжемізбен екеуара диалог барысында өмір жолына қанығып, бұл сөздің растығына тағы бір мәрте көз жеткіздім. Әжеміз жолдасының қызмет бабымен қазіргі Есет батыр ауылына да қоныс аударыпты. Кейін Аққұм ауылына қайта көшеді. Аудандағы орталық кітапханада ұзақ жылдар кітапханашы болып еңбек етті. Кейін совхоздың сиыр фермасында қарапайым жұмысшы, бақташының көмекшісі болып жұмыс жасады. Қазір он баланы дүниеге әкелген батыр ана. Еңбекпен еңсе тіктеп және сол адал еңбекпен тапқан табыста береке боларын немере-шөберелеріне өсиет етіп отыр. Мұнан асқан бақыт бар ма, сірә!.  

Ерлан СОЗАҚБАЕВ     


13 қыркүйек 2021 ж. 111 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930